Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 04 Қараша, 2024

Халық шығармашылығының хас білгірі

Кенжехан МАТЫЖАНОВ, 
филология ғылымдарының докторы,
академик, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет 
және өнер институтының директоры 

 

Ахмет Байтұрсынұлының көп қырлы шығармашылығын әдебиеттанушылық тұрғыдан қарастырған еңбектер баршылық болғанмен, таза фольклортанушылық тұрғыдан арнайы зерделеген зерттеулері әлі де тапшы деуге болады. Әрине, қазақ әдебиеттану ғылымының басында тұрған ұлы ғалымның еңбектерін қай қырынан қарастырғанда да, ғұламаның халық шығармашылығына байланысты ойларын айналып өте алмайтынымыз белгілі. Оның үстіне, Ахаң заманында халық ауыз әдебиеті жалпы әдебиеттану ғылымынан жеке ғылым саласы ретінде өзінше арна түзе қойған жоқ еді. Сондықтан да ғалым еңбектерінде халық шығармашылығы жалпы қазақтың рухани мұрасының алтын өзегі ретінде ұлттық мәдениет арнасында біртұтас құбылысқа айналып сіңісіп кеткен. Осы біртұтас жүйенің ішіне бүгінгі әлемдік фольклортану ғылымының тұрғысынан үңіле отырып, А.Байтұрсынұлы шығармашылығындағы халық әдебиетіне қатысты өзіндік көзқарастар мен оны жинау, жүйелеу, басып шығару, ғылыми тұрғыдан зерделеу ұстанымдарын нысаналы түрде қарастырудың өзектілігі жоғары. Біздің де мақсатымыз – осы өзекті мәселеге өзімізше үн қосу.
 

Ахаңның қазақ фольклорын зерделеу мәселесін шартты түрде бірнеше жүлгеге бөліп саралауға болады. Ол балалық шағынан бастап қаймағы бұзылмаған қазақы тірліктің мәйекті ортасында біте қайнасып, дәстүрлі мәдениеттің қайнарына қанып өскен адам. Елдің әдет-ғұрпы, салт-санасы, ойын-сауығы, жыршылық пен жыраулық, ақындық пен өлеңшілік, әншілік пен күйшілік оның қанына сіңген, өмір салтына айналған қастерлі құбылыстар. Осы тұрғыдан келгенде, ол, ең алдымен, қазақ ескілігінің талантты және сауатты шежіре-мұрагері, оны қастерлеп тұтынушы, кейінгі ұрпаққа жеткізуші. Оның сол кезеңдегі қазақ ескілігіне қызығушылық танытушылардың барлығына мағлұмат беріп, А.Затаевич сияқты музыкатанушыларға ән жаздырып жүруінің өзі сол қазақы зердесінің тереңдігінен. Осы қасиет оны кейіннен қазақ мұрасын жинауға, оны жүйелеп басып шығару сияқты ұлы мұратқа қадам бастырды. Ресми түрдегі Ахаңның халық шығармашылығына ден қойған тырнақалды мақаласы 1895 жылы «Тургайская газетаның» №39 нөмірінде басылған «Киргизские (казахские) приметы и пословицы» деп аталатын жарияланымнан басталады. Жиырманың ішіндегі жас жігіт қазақ арасындағы ауа райын болжауға байланысты 36 ырымды (приметы) газеттің өтінішіне үн қоса отырып жинап, жариялаған. Халық даналығына деген осындай ыждаһаттылық Ахаң өмірінің өнімді де, өнегелі шаруасына айналды. Яғни, А.Байтұрсынұлының фольклорды жинау, жүйелеу, жариялау, басып шығару сияқты істері оның шығармашылығының бірінші саласын құрайды. 
Екіншіден, ол өз шығармашылығында халық даналығын кеңінен пайдаланды. Әдеби шығармаларына идеялық нәрді, оны туған халқына жеткізудің әдіс-тәсілдерін халық әдебиетінің дәстүрінен інжу-маржан тергендей термелеп өлең-жырларына арқау етті. Былайша айтқанда, халық даналығы оның авторлық шығармашылығының да алтын өзегі болды.
Ендігі оның ең үлкен, арналы саласы – халық шығармашылығына ғылыми тұрғыдан іргелі зерттеулер жүргізуі. Қазақ руханиятында, қала берді, бүткіл түркі дүниесінің тарихында тұңғыш рет «асыл сөз» – әдебиеттің тарихи поэтикасы мен теориялық поэтикасының негізін қалауы. Бұл үш сала А.Байтұрсынұлының фольклортанушылық қызметінің біртұтас бітім-болмысын танытатын, әлі толық зерделене қоймаған ұлы арнаға келіп сарқады. 
Байыптай қарасақ, Ахмет Бай­тұрсынұлының халық шы­ғар­машылығына деген сүйіспеншілік тумысынан бойына сіңген. Оны бала кезінен жадына жаттап өскендіктен, ел аузындағы аңыз-әңгімелер мен шежірелерді, ақын-жыршылар таңды-таңға ұрып айтатын батырлық жырлар мен дастандарды, жалпы халық әдебиеті үлгілерін сауатын ашқан кезден бастап хатқа түсіруге әуестенген. Оған «Әдебиет танытқыштағы» ғылыми пікірлерін дәйектеу үшін қосымша кітап дайындап, оған «Нұсқалық» деп ат қойып, мысал келтірерде соған сілтеме жасап отырған тиянақты ғылыми жинағы толық дәлел бола алады. Өкінішке қарай, белгісіз себептермен бұл кітап «Әдебиет танытқышпен» бірге жарық көрмеді. Кейіннен Ахаңмен бірге ұшты-күйлі жоғалды. Дегенмен Ахаңның өз кітабында жасаған сілтемелеріне қарап-ақ, ол еңбектің ұзақ жылдарғы тірнектеп жинаған тынымсыз ізденістің жемісінен туған аса бай қазына болғандығы анық. 
Ахаң осы жинақтаған халық даналығы үлгілерін тек «Әдебиет тан­ытқышта» ғана емес, ең алдымен өзі құрастырған оқу құралдарында молынан пайдаланған. А.Байтұрсынұлы жазған қазақтың алғашқы төл оқулықтарының қай-қайсысында болсын халық шы­ғармашылығының таңдамалы үлгілері тұнып тұр. Мұны ол кісі мақсатты түрде жасаған. Оқушыларға тіл үйрету мен бойларына ұлттық рухты сіңірудегі ең тиімді құрал халық әдебиеті деп таныған ғұлама педагог бүкіл шығармаларын халық әдебиетінің көркем тілімен, асыл ойларымен кестелеген. Енді сол оқулықтардағы фольклорлық материалдарға шолу жасап көрелік. 
Ахаңның қазақ балаларына арнап жазған алғашқы оқулықтары: Орынборда, Семейде, Қызылордада жарық көрген «Оқу құралы. Қазақша әліппе» (1921), «Оқу құралы» (1921), «Сауат ашқыш» (1926), «Әліпби – Жаңа құрал» (1928) сияқты оқулықтардың барлығында халық ауыз әдебиетінің үлгілері молынан енгізілген. Балаларға ұлттық тәрбие берудің ең тиімді жолы ретінде ұлы педагог қазақ мақал-мәтелдерін, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды, өнегелі өлең-жырларды, тақпақтар мен мысалдарды, ауыз-екі әңгімелерді өте тиімді пайдаланған. Мысалға:
Құлақ екеу, ауыз бір, 
Ол не үшін бұлай? 
Көп тыңдап, аз сөйлеуге
Жаратқаны ол солай.

Ауыз біреу, көз екеу,
Ол не үшін бұлай?
Көп көріп, аз айтуға
Жаратқаны ол солай.

Ауыз біреу, қол екеу, 
Ол не үшін бұлай?
Көп жұмысшы, аз жеуші
Жаратқаны ол солай, – деген тамаша өлеңді қазіргі педагогикаға да еркін пайдалануға болады. Өкінішке қарай, Ахаңның оқу құралдарындағы осындай ғибратты шығармалар әлі күнге елеп-ескеріліп, арнайы зерттелмей келеді. Ахаңның халық әдебиетін соншалықты терең меңгергені және оны аса білгірлікпен, шебер пайдаланатын ғұламалығынан қазір де көп нәрсе үйренуге болады. Мысалға, қазақша ай аттарын санамалап келіп, балаларға мынадай сауал-өлең тастайды:
Күн ұзарып, 
Қар еріп, 
Су сайларға толады,
Бұл қай кезде болады?

Күндер ысып, 
Шөп пісіп, 
Ел пішенін орады,
Бұл қай кезде болады?

Жауып жаңбыр, 
Жер сабыр, 
Шөп, жапырақ солады,
Бұл қай кезде болады?

Суда мұз бар,
Жерде қар, 
Боран борап соғады,
Бұл қай кезде болады? 
Осы шағын шығарманың өзінен бүкіл халықтық дәстүрдің лебі есіп-ақ тұр. Бұл өлеңді «Қазақша жыл аттарымен» жалғастыра келіп, жыл мезгілдеріне байланысты «Жыл басы болудың таласы» деп аталатын әйгілі мифтік баянмен түгендейді. Қазіргі қазақ фольклорында әлденеше нұсқада айтылатын бұл мифті Ахаң оқулыққа лайықтап біршама «өңдеген» сыңайлы. Қалай дегенде де, халықтық нұсқаның ұзын-ырғасы толық сақталған. Міне, Ахаңның балаларды халық шығармаларының рухына енгізе отырып, ұлттық тәрбие берудегі кемеңгерлігі осындай! 
Оқулықта тамаша қазақы баталардың үлгісі де берілген: 
Асың, асың асыңа,
Береке берсін басыңа,
Бөденедей жорғалап, 
Қырғауылдай қорғалап, 
Қыдыр келсін қасыңа:
Сенен байлық өтпесін,
Тәңірі берген несібең 
Тепкілесең кетпесін!
Желіңнің екі шетіне
Тай шаптырса жетпесін!
Кешке келіп жамырасқан, 
Шуылдасып маңырасқан, 
Қошақанның анасы 
Саулық бассын үйіңді!
Бақайлары сыртылдап, 
Мүйіздері жылтылдап,
Ботақанның анасы
Бұзаулардың анасы
Сиыр бассын үйіңді!
Шудаларын шаң басқан,
Артқы өркешін қом басқан,
Ботақанның анасы
Інген бассын үйіңді!
Шіңгір-шіңгір кісінескен,
Сүйістікпен иіскескен,
Құлыншақтың анасы
Бие бассын үйіңді! – деп келетін қазақы тіршілік пен дүниетанымға суарылған, балаларға ұғынықты, жаттап алуға жеңіл қаншама бата-тілек үлгісі бар. Осы ұзақтау үзіндінің бізді қызықтырған тұсы соңғы шумақтар. Аталмыш бата сөздің басқа нұсқаларында осы соңғы шумақтар кездеспейді. Бұл шумақтарды балаларға лайықтап Ахаң әдейі кірістірген сияқты. Тай, қошақан, бұзау, ботақан, құлыншақ – барлығы қазақ баласына таныс тіршіліктің қастерлі символдары. Бала санасына ұлттық рух осындай ұғымдар арқылы біртіндеп орнығады. 
«Ат басты, арқар мүйізді, бөрі кеуделі, бөкен санды, құс қанатты, құмырсқа ізді, бота тірсекті» деп келетін жұмбақ үлгісі де шебер суреттелген бейнелі ұғымдарға тұнып тұр емес пе!? Бір ғана шегірткені жұмбақтауға қаншама зерлі суреттеулерді айшықтаған! Ахаң халық шығармашылығының осындай асыл үлгілерін қалт жібермей, тұңғыш рет қырағы пайдаланушы. Оқулықта ондаған жұмбақ үлгілері іріктеліп берілген. Олардың ішінде қазіргі жинақтарға енбей жүрген үлгілері де жоқ емес. Мәселен:
Ізі бар, қадамы жоқ аяғының,
Тимейді ұшы жерге таяғының,
Қолдарын хайуанға арта салып,
Салады әуезіне баяғының, – деген жұмбақты біз қазіргі жинақтардан кездестірмедік. Сол сияқты, Ахаң халық өлеңдері мен тақпақ үлгілерін талғампаздықпен пайдаланған. Осы оқулықтағы «Молда мен сиырдың айтысқаны» деген балаларға арналған айтыс түрі де жарасып тұр. 
Ал енді «Ұсақ әңгімелер» деген айдармен берілген 24 тәмсіл-мысалдар да өзінің халық педагогикасының өнегесімен суарылған мазмұн байлығымен көз тартады. Ахаң бұл мәтіндерді қайдан алғандығына сілтеме жасамайды. Бәлкім, кейбірін әлдеқандай оқулықтардан аударуы да мүмкін. Дегенмен, мәтіндердің басым көпшілігі қазақы табиғатымен тартымды. «Арсыз ит», «Өтірікші тышқан», «Ата мен ана», «Жыртық шелек», «Ұйқышыл», «Қазақтар мен қасқыр», «Қарға мен құмырша», «Талас», «Көртышқан мен кірпі, «Сауысқан мен құзғын», «Бақсы», «Ата насихаты», «Серке мен түлкі», «Қоян зары», «Арыстан терісін киген есек», «Торғай мен қарлығаш», «Жыланның басы мен құйрығы», «Енші үлесу», «Қасқыр мен кемпір», «Үлеске ұсталық» сияқты шығармалардың барлығы қазақы тәмсіл әңгімелермен тамырласа байланысып жатқан балалар фольклорының озық үлгісі деуге болады. Ішінара «Жібек құрты мен өрмекші», «Балықшы мен балық», «Ақылды соқыр», «Екі балықшы» сияқты қазақ арасына шеттен келген сюжеттер де кездеседі, бірақ олардың барлығы балаларға түсінікті, құлақтарына сіңісті болып «қазақыланып» кеткен мәтіндер. Бір қызығы бұл мәтіндер бұрын-соңды шыққан фольклорлық жинақтарда кездеспейді. Сірә, халық шығармашылығындағы сүйекті жанрларға ғана мән берген жинаушылар балалар фольклорын назардан тыс қалдырған сияқты. Балаларға арнап оқулық жазып отырған Ахаң ел аузындағы осындай қысқа тәмсіл әңгімелерді мақсатты түрде жинап, өзінше өңдеуден өткізіп, ықшамдап шеберлікпен пайдалана білген. Шығармалардың қысқалығы, ойының анықтығы, тілінің жатықтығы қазіргі оқулық жазушыларға да әдістемелік нұсқаулық бола алады. Халық шығармашылығына ерекше жақындығымен бұларды балалар фольклорына жатқызсақ, қысқа сөзбен терең түйінді ой айтатын көркемдік түрімен қазақ балалар прозасының басы деуге болатын туындылар. 
Байтұрсынұлының 1926 жылы Семейде жарық көрген «Сауат ашқыш» оқулығы да халық әдебиеті үлгілеріне тұнып тұр. Оқулықтың хрестоматиялық бөлімі «Торайғыр бидің тақпақтары», «Алшын Қаражігіт би», «Атақозы би» деп аталатын шешендік сөздерден басталады. Ғалым бұл сөздерді «Шорман жинағынан» алғандығын атап көрсетеді. Жалпы өзі мысалға алған шығармаларының дереккөздерін айқындап жазып отыруы автордың биік ғылыми мәдениетін танытады. Мұндай ғылыми әдепке Ахаң өте мұқият болған. Ол жүгінген «Шорман жинағы» Петербургте сақталған қолжазба нұсқа ма, әлде ғалымның қолында басқадай қолжазба болды ма, ол жағы бізге беймәлім. Оқулықтағы нұсқаларды Петербордағы қолжазбамен салыстыруға біздің де мүмкіндігіміз болмады. Оқу құралында Алдар көсеге байланысты екі мәтін және Қожанасырға байланысты да екі мәтін берілген. Бұл мәтіндерді де екеуіне байланысты шығармалардың тасқа басылған алғашқы үлгілері деуге болады. Сірә, Ахаң қолында мұндай мәтіндер көп болған болу керек, ұстаз оларды өз оқулығына ыңғайлап, іріктеп берген тәрізді. Одан басқа оқулықта «Мөңке би», «Үш мерген», «Қулық», «Даукестер сөзі», «Көсем бала», «Әділ би», «Жәнібек батыр» деп аталатын жеті мәтін жинақталған. Аталған шығармалардың барлығы мазмұны мен көркемдігі келіскен үздік үлгілер. Бұдан басқа Ахаң өз оқулығына сол кезеңдегі жазба әдебиет үлгілерін де молынан қамтыған және олардың дерегін «Асау тұлпар», «Бекет», «Бұйра ұлы», «Қырық мысал», «Азамат», «Абай», «Алтынсары ұлының кітабынан» деп мәтін астына жазып отырған. Оқулықта сол кезде жарияланған баспасөз материалдары мен аударма еңбектер де баршылық. 
Ахмет Байтұрсынұлының 1928 жылы Қызылордада басылған «Әліп-би» оқу құралында да жаңылтпаштар мен мақал-мәтелдер көп ұшырасады. Халық әдебиетінің бұл екі жанры оқушылардың тілін ұштап, сауатын ашуға арналған оқыту әдістемесіне өте оңтайлы болғандықтан, педагог оларды өз жинағына молынан кірістірген. Әсіресе, жаңылтпаш үлгілерін көп енгізіп, оларды балалардың өзіне құрастыруды да ұсынып отырған. 
Мысалға: «Ораз, аз ора», «Аз ора, Ораз», «Ораз ар орар», «Оз, зор Ораз», «Ораз, аз ор», «Аз ор, Ораз»... деген сөйлемдерді тізбелеп келіп: «Осы сөйлемдерден жаңылтпаш жасатуға да болады. Мәселен, мынау төмендегі сөйлемдерді үш қайтара шапшаң-шапшаң айтса, жаңылтпаш болып шығады. 1) Зор Ораз, аз ор. 2) Ора Ораз, зор Ораз. 3) Ораз орар, аз орар. 4) Ораз озар, аз озар», – деп өз үлгісін де келтіреді. Жалпы Ахаң жариялаған жаңылтпаш үлгілері арнайы жинақтауға сұранып тұр. 
Орайына қарай ұлы ұстаз халық мақал-мәтелдерін де тиімді пайдаланған. Олардың ішінде: 
«Бір көрген біліс, екі көрген таныс» деген мәтелдің
«Кісі бір көргенінде – жылан,
Екі көргенінде – құлан,
Үш көргенінде – адам»,
Немесе
«Бақ-бақ еткен текені қыс келгенде көрерміз,
Батырсынған жігітті іс келгенде көрерміз», – деп келетін біз үшін тосын түрлері де кездеседі. «Жаңа құралда»:
«Үш батыр қолдарына алды найза,
Су ішіп бір шұқырдан қылды қайла.
Найзамен қар үстіне суды шашып,
Адамдар сол суынан алды пайда», – 
деген сияқты жұмбақтардың тосын түрлері де жоқ емес.
Ахмет Байтұрсынұлының оқу құрал­дарындағы халық шығармашылығының көріністерін сөз еткенде ерекше атап өтуге тұратын кітап 1927 жылы Қызылордада Т.Шонанов екеуі құрастырып шығарған «ІІІ-ІV жылдарда оқытылатын» «Оқу құралын» ерекше атап өткен жөн». «Бұл кітап баулу мектебінің бірінші сатысында ІІІ-ІV жылдары оқуға арналып жазылған». Кітап «Әдебиет және тұрмыс пен еңбек», «Ғылым» деп аталатын екі үлкен бөлімнен құралады. Хрестоматия өте көлемді, 500 беттен астам. Жазушылар (Авторлар деген мағынада. – К.М.): «Кітаптың жүйесі бұрынғы орыс үшкөлдерінде ұсталып жүрген жүйеден өзгеше. Жаңа жолмен жазылған оқу кітабы әлі орыс тілінде жоқ. Біз әдебиет пен тұрмысты бір бөлім қылып қосып жібердік. Оның себептері болды. Әуелі қазақтың жазба әдебиетінің өте кедейлік салдарынан, әдебиет бөлімін өз алдына бөлек қоюды керек көрмедік. Екінші жазушылар ойынша бірінші сатыда әдебиет деген арнаулы бөлімнің керегі де жоқ. Үйткені, біздіңше әдебиет пен тұрмысты жіктеп айыруға болмайды... Үшінші, әдебиет бөлімі ана тілін жете үйрену үшін керек деген ойға да қосыла алмаймыз. Неге десеңіз баулу мектебінде қай білім болса да ана тілінде оқытылады. Қай білім үстінде болса да ана тілі үйретіледі. Сондықтан, ана тілі үшін таза әдебиет бөлімі болсын дегенді жаңылыс ой деп санаймыз. Бөлек әдебиет бөлімі бірінші сатыдан жоғарырақ мектептерде болуға тиіс», – деп өз мақсаттарын ашып жазады. Осы ұстаным негізінде бұл оқулыққа қазақ халық әдебиетінің небір тамаша шығармалары топтастырылған. 
Оқулықтағы алғашқы фольклорлық үлгі «Қаракесек Тіленші би» деп аталатын шешендік сөзден басталады. Ахаң бұл сөзді босқа таңдамаған болуы керек. Біздіңше, бұл шешендік сөзде екі үлкен ғибрат бар. Біріншіден, Арғын елінің әйгілі биі Бекболаттың ел жақсыларына айта алмай отырған сөзін шымылдық ішінде отырған қызы: «...шыдамай шымылдықтың бір шетін көтеріп, жиылған кісілерге қарап: «Қаракесектен шығып, он екі баулы арғын сендерді әкем (Бекболат) билеуші еді, әйел де болса, әкемді шешем билеуші еді, әкем шешемнен қорықпаса айтпайтын несі бар? Тоқалдан туды демесе, Тіленші жанның ел ұстамайтын несі бар?» – деп шымылдықты жауып қойыпты. Бұл сөзді Бекболат пен бәйбішесі қабат қостайды. Ахаң заманында әйел теңдігі қатты көтеріліп жатқаны белгілі, осыған орай қазақ дәстүрінде қыз бала еркіндігінің көрінісі болған бұл мысал автордың қолайынан табылған болуы керек.
Автор мақсатына орай келген екінші себеп, Тіленшінің әкесі Бекболатқа қарағанда қарапайым халыққа жақын болу ниетінен туса керек. Оған шығармадағы кейіпкерлердің мына сөзі дәлел: «Әкем Бекболат еді, он екі арыс арғын сені билеп еді, арғындардың жуаны келсе, қабағын ашып, жадырап отырып сөйлесіп, арыз-мұңын тыңдаушы еді. Нашар, жіңішке атаның балалары айдаһардай көріп, айбатынан жасқанып, алдына келмейтін еді. Келсе, арыз-мұңын жөндеп, бойын билеп айта алмай, көбі арам өліп кете беруші еді. Сонда ойлаушы едім: «Сондай өнерді қолға берер күн болса, арызы жете алмаған нашарлар жасқанбай арманын айтар кісі болсам деп, соның үшін осы бастан бұлармен ойнап, бойын үйір қылсам, қорықпай арыз арманын айтар еді, арам өліп кетпес еді деген ойым, – депті. Арғындар: «Балам, біз мұныңды білген жоқ едік, сенікі мақұл екен», – деп бата берісіп тарқасыпты». Міне, бұл жерде де Ахаңның фольклорды тәрбие жолында пайдаланудың өзіндік ұстанымы айқын көрінеді. Кітаптағы осыдан кейін кезігетін «Бекболат би мен Абылайханның түйісуі» деп аталатын аңыздың да мағыналық түйіні «Көп қорқытады, терең батырады» деген халық даналығына келіп саяды. Мақала соңында «Тіленші – Қаз дауысты Қазыбек бидің немересі, Бекболат бидің баласы (Шоқан кітабы, 162-бет)» деген түсінік берілген. Бұл дерек Шоқанның «Суд биев в древней народной форме» деген мақаласынан алынған».Бұдан кейінгі кітаптағы ұзақ үзінді әйгілі Қобыланды батыр жырынан. Үзіндіні екі бөлікке бөліп, біріншісіне «Батырдың жауға шыққанда үйімен қоштасқаны», екіншісіне «Қобыланды батыр мен Тайбурыл» деп ат қойған. Сірәда, оқулықты құрастырушылар үзіндіні Ә.Диваев нұсқасынан алып пайдаланғанға ұқсайды. Біріншіден кітаптағы үзінділер, әсіресе, бірінші бөліктегі жыр жолдары көп жағдайда сөзбе-cөз келіп отырады. Әрине, мәтінге қысқарту жасау, сөздердің, тіркестердің орнын айырбас­тау сияқты өзгерістер жоқ емес. Екінші бөлік те дәлме-дәл қайталанбағанымен, жырдың ұзын-ырғасы толық сақталған. Екіншіден, Ә.Диваев материалдары Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонанұлына да ежелден таныс, одан үзінді алуы да бірінші рет емес. Осы нұсқадағы «Тайбурылдың шабысын» олардан бұрын Ы.Алтынсарин де өз хрестоматиясында пайдаланған. Оның үстіне Ә.Диваев ХІІІ ғасырдың алпысыншы жылдары хатқа түсірген Марабай нұсқасы – Қобыланды батыр жырының ең көне, толық, көркем нұсқасы. Әрине, құрастырушыларға 1914 жылы Қазанда кітап болып басылған, Қостанай облысы Қарабалық уезінен Біржан Толымбаевтан жазылып алынған нұсқа да мәлім болған болу керек. Дегенмен, үзінділердегі жыр жолдары Әубәкір Диваев нұсқасына жақындау. 
Құрастырушылардың мәтін таң­даудағы ұстанымдары да Ахаңның адамгершілік тәрбие идеясымен үйлесіп тұр. Авторлардың Қобыландының ел-жұртымен қоштасу сәтін таңдауы батырдың тек алып күштің иесі ғана емес, ет пен сүйектен жаратылған пенде, жауына қандай қатал болса, жақындарына жүрегі жұмсақ, ата-ана мен жан жары, жақын-жуығы алдындағы азаматтық қарызы мен парызын терең түсінетін парасатты тұлға екендігін танытатын тұс болғандықтан. Ал «Тайбурылдың шабысы» қазақ эпостарындағы ерекше бір көркем мәтін екендігі ежелден мәлім. Оның үстіне Тайбурылды мәпелеп, баптап, тұлпар болатынын құлынынан танып, Қобыландыға мінгізіп отырған – Құртқа сұлу. Бұл қазақ қоғамындағы әйел бейнесінің биік орны мен мәртебесін білдіретін деталь. Сондықтан бұл үзінділер мазмұны мен көркемдігі жағынан халық даналығына суарылған тәлімді жыр үлгісі ретінде алынған.
Оқулықтағы келесі мәтін «Сіргелі Елшібек батыр» деп аталады. Мәтін соңында «Шоқан» деп белгі қойылған. Шынында да бұл мәтін Шоқанның «Исторические предания о батырах ХҮІІІ в.» деп аталатын мақаласының тоғызыншы тармағындағы аңыздан аударылып берілген. Орысша мәтіннің мазмұны толық сақталып, еркін аударылған. Тек «У киргиз вошло в пословицу – фитиль с нагаром курунова (Корун (Корум) – имя меткого стрелка и легендарного изобретателя дальнобойного фитильного ружья) черного ружья», – деген сөйлем қалыс қалған. Байқап отырғанымыздай, авторлар сол кездегі баспа бетін көрген материалдардың барлығын толық қамтуға тырысқан. Олар бұл аңыздардың ел аузындағы нұсқаларымен де таныс болған, өйткені ел арасында ауызекі әңгіме айту дәстүрі ол уақытта сабағын үзе қойған жоқ болатын. 
Оқу құралындағы тағы бір маңызды шығарма «Ноғайлы Мамай өлгенде кемпір шешесі Қарыүлектің жоқтап айтқаны» деп аталады. Жоқтаудың соңына «Әубәкірден» деген сілтеме берілген. Бұл мәтін аталмыш оқулықтан бір жыл бұрын жарық көрген әйгілі «23 жоқтау» жинағында жарияланған. Бірақ онда жырдың кімнен алғаны жөнінде ақпарат жоқ. Әубәкір Диваевтың жарияға шығарған материалдарында бұл мәтін жоқ, бәлкім, оның қолжазба материалдары А.Байтұрсынұлының қолында болған болуы керек, өйткені «Әубәкірден» (Кейде «Диуай ұлы Әубәкір») деген сілтеме басқа шығармаларда да кездеседі. Екі кітаптағы мәтіндердің көлемі мен мазмұнында айта қоярлықтай өзгешелік жоқ. Дегенмен, кейінгі оқулыққа енгізер кезде авторлар мәтінге ішінара өзгеріс жасаған. «23 жоқтаудағы» мәтін 191 жол болса, екінші жинақтағы шығарма 187 жол. Салыстыра келгенде байқағанымыз, алғашқы басылымның 101-жолындағы «Құдайдан пәрмен болған соң» деген сөйлем, 156,157-жолдардағы «Анаңнан болып туған соң, Атқа мінбей өлмедің» деген екі сөйлем, сол сияқты 166, 167-жолдар да екінші жинақта түсіп қалаған. Оның есесіне оқулықтағы мәтіннің «Жасым жетіп меңдедім, Мамай» деген 157-жол қайталанып түскен. Сонда екі мәтіндегі жол сандарының айырмашылығы төртеу болып шығады. Байыптай қарасақ, бұл өзгерістердің барлығы мақсатты түрде жасалған болуы керек, себебі, «Құдайдан пәрмен болған соң», «Анаңнан болып туған соң, Атқа мінбей өлмедің» деген жолдарды алып тастағаннан мәтіннің мазмұнына ешқандай нұқсан келіп тұрған жоқ, қайта соңғы екі жолдағы түсініксіздеу шұбалаңқы сөйлемдердің болмауы мәтін мазмұнын шымырлай түскен. «Жасым жетіп меңдедім, Мамай» деген үстемелете қайталау да шығарманы өткірлей түседі. Сол сияқты, алғашқы жинақта кездеспейтін шумақ соңына «Мамай» есімін қосарлап айту да мәтін қуатын арттыра түсетін, халық шығармашылығында ертеден бар тәсіл. Сол сияқты, авторлар жаңа жинақта бұрынғы мәтіндегі қолданыстар мен жекелеген сөздерге біршама түзетулер де енгізген. Мәселен, «Жасым жетіп мұңдадым» – «Жасым жетіп меңдедім», «Кәрі Үлек» – «Қарыүлек», «қартайды» – «қарыды» сөздерімен ауыстырылған. Және бұлардың барлығы жөнімен жасалған түзетулер. Осының өзі сөз зергерінің әрбір шығарманы кезекті басылымға даярлағанда аса мұқият саралаудан өткізгенін байқаймыз.«Диуай ұлы Әубәкір» деген сілтемемен берілген тағы бір шығарма «Әділ би» деп аталады. Аты айтып тұрғандай, бұл халық шығармасы да әділдікті, адамгершілікті, парасаттылықты өнеге етеді. Билер сөзінің үлгісі ретінде берілген бұл мәтіннің соңына «Бұл ертегіге қосымша өлең мынау» деп бес шумақтан тұратын қосымша берілген. Бұл Байтұрсынұлының өзі қосқан үстемесі болса керек. Тәмсіл шығарманың соңына түйінді қорытынды жасау Ахаң шығармашылығында бұрыннан бар үрдіс. Бұл жерде оқушыларға түсінікті болу үшін педагогтың қосқан өлең шумақтары деп қабылдаған дұрыс болар. 
«Сәтемір» деп аталатын шығар­ма да талапшылдықты, мақсаткерлікті, еңбек­қор­лықты өнеге ететін халық аңыздарының бірі. Қазақ арасында «Сәтемір» деп Ақсақ Темірді айтады. Бұл аңыз оның балалық шағына арналған. Шығармада әлденеше рет ұмтылып, құлап-жығылғанына қарамай ақсақ аяғымен тырмысып тамның төбесіне шығып кеткен құмырсқадан өнеге алған бала Сәтемірдің: «Мұны көріп отырып, менің де талап іздемей, жұмыссыз ойнап жүргенім ақылсыздық екен» деп... Қалада бір зор білімді, оқымысты кісі бар еді, соған үй сыпыруға жалданып, ақысына оқу оқиды. Ақырында сол Сәтемір асқан данышпан, білімді болып жұртты аузына қаратыпты», – деген ғибратты тірлікті шәкірттерге үлгі етеді. Осы аттас шығарма Ы.Алтынсариннің «Қазақ хрес­томатиясында» да бар, бірақ авторлар оған сілтеме жасамаған. Жалпы, бұл оқулықтың дені халық шығармашылығы мен қазақ әдебиетінің озық үлгілерінен тұрады. Сондықтан бұл оқу құралындағы әдебиет үлгілері әлі де тереңдеп, мұқият саралауды қажет етеді. 
Ахмет Байтұрсынұлының 1927 жылы жарық көрген «Тіл – құрал. І тіл танытқыш құрал» атты фонетикаға арналған әйгілі оқулығының алғашқы бетінен бастап «дағдыландыру» жұмыстарының көпшілігі мақал-мәтелдер арқылы үйретіледі. Әрбір дағдыландыру жұмысына ондаған мақал-мәтел үлгілері келтірілген. Олардың ішінде, әлі күнге дейін ескерілмей келе жатқан тамаша мысалдар бар. Мәселен, «Атаң жаман кісі еді: ат бергеннің құлы еді, енең жаман кісі еді: Мәскеудің қара күңі еді»; «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ, қоян-қолтық алысып, жығылсаң да арман жоқ»; «Үлкен – бастар, кіші – қостар»; «Орақшының жаманы орақ таңдайды»; «Қас жорғадан жортақ туар, қас батырдан қорқақ туар, қас шеберден шорқақ туар»; «Өз ақылын шамалаған қор болмас»; «Көп баланың ішіндегі қарт бала болар, көп қарттың ішіндегі бала дана болар»; «Өлген келмес, өшкен жанбас»; «Дауыл болмай жауын болмас, ит баласы сауын болмас»; «Көшсе, көш қасындамыз, отырса, от басындамыз»; «Ас қадырын білмесең, ашаршылық берер сазаңды, ат қадырын білмесең, жаяулық берер сазаңды»; «Көше білмес жамандар көшсе, көлік өлтірер, Сөйлей білмес жамандар сөзді өзіне келтірер»; «Той тондынікі, ас аттыныкі»; «Бәрің бірдей тойшы болсаң, қу боларсың, бәрің бірдей қойшы болсаң, құл боларсың»; «Бір байдың жұртына екі тышқан таласыпты»; «Батыр ортақ, бай ортақ, төресі әділ би ортақ»; «Жорға мінген жолдасынан айырылады»; «Жер жұтуға тоймайды, от отынға тоймайды, көз көруге тоймайды, құлақ естуге тоймайды, көңіл ойға тоймайды, бөрі қойға тоймайды»; «Бағың артқан шағында жапалақ салсаң қаз ілер, бағың қайтқан шағыңда лашын салсаң аз ілер»; «Таяқ тайға жеткізер, тай құнанға жеткізер, құнан атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер»; «Би баласы биге ұқсар, биік-биік тауға ұқсар, хан баласы ханға ұқсар, қанатын жайған қазға ұқсар, бай баласы байға ұқсар, байланбаған тайға ұқсар»; «Қайырымсыз болса, ханнан без, өткелсіз болса, судан без, асусыз болса таудан без, пайдасыз болса, байдан без, панасыз болса, сайдан без», «Қараңғы үйде қабан күркірейді»; «Ұзын көсеу қол күйдірмес»; «Бір тәуекел бұзады мың қайғының қаласын, бір жақсы сөз бітірер мың көңілдің жарасын» деген сияқты біз әлі күнге мән беріп жинап ала алмай жүрген қаншама тың тіркес бар. Жалпы А.Байтұрсынұлы еңбектеріндегі мақал-мәтел үлгілерін арнайы жинап, жүйелеп, қазіргі жинақтармен салыстырып, текстологиялық жұмыстар жүргізсе дұрыс болар еді. Олардың ішінде мақал-мәтелдердің түрлі нұсқасы да кездеседі. Кейбір мәтіндерге Кеңестік дәуірде тыйым салынып, енді бірқатарының редакциялық өзгерістерге ұшырағаны да бар. Осының барлығын сарадан өткізетін уақыт болды. 
