- Безбен
- 11 Қараша, 2024
Қазақстан мен Бразилия парламентаралық диалогты кеңейтуде
Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин Қазақстан-Бразилия парламентаралық достық тобының бірінші отырысына қатысу үшін Астанаға сапары аясында Бразилияның федералды депутаты – «Қазақстан-Бразилия» парламентаралық достық тобының төрағасы Клаудио Кажадумен кездесті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап kazgazeta.kz хабарлайды.
А. Рахметуллин бразилиялық депутатты ҚР-дағы саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалардың барысымен таныстырды, сондай-ақ жаһандық күн тәртібі мен халықаралық алаңдардағы өзара іс-қимыл контекстіндегі еліміздің сыртқы саясатының негізгі басымдықтары туралы айтты. Сондай-ақ ол Бразилия Қазақстанның Оңтүстік Америка құрлығындағы маңызды серіктесі болып қала беретінін атап өтіп, парламентаралық диалог екі елдің саяси ынтымақтастығының негізгі тетігі болып табылатынына және Қазақстан мен Бразилия арасындағы қатынастардың барлық кешеніне қуатты серпін беретініне сенім білдірді.
Өз кезегінде К. Кажаду қазақ дипломатын Бразилиядағы қазіргі саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдаймен және Оңтүстік Америка өңіріндегі соңғы үрдістермен таныстырды. Сонымен қатар федералды депутат Қазақстанның халықаралық сахнадағы жетістіктерін, оның ішінде Орталық Азия өңіріндегі шешуші рөлін жоғары бағалады.
Сондай-ақ келіссөздер күн тәртібінде Бразилиа қаласында алтыншы сімаралық саяси консультацияларды табысты өткізу контекстінде екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыру, сондай-ақ биылғы жылы Порту-Алегри қаласында «Қазақстан-Бразилия» іскерлік кеңесінің III отырысы мәселелері тұрды. Сұхбат барысында 2025 жылы Бразилияда өтетін COP30 климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық конференция аясында екі елдің тығыз ынтымақтастығы туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Кездесу барысында тараптар «Қазақстан-Бразилия» достық тобының алдағы бірінші отырысының өзекті мәселелерін талқылады және екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланыстарды кеңейту арқылы саяси өзара іс-қимылды дамытуға өзара қолдау көрсету туралы уағдаласты.
Фото: gov.kz
309 рет
көрсетілді0
пікір