- Таным
- 09 Қараша, 2024
Қазақ тілінің емлесі: Сингевит жазу жүйесі
Қазақ тілтану ғылымының негізін салған Ахмет Байтұрсынұлының «Жаңа емле» еңбегін тиянақтағанына биыл – 100 жыл. Алайда, қазақ тілінің жазым жүйесі әлі күнге даудан арылмай, теріс ереже мен қате жазу үлгісінен құтылмай келеді. Неліктен? Мәселе іргелі танымда жатыр. Қазақ тілі табиғатынан үндестік заңына бағынатын агглютинатив тіл екені белгілі. Алайда, қазақ тіл білімі саласы қалыптаса бастаған өткен ғасырдан бері тілдің жазу саласы ізденумен келеді. Дұрысырағын айтқанда, агглютинатив қазақ тілі флектив орыс тілінің ізімен «бір дыбыс – бір таңба» принципіне бағындыруға тырысу салдарынан біршама кемшіліктен құтыла алмай келеді. Осы жағдайдың барысында қазақ тілінің жазуы «бір дыбыс – бір таңба» принципіне бағындырылғанда шұбалаңқы да тиімсіз жазу үлгісіне тап болады да, жазуды ықшамдау барысында Й және У дыбыстарын жазуда Ый/Ій және Ұу/Үу, Ыу/Іу қосар дыбыстарды біріктіріп И және У әріптерімен таңбалау, жазармандар үшін ережеден тыс сұрақтарды туындатумен келеді. Оның үстіне қазақ тілінің емлесінде жүйесіз әркелкілік қалыптастырды. Қазақ тілінің басты ерекшелігі саналатын үндестік заңы аяқасты болуда.Мұның барлығы тілді жаңа графикаға ауыстырғанмен шешілуі мүмкін емес. Сондықтан мәселенің шешімін басқа жақтан қарастыра отырып, шешуге талпыныс бар. Атап айтқанда, өзіне тән емес флектив жазу жүйесінен бас тартып, агглютинатив тілге сыйымды жаңа жазу жүйесін қарастыру барынша ақтаулы ізденіс болуы ықтимал. Осыған орай мақалада арнайы түрде қазақ тіліне бірден-бір лайық әрі сәйкесетін орфографияның сингевит жүйесін енгізу ұсынылып отыр.
Қазақ тіліндегі фонографиялық қайшылық себебі
Негізі, қазақ тілінің өзіне тән үндестік заңы барын және агглютинатив аталатын жалғанбалы тілдер тобынан екенін аңғармайтын, тіл білімінде тәжірибесі мен білігі жеткіліксіз адам болса, жоғарыдағы мәселені оп-оңай шешуге кірісетіні анық. Ондай кепті бәріміз де кешкеніміз бар. Шынында да, Й әрпі тұрғанда И-дің керегі бар ма еді?! Оның үстіне қазақта ұзақ И деген дыбыс жоқ, болса орыс тілінде бар. Ендеше оны несіне бас қатырып, әріптің санын көбейтіп жүрміз деушілердің қатарында едік. Бақсақ, мәселе саясатта екен – бір. Сол саясат бойынша қазақ тілін орыс тіліне кіріптар етіп, орфографиялық дербестікке жібермей, қазақ тіліне тән дербес әліпби жасатпаудан туған нәрсе екен дегендей уәжге бүйрек бұратыны да аз емес. Тіпті тілімізде 42 дыбыс бар деп мадақтайтын да халге жеткен кезіміз болды емес пе?! Бірақ басты маңызды жайт бар – гәп тіліміздің ішіне жасырулы сингармонизмнің қасиетінде болып шықты. Сөйтіп, жоғарыдағыдай Й мен У түйткілін «оп-оңай шешу» бізді жазудың шұбалаңқы да тиімсіз үлгісіне апарып бір тірейтінін білмеппіз, байқамаппыз. Мұны бізден бұрын байқаған алдыңғы лек – ғалымдар, лингвистер. Қайткенде де солардың уәжіне иек артуға тура келеді. Әйтпесе, «су», «бу», «буу» деп жазып келген қазақ жазарманын енді «сұу», «бұу», «бұуұу» түрінде жаздырып көрші... Не тілден безеді, не басқаға барады.
Жазуды бірыңғай «бір дыбыс – бір таңба» принципіне көшіруді қолдайтындар бүгін пайда болған жоқ. Мұның құрамында өзіміз де болғанбыз. Соның бірі тіліміздің бас фонологы саналған сингармолог, марқұм Әлімхан Жүнісбек еді. Ол: «Егер қазақтың мый, кій, сұу, тұу сөздерін қайтадан mi, ki, su, tu деп, қазақ сөзінің түбір,буын, морфем, айтылымын бұзып жазатын болсақ, онда әліпби ауыстырмай-ақ орыс жазуында қала бергеннің өзі жөн», – деп бір-ақ кесті. Бұл жерде әрине, Әлекең ең алдымен дыбыстанушы ретінде қазақы дыбысталуды барынша қорғап отыр. Жазудың бұрыстығы үндестікке нұқсан келтіріп, сөздің дұрыс дыбысталуын бұрмалайтын ахуалына жанын күйіп отырғаны белгілі.
Бірақ бұл жағдайда жаңа жазу емлесі «бір дыбысқа – бір таңба» қағидатына ұшырайды да, жазудың ретсіз шұбалаңқылығына тап боламыз, бұл қарсы полюстегі позиция ұстанып отырған белгілі ғалым Нұргелді Уәлидің дәйекті ұстанымына қайшы келеді. Мысалы үшін емлені осы принципке бағындырып, тіл білімінің ақсақалы Нұрағаның [5] «Орфографияға оңтайлы әліпби керек» атты сұхбатына сүйене отырып, мына сөздерді қарастырайық:
Бүліну – бүлүнүу
Ұрыну – ұрұнұу
Суыну – сұуұнұу
Жылыну – жылынұу
Сұрқия – сұрқыйа
Сусылдық – сұусұлдақ
Қиюластыруы – қыйұуластырұуұ.
Қалай болғанда да, тілтану саласының ардагерлері Нұргелді мен Әлімхан аға сынды ғалымдарымыз бір мәселенің екі басындағы қос полюске тартқанымен, екеуі де жөн демеске лаж жоқ. Бірақ екі тұрғыға да тән шешім тиянақсыз.
Мәселе тіліміздегі қысаң дауыстылардан (Ы/І, Ұ/Ү) туындайтын үндестік үдерісіне қатысты болып тұр. Осы дыбыстардың жанасқан дауыссыздармен туындайтын сингармо құбылысты әлі де тани алмай келгенбіз және олардың әлеуеттерін мойындамай отырмыз.
Негізі оңтайлы емле ең алдымен агглютинатив жазу жүйесі тілдің үндестік заңын паш ететіндей әрі орфография мен орфоэпияға қызмет етуі қажет! Одан да дұрысы – жоғарыдағы «бір дыбыс – бір таңба» принципі қазақ тілі үшін мүлдем жарамсыз екенін аңғаруымыз керек. Одан да бастысы – әліпби/алфавит жазу жүйесі флектив сипатты тілдерге арналғандығын ескеруіміз керек.
Й және У әріптеріне қатысты таңбаланатын дыбыстарды қарастыратын болсақ: Ый/Ій, Ұй/Үй, Ыу/Іу,Ұу/Үу секілді үндескен сингармо дыбыстардың жиынтығына тап боламыз. Егер де, қазақ тілінің агглютинатив тіл екенін ертерек ескеріп, үндестік заңының орфография мен орфоэпияға тікелей қатысы болатындығын қарастырғанымызда, бәлкім, жоғарыдағы түйткілдердің шешімі әлдеқашан табылар ма еді?!
Қазақ тіліне тән жазу жүйесі – алфавит емес, сингевит!
Сингевит – бұрын-соңды қолданыста жоқ, алғаш рет лингвистикада агглютинатив тілдерге арналған емле жүйесін білдіретін термин. Бір ғасырдай уақыт бұрын қазақ тілінің теориясын орнықтыруға тырысқан фонотист Ахмет Байтұрсынұлы, бастапқы жазбаларында интуитив түрінде, ешбір қағидасыз-ақ, агглютинатив тілге тән фонография үлгісін көрсетті. Бірақ оны теория жүзінде одан әрі дамыту үшін, жалпы алғанда, қазақ ғалымдарына флектив жүйесіне алаңдау кедергі болып келді деген ойдамыз.
Бұл екі позиция мен принципті де қанағаттандыратын қолымызда не бар? Қолда агглютинатив сипатты тілге тән жазу принципін орнықтыру мүмкіндігі бар ма? Соны табуымыз керек! Ол дегеніміз – қазақ жазуына революция жасаумен пара-пар. Басқа жолы жоқ. Сонда ол не?
Шын мәнінде қазақ тілінің емле теориясын сингармологияға икемдеуге батылдықпен кірісетін реформа қажет, бұл реформа жаңаша ойлауға ғана иек артады. Бұл жөнінде белгілі сингармолог ғалым Әлімхан Жүнісбектің [2] «Сингармология. Қазақ фонетикасы» еңбегі бұл ойымызды одан әрі өзектендіре түседі: «Сонымен:
– Үнді-еуропа флектив тілдерінің (мысалы, орыс) акцентті (екпіншіл) дыбыс талданым амалы – акцентология;
– Оңтүстік-азия буыншыл тілдерінің (мысалы, қытай) әуенді (буыншыл) дыбыс талданым амалы – тонология;
– Орал-алтай агглютинатив тілдерінің (мысалы, қазақ) әуезді (үндесім) дыбыс талданым амалы сингармология болып шығады.
Сингармология атауын осы тұрғыдан түсіну және қабылдау керек. Соның нәтижесінде қазақ (түркі) фонетикасының зерттелім аппаратынан фонология, фонема, аллофон ұғым атаулары шығарылып, оның орнына сингемология, сингема (үндескіш дыбыстар), аллосингема (үндескіш үншелер) ұғым атаулары ендіріледі» деп сұңғыла сингармолог тіліміздің көптен күткен өз сипатына орай әрі тәндес дыбыстану жүйесіне жол тауып беріп кетті. Аталған еңбектің басты идеясына ден қойсақ, агглютинатив қазақ тілінің жаңа орфографиясына, фонографиясына сингеманы таңбалау арқылы аллосингеманы қамту жеткілікті болмақ. Сингема – дыбыс емес, әбден үндескен, бірақ үндескіш біртекті дыбыстардың жиынтығы. Мәселенің шешіміне бұлайша кірісу – әдеттегі флектив тілдерге тән алфавит жүйесінен өзгеше, сингемалардан туындайтын аллосингемаларды тұтастай таңбалауға мүмкіндік беретін, арнайы агглютинатив тілдерге ғана тән жазу жүйесін пайдалануға итермелейді. Осыдан туындайтын фонографиялық жазу жүйесі сингевит аталуға қақы бар.
Сонымен, жаңа фонография жүйесі түсініктірек болу үшін флектив әліпби/алфавит пен агглютинатив сингевитті салыстырайық [2,29-34]:
*Бұл дауыссыз аллосингемалар саны Ә.Жүнісбекте – 66, біз оған 56 үнше қостық, дауыссыз үншелер саны барлығы – 122; дауысты үншелерді қосқанда, аллосингемалардың жалпы саны - 131. Бұларды сәйкесінше 28 таңбамен жазу мүмкіндігі бар.
Қазақ тіліне арналған төл жаңа жазу жүйесі 9 дауысты аллосингема (3 сингема), дауыссыз 122 аллосингемадан (17 сингема) тұратын агглютинатив тілге арналған түркі тілдері арасында тұңғыш фонография жүйесі болып табылады. Аталмыш фонография жүйесін алфавит емес, сингевит атап отырмыз. Өйткені, бұндағы жазу бірлігі әріптер емес, синготаңбалар немесе таңбалар болып табылады.
Келтірілген екі түрлі тіл сипатының сәйкес екі түрлі дыбыстарды жазу жүйесін салыстыра келе, флектив жазу жүйесі агглютинатив таңбалау жүйесімен мүлдем сәйкес еместігін әрі агглютинатив сипатты тілді алфавитпен жазу мүмкін еместігін көреміз және жоғарыда келтірілген түйткілдер де оны анық көрсетті.
Қазіргі «кирилше» аталып жүрген алфавит фонографиясы толығымен флектив жазу жүйесі ретінде қазақ тілінің жазу сипатын қамти алмағандықтан, оған ішінара агглютинатив жазу сипаттары енгізілген. Сол себепті де И мен У әріптері синготаңбаның рөлін атқарып, соған сәйкес ый, ій, ұй, үй, ұу, үу секілді 6 аллосингеманы таңбалап келеді. Сондықтан да бір ғасырға созылған қазақ тілінің жазу жүйесі әлі күнге өзін таба алмай және сәйкес шешім таба алмай келді. Сөйтіп, қазақ тіліне флектив жазу жүйесі зорлықпен таңылғандықтан, бүгінгі 42 әріптен тұратын «қазақ алфавиті» шын мәнінде орыс және қазақ тілдерінің ортақ әліпбиі екенін 2004 жылғы мақаламызда [9]: «...қазіргі қазақ әліпбиі – орыс тілін жазбалауға толық мүмкіндігі қарастырылған қос тілдің ортақ әліпбиі. Бірақ бұл жағдай қазақ тілінен гөрі орыс тілінің пайдасы үшін, қазақ тілі орыс тілінің «қолына су құюы» үшін жасалған» деп нақты сипатын ашқанбыз. Ал белгілі лингвист-сингевист Әлімхан Жүнісбек [10]: «Қазіргі әліпбиімізді «қазақ әліпбиі» деп атаудың еш реті жоқ. Өйткені ол қазақ әліпбиі емес, «қазақ-орыс әліпбиі», тіптен ақиқатын айтып «орыс-қазақ» әліпбиі десе де болады», – деп 2013 жылы мойындаған еді.
ХХ ғасырдағы кезең қазақ тілі үшін оның жазу жүйесін флектив жазу жүйесінен айыра алмай, әуре болған дәуір ретінде мойындаған абзал.
Дегенмен, теориялық жағын жақсы ашқан агглютинативтанушы Әлімхан Жүнісбек, соған сай келетін жазу емлесін орнықтырып үлгермеді және флектив фонографиясынан бас тарта алмады. Сайып келгенде, ережемен толықтыратын әрі шектейтін қазақ емлесін, жоғарыда көрсеткеніміздей, флектив тілдің заңдылығынан құтылу жолын көрсетпеді, өзі сынаған «евроөзімшіл талданым амалынан» емле жүзінде ажырай алмады. Сөйтті де қазақ сингармологы «Казахская (тюркская) транскрипция: орфография равна орфоэпии и наоборот» деген күмәнділеу аксиоманы жариялап жіберді. Шын мәнінде бұл – аксиома емес, дәлелдеуді қажет ететін лингвистикалық теорема. Себебі, бұл аксиоманың дұрыстығы орфографияны қай талданым амалына бағындыруға байланысты. Егер де емлені флектив талданым амалына салсақ, орфография=орфоэпия теңдігі дұрыс болады да, онсыз да шұбалыңқы тілдің жазылымы да шұлғаудай шұбатылып шыға келеді, ол мінеки:
Аталмыш емлеге қарап, флектив жазу үлгісі әбден сүйегіне сіңген жазарман бұны ұқпауы әбден мүмкін. Тіпті өзінің маңызды еңбегінде[11,5] атап өткен мына тұжырым: «Тюркская (казахская) транскрипция имеет уникальную особенность – орфография равна орфоэпии – т.е. орфоэпическая от природы структура тюркской (казахской) речи не требует специального транкрипционного обеспечения при фонетическом анализе тюркского текста...», Әлімхан Жүнісбек тұжырымдамасына қайшы болып табылатынын осы шағын кесте көрсетіп тұр. Ал егер де жазуды агглютинатив талданым амалына салсақ, орфография=орфоэпия теңдігі орындалмаса да, транскрипциялауды қажет етпейді. Бұл жағынан Әлекеңнің тұжырымы дұрыс: қазақ тілінің сингармонизм заңын білетіндер үшін арнайы транскрипциялау үдерісінің қажеті жоқ. Ол тек қана көз жеткізу мен талдау үшін ғана қажет болуы ықтимал. Егер де біз өз тіліміздің мақтаныш әрі «жұлын заңы» – сингармонизмді қару етіп алатын болсақ, онда барлық сұраққа өзінен өзі жауап, барлық жазу жүйесінің түйткілдеріне шешім табылады. Өйткені, біз тіліміздің үндестік заңын сөз бен теория жүзінде келтіріп, мақтаныш еткенмен, оны іс жүзінде толық, сарқып пайдаланып, қолданып отырған жоқпыз. Қалай соны қолға алсақ, біздің жазуымыз солай жеңілдейді әрі ойлау жүйеміз де өз тіліміздің заңдылығына бағына қояды; шұбатылған жазудың көлемі азайып шыға келеді.
Сингевит жүйесінің қазіргі емледегі көріністері
Біздің қазіргі кирилше әліпбиде ішінара агглютинатив талаптарының оңтайлы енгізілу мысалдарының бар екеніне назар аударайықшы.
1.Ый/Ій дыбыстарының, яғни аллосингемаларының (агглютинатив тілдерге тән түрленбелі дыбыстарға тағайындаған Ә.Жүнісбек термині) И әрпімен таңбалануы: Мый – ми, ійне – ине т.т.
2.Ұу/Үу, Ыу/Іу дыбыстарының, яғни аллосингемаларының сәйкесінше У әрпімен таңбалануы: сұу – су, бұу - бу, бүрүу – бүру, жүрүу – жүру т.т.
3.Ыр/Ір дыбыстарының, яғни аллосингемаларының Ы/І әріптерімен таңбалануы: ырас – рас, ылақ – лақ, ірет – рет, аулым-ауылым, даусы-дауысы т.т.
4.Ійу/Ыйу, ійә/ыйа дыбыстарының, яғни аллосингемаларының Ю/Я әріптерімен таңбалануы: үйу – үю, қойу – қою, ұйа – ұя, ұйу – ұю, ійә – ия, қыйа - қия т.т.
Алайда бұл жайттар қазіргі тіл теориясынан қағыс қалған және лайықты ереже түрінде айқындалмаған, қағидатқа негізделмеген қарабайыр интуитив көрініс. Бұлар жай ғана қағидасыз, қағидатсыз ғана интуитив түрде енгізілген норма деуге мәжбүрміз. Сол себепті, бұлайша жазу жүйесі тіл тұтынушыларын тұйыққа тіреп келгені де жасырын емес: олар неліктен бұлай жазамыз деген сауалға лингвистер тарапынан сенімді жауап ала алмай келеді. Оның үстіне жоғарыда келтірілген мысалдардан емле жүйесіндегі парадоксты байқап отырмыз: қазіргі әліпбиден туындайтын емле флектив жүйесімен де, агглютинатив жүйесімен де аралас қамтылған. Қазақ тілінің бұл жазу жүйесін біржақты тыңғылықты орфографиялық жүйе деуге келмейді. Көптеген жайттардың шешімі табылмаған күйі бір ғасыр бойы қолайсыздық туғызумен келеді.
Енді қазіргі флектив емленің орфография мен орфоэпияны қайшылыққа ұшыратып қойған мысалына ден қоялық:
Мұндай керағарлықтарды бүгінгі жазу барысында жүздеп кездестіруге болады. Қарастырған кестеде [ұ]/[ү] болып айтылатын сингемалар -ы/-і түрінде жазылып тұр және оны жазарман да, оқырман да үндестік заңын бұрмалап оқуға мәжбүр екені айқын. Ал бұл агглютинатив тіл үшін қолдан жасалған қайшылық: осындай керағар емле оқырманды үндестік заңын аяқасты етуге итермелеп келеді және сингармонизм заңының жазу жүйесіне қатысты тиімді қолданысын пайдаланбастан, шұбалаңқы жазу жүйесін мәжбүрлі түрде бастан кешіп келеміз. Мәселен, қырғыз тіліне қарағанда қазақ тіліндегі еріндік үндестіктің аяқасты болып жатқанын қазақ тілін үйретуші, түркі тілдерін зерделеуші блогер Владислав Тен: «Қырғыз тілінде еріндік үндестік заңы толығымен орындалатыны соншалық, қазақ тілінен гөрі француз тіліне көбірек ұқсайды.
Мысалы: қазақ тіліндегі «жөтеліп жүргөнмін» деген «жөтөлүп жүргөнмүн» деп айтылуы керек еді, еріндік үндестігі жүзеге аса отырып!» деп, қазақ тілінің жазу жүйесінің орфоэпияға деген зардабын атап өткені мейлінше орынды.
Жоғарыдағы кестені енді үндестік заңына сүйеніп жазайық:
Суслдақ – үндестік заңы бойынша, соңғы буынның жуандығынан алдыңғы буындар міндетті түрде жуан болуы керек және У сингемасы да ҰУ түріндегі жуан аллосингема түрінде дыбысталады – басқаша мүмкін емес. Осылайша екінші [сұл] буын да жуандалады – [сұусұлдақ]. Мысалы, қаз+ір,қад+ір секілді флектив жазу көпе-көрнеу қазақ тілінің үндестігін тәрк етіп тұр, егер оны сингевит түрінде қазр, қадр етіп жазғанда бұлардың айтымы: [қазыр], [қадыр] түрінде болар еді.
Бүлну – бірінші буын [бүл] - жіңішке, демек келесі буын да жіңішкеріп қана қоймай Ү сингемасының ықпалымен келесі буын [үн] түріндегі аллосингема дыбысталады да, ол соңғы сингемаға әсер етіп оны да жіңішкертеді: [үу], ақыры барлық сөз – [бүлүнүу] түрінде айтылатын болады. Ал біз бұл заңдылықты флектив (бүліну) жазу түрінде кісендеп тастадық.
Ұрну – бірінші ҰР аллосингемасының ықпалымен Н сингемасы түрленіп [ұн] аллосингемасына айналады, сосын У сингемасы да [ұу] аллосингемасы болып дыбысталады – [ұрұнұу].
Сұуну немесе көрну секілді сөздердің бастапқы буыны сөздің басқа бауындарының үндестік тұлғасын анықтайды және ол үндестік заңымен жүретіндіктен, олардағы дауысты қысаң дыбыстарды жазудың керегі жоқ, себебі олар – аллосингемалар, яғни үндескіш үншелер, олар сингема таңбасымен үндесіп, сәйкесінше дыбыстала береді: сұуұнұу және көрүнүу түрінде өзінен өзі айтылады.
Осылайша басқа сөздердің жазымдары «бір дыбыс – бір таңба» принципімен емес, «бір аллосингема/үндес қос дыбыс/қосар – бір таңба» қағидаты бойынша ықшамдалып жазылады. Шұбалыңқы агглютинатив тілдің жазымын бұлайша ықшамдау немесе оңтайлау арнайы үнемдеу мақсатынан шығып отырған жоқ, бұл ықшам жазу агглютинатив тілдің талабына және үндестік заңына тән телінген жазу жүйесінің нәтижесі ретінде көрініс тауып отыр, алдымен соны мойындау керек. Мұны «ықшамдап жазу» емлесі атау дұрыс емес, қазақ тілін үндестіре жазу/үндес емле деген әлдеқайда дәл әрі әділ.
Бұл жазу жүйесінде ескеретін принципті мына нәрсе бар: шет тілден енген флектив сөздер жұтылып, агглютинатив сипат алмайынша, оларды сол флектив емлесімен жазу сақталады: самовар – самаурын [самаурұн] болмайынша оларды сингевит жазумен таңбалауға болмайды.
Сингевит емле көктен түскен жоқ, бұл «елес» түрінде үнемі көрініс табумен келеді. Жас ұрпақтың өкілі, тілтанушы Ермұхамет Маралбек өзінің «Қазақ емле ережелерінің қалыптасу тарихы» мақаласындағы [13] «Ескерту: мәтін емле ережелері болғандықтан ережелердің нақты сипатын көрсету үшін түпнұсқаға дәлме-дәл транскрипция жасалды» деген маңызды ескертуін құп ала отырып, мына сөздердің ХХ ғасыр басында А.Байтұрсынұлының өз қолымен жазылған тізбегін келтіре кетейік:
– даусты – дауысты
– ноқатсз – ноқатсыз
– қойылб – қойылып
– бұунда – буында
– жазлмайды – жазылмайды
– бұун – буын
– ашқ – ашық
– сөздң – сөздің
– соңнда – соңында
– астнда – астында
– болмағандқтан – болмағандықтан
– әзрге – әзірге
– ұтрлы - ұтырлы
– тк – тік
– әлпбійінен – әліпбиінен
– мұнң – мұның
– үшкл – үшкіл
– қалбты – қалыпты
– бұуыннда – буынында.
Құметті оқырман, өзіңіз куә болғандай, біз сөз еткен сингевит жазу жүйесі тарихымызда түрліше орын алып келгенімен, саналы әрі теориялық түрде жазу жүйесі ретінде қолға алынған емес. Біз енді осы кетікті тәуекел етіп, 2011 жылдан бастап қолға алып [14] келеміз.
Агглютинатив тілдерге арналған бұл жүйе бүгінгі флектив тілдердің жазу жүйесінің құрсауындағы талай агглютинатив тілдерді құтқару мүмкіндігі ашылар деген дәмеміз зор және ол жақын келешектің шаруасы. Ал бұл сингевит емлені қазақ тілі үшін қалыптастыру мен кемелдендіру бір мақаланың салдары бола алмайтыны мәлім. Біздің мақсатымыз - әзірге осы бір іргелі мүмкіндіктің есігін ашу ғана.
Қорытынды
Қазақ тілі үшін аса маңызды әрі өзекті болып отырған жазу жүйесінің жетілмегендігі ғана емес, флектив тілдерге тән жазу жүйесіне тәндігінен туындап отырған фонография саласына қатысты мәселесі осы мақалада қарастырылғандай агглютинатив сипатты қазақ тіліне тән еместігі мәселенің әбден пісіп-жетілгендігін көрсетті. Сонымен бірге аталмыш мәселені шешуге қатысты ұсынылып отырған жаңа «сингевит» аталатын жазу жүйесінің қазақ тілінің орфографиясына қатысты барлық мәселені шешуге деген тиімді әрі оңтайлы шешім екендігін төмендегі жайттар айғақтайды:
1) Бір ғасырдан артық уақыт бойы Й мен У дыбыстарының табиғаты толық танылмауы мен оларға қатысты жазу түйткілінің шешілмеуі;
2) 1913 жылдан бастап 1934 жылға дейінгі аралықта бір ғана «Оқу» сөзінің ОҚУ, ОҚҰУ, ОҚЫУ, қайтадан ОҚҰУ түрінде 4 түрлі жазуға ұшырауы;
3) У, Й дыбыстары «сингармониялық дыбыстар», яғни сингема болып табылатыны, У мен И әріптерінің сәйкесінше
ый, ій, ұй, үй, ұу, үу секілді 6 аллосингеманы таңбалайтын таңба екендігі анықталды;
4) Қазақ тілінің емлесінен туындаған ғалымдар мен тіл тұтынушылары ұстануға мәжбүр болған оппозициялық қос полюстің қалыптасуы;
5) Мәселенің шешімі сингармолог ғалым Әлімхан Жүнісбектің Сингармологияға қатысты теориясынан туындайтын агглютинатив тілдерге тән сингармо әліпбидің қажеттігі;
6) Флектив тілдерге тән әліпбидің агглютинатив тілдердің жазуы үшін оңтайлы еместігі, тиімсіздігі өз алдына, үндестік заңына түбірімен қайшы екендігі әрі оны қолдану салдарынан тілдің орфоэпиялық абсурдқа және орфографиялық флектив сипатқа ұшырайтыны тіркелді;
7) Қазақ тілінің ғасырдан аса уақыт бойы қалыптасқан жазу тарихында орфографиялық тиімді шешімдер тек қана сингармолық қадамдар арқылы пайда болғандығы;
8) Қазақ тілінің жазу жүйесі қалыптасу барысында табиғи түрде жазу үдерісінде сингевиттік емленің де қолданылу практикасының болғандығы да тіркелді;
9) Агглютинатив тілге тән жазу үлгісіне қажетті таңбалар мен сингемалар бірлігінің жүйесі түзілген кесте сингевит аталды; оны қолданудың оңтайлығы мен тиімділігі мысал ретінде елдің әнұранының мәтінін жазуда көрініс тапты және қазақ тілінің агглютинатив сипаты мен үндестік заңына сәйкес жаңа жазу жүйесі жазба көлемін 20-25 пайызға ықшамдайтыны өз алдына, мақалада қарастырылған емле мәселелері бұлтартпас шешімге ие болатынына көз жетті.
10) Агглютинатив сипатты және сингармониялық заңға тәуелді қазақ тілі үшін бірден бір тиімді жазу үлгісі сингевит жүйесінің негізінде жасақталатын орфографиялық ережелер мен қағидаттар арқылы ғана қалыптасады.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Құдайберген Жұбанұлы. «Қазақ тіл білімінің мәселелері» Қосар ма, дара ма?. – 1935 ж.
2.Жүнісбек Ә. «Қазақ тіл білімінің мәселелері.– Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2018. – 368 бет
3.Жүнісбек Ә. Әліпби мәселесі. https://abai.kz/post/15699
4.Жүнісбек Әлімхан. «Орыс жазуын реформалауымыз керек». https://www.abai.kz/post/9737
5.Нұргелді Уәли. «Орфографияға оңтайлы әліпби керек». https://www.abai.kz/post/112210
6.Гүлфар Мамырбек. И мен У-ды неге таратып жазуға болмайды? //«Тіл және қоғам» журналы №1 (53). – 2021
7.Ермұхамет Маралбек. «Қосарға». «Тіл және қоғам» журналы// №1 (53) 2021.
8.Сейдін Бизақов. «Емле ережесін жетілдіру» // «Туған тіл» журнаы// №1,2005ж
9.Серік Ерғали. «Әліпбилік реформа қажет», «Қазақстан ZAMAN» газеті, №24 (483), 11 маусым 2004 жыл
10.Жүнісбек Әлімхан. «Қазақ жазуы: төл дыбыс - төл әліпби», Астана, 2013 ж. «Руханият» орталығы.
11.Алимхан Жунисбек. «Сингармология или неизвестный сингармонизм», «Абзал-Ай» баспасы, Алматы, 2020 ж.
12.Бағдан Момынова. «Қазақ» газетіндегі емле, аударма және грамматикалық ерекшеліктер, tilalemi.kz/kz порталы. https://tilalemi.kz/kz/news/qazaq-gazetindegi-emle-audarma-jane-grammatykaliq-erekshelikter.html
13.Ермұхамет Маралбек. «Қазақ емле ережелерінің қалыптасу тарихы»// «Тіл және қоғам» журналы №2, 2021.
14.Серік Ерғали. Ұлттық жоба // https://abai.kz/post/8964
«Ақиқат» журналы
697 рет
көрсетілді0
пікір