Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 06 Қараша, 2024

Алматыда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі жаңа маусымын ашты

ҚР «Салтанат» мемлекеттік би ансамблінің 69-шы жаңа маусымы ашылды. Алматы Theatre сахнасында өткен кештің шымылдығы балетмейстер Талғат Ахметовтің «Самғау» би  қойылымымен түрілді.

«Азия аңыздары» деп аталатын өнер кешіне ҚР Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Роза Рымбаева бастаған өнер жұлдыздары, танымал тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері, би саласының ардагерлері мен педагог репетиторлар жиналды.

Көрермендер «Жастық жалын», тәжік биі «Идона»,  ұйғыр биі «Долан», корей биі «Кальчум», «Қыз қуу» және тағы да басқа көптеген би қойылымдарын тамашалап, ерекше әсерге бөленді. Концертте ҚР «Мәдениет саласының үздігі» Рахат Сәрсенов, Халықаралық және республикалық   конкурстардың лауреаттары Бақыт Мырзабекова, Аяулым Жұмахан, Айсәуле Қайырғазина өнер көрсетті.

«Жаңа маусымда «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі көрермендерін талай тың дүниемен қуантты.  Ұлттық би өнеріміздің алтын қазығы саналатын, сол асыл мұрамызды насихаттау жолында аянбай тер төгіп келе жатқан ұжымның көрерменге ұсынатын сыйы көп. Шынайы өнер ұлт пен ұлысқа бөлінбейді, керісінше қаншама халықтың ортақ қазынасын паш етіп, адамзатқа ортақ ой тастайды. Концертіміздің жоғары деңгейде өтуіне қолдау білдірген Қазақстан Республикасы Мәдениет және Ақпарат министрлігіне алғыс білдіреміз!» - деді ансамбль директоры Елубай Кенжалиев.

Айта кетейік, талай дарын түлеп ұшқан ұжым келер жылы 70 жылдық мерейтойын атап өтеді. Алдыңғы буын өкілдері осы шаңырақтың алтын діңгегін тік көтеріп, қанатын кеңге жаюына күш салса, кейінгі толқын жас ұрпақ сол сара жолдан адаспай, бағыты мен бағдарын тауып, жаңа сүрлеу салып отыр. Сондықтан жаңа маусымды «Азия аңыздары» бағдарламасымен бастаған ұжымның тарту-таралғысы таусылмақ емес.

321 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз