Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 31 Қазан, 2024

Су шаруашылығындағы өзгерістер

Су ресурстары және ирригация министрлігі «Қазсушар» филиалдарын 757 жаңа техника және арнайы жабдықпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Бұл туралы ведмствоның ресми сайтында хабарланды.Жаңа техниканың ішінде шынжыр табанды техника, эксковаторлар, ауыр жүк көліктері мен тракторлар бар. Оған қоса, жаңадан 8 жерснаряд алынады. Жерснаряд – су қоймасының түбін түрлі шөгінділерден тазартуға арналған кеме. Арнайы техника каналдардың су өткізу қабілетін арттыруға, су қоймаларының экологиялық жағдайын жақсартуға және қосымша бос орын есебінен су сақтау көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Техникаларды жаңарту жұмысы Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының бірлескен жобасы аясында жүзеге асырылуда. Министрлік алдағы бірнеше жылда су шаруашылығы техникаларының 65-70%-ын жаңартуға ниетті.
Су ресурстары және ирригация вице-министрі Ерболат Ибрайханов «Жаңа техникалар көктемгі жұмыстар басталмай тұрып аймақтарға жеткізілуі тиіс. Келесі жылы 8 жерснаряд түгел жұмыс істеуі керек. Ол үшін барлық филиалдар бүгіннен бастап маман дарялауы керек. Жаңа техникаларды пайдалану бойынша алдын-ала жоспар әзірлеп, нақты нәтижеге жұмыс істеу керек», – деді 
 Ал су шаруашылығы мен ирригация жүйесіне білікті мамандар даярлау үшін ашылған «Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті» биыл қыркүйек айында 4000 ға жуық студентті қабылдап, жұмысын бастады. Жоғары оқу орнына «Су шаруашылығы және мелиорация», «Геодезия және картография», «Су шаруашылығындағы гидротехникалық құрылыс», «Сумен жабдықтаудың инжинерлік жүйелері», «Су шаруашлығындағы инновациялық технологиялар» сынды білім беру бағдарламалары енгізілген. ҚазҰСШИУ-ға 2024-2025 жылдарға 245 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысының нысаналы квотасы (бакалавриатқа – 210, магистратураға – 20, докторантураға – 15) бөлінді. Айта кету керек, су шаруашылығына маман даярлайтын ЖОО бұрын Кеңес одағы тұсында Ресейде екеу, Украина, Өзбекстан, Қазақстанда бір-бірден болған екен. Еліміздегі су шаруашылығына қатысты тағы бір жаңалық – Аралға су жіберу жоспары биыл 100 пайызға жуық орындалды. Бұл туралы Су шаруашылығы және ирригация минисрті Нұржан Нұржігітов Үкімет отырысында айтты. 
Арал теңізіне су жіберу жоспары 100%-ға жуық орындалып, жалпы 977 млн текше метр су жіберілді. Бұл соңғы бес жылдағы ең көп көрсеткіш. Осыған дейін теңізге 350-400 млн текше метр су келсе, биыл жылдың басынан бері бұл көлем 2 млрд текше метрден асты, ал жыл соңына дейін тағы шамамен 500 млн жіберу жоспарланып отыр.
«Қазір Солтүстік Арал теңізінің су көлемі 22 млрд текше метрге жетті. Теңізге осыған дейін вегетация кезінде секундына 7-10 текше метр су жіберілген болса, биыл секундына 60-70 текше метр су жіберілді», – деп мәлімдеді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Зейнулла Қазтоғанов. Бұдан бөлек, Ақшатау-Сорғақ және Қамыстыбас көлдер жүйесіне 45 млн текше метрден астам су жіберілді. Бұл балық шаруашылығы мен туризімді дамытуға тиімді әсер етіп отыр. Мәселен, соңғы жылдары Арал теңізінің минерализациясы азайып, балықтың көбейуіне жағымды әсер етуде. Теңіз тартылғаннан бері жергілікті балықшылар жылына 400 тонна ғана балық ауласа, қазір 7,5-8 мың тоннаға дейін балық аулайды. Қаратерең ауылының 76 жастағы тұрғыны, балықшы Күнтуған Тұрғанбаев өмір бойы осы кәсіппен айналысып келеді. Оның айтуынша, туған өлкеге су келгелі жаңа мүмкіндіктер пайда болған.
«Көзімізді ашқаннан теңізден балық аулаумен айналысып келеміз. Су келгелі балық та жанданып, дарияға кіріп жатыр. Биыл былтырғыға қарағанда балық көбірек. Аралды осы деңгейде ұстап тұрса, балық шаруашылығы дамиды», – дейді ол.
Ведомствоның ресми сайтында хабар­ланғандай Су ресурстары және ирригация министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп Солтүстік Арал теңізін сақтау жөніндегі жобаның екінші кезеңіне дайындалып жатыр. Қазір жоба бойынша қажетті құжаттама әзірленуде. Екінші кезең Солтүстік Аралды тұрақты сумен қамтамасыз етуден бастап экономикалық және әлеуметтік жобаларды дамытуға дейінгі түрлі бағыттарды қамтиды.

Назым САЙМАСАЙҚЫЗЫ
«Aqiqat»

 

1130 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз