Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 11 Қараша, 2024

Жүгері дәнінің экспорты биыл 117 мың тоннаны құрады

Елімізде импортты алмастыру және бәсекелестік артықшылықтарды арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бойынша пәрменді шаралар қабылданып келеді. АӨК-ті жеңілдікпен қаржыландыру көлемі өсіп, субсидиялау жүйесі реформалануда, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісі мен лизингі көлемі артып келеді. Мұның барлығы өз нәтижесін беріп, Қазақстан бүгінде ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз етуге күш салып қана қоймай, ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын арттыруға ұмтылуда.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (ҚТЖ) деректері бойынша елімізде жыл басынан бері астық экспортының өсуі тіркелді, бұл ретте жаңа тасымалдау бағыттары игерілуде. Атап айтқанда, арпа, жасымық және жүгері тасымалы бірнеше есеге артқаны байқалады.

«Қазақстандық арпаны Иран соңғы екі айда сегіз есе өсіммен қайта импорттай бастады. 10 айда арпа экспорттық тасымалы 710 мың тоннаны құрап, 69%-ға өсті», — деп хабарлады ҚТЖ баспасөз қызметі.

Жүгері дәнінің экспорты биыл 1,5 есе өсіп, 117 мың тоннаны құрады. Тәжікстанға тасымалдау 38%-ға, Өзбекстанға тасымалдау 3 еседен астамға өсті. Сондай-ақ биыл Иранға жүгері дәнін тасымалдау басталды.

Жасымық экспорты 7 есеге артып, 80 мың тоннаға жетті, басым бөлігі Еуропа елдеріне жіберілді.

ҚТЖ мәліметінше, бұршақ тасымалы үш есеге артты. Қазақстаннан Ауғанстанға импорт көлемі екі есе, Өзбекстанға үш есе өсті. Сондай-ақ күріш өндірушілер Әзербайжан мен Беларусь жаңа нарықтарын игеру арқылы экспортты +47%-ға (52 мың тонна) арттырды. 

Сонымен қатар 2024–2025 маркетинг жылында Қазақстан Қытайға май өнімдерін экспорттау бойынша рекорд жаңартып, $250 млн көрсеткішіне жеткізуді көздеп отыр.

Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығының (МДӨҰҚ) басқарма төрағасы Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, экспорттың өсуіне ықпал ететін факторлардың бірі – Қазақстанда өндірілген ақуызы жоғары жемшөптер үшін Қытай нарығының ашылуы болды, ол үшін қытайлық сатып алушылар жоғары баға ұсынып отыр. Қазақстанның май зауыттары Шанхайда өткен Қытай халықаралық импорт көрмесінде $56 млн-ға келісімшартқа отырды. Ядыкар Ибрагимовтің айтуынша, Шанхайда биыл қазақстандық 12 май зауыты май өнімдерін ұсынады.

Бүгінгі таңда Қытай қазақстандық май өнімдері экспорты бойынша қаржылай көрсеткіште көш бастап тұр. Майлы дақылдар өңдеушілер ұлттық қауымдастығының басқарма төрағасы қазақстандық 24 май зауытын Қытай кеден тізіліміне жедел енгізуге жәрдемдескен салалық министрліктер — ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан болған қолдаудың маңыздылығы атап көрсетті. Сондай-ақ өсімдік майларының ай сайынғы экспорттық көлемін біркелкі бөлу бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-мен үйлестірілген жұмыс маңызды аспект болып саналады. Май өңдеушілер екі жыл ішінде Қытайға өсімдік майы мен мал азығы экспортын $300 млн деңгейінде жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазақстанның CIIE–2024 көрмесіне қатысуы Қытай нарығына май өнімдері экспортын кеңейту мен еліміздің Азиядағы сауда позициясын нығайтудағы маңызды қадам болды.

Қазақстандағы ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуеті айтарлықтай үлкен, бұл оның ірі нарықтарға: Қытай, Ресей, Иран, Өзбекстан, Ауғанстан, сондай-ақ Парсы шығанағы елдеріне жақын болуына байланысты.

343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз