Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Безбен
  • 10 Қараша, 2024

Қанаттың электростанциясы

Тараз қаласының Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Қанат Тәжіхан жаңашыл әрі тиімді күн электростанциясын жасап шықты. Оның жобасы су бетінде қалқып тұратын панельдерден тұрады. Бұл күн сәулесін барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Жас өнертапқыш бұл жобаны 7-сыныптан дамытып келе жатыр екен.

Жаңа The Future Solаr Power Plant жүйесі кәдімгі күн панельдеріне қарағанда 65%-ға артық энергия өндіреді. Өйткені панельдер өзін-өзі тазалау жүйесімен және күн трекерлерімен жабдықталған. Бұл жаңалық – экологиялық мәселелерді шешуге, қоршаған ортаны қорғауға және Қазақстанның энергия қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Қанаттың жобасы табиғатқа зиян келтірмей энергия өндірудің экологиялық тұрғыда тиімді әдісін ұсынады. Су бетінде орналасқандықтан панельдер табиғи ресурстарды үнемдеп, судың бетіне түскен күн сәулесін қабылдайды. Бұл жүйе судағы органикалық ластаушылар мен шаң-тозаңнан өздігінен тазалана алады. Осылайша өнімділікті жоғарылатады. Оның сөзінше, жоба алдағы уақытта Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде де жасыл энергия өндірудің жаңа үлгісіне айналуы мүмкін.

Жас өнертапқыш күн электростанциясын әзірлеуге бірнеше жыл жұмсаған. Оның жобасында автоматты тазалау құрылғысы бар. Ол панельдерге су сеуіп, шаңын сүртіп отырады. Бұл өнімділікті 25–30%-ға дейін арттырады. Сондай-ақ ақылды күн трекері күн сәулесін тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп, электр өнімділігін 50%-ға дейін арттырады. Қанаттың панелінің бір данасы 250 мың теңге тұрады. Жоба жүзеге асқаннан кейін екі жыл ішінде өз шығынын өтеп, пайда әкелетініне сенімді. Оның жобасы электр энергиясының тапшылығын шешуге бағытталған. Бұл әсіресе Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі өзекті мәселе болып отыр.

Жас өнертапқыш халықаралық ғылыми байқауларда жүлделі орындар иеленіп, жобасын танымал ету мақсатында белсенді жұмыс істеп жатыр. Мәселен, 2023 жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары-2023» жобасы аясында 3 миллион, «Тұрақты жол» ұлттық әлеуметтік эконауқаны республикалық эко-стартап сайысынан 2 миллион теңгелік грант иегері атанды. Экология министрлігінің тарапынан ең үздік экологиялық жоба жасағаны үшін үздік деп танылды. Кейіпкеріміз қалқымалы күн панелдерінің экологиялық артықшылығын да атап өтті. Олар судың булануын төмендетіп, балдырлардың өсуін тежейді. Мақсаты – еліміздегі электр қуаты тапшылығын жеңілдету мен экологиялық проблемаларды шешу. Сонымен қатар, өнертапқыш жасанды интеллект арқылы қоқыстарды сұрыптайтын робот жобасын да қолға алып, жаңа технологияларды дамытуға атсалысып жүр.

Қанат жақында достарымен ерекше протез ойлап тапты. Мүгедектер бұл құрылғының көмегімен арбасын, ұялы телефонын, компьютерін, кондиционерді басқара алады. Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары 2 жыл бойы жасаған құрылғы жақ-сүйекке киіледі. Мүгедектігі бар адамдар құрылғыны тілімен немесе басын қимылдатып басқарады. Жоба авторлары протезді сынақтан өткізу үшін Данил есімді баламен бірге тәжірибе жасаған. Ол осы протез арқылы сайт жасап берген. Енді жас өнертапқыштар жұмысын сайт арқылы одан әрі дамыта түспек. Әрі қарай демеуші тауып, өндірісті бастауға ниетті.

Қанаттың бұл жетістігі болашақта таза энергия көздерін дамытуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жобаларға үлгі болмақ. Жас ғалымның талпынысы мен идеялары елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де жасыл энергетиканы дамытуға септігін тигізеді.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №46
12 қараша 2024 жыл

265 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз