- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 10 Қараша, 2024
Тілден әуез, сөзден бояу қашты ма?
Қазір қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту үшін үлкен ұмтылыстар жасалып жатыр. Кинотеатрдан қазақша кино көріп, аударма болмай қалған күнде талап ететін күнге жеттік. Осы тұста ана тілінің ертеңі үшін күрестің басқаша сипат алар кезі келген сыңайлы. Мәселен, сарапшылар қазақ тілінің әуезі өзгеріп, ырғағы жойылып бара жатқаны туралы дабыл қағып жүр. Мүсірепов айтқандай, «қазақ тілі – бай тіл, оралымды, ырғақты, теңеу бейнелері ерте туған тіл». Ал заманауи қазақ тілінің әуезі «қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» дейтін теңеумен үндесе ме?
Көркемдік кеңес керек
Иә, тілімізді шұбарлау оның сипаты мен құрылымын ғана емес, әуезі мен мәнерін құртты. Әсіресе заманауи сленг, қысқа қайыру кең таралып жатыр. Бай дала тілінде тап-таза сөйлейтін қарагөзге «неге сонша таза қазақша сөйлейсің» дейтіндер де табылады. Мысалы көк жәшікке де әдеби, әуезді қазақ тілін енгізе алмай келе жатқанымызға біраз болды. Кинорежиссерлер де «жастар тұнық қазақшаны тыңдауға құмартпайды» деп ойласа керек. Еске түсірелікші, «Қыз Жібек» фильміндегі әр тіркестің әуезі, үйлесімі, жатық, екпіндене оқылуы санамызда жатталып қалды. Мына бір эпизодтағы «Ер-азамат, бір елдің өліп-талып көрген аз қызығын бір көш бойына жеткізбедіңдер-ау?! Көзі жас, көңілі жарым елге соны да көп көргендерің бе?! Сынған елге қыр көрсету ұятқа саналмай ма екен?» дейтін Жібектің даусындағы екпін мәтіннің ажарын ашқан. Өз ісінің білгірі Фарида Шәріпова қазақ тілінің әуезін бұзбай, әр сөзді түйсіне, бойынан өткізе жеткізгені көрініп-ақ тұр. Жібектің даусы, интонациясы кейіпкерді тұтастырып, оның ішкі менін көрсетті. Яғни шұбалаңқы сөйлем болсын, тұнып тұрған әдеби мәтін болсын, оны құлаққа жағымды, үйлесімді жеткізуге болады. Тек әуезін келтіріп, екпінін дәл қойып, сөздің төркінін түсіну жеткілікті. Сонда «жастар әдеби тілді жатсынады» дейтін пікір болмас па еді? Демек, мамандар дауыс қоюда, сахна тілін оқытуда қателік жіберіп жүр ме? Әлде киногерлер тарапынан қателік бар ма? Себебі халыққа қазақ тілінің әуезі мен екпінін терең түйсінудің басты құралы – өнер. Соның ішінде кино, театр, сахна.
Бұрнағы жылы актер әрі режиссер Асылбек Ихсан жауапты министрлікке базынасын жеткізген-ді. Сонда кинодубляжда мәтіннің тазалығымен қатар, әуезін сақтайтын стилист-редакторлар міндетті түрде керегін айтқан. Жас буын соларды тыңдаған соң, диктор мен журналистің мойнында да ауыр жүк тұрғанын жеткізген. Сол үшін министрлік жанынан көркемдік кеңес құруды, тіл саясатымен бірге, қазақ тілінің кәусар тазалығы мен әуезін назарда ұстауын ұсынған. Әрі кеңесте тіл саласындағы мықты мамандар жұмыс істеуін сұраған. Арада бір жыл өткенімен, бұл сауалды ескеру мен орындау қай деңгейде тұрғаны белгісіз.
Қайтсек әуезді сөйлейміз?
Қош, әрі қарай қазақ тілінің әуезі туралы Сауық Жақанова, Аманжан Серіков сынды дикторлардан сұрап көрдік. Олар интонация сөзді, сөз тіркесін, сөйлемді айтудағы дауыс мәнері, дауыс ырғағы, сөйлеудің ритм-мелодикалық бейнесі екенін алға тартты.
«Тілдің әуезі дегеніміз не? Меніңше, әліпбидегі дауысты дыбыстарды, көмей дыбысының қ, ғ, ұ, һ және мұрын көмегімен айтылатын ң дыбысының айтылмай бара жатқаны дыбыс әуезін бұзып, шырайын қашырады. Қазір сөзді толық айтпай, қысқа қайыра саламыз. Дауысты дыбыс мақам, әуен туғызады. Қазақтың ән айтып тұрғандай сөйлейтіні содан деп ойлаймын. Мысалы, «барам, келем» дей саламыз. Негізі, «барамын» десеңіз, «а» дыбысын созып айтасыз. «Келемін» сөзінде де дәл сондай. Өзінше мақамы бар. Баяғыда Левитан Алматыға келіп, қонақүйге орналасады. Сосын, радио тыңдауға кіріседі. Тыңдағанда құлағының құрышы қанған болуы керек, кездесуде таңдана сөз бастағаны есімде қалыпты. «Сөздеріңіз ән салып тұрғандай естіледі» дегені бар. Міне, оның айтып тұрғаны – әуез, әуен. Мысалы, мағынасына қарай дауысты дыбысты созамыз. Дауысты дыбыс сөз құрылымына қарай жоғары көтеріледі, төмен түседі. Содан әуен естілгендей әсер қалдырады. Қазір орыс тілінің ықпалы барын білеміз. Ң мен н әрпін шатастырып айтатын, жазатындар көп. Табиғи немесе жүре келе мән бермей үйренген тіл кемістігінен арылуға болады. Әрине, маман көмегіне жүгінесіз. Жалпы, балабақшадан бастап қазақ ауыз әдебиетін, ертегілерді оқытып, жаттықтыру қажет. Балаңды жетектеп қазақ мектебінде оқытқаның абзал. Қазақ тілін біліп, түйсініп оқыған бала дүниежүзі тілдерін қатесіз меңгеріп кетеді», – дейді еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Сауық Жақанова.
Ал белгілі диктор Аманжан Серіковтың ойы жоғарыдағы қаузағанымызбен үйлеседі.
«Қазақ радиосында жарты ғасырдан астам еңбек еткен диктор ретінде көңілге түйгенім, сөз қадіріне атүсті қарап, мән бермейміз. Сөз қалай айтылады, оның қандай мағынасы бар, алдыңа келген ақ қағазда не жазылды, бағамдамаймыз. Үтір-нүктесіз оқып беруге машықтандық. Сезімталдық, сергектік, түйсіну, түсіну, ойлау, ойлану, мән-мағынасына үңілу деген қасиеттен айырыла бастадық. Ана тіліміздің баяғы әуезі, көркемдігі, сұлулығы, жан дүниеңді тебірентетін, өн бойыңды баурап алатын әсері жыл өткен сайын әлсіреп, солғын тартып бара жатқан сыңайлы. Әр халықтың өз тілі бар. Әдеби шығарма да сол тілде жазылады. Кино түсіріледі, спектакль өмірге келеді. Радиода оқылады, тыңдаушылар мен көрерменге сол тілде не аударма тілінде жетеді. Youtube, Tiktok, қалта телефонымен тілдесу бізді ойлаудан, сөйлеуден, сөйлесуден мақұрым қалдырды. Ақылға жетім, сезімге селқос қарайтын рухани мүгедекке айналып барамыз. Бұл сөйлеу мәнерімізге, ойлау, ойлану, дыбыстау каналдарының, дауыс ырғағының бұзылуына әкеледі. Осылай кете берсе, таяудағы елу жыл ішінде тіліміздің әсем шырайынан айырылып қалуымыз мүмкін. Мәселен, ата-бабаларымыз өмір бойы еркін көшіп-қонып, табиғатпен етене табысып, үнемі қозғалыста болған соң, жаны нәзік, ойы сергек, көзі қырағы, көре білетін, сезе білетін болған. Содан даусы да, үні де соған жақын, әуезді болды ма деймін. Мұның бәрі қанмен беріледі. Әуезді арғы тегімізден іздеп, зерттеу керек шығар. Орыс ғалымдары мен зерттеушілері бекер қызықпаған ғой. «Маған қазақ даласы ән салып тұрғандай естіледі» деген. Осы сөздің астарында терең ой жатқан сияқты. Дала адамның табиғатына әсер етпей қоймайды», – дейді Қазақ радиосының дикторы Аманжан Серіков.
Оның айтуынша, әр сөзді екшеп, болмысына сай мәнермен сөйлеу керек. Сайын даладай кең тыныстап, таза әрі тұнық сөйлеуге бет бұрған жөн. Сөзді анық әрі әуезді айтқанда, ана тілінің ерекшелігі бұзылмайды. Соған сай теледидарда да, мінберде де таза әрі саф қазақша сөйлеу қажет.
Расымен, сарапшылар айтқандай, жауапты министрлік, қазақ тілі комитеті білек сыбана кіріспесе аталған ерекшеліктен айырылып қалатын түріміз бар. Осы тұста мегаполис пен өңірдегі тіл комитеті қалай жұмыс істейтіні жайында ойланасың. Себебі, аудармашылардың сөзінше, кей қаладағы тіл комитеті билбордтағы орыс тіліндегі мәтіннің қазақша сөзбе-сөз аударылғанын қалайды. Осыдан-ақ шала қазақша жарнаманың қайдан шығатынын бағамдап көріңіз. Яғни олар да «қазақ тілінде баяндауыштың орны тұрақты, сөйлемнің соңында келеді» дейтін ережеден айналып өтеді деген сөз. Әйтпесе қазақ тілі оқулығында әуез де, ереже де, аудару тәсілі де тұнып тұр емес пе?! Соны оқып, түйсінетін маман қай кезде де тапшы.
Айзат Айдарқызы, «Ana tili»
245 рет
көрсетілді0
пікір