- Біздің сұхбат
- 01 Қараша, 2024
Айгүл Бүркітқызы: ӘКЕМ ТӘУЕЛСІЗ ЕЛ БОЛУЫМЫЗДЫ АҢСАП ӨТТІ
«Халқымызда «Ауруын жасырған өледі, дауды жасырған төлейді» деген мақал бар. Ендеше, біз де ауруымызды жасырмауымыз, дауымызды бастырмауымыз керек. Олай етпеген күнде өткен күннің қателіктері қайталанып, қара күндердің қайта тууы ғажап емес. Алайда ақиқат пен шындықты айту үшін де асқан адалдық, шынайы сезім керек. Бұған да әркімнің батылы барып, жүрегі дауалай бермейді. Ал шынайы ақынға ақиқатты айту – парыз! Өйткені кейінгілерге, келешек ұрпаққа сабақ болсын, олар ата-бабасының, әке-шешесінің қателіктерін қайталамасын деп отырмын. Сондықтан халыққа, әсіресе жастарға айтарым, аңқау, ашық ауыз болмайық, аңғалдықты, алаңғасарлықты тастайық. Әр сөзге, әр іске ақылмен, байыппен, ой көзімен, сын көзімен қарайық. Жастар терең білім алып, еліне пайдалы, өзіне жағымды кәсіпті игеріп, жан-жақты болып, азаматтық құқығын қорғау жолдарын, заңды, психологияны білуі керек. Тек сонда ғана болашағымыз жарқын болады!»
Бұл – ақын Бүркіт Ысқақовтың аяғына дейін жазылмай кеткен мақаласынан үзінді… «Бүркіт Ысқақов — соғыс жылдарында қолына қару алып, кеңестік жүйені, коммунистік идеяны қорғаса да, сталиндік қитұрқы саясаттың құрығына көп ілінген, көп зәбір-жапа шеккен азамат. Ағамыз 1951–1953 жылдардағы «Космополитизм мен ұлтшыл-буржуазияшылдарға қарсы күрес» деген ұранмен жүргізілген репрессия тырнағына түсіп, қуғын-сүргінге ұшыраған Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайыловтармен бірге тұтқындалып, Жезқазған өңіріндегі әйгілі «Степлагке» айдалған. 50-жылдары Қазақстанның Жоғары оқу орындарында оқитын бір топ жас сталиндік тоталитарлық жүйеге қарсы «ЕСЕП», яғни «елін сүйген ерлер партиясын» құрады. Партияның іс-әрекеті ел ішіне кең тарамаса да, 37-нің ызғары басылмай тұрған сәтте мұндай әрекетке барудың өзі ерлікпен парапар дүние еді. Жалпы, отандық тарих пен саясаттану ғылымында 50-жылдардағы репрессия тарихы мен сол кездегі қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің өмірбаяны әлі толық зерттеліп біткен жоқ», – дейді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Ақын, қаламгер Бүркіт Ысқақовтың қызы, радиожурналистика саласының ардагері Айгүл Ысқақовамен әке туралы, әке өнегесі, ұстанымы туралы әңгіме өрбіткен едік...
– Биыл сталиндік қуғын-сүргін құрбаны, соғыс ардагері Бүркіт Ысқақовтың туғанына 100 жыл. Әңгімемізді әке туралы естеліктерден бастасақ…
– Иә, 2024 жылдың 4 қарашасында қазақтың танымал балалар ақыны, ізденімпаз-ғалым, әдебиет зерттеушісі, соғыс ардагері, қуғын-сүргін құрбаны, газет-журналдарда, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында қызмет атқарған қаламгер, әкем Бүркіт Ысқақовтың туғанына 100 жыл толады. Мен ақынның тұңғыш қызымын. Әкем Нұра өңірінің табиғаты ғажап, атына сай Көкмөлдір деген ауылында дүниеге келген. Бала кезінен оқуға зерек болып, әдебиет пен өнерге ынтасы ерте байқалған екен. Әкесі Ысқақ баласының білімге деген құштарлығын аңғарып, он жасар ұлын Қарағанды қаласында тұратын қарындастары Дәржан мен Балжанға әкеліп оқытады. Сол кезде бала Бүркіттің маңайындағы туыстары қазақтың зиялылары еді. Балалық шағынан Бүркіт ақын Сәкен Сейфуллинің шығармаларын оқып, ақынға ұқсауға тырысады. Содан бастап ақын болуды армандайды.