Халық шығармашылығын оқулықта молынан пайдаланудың тағы бір тамаша үлгісін «Тіл құрал. Сөйлем жүйесі мен түрлері. ІІІ тіл танытқыш кітәб» атты оқулықтан да көреміз. Кітаптың «Сөйлем мүшелерін айыруға керек сөйлем мыйсалдары» деп аталатын бөлімінде қазақтың небір тамаша мақал-мәтелі шоғырланған, олардың ішінде де қазір қолданыста жоқ тұрақты тіркестер өте мол. Мәселен, «Түгел төртеу – ала алтауды алады», «Жомарт жоқтығын білмейді, жүйрік тоқтығын білмейді», «Ашу – кәпір, ақыл – дос, ақылыңа ақыл қос», «Ес біледі» деген күлер, «өзім білем» деген бүлер», «Есек семірген күні иесін тебер» деген сияқты. Бұл кітап оқулық ретінде жазылғандықтан, ондағы материалдар жанрлық тұрғыдан жіктелмеген, оқушылардың тілін жаттықтыруға арналып, оқу материалының ыңғайына қарай араластырылып, іркес-тіркес берілген. Былайша айтқанда, Ахаң шығармалардың мазмұны мен тәрбиелік өнегесіне, көркемдік бояуына ерекше мән берген. Халық шығармашылығының ішкі мәйегін оқушы санасына молынан сіңіруді мақсат еткен. Сондықтан мұндағы мысалдардың барлығы ұлттық тәрбиеге қызмет ететін ең таңдаулы шығармаларда іріктеліп алынған. Мәселен, осы оқулықтың бірнеше жаттығуына «Кенесары-Наурызбай» жырау жырынан үзінділер үзік-үзік беріліп отырады. Сол арқылы автор оқушыларды дастанды толық оқып шығуға қызықтырады. Мұндай көркем мәтіндер Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжанның, Міржақыптың, Ахметтің өзінің сол кездегі белгілі шығармаларынан көптеп берілген. 
Халық әдебиетінің үлгілері «Тіл – жұмсар. Сөйлеу, оқу, жазу тілін жұмыс тәжірибесі арқылы танытатын 1-кітап» (Қызылорда, 1928)» деп аталатын оқулықта да жетерлік. 
Атан түйе маң басқан, 
Шудаларын шаң басқан,
Екі өркешін қом басқан, 
Төрт аяғын тең басқан, 
Тілін тікен теспеген...
* * *
Қой сүйеді баласын қоңырым деп, 
Іштемені білмеген момыным деп. 
Ешкі сүйер баласын лағым деп,
Тастан-тасқа секірген шұнағым деп, – деген сияқты тамаша тақпақ үлгілері бар. Балалар фольклорының мұндай үлгілері өзінің төлтумалығымен ерекше бағалы. Шығармалардың басқа нұсқаларындағы оралымсыз сөздер мен тіркестердің Ахаң нұсқасында байыпты көрікке ие болғанын көреміз. Табиғатына көпнұсқалылық тән фольклорлық мәтінге бұл нұсқа өзінше жарасым тауып тұр. Сондай мысалдың бір түрі төмендегідей: 
Апам асық беріп еді,
Асығын мұзға бердім. 
Мұз суын берді.
Суын қара сиырға бердім,
Қара сиыр сүтін берді.
Сүтін пісіріп едім,
Көбелек келіп күрп етті,
Көбігін ішіп ол кетті.
Жапалақ келіп жалп етті,
Жармысын ішіп ол кетті.
Қарға келіп қарқ етті,
Қалғанын ішіп ол кетті.
Сауысқан келіп сақ етті,
Сарқып ішіп ол кетті.
Атекем келіп еді, қаспағын қырып беріп қарық қылдым. 
Осы өлеңнің басқа нұсқаларымен салыс­тырғанда ішінара кездесетін өзгешеліктерді айтпағанда, өлеңнің басталуы мен аяқталуында елеулі айырмашылық бар екендігін байқауға болады. 
Демек, Ахмет Байтұрсынұлының қолында өте бай қолжазба материалдар жинақталғанына тағы да көз жеткіземіз. Автор соларды барынша екшеп, өз мақсатына лайықтап қарымды пайдаланған. Осындай ұстаныммен таңдалып берілген балалар фольклорының үлгілері аталған оқулықтың «2-кітабында» да аз емес. Мысалға соның бірі «Кісі мен қиқар бала» деп аталатын жауаптасудың бір нұсқасы:
Бала: Салаумәлейкум.
Кісі: Әліксалам. Қайдан келесің?
Бала: Қалқа деген жерден келемін.
Кісі: Қалқаның қары қанша екен?
Бала: Қайырылып қарағаным жоқ, қарыстап шенегенім жоқ.
Кісі: Кім баласысың?
Бала: Әкем баласымын.
Кісі: Әкеңнің аты кім?
Бала: Әкемнің құла аты бар.
Кісі: Ауылыңның үлкені кім?
Бала: Ауылымыздағы үлкен – түйе.
Кісі: Ақсақалы кім деймін?
Бала: Сақалы ақ теке бар.
Кісі: Өй, бір жетпегір екенсің, ә?
Бала: Жетпесем, міңгестірерсің де.
Кісі: Саған шара жоқ-ты!
Бала: Алдымен тостаған керек.
Кісі: Салып кетейін бе?
Бала: Жылдам барарсың.
Кісі: Қойып кетейін бе?
Бала: Қайтарда аларсың. 
Осындай әзіл жауаптасудың тағы бір нұсқасы оқу құралында «Егіз мағыналы лебіз» деген атпен берілген. Жалпы қолжазба қорларында осы тектес әзіл жауаптасулардың әртүрлі нұсқасы бар. 
Осы тәріздес «Бақа, бақа балпақ» немесе «Самалық, Самалық...», «Ешкі мен қой», «Ешкі бақтым, еңіреп бақтым», «Бөбектің тілегі», «Қой сүйеді баласын...», «Ешкі» (Екі нұсқасы), «Бұл қай кезде болады?», «Торпағым» (Екі нұсқасы), «Кім айтар?», деп аталатын әйгілі балалар өлеңдерінің де түрлі нұсқасы оқулыққа енгізілген. Олардың ішінде әдеттегі өлең жырлардан басқа қалып танытатын түрлері де баршылық. Мысалы әйгілі «Қуырмаш» өлеңінің мынадай тосындау нұсқасы бар:
     Қуыр, қуыр қуырмаш, 
    Балаларға бидай шаш, 
    Тоқтыларға мия шаш, 
    Қара нарға қаңбақ шаш,
    Құла айғырға құрақ шаш,
    Көк биеге көде шаш,
    Сиырларға сабан шаш,
    Қара құртты маған шаш,
(Қолын майда шашқа қарай сілтейді)
Құр қалмасын «майда шаш». 
«Қуырмаш» өлеңінің мұндай нұсқасы қолданыстағы фольклорлық жинақтардың ешбірінде кездеспейді. Мұны Ахаң жариялаған өзгеше нұсқа деп ерекшелеп айтуға болады. Сол сияқты, «Ертекші шал мен балалар» деп аталатын жауаптасу өлеңі де ерекше көңіл аударатын мазмұны мен құрылымы бөлек шығарма. Өлең әдеттегі ертегішілердің ертек бастарда айтатын:
Ертек-ертек, ерте екен,
Ешкілері бөрте екен.
Құйрықтары келте екен, – деген сияқты тұрақты формуладан басталғанмен, ары қарай жауаптасу мүлде басқаша жалғасады. Шығарманың соңы: 
«Қызық-қызық, қызық-ақ,
Қырғауылдар қызыл-ақ!
Ертек басы қысқа ғой,
Аяғын айтсам ұзын ғой! 
Бір қырғауыл қызып ап,
Батырсынып қырқылдап,
Тайғақ мұзға жылтырмақ
Алшая кеп қоныпты-ау,
Шаты жазым болыпты-ау.
Мұзда жатып тоңыпты-ау,
Мұздан жауап сұрапты-ау: 
– Мұз, мұнша неден күшті болдың? – деп.
– Мен күшті болсам, күннен қорықпас едім, – дейді мұз, – 
Аз қызуды басамын, көп қызудан сасамын», – деген шумақпен аяқталады. Бұл үзіндінің осы сарындас нұсқалары бұдан басқа тізбектелген шумақтармен жалғасып кетеді. Мәселен, оның бізге мәлім бір нұсқасы «Құмырсқа, құмырсқа, сен неден күшті болдың?» деп басталатын құмырсқамен тілдесумен түйінделетін. Ахаң оқулық ыңғайына қарай, ол мотивтерді қысқартқан тәрізді. Автордың қолында бұл шығарманың тізбекті құрылымнан тұратын көлемді нұсқасы болғанға ұқсайды. 
Сол сияқты аталған шығармамен тіркесіп берілген «Ертек басы» деп аталатын балаларға арналған өлең шумақтары да қызғылықты тұрпатымен құнды. Осылайша, әңгімеші ертек басын айтып алғаннан соң, өтірік өлең сарынымен айтылған балаларға қандай шығарманы таңдауды өздерінен сұраған оншақты шумақ сұраулы сөйлем түріндегі өлең жолдарын келтіреді. 
Бұлармен қоса, балаларға арналған халық прозасының үлгілері «Қотыр торғай», «Түлкі мен құр» сияқты ертегілер де оқулық әрін арттырып тұр. А.Байтұрсынұлы өз оқулығына ойындық фольклор үлгілерін де шебер пайдаланған. Оқулықтағы «Мәліке тотай» ойынының тоғыз шумақтан тұратын өлең мәтіні оған толық дәлел. Бұл мәтін де балалар ойындық фольклорын жаңа мазмұнмен толықтыратын соны шығарма болып табылады. 
Жалпы бұл оқулықты балалар фольклорының бай көзі деуге болады. Кезінде осы тақырыпты қаузап жүрген кезімізде А.Байтұрсынұлы мұрасы біз үшін жабық болды. Өкініштісі сол, ғалым шығармашылығы ақталғаннан бергі қырық жылға жуық уақытта да ұлы ғалымның оқу құралдарындағы фольклорлық материалдар арнайы қарастырылмады, сол ағаттықтың орнын толтыратын уақыт келді деп санаймыз. 

(жалғасы бар)
 

"Ақиқат" журналы

1180 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз