- Таным
- 09 Қараша, 2024
Нүкте және кеңістік
Ерлан ЖҮНІС,
«Ana tili»
«Әзірет Әлінің «Ғылым бір нүкте еді, надандар оны көп нүктеге айналдырды» деген тағылымды тәмсілі, сүйекті сөзі бар. Осы бір оқшау ойдан таған тартсаңыз, сана ішінде үлкен дүмпу пайда болатындай. Нүкте – адамзат мөрі, болат қорғасындай ауыр, қаққан шегедей мықты. Қаламды ақ параққа қойсаңыз, алдымен нүкте пайда болады. Адамның ғұмыры секілді, сөйлем нүктемен басталып, нүктемен тамамдалады. Леп белгісіндей сымбатты болмаса да, сұрау белгісіндей әдемі өрнектелмесе де, нығыз нүкте – аяқталған тиянақты ойдың жемісі. Бір тармаққа шалқар ойды көгендеп қояды. Тұжырым тудырады, ақиқатты әйгілейді...»
Академик, тарих ғылымының докторы, қарымды қаламгер Дархан Қыдырәлінің «Нүкте философиясы» публицистикалық ой-толғамдар кітабы осы түсінікпен басталады. Оқып отырғанда, ойға бірден ескі бір әпсана оралды. Әлдебір ойшыл, аппақ парақтың ортасына қара ноқатты түртеді де, шәкірттерінен не көріп тұрғанын сұрайды. Қара ноқатты көріп тұрмыз, дейді олар бірауыздан. Қара ноқат түскенде пайда болған кеңістік ше? Кеңістік көзге сыймайды. Алайда ойға сыяды екен. Сана кеңістігі дегенде де біз әуелі белгілі бір нүктеден бастау аларымыз анық қой. Кең дүние дегенде де бір ноқатқа сүйенеміз. Сол ноқаттан тысқары, сол ноқатты қоршаған дүниені кең деп танимыз. Осы қисынға бағып, нүкте сыртындағы ой кеңістігін іздей бастадық. Нүкте қайда тұр? Жердің кіндігі, үйдің түндігі, аттың қазығы сықылды сол кеңістіктің ортасында деп түйейік. Бұлай түйсінуімізге түйінді мақала және содан шыққан тармақ-тармақ толғамды мақалалар негіз болады. Ғылымда алтын қима немесе алтын орта деген ұғым бар ғой. Кез келген дүниенің кесімді, келісімді анық ортасы, алтын өзегі. Табиғаттың өз тепе-теңдігінің арқауы. Сұлулық симметриясы. Демек, ойда да алтын арқау, алтын өзек болмақ. Нүкте пәлсапасы дегеніміздің өзі сонда кездейсоқ қойылған ноқат емес, автордың алтын өзекті іздеуінен, адамдық дүниесінің, қоғам өмірінің, өзгеріс пен құбылыстардың, құндылық пен сананың, ұлттық ойлау жүйесі мен мінез-құлқының, өткен мен болашақтың арасындағы алтын қиманы табуға ұмтылысы екенін аңдау қиын емес. Осы ұйғарымға ұйысақ, бұл нүкте – ақ парақтың ортасындағы қара ноқат емес, қара кенептің ортасындағы ақ нүктеге ұқсап қалады. Сол нүктеден себезгілеп сәуле түседі. Ол – ой сәулесі, адамдық шуағы, зиялылық шұғыласы болып шықпақ.
«Нүкте философиясы» кітабын парақтағанда кейінгі он жыл ішіндегі қоғамның жүрек қағысын қапысыз бағысты, әлеуметтік құбылыстарды әріден бажайлауды, саяси шешімдерге салиқалы көзқарасты, құндылықтар жөніндегі қанықты ойды, замандастар мен қалам қайраткерлерінің шығармашылығы туралы шынайы сөзді көреміз. Кітапқа енген мақалалардың бірі елді елең еткізген оқиғаларды, тебіндей енген тенденцияларды таразылау, тәпсірлеу болса, енді бірі қазақ қоғамындағы құбылыстарды Абай ойының, Абай дүниетанымының елегінен өткізу, тағы бірінің желкен көтерген жаңашыл көзқарастардың тууына себепкер болғанын байқаймыз. Біздің қоғам – жас қоғам. Жағалай соққан желдің бәрі сана сергітер самал емес, арқаңа қадалар аңызақ, өңменіңнен өтер өкпек те болары жасырын емес. Қоғамда жосықты жолдау да, парықты ой да, тегеурінді тұжырым да бар, сонымен қатар пайымсыз пікірлер, таразысыз талдау, қиғаш көзқарастар да жоқ емес. Бояу секілді баяу жайылса да, жас қоғамның санасында ертең кетпестей дақ қалдыратын көзқарастар мысқалдап еніп, батпандап шығып та жатады. «Қоғам тынысының барометрі атанған масс-медиа саласы қарқынды дамыған тұста ақпараттық технологиялар әсерімен әлем күрт өзгеріске ұшырады, коммуникацияның ландшафты да терең трансформацияға түсті («Жаңа медиа һәм жаңа мүмкіндік») деп автордың өзі атап өткендей, сырғақтап тұрған сынағы көп заманда өзгерістер мен құбылыстарды синоптиктей тап басып танып отыру да қиын. Бұл кітапта тоғысқан толғамдар алты-жеті жыл жүзінде аға басылымның бетінде апталап шығып тұрғанын ескерсек, осы кітапты – сол уақыттағы қоғам көңіл күйінің белгілі бір деңгейдегі барометрі деп қарауға болады.
Кітап қысқа күнде қырық құбылып жататын күнделікті өміріміздегі келеңсіздіктер мен жүгенсіздіктерге жұрт назарын аударуға, қоғам талқысына салуға, тегеурінді ұстанымдардың тезіне салуға үндеуімен де құнды. Талғампаз оқырманмен тап келген түрлі тақырыпты таразылайды. Қара кенептегі ақ нүкте дегеніміз де сол, әр адамның алуан мәселеге сау санамен сәуле түсіріп, ақ пен қарасын ажыратып, салмақты тұжырым жасауы. Ақ парақтағы қара нүктедей өзіне назар аударту – өз мүддесіне емес, қара кенептегі ақ нүктедей жарығын өзгеге түсіріп, елдің мүддесіне қызмет ету. Демек, бұл – зиялылардың үлесі, елдікке шақыра алатын ерендіктің еншісі. Сана түкпіріне сәуле түсіре алған, сол жарықпен жұртына жол көрсете алған кісі ғана шынайы зиялы адам атанса керек. Автор «Ақылға сәуле қонбаса» атты мақаласында: «Осман түріктері бұл сөзді «мүнәууар», яғни «нұрлы» деген мағынада қолданды, қазіргі Түркияда баламасы – айдын (жарық). Ал Ресей қол астындағы халықтардың білімпаздары оны «зиялы» деп аударды. Зия – «нұр, жарық, сәуле» деген сияқты мағына беретін араб тілінен енген сөз екені белгілі, сонда зиялы «төңірегіне нұр шашып, жарық беретін, шуақтандыратын сәулелі жан» болып шығады...» – деп тұжырады. Жүзінде нұры бар, жарығы өз айналaсына ғана түсер мәдениетті кісінің бәрі зиялы бола ма? Әлде шынайы зиялылықтың басқа да шарты бар ма? Осы мақалада «белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол мұрат-мақсат төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттың зиялылар қатарына тек өз халқының дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады» деп Мұстафа Шоқайдың мұраткер ойына меңзейді. Ізгі ниетті оқырман бұл сауалмен шектеліп қана қоймай, іздене түсері анық.
Данышпан Конфуцийдің өркениеттің өзегінде жататын, діни танымның да басты діңгектерінің бірі адамдық, адамгершілік мәселесіне қатысты мызғымас ұстанымы бар еді. Ол бір ғана тұжырымға сыйған тұмардай түсінік: «Өзіңе қаламағанды өзгеге қылма». Адамгершіліктің алтын қағидасы атанған осы түсінік адамдықтың алтын арқауы, адамзаттың айнымас, адастырмас темірқазық жұлдызы болуы керек-ақ. Бірақ адамзат қоғамындағы қатынастардың күрделілігі соншалық – бұл түсініктің өзі соның сан қилы сауалдарына жауап бере алмай жатады. Осыдан келіп Канттың «бұлжымас императиві» шықпаушы ма еді.
Өзгеге сәуле түсіре алу үшін өзіңнің сәулелі болуың, адамдыққа – адамдық, тазалыққа – тазалық ләзім. Жол көрсету үшін өзіңнің жолыңды анық көруің, өзің де сол жолмен жүруің қажет-ақ. Парсы халқының жақсы бір мәтелі бар, «шырақтың өзін көре алмаған кісі сол шырақтың жарығымен нені көре алады?» «Ар ілімі һәм арылу» атты мақалада «Арылу – пенделік күнәдан тазару, ағару, жаңару ғана емес, ол – мейлінше мінсіз кемел кісілік қалыпқа жақындау. Сондықтан ол – сәт сайын, үздіксіз жүретін құбылыс. Шыңғыс Айтматов «Адамға ең қиыны – күн сайын адам болып қалу» дегенде, осыны меңзесе керек. Абай адамдық арылуды һәм кісілік кемелдікті «бенделіктің кәмалаты» десе, қоғамның, адамзаттың арылуын да «инсанияттың кәмалаттығы» деп белгілеген екен. Сондықтан кез келген қоғамның жекелеген адамдардан тұратынын ескерсек, қоғам да арылуға тиіс. Мәселен, деколонизация жүрмеген, социалистік формациядан арылмаған, керісінше, «жабайы капитализм» тұсында жат қылықтарды жамап алған қоғамды «арылған, тазарған» деп айтуға бола ма? Әл-Фараби бабамыз «адамның дене мүшесі ауру болса, дәрігер емдейді, ал қоғамның жан дүниесіне түскен сырқат орасан кеселді болады дегенді» ескерткен екен. Қоғамды сырқатынан айықтырып, арылуға бастайтындар зиялы қауым екені белгілі. Ал біз, ар жүгін арқалаған зиялы қауым өкілдері, толық арыла білдік пе? Абай айтқан «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» сияқты адамдық қасиеті бар, өзін зиялы санайтын әрбір азаматты толғандырар мәселе осы болса керек» деп автор басты сауалды төтесінен қояды. Әр адамның арылу, тазаруынан бастап тұтас қоғамның тазаруына дейінгі жол қанша «соқтықпалы, соқпақсыз» болса да, «тар жол, тайғақ кешулі болса да», біз соны жүріп өтуіміз керек деген ойға жетелейді. Бостан сана болашаққа алып барады. Алаш баласына азат рух жарасымды. Келесі мақалада осы уақыттағы келеңсіздіктердің кінәраты өз бойымызда әлі де жатқан жоқ па деген ой жібінің бір басын ұстатады автор. «Бізге отыз жыл бұрын арылу, сананы сауықтыру қажет еді, негізі. Арыла алмадық. Сондықтан сөзіміз бен ісіміз үйлеспей, ақиқаттан алшақтап, шынайы адамдық болмысымызға көлеңке түсті. Абайдың асыл қасиетін жиі дәріптесек те, ішкі сарайымыз мұнтаздай болып жайнап тұрмаған соң, өнегесін өзегімізге дарыта алмадық. Не керек, тәубеміз жүректің ішінде емес, еріннің ұшында болды. Дана бабамыз «Бойдағы мінді санасам, тау тасынан аз емес. Жүрегімді байқасам, инедейін таза емес» деп парасат мұнарасынан ізгілікпен үн қатады. Шын мәнісінде, сөздің киесі ғана емес, кісілік келбетіміз, адамгершілік алтын арқауымызға ақау түсіп, рухани нәріміз солғын тартса, құндылықтарымыз құлдыраса, бұған кінәліні сырттан іздемеу керек. Әсіресе сөзіміз тозып, тосаң тартса, соған сөздің тұтқасын ұстаған жазармандар, соның ішінде алдымен өзіміз кінәлі емеспіз бе? Бәлкім, шындық пен алдаспан ақиқатты дер кезінде айта алмай кібіртіктеп қалғандықтан, сөзімізде салмақ, бәтуамызда байлам қалмай абдырап отырған болармыз?» («Ар алдында арылу»)
«Өзіңе қаламағанды өзгеге қылма» деген ғұлама тұжырымын Канттың этикалық теориясы анығырақ, нақтырақ ететін секілді. «Өзіңдегі және басқадағы ақыл мен ерік-жігерді мақсатқа жету құралы емес, сол мақсаттың өзі» деп қарауға шақыратын бұл ұстаным мақсат пен мүддені анық тануға бастайды. «Нүкте философиясынан» да осы ұстанымды көреміз. Әлбетте, бұл кітап ғылыми еңбек емес, сондықтан ғылыми тұжырым жасауды мақсат та етпейді. Публицистика жанрының басты мақсаты мен міндеті де сол, қоғамдағы жағдайды айта отырып, сол жағдайға қатысты көзқарас қалыптастыру әрі соған қатысты қандай да бір әрекет жасауға үндеу. Оқырманды ойласуға шақыру. «Айттым – бітті, кестім – үзілдісі» жоқ бұл кітаптың ұтар тұсы да осы. Әрдайым сауалмен басталып сауалмен аяқталып отыратын ойлардан сауатты оқырман өзі шешім шығарады. Себебі сөз – мақсатқа жетудің құралы емес, сол мақсаттың өзі.
Сонымен, автор Фараби, Ясауи, Абай санатты ойшылдар дүниетанымы фильтрінен өткізе отырып, бізге қандай ой ұсынады? Неден арылуға, неден тазаруға шақырады? Ойлы оқырманның алқасына қандай сауал тастайды? Жоғарыда айтқанымыздай, кейінгі жылдар көлемінде қоғамды алаңдатқан мәселелер әр мақаланың өзегінде тұр. «Нүкте философиясы» кітабының өзі сөйлесін:
«Десек те, оқшау ойлар да қылаң бермей қоймайды: осы біздің пейіліміз тарылып бара жатқан жоқ па? Баталы сөзге байлам жасап, бәтуаға тоқтайтын есті жұрттың ұрпағы бүгінде аталы сөзге тоқтамайтыны қалай? Желік сөзге ерік беріп, жөн-жосықсыз жаға жыртысатынымыз неліктен? Аттан мен айтаққа, арандатуға алаң болып, қарапайым адамшылыққа жатпайтын қылықтарға қысылмайтынымыз қалай?» («Ұлт ұпайы ұраншылдықпен түгенделмейді»)
«Біз елдік туралы сөз болғанда араздыққа қарамай, өкпені ұмытып, жақсыға ұйып, ар мен намысқа жүгінетін осы асыл қасиетті қайта таба алдық па? Болмаса, басқаны емес, тіпті елдің ынтымағын бүлдіруге әрекет етіп, әсіресаясиланып, хакім айтқандай, «Болды да партия, ел іші жарылды» деген кепті киіп қалдық па? Кемеңгер күңіренген «Бас-басына би болған» күндестік күйге түсіп, күнде шерулетіп, тым саясиланып кетпедік пе? Расында, бүгінгі кей замандас сол Абай заманындағы пысықтарға ұқсап, көбік сөзді көпіртіп, дұрысты бұра тартып, дау-шардың қазанын қайнатып, елдің ынтымағы мен тұтастығына ши жүгіртіп, жік түсіретін дақпыртшыл даңғойға айналып бара жатқан жоқ па?!» («Бас-басына би болса»)
«Қоғамды іштей кеміретін жегіқұрт – рухани індеттер де осыған ұқсас. Мейлі, оны парақорлық, жемқорлық немесе сыбайластық деңіз, қоғам мүшелері ағарып, арылмаған соң, ол қалыпты жағдайға айналып, белгілері байқалмаған күйі бүкіл ағзаға жайыла береді. Бұл – бүгінгі қоғамның кейпі...» («Симптомсыз сыбайластық»)
«Қазіргі уақыттың ритмі адамдардың жүрегін қатайтып, пейілін суытып жатқандай. Айналаны еренсіз енжарлық, немкетті бойкүйездік билеп алған секілді. Елдегі көптеген жақсылық пен игі бастаманы кейде көрмей, тіпті елемей жатамыз. Елім деген ерлерді ел болып бағалап, жұрт болып алқау да азаматтық қоғамды ұйыстырар басты құндылық екенін ұмытпаған абзал» («Алғыс арқалағанға не жетсін»).
«Демек, әр адамның ішінде бір айдаһар өмір сүреді. Әуелі ішке құрт боп түсетін ол адаммен бірге өсіп, кісінің нәпсісімен қоректенетін болса керек. Ал адам оны өзінің құмарлық-құштарлықтарымен, қалау-аңсауларымен асырайды. Ісініп, тоят таба алмаған ол кейде кісінің өзін жұтып тынады. Сондықтан Абайдың «Мықтымын деп мақтанба ақыл білсең, мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең» деп айтқанындай, нәпсіні тыйып, рухты шыңдау – толық адамның жолы, кемелділіктің кілті болса керек» («Рухтың айнасы»).
«Біз тарихы тоналған, жадысы жоғалған жұрттың біріміз. Бордай тоздырған бодандық пен алмағайып аласапыран жылдарда халқымыз санынан ғана айырылып қойған жоқ, санасы да сансырып, жадысы «жарақат» алды. Бұл ретте тоналған тарихты түгендеуге болады, ал жоғалған жадыны қайта қалпына келтіру үшін жылдарға жалғасатын жүйелі жұмыстар жүруі керек екені белгілі» («Тарихқа хайп емес, байып керек»).
«Құндылықтарынан айырылған қоғамның құбыласынан жаңылған жұртқа айналатыны белгілі. Қырық құбылған мына заманда қаймана қазақ та асыл қазынасын – рухани құндылықтарын жоғалтып жатқандай көрінеді. Сертке сенген, сөзге тоқтаған халық едік, сенімге селкеу түсті. Кез келген жайтқа күдікпен қарап, күмән келтіреміз. Сөздің астарына үңілмей, ақиқатына жүгінбей, айтары жоқ болса да, айқайы бардың айтағына ереміз» («Абайға абай болайық»).
Абыз ақынның шығармашылығына қармақ салсаңыз, күршегіңіз бірден қазақтың астамшылығына ілінеді. Ол көзге оғаш, көңілге қораш көрінетін киізкөкірек қоғамдағы өз даңғойлығына өзі риза болатын дарақы бай мен қатарынан қалмайын деген кедейдің кердеңдігін аяусыз сынады. Сондықтан Абайдың «Ойлағаны – айт пен той, ыржаң-қылжаң итмінез» деген сөздері бүгінгі қоғамның санасынан саңылау тапса дейміз. Шапанына сыймай шіренген бай-бағландар осыдан тәлім алып, қолда бар қаржысын білім мен ғылымға қиса, біз де технологияның құлағында ойнар ма едік?» («Даңғазаның дүрмегі немесе Абай тағылымы»)
«Жаһандану заманының ақпараттық ағыны халқымыздың ғасырлар бойы ардақтаған құндылықтарын құнсыздандырып, ұлттық бет-бейнесіне селкеу түсіріп, арналы дәстүріміздің арқауын сетінете бастағаны шындық. Соның ішінде сөзде құнсызданды, сенімге селкеу түсті. Аузы дуалы, сөзі уәлі, байламы бәтуалы кісінің сөзіне тоқтау азайды. Жалған сөйлеп, жала жабуды әдетке айналдыру, ойдан құрағанын тексермей, көшіргені үшін де, оны қайта өшіргені үшін де ауызбастырық алу кәсіп болды. Салиқалы сөз адуынды айқайға ұласты, адаммен айқай араласты, айтушы мен тыңдаушы адасты. Ұран салып, білек сыбанып, заһарын төгіп отырған бүгінгі виртуальды қаһарман өзінің ата-анасы мен отбасының, қасында отырған досы мен құдайы көршісінің басында не жағдай болып жатқанын сезінбеуі – оның желіге таңылып, әлемдік торға әбден шырмалып, А.Чеховтің «Құндақтаулы адамының» жаңа тұрпатты бейнесіне айналғанын көрсетеді» («Сөзге серт»).
«Сонымен қатар харассмент тек әйелдерге ғана жасалмайды. Балаларға және қарттарға харассмент туралы қоғамда көп айтылмайды. Бұл саладағы басты проблемалардың бірі қоғамдағы түрлі стереотиптер. Расында, әдепсіз әрекеттер әдетке айналып келеді. Кейбір азаматтар өзгелерге түрлі деңгейде тиісу, дөрекелік таныту, зәбір көрсету, қысым жасауды қалыпты жайт ретінде қабылдайды. Ақтап алуға тырысып жататындар, бұған «жігіттік, серілік, қырындау» деп қарайтындар да жоқ емес. Мұндай стереотиптер – харассмент жағдайларының орын алуына түрткі болатын негізгі себептердің бірі. Қылмыстың кез келген түрін ақтауға болмайды. Озбырлық түбі – ойран. Сондықтан заң бұзушылыққа мүлде төзбеу, зорлық-зомбылыққа ымырасыз болу мәдениетін дамытуымыз керек» («Харрасмент туралы»).
Фараби дәуірі, Ясауи уақыты, Абай заманындағы сауалдардың әлі де өзектілігін жоймағанын көреміз. Дәстүрлі қазақ қоғамы өз эволюциясында бірнеше мәдени экспанцияға, идеологиялық қыспаққа ұшырады. Тоңдай болып қатқан – жібіді, тұздай болып сіңген – тарқады, құмдай болып басқан – аршылды. Алайда соның бәрінен іріткі із, жымысқы жол қалды. «Аршып алып тастауға» асқан ерік-жігер керек. Тәуелсіздік рухани түлеуді де алып келді. Автор «Төрттаған» атты концептуалды мақаласында сол түлеу тудырар төрт қасиетті алға тартады: «Осы төрттаған – тазалық, туралық, тереңдік, табандылық сынды төрт қасиет төрдегіден төмендегіге дейін тұмар болса, төрт құбыласы тең ел болудың да ауылы алыс болмас еді. Сол арқылы Қазақстанның жаңа құндылықтарының, шынайы құндылықтарының қатарын толықтыра отырып, ұлттың жаңа болмысын қалыптастырарымыз анық».
Сонымен қатар «Нүкте философиясында» «Тұлғатану төңірегендегі түйткілдер» атты толғақты мақала бар. Әр уақыт тарихи тұлғаларға өз призмасы арқылы қарайтыны анық. Бірақ қисынды ойдың биігінен қараудың орнына қисық айнадан көз салудың да кездесері жасырын емес. Тұлғаның тарихи бағасының әділ берілмеуі, жас ұрпақ тарапынан тұлғаға тұстасындай қарайтын тұрпайы көзқарас та қалыптастырады. Тұлғаны тұқырту, оқшау емес, оғаш ой айтуға ұмтылу, өзін ақтай алмас адамның сөзін бұрмалау, бір тұлғаны көтеру үшін екіншісін төмендету тарихи зерделіліктің тамырына құрт түскенін аңғартса керек. Себебі ұлттық тұтастық тұлғалар тұтастығынан, ұлттық бірлік тұлғалар бірлігінен туары – басы ашық дүние. Осы ретте автор: «Тұлғаларды зерттегенде шынайылық, объективтілік те жетпей жатады. Өзіміз зерттеген тұлғаны ұлықтап, ал оның қарсыластарын негізсіз тұқыртуға да дайын тұрамыз. Салыстырып, сын тезінен өткізбесе, архив дерегінің өзі жаңылыс тұжырым жасауға ұрындыратынын ескере бермейміз. Мұнда кейде рулық, аймақтық сана да кері әсерін тигізіп жатады. Бұл – тек қазақ тарихы үшін ғана емес, түгел түркінің тұлғаларын түгендеу үшін де ортақ шетін мәселе. Баязит пен Әмір Темір, Тоқтамыс пен Едіге, Сұлтан Селим мен шах Исмаил арасындағы шиеленістерге объективті баға берілмеуі тарихымызды тұтас қарауға кері әсер етуде. Оның үстіне әрбір бауырлас ел өзінің негізін қалаушы «идеал тұлға» ретінде көбіне біріктіруші емес, бөлуші тұлғаны таңдап алған. Ортақ тұлғаларды әр елдің өзіне тартып, меншіктеуге ұмтылуы да бұған кері әсерін тигізуде. Әрине, мұнда кеңестік саясаттың да ықпалы жоқ емес. Өйткені тарихымызда отарсыздану, арылу үрдісі әлі толық жүрген жоқ» деп күйіне ой білдіреді. Дәл осы мақала автордың келесі бір кітабының кілті секілді көрінді. Яғни қатар шыққан «Абыздар аманаты» эссе-мақалалар жинағының кіріспесі де осы мақалада тұр деп білеміз. «Абыздар аманаты» автордың ұзақ жылғы ұқыпты үңілуінен, тиянақты тірнектеуінен, бір тұлғаны бір ұлттың я кезеңнің контексінде емес, берісі – талайлы түрік дүниесінде, арысы – адамзат, тұтас уақыттар мен халықтардың кеңістігінде қарауынан туған толымды еңбек. Кітапты оқып отырғанда оқырман қазақтың қастерлі тұлғаларының ұлтқа ғана емес, ұлысқа, қырға ғана емес, құрлыққа, тарық заманға емес, тарихқа қызмет еткенін түсінеді. Жалпы, осы түсінік, осы идея Алаш заманына дейін аса ауқымды көлемде өмір сүргенін сезінеміз. Автор осы идеяны – озық идеяны жалғастыруды мақсұт тұтқанын аңғарамыз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлын бауырлас елдердің бірлігін бекемдеуші тұлға ретінде әспеттей келіп, оның сол замандағы тұтас түрік жұртының озық ойлы тұлғаларымен мүдделес, пікірлес болғанын жазады. Ақаңның қазаққа ғана емес, барша түріктілдес қауымға асқан ықпалы болғанын тілге тиек етеді. «А.Байтұрсынұлының педагогикалық және рухани ықпалдастық қызметтері «Хусаиния», «Ғалия», «Ғұсмания» мектеп-медреселерде білім алып жүрген қазақ, татар, башқұрт, өзбек, қырғыз, құмық, қарақалпақ жастарына зор әсер етті. Байтұрсынұлы қазақ балаларымен бірге бауырлас елдердің жастарының оқып, білім алуына да жағдай жасады. Ақаңның үстінен жазылған арыздардың бірінде: «Ол басқарған мектептегі барлық оқушы қазақ не өзбек, бірде-бір орыс жоқ», – деп көрсетіледі. Осы себепті ол 1909 жылы Семей губернаторының бұйрығымен қамауға алынған болатын» дейді. Кітаптағы тағы бір жаңалық, өткен ғасыр басындағы Абай тұлғасының ашылу, Абайдың бағалануы туралы дерек. «Яш Түркістан» журналында Есен Тұрсын деген лақап атпен мақаласы шыққан Тахир Шағатайдың қазақ хакімін «Түркістанның ең ұлық ақыны – Абай Құнанбайұлы» деп тануы. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» атаған тұста Абайдың даңқы түрік халықтарына жайылып, түрік жұртының ұлық ақыны атануы. Сондай-ақ, «Мұхтар Әуезов және түркі әлемі» атты мақалада «адамзаттың айтулы ақыл-ой алыбына айналған Мұхтар Әуезовтің түгел түрік халықтарына еткен қызметі айрықша» деп тарихи әділетті сөзді айтады. Отызға толмаған озық ойлы Омарханұлының ой масштабының орасан зор болғанын осы пікірінен-ақ аңғарамыз: «Қазақ елінің ескілігі жалғыз қазақтікі емес, жалпы түрік жұртының ескілігі деп санау керек. Бұрынғы түрік, моңғол дәуірі жүрген заманда, Алтын Орда, Ақ Орданың күндері айтылатын жерлер бар. Ноғайлы, Қырым, қыпшақ, қырғыздардың бір жалаудың астында бір ел болып жүрген кездерін айтады. Бұл – түрік жұрттарының жік- жікке бөлінбей тұрған күндері. Бірін-бірі жат демей, бауыр көріп жүрген кездері».
Жалпы, кітапта қамтылған тұлғалар тізбегін тарқата отырып, автордың түрік тұлғатану философиясының жаңа вертикалін жасауға нақты талпынысын назардан тыс қалдыра алмайсыз. Бұл жерден, әлбетте, хрестоматиялық толымдылық іздеудің қажеті жоқ. Автор оны мақсат та тұтпаған болса керек. Бірақ оқып отырған адамға осындай ой қалдырады.
Кітаптан дәуірлер мен тұлғалар арақатынасының жүйелілігін көреміз. Қорқыт Ата мен даңғайыр жырау Тоныкөк, Майқы мен Мөңке, Жошы мен Қайду бек, Байбарыс баһадүр мен Берке хан, Ер Едіге мен Алаш ұранды алып Манас, Шайбани хан, Низами мен Несими, Науаи, Қарахан баба, Еңсегей бойлы Ер Есім мен Хан Кене, Абай мен Ахмет, Сүйінбай мен Жамбыл, Мәшһүр Жүсіп пен Икбал, Әуезов пен Әмір Нәжіп тұлғасы мен өнеге туралы толғамды мақалалар мол дерек, мәуелі мәлімет, жалт еткен өз жаңалығымен оқырман үшін үлкен олжа болары анық.
Қызыға да құныға оқыған қос кітап жөніндегі жазбамызды, тарихшы, көрнекті түркітанушы Дархан Қыдырәлінің тұлғатану тәмсіліндей «Абыздар аманатына» кіріспе сөзімен тамамдағанды жөн көрдік: «Өткенсіз болашақ жоқ. Рухани негізсіз материалдық байлықтың да баянды болуы әсте мүмкін емес. Біз бүгін бабадан мұраға қалған ар ілімін насихаттап, әділетті, мейірбан қоғамды қалыптастырудың аса қажеттілігі мен шынайы мүмкіндіктерінің бар екенін нақты сезініп отырмыз. Бұл – бос қиял емес, бүгінгі біздің қанымызда қалыптасқан ұлттық код, санамызда жаңғырған ізгі мұрат, кешегі өткен тарлан тарихымыздың асыл мирасы. Міне, бағзы бабалардан бастау алып, әл-Фараби жаңғыртып, Жүсіп Баласағұн жалғастырып, Абай арқылы алтын арқауы мен арнасын тапқан абыздар даналығы бізге осыны аманаттайды».
767 рет
көрсетілді0
пікір