1936–1937 жылдары Кеңес Одағында репрессия науқаны басталғаны баршамызға белгілі. Сол науқанның құрбандары көкірегі ояу, білімді, ұлт қайраткерлері еді. Сәкен, Бейімбет, Ілияс сынды үш бәйтерегіміз, Алаш ардақтылары сотталып, итжеккенге айдалып, өлім жазасына кесілді. Оларға «халық жауы» деген жазықсыз жала жауып, жарыққа шыққан шығармаларын жинап, өртеп жатты. Жас та болса зерек әкем Бүркіт сүйікті ақыны Сәкеннің қолынан тастамай, қойнына салып оқып жүрген бір кітабын жасырып, ауладан шұңқыр қазып, көміп тастайды. Көп ұзамай Нұрада тұратын атамыз Ысқақ та ұсталып, бас бостандығынан айырылады да, Қиыр Шығыстағы Владивосток қаласынан шалғай «Океанский» деген лагерьге айдалып кетеді. Бір жыл бұрын әжеміз Қаймақ қайтыс болған еді. Әкесі балаларын туыстарына аманат етеді. Үлкен атамыз, яғни Ысқақ атамыздың әкесі Ыбрайым әкемді Казгородок интернатына оқуға жібереді. Әкем сол мектепте оқитын Махмет Теміровпен танысып, аралары ажырамас өмірлік достарға айналады. Мектепте әкем алғашқы өлендерін жазып, жергілікті газет беттеріне шығып, ақын бала атанады.
1940 жылы мектепті ойдағыдай бітіріп, Қарағандының оқытушылар институтына түседі. Студенттер мен профессорлар арасында беделі жоғары болады. Білімге құштар оның қолынан кітап түспейтін. 1942 жылы оқуын бітірісімен, ауылына оралады.
Осы жерде бір мәліметті айта кету керек шығар. Әкемнің атасының шын есімі Ыбрайым екен. Бірақ ауылдастары Томпақ деп атап кеткен. Себебі басының бір жағы томпиып тұратын көрінеді. Осы есім кейін балалары Ысқақ, Исақ, Ермек, Серік, Сейілбектің фамилиясына айналып, Томпақовтар әулеті атанды. Ал әкем Бүркіт пен інісі Нариман фамилия қылып әке атын алады да, Ысқақовтар болды. Соғыс басталғанда Томпақовтар әулетінен алты адам – Ысқақ, Исақ, Ермек, Серік, Сейілбек және солармен бірге 18 жастағы әкем Бүркіт те соғысқа аттанады. Атамыз Ысқақты інілерімен бірге Украина майданына әкеткен. Ал әкем Бүркіттің білімін ескеріп, Ресейдің Ульянов қаласындағы Әскери училищеге жіберген. Бір жылдан кейін офицер Бүркіт Ысқақов соғысқа араласады.
1945 жылы соғыс жеңіспен аяқталғанда, Томпақовтар әулетінен майданға аттанған алты адамнан Ысқақ, Исақ және Бүркіт елге аман оралады. Шені полковник Ермек, Серік пен Сейілбек соғыста қаза табады. 1945 жылы әкем «Орталық Қазақтан» газетіне жұмысқа орналасады, әрі халық ақыны Доскей Әлімбаевтың хатшысы болады. Қарт ақынның үйіндегі бойжеткен немересі Мәрмәрмен танысып, отау құрады. 1946 жылы Алматыға келіп, Қазақ Ұлттық университетінің тарих-филология факультетіне оқуға түседі. Жоғары білім алып, атақты ұлағатты ұстаздарының ақыл-кеңесімен шығармашылық пен ғылымға бет бұруды ұйғарып, Қазақ Ғылым академиясының аспирантурасына түседі. Онда 1948–1951 жылдары С.Зиманов, В.Исенғалиев, М.Базарбаев, Ш.Әміровпен бірге оқиды. Әкем онда «Қазақ балалар әдебиетінің даму жолдары» деген тақырыптағы диссертациясын аяқтап қалған екен. Сонымен қатар мектеп сахнасында қоюға арналған тәрбиелік мәні бар пьесалары, өлеңмен жазылған ертегілері қолдан-қолға таралып жүрген кез еді. Сол жылдары «Лениншіл жас» газетінің хатшысы болып қызмет атқарады. Жастармен көп араласып, олардың рухани санасын, білімін, өресін көтеруге тырысып, қазақ тарихының қасіретті жылдары жайында, «Алаш орда» қайраткерлері туралы әңгімелер айтып, олардың шынайы мақсаты мен шығармаларын таныстырып жүреді…
– Кейін сталиндік қуғын-сүргін басталады…
– Иә… 1950 жылдары профессор-тарихшылар Қ.Жұмалиев, Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов тағы басқа игі жақсылар 25 жылға абақтыға айдалды. Сот үкіміне келіспеген Б.Ысқақов пен М.Теміров «Правда» газетіне беделді ғалымдарды ақтап, мақала жазады. Көп уақыт өтпей, Б.Ысқақов пен М.Теміровті және басқа зиялы, көзі ашық жастарды 1951 жылдың қаңтар айында айыптап, 25 жылға бас бостандығынан, оның үстіне 5 жылға азаматтық құқығынан айыру жазасына кеседі. Әкем жазасын Жезқазғандағы «Степлаг» лагерінде өтеген. Ауыр жұмыс істесе де, айдауда жүрсе де, өлеңін жатқа шығарып жүрген. Өйткені ол жақта қалам-қағаз ұстатпайтын болған. Жағдайы ауыр болса да, жақсылықтан үмітін ешқашан үзбеген.
Жазығым болмаса да, жұртқа қылған,
Басыма бұғалық сап, түстім зындан,
Нақақтан жаламенен жазаландым.
Салыңдар таразыға ақ-қарамыз,
Шыңдықтың түгін қоймай ақтарармыз.
Ақыры, әділ үкім айтып елім,
Паш етер ақтығымды әлі-ақ менің.
Берілер сазайларың сендердің де,
Көз жастар нақақ аққан кетпес тегін, – деп өлең жазған.
Әкем «Халық жауы» атанғанда артында сорлап әке-інілері қалды. Алматыда тұратын жары Мәрмәр екі баласымен Қарағандыға жер аударылады. Інісі Нариман Ысқақов КазГУ-дің тарих факультетін, балдызы Мәпішкен Аупейсова Қыздар институтының қазақ филология факультетін сол жылы бітіріп, аспирантураға қалған еді. Екеуі де Жезқазғанның ең шалғайында жатқан Қарсақбай мен Қаражалға жұмысқа кетуге мәжбүр болады.
– Томпақовтар әулеті дедіңіз ғой. Әкеңіздің бауырлары туралы деректі де айта кетсеңіз?
– Соғыстың алдында атамыз Ысқақ екінші рет Мәлике деген жанға үйленіп, одан төрт бала өмірге келген. Олар: Ғалия (1942), Олжабай (1946), Бану (1949) және Аманбай (1951). Олардың да тегі – Томпақов. Қазір солардан көзі тірі Олжабай ғана. Олжабай Алматыда тұрады, үйлі-баранды, Нұрым, Нұрлан деген екі ұлы және Назгүл деген қызы бар. Нұрымның тегі Ысқақов болса, Нұрлан Томпақов тегін алған. Нұрлан Алматыдағы Сәтбаев атындағы политехникалық университетінің ұстазы, ғылым кандидаты. Соғыстан оралмаған Серіктен екі бала қалған. Қызы Бақыт және ұлы Тұрысбек. Бақыт – он баласы бар ардақты ана, Астана қаласының тұрғыны. Тұрысбек отбасымен Нұрада, әкеміз өмір есігін ашқан ауыл Көкмөлдірде тұрды. Оның балалары да осы жерде өмір сүріп жатыр. Ысқақтың інісі Исақ соғыстан аман-есен еліне оралып, үйленіп, еңбек етті. Оның Алтынбек деген баласынан Қанат деген немересі де Нұрада тұрып жатыр. Ермек әскери адам болған, полковник шеніне дейін өсіп, Украина майданында қаза тапқан. Жары Шәйда қыздары Рауза, Мая және ұлы Маратпен қалды. Олар да әр жылдары бақилық болды. Мараттың жары Нәзима мен балалары Қорлан мен Бибігүл Алматыда тұрады.
