Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 05 Қараша, 2024

«Tomorrow School» жасанды интеллектке үйретеді

Парижде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан-Франция іскерлік кеңесінің 13-отырысы өтті. Бұл іс-шараға цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев бастаған ҚР Цифрлық даму министрлігінің делегациясы қатысты. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап kazgazeta.kz хабарлайды.

Кеңес Қазақстан мен Франция компаниялары арасындағы байланыстарды орнатуға және нығайтуға ықпал етеді. Бұл екі елдің бизнестеріне жаңа серіктестер табуға, сауда және экономикалық қатынастарды кеңейтуге, сондай-ақ іскерлік қауымдастық өкілдері арасындағы сенімді арттыруға көмектеседі.

Іс-шарада Жаслан Мәдиев сөз сөйлеп, цифрландыру саласындағы негізгі жетістіктерді атап өтті, соның ішінде инновациялық экожүйелерді, Govtech және стартап жобаларын дамыту, сондай-ақ жасанды интеллектті барлық салаға енгізу туралы айтты.

Қазақстанда 20 миллион адам тұрады, олардың орташа жасы – 32 жас, бұл инновацияларға дайын, серпінді халықты білдіреді. Біздің ел жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында және Орталық Азияның жалпы ЖІӨ-нің шамамен 60%-ын құрайды.

«Бұл көрсеткішті 200 000-нан астам маманды қамтитын және жыл сайын 40 000-ға жуық IT-түлек дайындайтын дамып келе жатқан IT-секторымыз қамтамасыз етеді. Қазақстан сондай-ақ әлемдегі ең көне және ірі ғарыш айлағының отаны болып табылады, бұл технологиялық прогреске деген ұмтылысымызды айқындайды. Осындай мықты негіздің арқасында біз цифрлық дәуірдің сынақтары мен мүмкіндіктеріне дайынбыз», – деп атап өтті Жаслан Мәдиев.

Министрдің айтуынша, Қазақстан стартаптарды қолдау үшін жан-жақты және инновациялық инфрақұрылым құрды. Бұл экожүйенің орталығында Орталық Азияның жетекші технопаркі – Astana Hub орналасқан. Бүгінде Astana Hub құрамында 1500-ден астам компания-резидент бар, оның ішінде 400-ден астам халықаралық компаниялар жұмыс істеуде, бұл біздің жаһандық инновацияларға ашық саясатымызды көрсетеді. Соңғы бес жылда Astana Hub қатысушылары шамамен 555 миллион доллар инвестиция тартып, 1,9 миллиард доллар табыс тапты, бұл біздің экожүйеміздің жоғары әлеуетін айқындайды. Біздің жыл сайынғы IT-экспорт көлемі қазір шамамен 500 миллион доллардан асты, бұл біздің технологиялық секторымыздың жаһандық бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.

Іс-шара аясында Қазақстанның цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен NSDS Digital Investments арасында Қазақстанда және Орталық Азияда цифрлық және жасанды интеллект білімін дамыту мақсатында стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев пен NSDS Digital Investments-тің тең құрылтайшысы Николя Садирак қол қойды.

Astana Hub басты серіктес рөлін атқаратын бұл ынтымақтастық 01Edu платформасы негізінде инновациялық бағдарламалау мектептері желісі – Tomorrow School-ды дамытуға, жасанды интеллект бойынша инновациялық оқу бағдарламасын құруға, қазақстандық таланттарды халықаралық аренада ілгерілетуге, сондай-ақ екі тараптың әртүрлі іс-шараларға қатысуына және білім алмасуға бағытталған.

Tomorrow School – Astana Hub ұсынған Қазақстандағы алғашқы peer-to-peer форматындағы жасанды интеллект мектебі, ол 01Edu платформасында эксклюзивті түрде жұмыс істейді. Tomorrow School бағдарламалау бойынша бастапқы дайындықты талап етпей-ақ, AI саласында тегін білім алуға ерекше мүмкіндік береді.

Бұл жоба Ұлттық жасанды интеллект орталығын құрудың бір бөлігі болып табылады.

Фото: gov.kz

502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз