Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 04 Қараша, 2024

Жасанды интеллект оқушыларды сабаққа баурайды

Қарлығаш ШАЯХМЕТОВА, Семей қаласындағы №17 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Мен заманауи педагог ретінде, қазақ әдебиеті шығармаларын оқушыларға жаңа форматта таныстыру үшін LearningApps.org платформасын қолданамын. Сабақтағы интерактив тапсырмалар оқушылардың білімін тексеріп қана қоймай, олардың қызығушылығын арттырады. Әр оқушыға жеке тапсырма ұсынып, олардың деңгейі мен жетістіктерін ұдайы қадағалап отырамын.
Бұл орайда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі ретінде жасанды интеллектінің маңызын ерекше атап өткім келеді. Біріншіден, жасанды интеллект оқушылардың таным деңге­йін бағалап, олардың әлсіз тұстарын анықтауда үлкен көмек көрсетеді. Мысалы, платформалар арқылы оқу тапсырмаларын әр оқушының деңгейіне сай бейімдеп, сабақтың жеке ерекшеліктерін ескеріп, дербес бағытта жұмыс істеу­ге мүмкіндік туады.
Нәтижесінде оқушылардың сабаққа деген құлшынысы мен ынтасы айтарлықтай артып келеді. Сонымен қатар D-ID қосымшасын қолдана отырып, ақындар мен жазушылар бейнесін «жандандырып», олардың шығармашылығын жаңа қырынан ашып көрсетемін. Бұл әдіс тыңдау арқылы қабылдау дағдыларын дамытып, тарихи тұлғалар туралы ақпаратты есте сақтауға, жиған білімді ойға тоқуға көмектеседі.
Сондай-ақ Magic School платформасында сабақты жоспарлап, шығармашылық сауалдар әзірлеп, әр оқушымен жеке жұмыс жүргіземін. Жасанды интеллект құралдарын қолдану оқушылардың үлгерімі мен пәнге қызығушылығына оң әсерін тигізеді.
Оқушылар әр сабаққа белсенді қатысып, өз білімін тексеріп, жақсарта алады. Осылайша, заманауи технологияларды пайдалана отырып, білім беру үдерісін жаңа деңгейге шығарып, сапалы оқытуды қамтамасыз ету үшін инновациялық әдістерді енгізуді жалғастырып келемін.

 

906 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз