- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 30 Қазан, 2024
Елімізде 2024 жылдың 9 айында 5 мыңнан астам трактор мен комбайн шығарылды
Қазақстанда машина жасау өнімдерін өндіру көлемін 2028 жылға қарай 2 есеге арттыру жоспарлануда. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап kazgazeta.kz хабарлайды.
«Машина жасау саласын дамытудың институционалдық негізі 2021 жылы қабылданған «Өнеркәсіптік саясат туралы» заңда және былтыр бекітілген Машина жасауды дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарында айқындалған. Біздің алдымызда қолжетімді қаржы құралдарын құру, жаңа технологияларды енгізу, кадрлар даярлауды күшейту, жергілікті қамтуды ұлғайту және экспортты ілгерілету арқылы отандық машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру бойынша міндеттер тұр. Нәтижесінде, біз 2028 жылға қарай машина жасау өнімдерін өндіру көлемін екі есеге арттыруды жоспарлап отырмыз»,— деп мәлімдеді министр.
Спикердің айтуынша, бүгінде Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласынан асып, тұрақты өсім көрсетуде. Өз кезегінде, машина жасау саласы шамамен 20% үлесімен өңдеу өнеркәсібінде жетекші орындардан көрінуде.
Саладағы 4 мыңға жуық компанияда 120 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Мәселен халықаралық тәжірибеге сәйкес, салада бір жұмыс орнын құру аралас салаларда шамамен жеті-сегіз жұмыс орнының пайда болуын ынталандырады. Осылайша, машина жасауды дамытудың негізгі артықшылықтарының бірі оның күшті мультипликативті әсері болып саналады.
2024 жылдың 9 айында салаға шамамен 124 млрд теңгеге инвестиция тартылды, өсім 2 есе. Өндіріс көлемі 3 трлн теңгені құрады. Нақты көлем индексі – 104,2%. Машина жасау құрылымында ең үлкен үлесті автомобиль жасау, теміржол және электр техникасы машинасын жасау алады.
«Әрі қарай әр секторға бөлек тоқталғым келеді. 9 айдың қорытындысы бойынша елімізде 82 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылды. Біз отандық автокөліктердің өндірісін нығайтуға баса назар аударамыз. Бұл дегеніміз елімізде шығарылатын автокөліктерде отандық компоненттердің үлесін арттыру. Осы бағытта шетелдік және отандық инвесторлар ел аумағында жаңа зауыттар салуға өз қаражатын салуға дайын», — деп атап өтті Қ. Шарлапаев.
Министрдің айтуынша, Changan, HAVAL, Chery автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы аяқталуға жақын, оның қуаты 90 мың бірлікті құрайтын шағын торапты құрастыруға толығымен негізделген.
Сонымен қатар $200 млн-дық KIA автомобиль өндіретін зауыттың құрылысы жүргізіліп, $150 млн-ға Geely, Exeed, КAIYI жеңіл автомобильдерін өндіру бойынша жоба жүзеге асырылуда, жобаны іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
«Секторды одан әрі дамыту және автокомпоненттердің отандық өндірісін игеру есебінен жоспарлануда. Мысалы, биыл Алматы қаласында мультимедиялық жүйелердің және автокреслолардың сериялық өндірісін іске қосу күтілуде», — деді спикер.
Теміржол машинасын жасауда кәсіпорындар 423 млрд теңге сомасына өнім өндірді, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім 1,5 есе көп. Жыл қорытындысы бойынша жүк вагондарының өндірісін 4 есеге – 2 000 бірлікке дейін жеткізуді жоспарланған. Жолаушылар вагондарын 122 бірлікке дейін және локомотивтерді 130 бірлікке дейін жеткізу міндеттелді. Әлемдік Wabtec және Alstom компанияларының технологиялары бойынша локомотивтер, сондай-ақ жүк және жолаушылар вагондарының өндірісі жолға қойылған. Жалпы, теміржол машинасын жасау саласының өсу әлеуеті зор. Мәселен, елдегі теміржол паркі шамамен 139 мың бірлікті құрайды. Оның орташа тозу деңгейі – 55%. Осыған байланысты теміржол паркін жаңарту және импортты алмастыру мақсатында жаңа жобаларды іске қосу жұмысы жүргізілуде.
«Жылына 6 мың бірлік жүк вагондары мен цистерналар шығаратын “ТексолТранс” зауыты 2025 жылдың І тоқсанында толыққанды өндірісті бастайды. Келесі жылы Астана қаласында “Штадлер Қазақстан” зауытында жолаушылар вагондарының өндірісі іске қосылады. “Семей машина жасау зауыты” жылына 600 бірлік жартылай вагон өндірісін ұйымдастыру бойынша жұмыс жүргізуде», — деді Қанат Шарлапаев.
Сондай-ақ «Railcast Systems» бандаж кешенін құру жобасы іске асырылуда. Оның іске қосу мерзімі 2025-2026 жылдарға жобаланған. Жыл соңында Қостанай облысында серіппелер шығаратын зауыт іске қосылады деп күтілуде. 2025 жылы «Шығысмашзауыт» орта және ірі вагон қаңқасын құюда импортты алмастыруды қамтамасыз етеді.
Ауыл шаруашылығы машиналарын жасауда соңғы 5 жылда өндіріс көлемі заттай түрде 4 есеге өсті. 9 айдың қорытындысы бойынша 5 мыңнан астам трактор мен комбайн өндірілді. Қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер отандық өндірістің, оның ішінде CLAAS, Horsch, Deutz Fahr әлемдік брендтерінің заманауи техникасымен қамтамасыз етілген. Биыл әлемдік нарық көшбасшылары, жаңа ірі инвесторлар – Amazone және Zoomlion елімізге келді.
Сонымен қатар трактор кабиналары мен комбайн бункерлері сияқты ірі бөлшектердің өндірісі іске қосылды. Өндірушілер мен сабақтас өндірістер арасында кооперация жолға қойылған. Қостанай қаласында Локализация орталығы құрылды, онда компоненттік базаны өндіру цехтары ұйымдастырылды.
Отандық электротехникалық машина жасау секторы ең жоғары бәсекеге қабілеттілік сипатымен ерекшеленеді, бұл трансформаторлар, аккумуляторлар, конденсаторлар және кабельдік өнімдер экспортының жыл сайынғы көлемімен расталып отыр.
«Тоғыз айдың қорытындысы бойынша біз электр техникалық машина жасау өнімдері өндірісінің шамамен 23%-ға, қорғасын аккумуляторлары мен кабель-өткізгіш өнімдері өндірісінің орта есеппен 17%-ға өскенін байқап отырмыз. Отандық өндірушілер көптеген ірі электроника сауда үйлерінде сатылатын ас үй тұрмыстық плиталары, шағын пештер, кір жуғыш машиналар, теледидарлар, су жылытқыштар, шаңсорғыштар, шығарады. Біз өзімізге халықаралық инвесторларды тарту арқылы халық тұтынатын тауарлар өндірісін кеңейту міндетін қоямыз», — деп мәлімдеді министр.
Бұдан бөлек, мұнай-газ және тау-кен металлургия машинасын жасау секторларында тұрақты өсім байқалады. Елімізде сорғылар мен компрессорларды, клапандарды, бекіту арматурасын, гидравликалық және пневматикалық жабдықтарды шығаратын зауыттар жұмыс істеуде. Алайда, ішкі нарықта импортқа тәуелділік бар. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша мұнай-газ және тау-кен металлургиялық машинасын жасау тауарының импорты $2,3 млрд-қа жетті.
«Осыған байланысты, біз заңнаманы өзгерту бойынша жұмысты бастадық. Мұнай-газ секторының ірі ойыншылары мен жер қойнауын пайдаланушылар арасында ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасасуы үшін жауапкершілік енгізілетін болады», — деді Қ. Шарлапаев.
Машина жасау саласында Екібастұз және Саран қалаларында тұрақты кластер орнығуда. Екібастұз қаласында теміржол саласына арналған өнімдердің кең спектрін шығаратын 6 кәсіпорынның кластері қалыптасты. Мұндай 2 мың адам жұмыс істейді, қазіргі уақытта 104 млрд теңгеге қосымша 3 жоба іске асырылуда. Саран қаласында 6 кәсіпорыннан тұратын кластер құрылды, оның 3-і машина жасау саласына тиесілі.
«Нәтижесінде, біз осы қалалардың экономикасын әртараптандыруға қол жеткіздік, бұл Саранды моноқала мәртебесінен шығаруға мүмкіндік берді. Болашақта кластерлік тәсілді машина жасаудың басқа секторларына да тарату жоспарланып отыр», — деді министр.
Биыл машина жасау саласында жалпы өсімді арттыру үшін Министрлік отандық кәсіпорындарды қолдаудың бірқатар маңызды шараларын қабылдауда.
Біріншіден, Қазақстанда өндірілетін өнімнің үлесін арттыру мақсатында ұзақ мерзімді шарттар мен офтейк-келісімшарттар жасасу бойынша жұмыс күшейтілді.
Екіншіден, мемлекеттік сатып алу шеңберінде 1 500-ден астам машина жасау тауарларын басым сатып алу енгізілді, бұл кәсіпорындардың жүктемесіне оң әсер етті.
Үшіншіден, машина жасау саласын ынталандыру мақсатында алдағы 5 жылға шамамен 600 млрд теңгені қарастыру мәселесі пысықталуда.
Төртіншіден, еліміздің машина жасау кешенін дамытудағы басты кедергілердің бірі білікті кадрлардың жетіспеушілігі екені анықталды. Осыған байланысты Министрлік кәсіпорындармен бірлесіп кадрларды нысаналы даярлауды күшейту бойынша жұмыс жүргізуде. Отандық компаниялар білім беру ұйымдарында теориялық оқытуды және ауыттары базасында өндірістік практиканы көздейтін дуальды оқыту негізінде оқу мекемелері үшін білім беру бағдарламаларын әзірледі.
«Отандық машина жасау саласын дамытуда жұмыс жалғасатын болады», — деп түйіндеді сөзін Қанат Шарлапаев.
Фото: primeminister.kz
241 рет
көрсетілді0
пікір