- Таным
- 01 Қараша, 2024
Даңқты ерлікке қатысты тарихи құжат
Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына биыл 19 қазанда 100 жыл толды. Ол 1924 жылы Ақмола облысы Қырыққұдық ауылында дүниеге келген. Бірақ Рахымжанның жастық шағы Тайтөбе ауылында өтеді. Төрт жасында анасынан айырылған Рақымжанның жалғыз тірегі әкесін жандайшаптар 1937 жылы «халық жауы» деп түрмеге әкетеді. Әкесімен қоса, әкесінің үш бауыры да «халық жауы» деген жаламен қуғын-сүргінге ұшырап айдалған. Рақымжанның басына бала күнінен «Халық жауының баласы» деген жаманат таңба болып басылған. Сол «қаратаңба» оған «Кеңес Одағының Батыры» деген атақты да беруге кедергі болған болса керек.
Бауыржан Момышұлы Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевқа 1970 жылғы 13 ақпанда жолдаған хатында: «Рахымжан Қошқарбаевқа «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы өтініш әкесінің 1937 жылы негізсіз қуғын-сүргінге түсуіне байланысты қабылданбаған болуы мүмкін», – деген мағлұматты жазады. Біз оқырмандарға Бауыржан Момышұлының осы хатының мәтінін толық ұсынғымыз келді. Бірақ ол хат орысша нұсқада болған себепті қазақ тілінде шығатын журнал болғандықтан хаттың толық мәтінін ұсына алмаймыз. Тек қана хаттың ішіндегі кейбір тұстарын сөйлете отырып, Бауыржан Момышұлы тапқан орыс тілінде толтырған 30 құжаттың толық тізімін ғана жариялап отырмыз.
Кеңес өкіметінің тұсында 1991 жылға дейін Рейхстагқа ту тіккендер Мелитон Кантария мен Михаил Егоров деп тарихқа жазылып келді. Бұлар Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтан соң екінші рет ту тіккен жауынгерлер болатын.
Рахымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа бірінші боп ту тіккенін Бауыржан Момышұлының тапсырмасымен танымдық мақала жазып қазақстандықтарға алғаш танытқан журналист Кәкімжан Қазыбаев екенін біреу білсе, біреу білмес.
Белгілі ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед: «...Гитлерлік Германияның жүрегі саналатын Рейхстагқа атойлап кіріп, оның тура еңселігіне жеңіс туын қадаған жаужүрек қазақ жайлы, ол ерлік көрсеткен 1945 жылдың мамыр айынан бастап майдандық газеттер жабыла жазды. Азғана тиражбен шығып, әскери ортада ғана тарайтын бұл басылымдар жас офицердің туған жеріне жеткен жоқ. Жасынан томаға тұйықтау өскен жас батыр да өзі туралы көп ешкімге жақ аша қоймады. Сондықтан Рахымжанның тағдырын күрт өзгерткен 1958 жылғы Бауыржан Момышұлымен кездесуіне дейін оның ерлігі жайлы Қазақстанда көп ешкім білмейтін», – деп жазды. Шынымен де 1958 жылы 20-ақпанда «Лениншіл жас» газетіне шыққан Кәкімжан Қазыбаевтың «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақаласы – зиялы қауымды ғана емес, қазақстандықтарды дүр сілкіндірген мақала болған. Осы мақала сол кездегі Қазақстанның орталық комитетіне де жеткен.
Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Ахметұлы Тәшенов Бауыржан Момышұлын Жоғарғы кеңестегі кабинетіне шақыртып Рахымжан Қошқарбаевтың арызын көрсетеді. Сол арызы жайлы әңгімелесіп: «Қазақ батырының Рейхстагқа бірінші боп ту тіккенін дәлелдейтін архивтік құжаттар керек. Соны Сіз табасыз. Сіз таппағанда, кім таппақ?», деп тапсырма берген екен. Баукең: «Мен іздестірейін. Тапсам дұрыс, таппасам – ешқандай міндеттемені мойныма алғым келмейді», – деп өкіметтен сол материалдарды табу үшін бөлгізбек болған ақшадан бас тартады.
Бауыржан атамыз ұзақ ізденудің арқасында сол материалдарды тапқан. Сөйтіп 1960 жылы 13 ақпанда Ж.А.Тәшеновке хат жолдап: «1958 жылдың қаңтарында сіз менімен лейтенант Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігі туралы жеке әңгімелестіңіз. Біздің әңгімеміз менің ізденісіме себеп болды. Мен Рейхстагқа шабуыл жасау кезінде лейтенант Рахымжан Қошқарбаевтың жасаған ерлігінің дұрыстығын растайтын кейбір құжаттарды таба алдым», – деп жазады. Сөйтіп тапқан құжаттарының мазмұнын хатында түгел баяндап жазған. «150-атқыштар дивизиясының лейтенанты Рахымжан Қошқарбаев Рейхстагқа бірінші болып кіріп, қызыл әскер Григорий Булатовпен бірге фашизм цитаделасының үстінен ту көтергені – бұл даусыз факт», – деп қорытындылайды.
Бауыржан Момышұлы мен Жұмабек Тәшеновтің арасындағы әңгіме мен хаттың толық мазмұнын «Өнер» баспасынан орталықтың шығарған 32 томдық шығармалар жинағындағы 10-том 98-101 бет пен 21-томның 115-125 беттерінен оқи аласыздар. Бауыржан Момышұлы арада он жыл өткенде Қазақстан Компартиясының бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевқа арнайы хат жазады. Хат орыс тілінде жазылған. Сол хаттың бас жағындағы бір бөлігінің жалпы мазмұнын қазақшаға аудардық. Хатта былай дейді: «Құрметті Дінмұхаммед Ахметұлы! Өкінішке қарай, денсаулығымның сыр беріп жүргеніне байланысты, Сіздің мені қабылдауға деген сыпайылық танытуыңызды мен пайдалана алмадым. Менің Сізге ешқандай жеке өтініштерім, не басқа да сұрайтын бұйымтайым жоқ. Мен сізге басқа бір жағдай туралы хабарлағым келіп еді. Рейхстагтың төбесіне қызыл туды бірінші болып көтерген Рахымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатовтың ерлігі туралы айтқым келген.
...Осылайша, қолда бар 30-дан астам сенімді құжат осыдан жиырма жыл бұрын Р.Қошқарбаев пен Г. Булатов шынымен де Рейхстагтың төбесіне ерлікпен алғашқылардың бірі болып қызыл ту тіккендігін айғақтайды. Қазір олар бейбіт өмірде коммунизмнің құрылысына қарапайым үлес қосуда. Біз Рейхстагқа шабуыл жиналысына қатысушылардың өтінішін қолдаймыз. Өз кезегінде, екінші дүниежүзілік соғыстағы Кеңес Қарулы Күштері Жеңісінің жиырма жылдығына байланысты Р.Қошқарбаев пен Г.Булатовқа «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру туралы өтінішімізді білдіреміз», – деп аяқталған хатқа Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, И.Шухов, А.Тәжібаевтың қол қойғандығы туралы да айта кеткеніміз ләзім.
Хаттың соңында Рахымжан Қошқарбаевқа «Кеңес Одағының Батыры» атағын беру керектігін дәлелдейтін отыз құжаттың тізімі жолданған. Бұл құжаттар тізімі сол бір тарихи шайқас пен Р.Қошқарбаевтың айбынды ерлігі туралы шынайы деректерді айғақтайды. Жиыны 30 құжаттың тізімі орыс тілінде болғандықтан солардың түпнұсқасын ықшамдап ұсынып отырмыз. 1.«Литературная газета» от 18/ХІІ-1948 г., статья «Проблемы казахской литературы»; 2.Интервью с корреспондентом «Казахстанская правда» от 8/V-1949 г; 3.Газета «Воин родины», статья «Они отличились в бою», 3/V – 1945 г; 4.Газета «Воин родины», статья В. Субботина и Н. Шатилова «Они водрузили флаг победы» 5/V.1945 г; 5.Газета «Воин родины», «Незабываемые факты», 16/ІХ – 1945 г; 6.«На руинах королевской площади». Журнал «Уральский современник», №10, 1947 г; 7.«У стен рейхстага». Журнал-альманах «Крым», №2, 1948 г; 8.«Знамя Победы». Журнал «Дружные ребята», №5, 1948 г; 9.«У стен рейхстага». Журнал «Советский воин», №9, 1949 г; 10.«День тысяча четыреста десятый». Журнал «Новый мир», №5, 1960 г; 11.Газета «Красная звезда». Статья полковника Дермана «Историческое сражение», 30/ІV-1946 г; 12.«Штурм Берлина». Сборник. Статья И. Зенкина «На заседаниях парт.комиссии». Издание 1948 г; «Штурм Берлина». Сборник. Статья И. Зенкина «На заседаниях парт.комиссии». Издание 1948 г. және т.б. құжаттар көрсетілген. Айта кетейік, Бауыржан Момышұлының Д.А.Қонаев пен Ж.А.Тәшеновке жазған хаттарының түпнұсқалары Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архивіндегі Б.Момышұлының 1432-ші қорында сақтаулы.
Алайда Кеңес үкіметі соғыстың соңғы нүктесін қойған батыр Рахымжан Қошқарбаевқа «Кеңес Одағының Батыры» атағын беруден бас тартып, «тарихты қайта қозғағысы» келмей шындықты, тарихи әділеттілікті бүркемеледі. Өкінішті!
1999 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен Рахымжан Қошқарбаевқа (қайтыс болғаннан кейін) – «Халық қаһарманы» атағы берілді.
Әлімбай НАЙЗАБАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы «Тараз университеті»
«Бауыржантану» ҒЗО-ның аға ғылыми қызметкері,
педагогика ғылымдарының магистрі
945 рет
көрсетілді0
пікір