Әкем Бүркіт Ысқақов 5–6 жылын абақтыда өткізеді. 1956 жылы елімізде елеулі өзгерістер басталады. КСРО-ның ХХ съезінен кейін жаңа бетбұрыс пайда болып, сол өзгерістердің жылы лебі адамдардың тағдырына да елеулі әсерін тигізеді. Сөйтіп, 1956 жылғы 17 қарашадағы қаулы бойынша, Бүркіт Ысқақов толық ақталып, еліне оралады. Алғашқы жары, анам Мәрмәрдан қалған Қызыл құдық ауылындағы бізге келеді. Анам Мәрмәрдің қайтыс болғанын абақтыда отырған кезде Қарсақбайда жұмыс істеп жүрген балдызы Мәпішкеннен есіткен екен.
Мәпішкен, әйтеуір, бір жолын тауып, сол жерде жұмыс істеп жүрген жерлесі Идаят Оразбаев деген НКВД-ның офицері арқылы әкеме хат жазып, осы суыт хабарды жеткізеді. Кейін Мәпішкен Идаят Оразбаевқа тұрмысқа шығады.
Әкем сонда разы болып балдызына өлең арнапты:
Қарағым, қарлығашым, Мәпішкенім,
Атыңнан айналайын, жаным сенің.
Әдемі атымды атап, алыс жолдан,
Артымнан іздеп кепсің, жаным менің.
Қарағым, қарашығым, қалқатайым,
Келе ме әлде білгің ағаң жайын?
Отыр ғой ағаң байғұс тар қапаста,
Қажытып қайғы менен қара уайым.
– Әкеңіз айдаудан оралған соң бірден сіздерді іздеп келді дейсіз. Ол кезде нешеде едіңіз?
– Әкем 1957 жылы лагерьден оралады. Ол кезде мен тоғыздамын. Інім, алты жастағы Алмас екеуіміз нағашыларымыздың қолында едік. Әкем мені туған жері Көкмөлдірге, атамыз Ысқаққа алып келді. Алты жастағы інім Алмас нағашылардың қолында қалады. Өйткені ол кезде әкемнің не жұмысы, не үйі жоқ еді. Ауылға әкеммен бірге інісі Нариман да келеді. Ел-жұрты, туыстары қуанышпен құшақ жайып қарсы алды. Араға біраз уақыт салған соң әкем жұмысқа орналаспақ болып Алматыға жол тартты. Ал мені Нариман ағам Қаражалдағы (Жезқазған) үйіне әкелді. Өзі сол жердегі мектепте директор, Рауза жеңгеміз кітапханашы екен. Сөйтіп, мен олардың қолында екі жыл тұрдым. Кейін олардың Гүлшаһар деген қызы өмірге келді. Нариман ағам бүкіл саналы ғұмырын білім саласына арнап, Ақадырда еңбек етті, сонда өмірден озды. Қызы Гүлшаһар да әке жолын қуып, ұстаздық еткен жан. Қазір зейнеткер.
– Әкеңіздің Алматыдағы өмірі қалай жалғасты?
– Әкем 1957 жылы Алматыға келіп жұмыс іздей бастайды. Көпке дейін газет, журнал мен баспаханалардың басшылары сотталған ақыннан сескеніп, жұмысқа алмайды. Достары халқымыздың заңғар жазушылары Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповпен әкемді таныстырып, солардың қолдауымен бұрын қызмет істеген «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа орналасады. Нағыз тұлғалар ғана заманның ағымына қарамай, жауапкершілік алып, азапты көп көрген, ауыр тағдыр тауқыметін басынан өткізген жас ақынға үлкен көмек көрсетеді. Бір-екі жылдан кейін әкем үйленіп, ауылдағы Дәметкен деген нағашы әжесін қолына алыпты. Екінші жары Қатипадан Сырым есімді ұл және Назым деген қызы бар. Сырым ҚазМУ-дің қолданбалы математика факультетін үздік бітіріп, жұмыс бабымен Қарағандыда тұрды. Еліміз үшін ең бір ауыр жылдар болған тоқсаныншы жылдары көптеген қазақ жастары сияқты кәсіпкерлікпен айналысты. Қазір Сырым да бұл фәниде жоқ. Жары Ботагөз бен Жәнібек есімді ұлы мен қыздары Қарағандыда.
Сол кездері зиялылардың көбі пәтер жалдап тұратын. Кейін әкем мені де Алматыға алып келді. Мектепті Алматыда 1966 жылы бітіріп, нағашыларымды сағынып, Қарағандыға оралдым. Осындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тамамдадым. Араға алты жыл салып қайтадан Алматыға келіп, 35 жыл Қазақ радиосында қызмет еттім. Осы киелі қара шаңырақ өмірімнің ең бақытты кезеңі деп санаймын! Анасыз өскендіктен болар, денсаулығым нашар, әлсіз болдым. Жылдар бойы ауруханада жататынмын.
1983 жылдың жазында қатты науқастанып, бір жылдан астам уақыт ауруханада жаттым. Халім өте нашар болды. Күрделі ота жасалды. Жан сақтау бөлімінде жатқанымда таңғы сағат жетілер шамасында жаныма атақты профессор Г.Н. Денягина келіп ыдыспен су ұсынды да, былай деді: «Қызым, мына минералды судан іше ғой. Мұны әкең әкелді. Оның тілегі мен дұғасы осы су арқылы бойыңа қуат бітірер… Ол саған кітап та тастап кетті». Есімді жинаған соң қарасам, әкем маған 1979 жылы жарыққа шыққан өлең жинағын қалдырып, алдыңғы бетіне былай деп жазыпты: «Тұла бойым тұңғышым, қысыла қалсам, үмітім Айгүлге. Әкеңнен». Ол кезде мен 36 жастамын, ал әкем 59 жаста еді. Өлім аузында жатқан баласынан нендей үміт күтті екен деп таңданып едім… Сөйтсем, әке деген перзентіне өмір бойы үміт артып, сеніп, жақсы көріп өтеді екен ғой.
Жеті жылдан кейін, 1991 жылдың 21 қаңтарында, әкем ұйқысынан оянбай қалды. Жүрегі мәңгіге тоқтады… Өмірдің сансыз ауыртпалығы жүрегіне салмақ та түсіргені анық қой.
Әкем өмірдің қиыншылығын көп көрді. «Тар жол, тайғақ кешудің» барлығынан өткен ол бейбіт заманда да көптеген әділетсіздіктің құрбаны болғаны рас. Осының бәрі жүрекке ауыр салмақ салатыны заңды ғой. Соғыс, репрессия, отбасыдан айырылу, ақталып келсе де, он-жиырма жылдай бақылауда жүру — бәрі-бәрі әке жүрегін ауыртқандай. Әкем қалған өмірін тек қана шығармашылыққа, ғылымға арнап, көптеген рухани еңбек қалдырды.
– Көңіліңіздегі әке бейнесі қандай?
– Әке бейнесі көз алдымда, қолынан кітабы, қаламы, қағазы түспейтін бейнеде қалды. Бас алмай жұмыс істейтін. Ғылым академиясындағы әріптестері қажет деректердің анық-қанығын білмесе немесе араларында талас бола қалса, «тірі энциклопедияға барып сұрайық» дейді екен. Осылайша, әкем – әріптестерінің арасында «тірі энциклопедия» атанған жан. Өте қарапайым. Жылы жүзді, мейірімді адам еді...
Өмірдің барлық қиындығынан мойымай өткен адам ғана тәуелсіздікті, бостандықты, азаттықты, әділеттікті аңсайтыны анық. Көп азап көрген асыл әкем еліміздің Тәуелсіздікке қол жеткізген байрақты күнін көре алмай, арманда кетті. Ол күнге бар болғаны 10 ай жетпей, бұл фәниден озды. Әкемнің толық өмірбаянын 50 жасқа келгенде ғана жан досы, аяулы аға Махмет Теміровтен білдім. Ата-анама арнап жазған «Арман мен азап» кітабын оқып, қанық болдым. Себебі әкем, оның туыстары, менің нағашыларым өткен өмірі туралы сөз қозғамайтын. Олар заманның азабын көп көріп, бәрінен сескеніп, үрейленіп қалған жандар еді.
Ал мен әкем жазып қалдырған екі жол сөздің мағынасын енді түсінгендеймін. Өмірімді сол кісінің маған артқан үмітін ақтауға арнадым.
Әкемнің 80 жылдық еске алу кеші 2004 жылы Алматыда Қазақ Ғылым академиясы жанындағы киелі шаңырақ Ғалымдар үйінде өтті. Құрдастары, достары мен әріптестері, ақын-жазушылар, туыстары – барлығы жиналды.
90 жылдығы мен 95 жылдығын ақынның білім алған, табиғат берген дарынын дамытқан, азамат ретінде қалыптасуына себеп болған Қарағандының жоғары оқу орындары атап өтті.
Мен сонда: «Тірі болсам, әкемнің 100 жылдығын өзінің туып-өскен киелі мекені, ата-анасының мәңгілік тыныстап жатқан жері Нұра өңірінде атап өтуге септессем...» – деп едім. Өйткені Нұрада Бүркіт Ысқақов атындағы көше, аудандық кітапхана бар. Осы еске алу жиынына жерлестері, оқырманы қатысады деп сенемін.
Әкемнің үмітін ақтауға қолымнан келгенін жасап келемін. Оның ғылыми докторлық монографиясын, балаларға арналған «Атаның сөзі – ақылдың көзі» өлеңдер жинағын және пьесаларын, өмірлік досы Махмет Теміровтің «Азаттық аңсап азап шеккендер» кітабын, сонымен қатар өзі хатшысы болған, шығармаларын анаммен бірге жинақтап, құрастырған халық ақыны Доскей Әлімбаевтың кітабын жарыққа шығардым. Өзім демеуші болдым. «Доскей» атты кітап «Тұлға» деген кітаптар топтамасына енді. Осы еңбектердің жарыққа шығуына зор көмек берген, жанашырлық танытқан – репрессияға ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін «Арыс» қорының президенті, ғалым, алаштанушы, филология ғылымының докторы, марқұм Ғарифолла Әнес. Сондай-ақ еліміздің беткеұстар азаматтары әкеме арнаған еңбегімнің жарыққа шығуына үлкен қолдау жасап, кеңес берді. Олар: әкемнің әріптестері, филология ғылымының докторлары Серік Негимов, Сейіт Қасқабасов. Маған ерекше көңіл бөліп, қолынан келгенін аямай қол ұшын берген аяулы апамыз Ғайникен Бейбатырова. Әкемнің абақтыда отырып жазған өлеңдерін 90 жылдығына орай қазақтың беткеұстар азаматы, ғалым, профессор, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков демеуші болып жарыққа шығарды. «Бұл менің көз жасым қан аралас» кітабының редакторы – белгілі журналист Ермек Балташев.
Бағыма орай, осыдан 15 жылдан астам уақыт бұрын кездескен болашағы зор білімді жас ғалым, Қарағанды университетінің ұстазы, тарихшы Әділет Жағыпарға алғысым шексіз. Соңғы жылдары Бүркіт Ысқақов пен Махмет Теміровтің өмірі мен шығармашылығын зерттеп, архивтерден тың деректер іздеп, зерттеп, кең көлемде таныстырып, насихаттап, әртүрлі іс-шара ұйымдастырып жүрген, өз ортасына сыйлы азамат. Әділет – ұлтжанды, ізденімпаз, еңбекқор зиялы жігіт, жақсы адам. Өмірімде мәдениетті, жаны таза, рухы биік адамдарға ұшырасқаным үшін Аллаға ризамын!
– Сұқбатыңызға рақмет!
Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ
"Ана тілі" газеті
4195 рет
көрсетілді0
пікір