- Безбен
- 11 Қараша, 2024
Жетісуда полиция иіс арқылы қылмыстарды ашу әдісін қолданады
Жетісу облысында қылмыстарды тергеуде жаңа әдіс — одорология қолданылады. Бұл ғылым иістерді зерттеп, қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтауға мүмкіндік береді. Осы әдіс арқылы биыл 14 қылмыстың 12-сі ашылды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасап kazgazeta.kz хабарлайды.
Одорология — латын тіліндегі “odor” (иіс) және грек тіліндегі “logos” (ілім) сөздерінен шыққан, иістерді зерттейтін ғылым. Қазіргі криминалистикада одорология қылмыстарды тергеуде маңызды рөл атқарып, иіс іздерін анықтап, талдауға арналған әдіс ретінде қолданылуда. Жетісу облысында одорологиялық сараптама осы жыл ішінде 14 қылмыстың 12-сін ашуға көмектесті.
Криминалистикалық одорология әдістері иістерді анықтаумен шектелмей, оларды сақтап, талдауға да мүмкіндік береді, бұл күдіктінің жеке басын анықтауда маңызды рөл атқарады. Адамның иісі, саусақ іздері сияқты, әркімге тән ерекшелік болып табылады, бұл қылмысқа қатысы бар тұлғаны дәлелдейтін маңызды ақпарат көзі бола алады.
Жетісудағы жедел-криминалистикалық басқарманың зертханасында одорологиялық зерттеулер жүргізіледі. Бұл зерттеулер кинологиялық орталықпен бірлесе отырып, арнайы дайындалған дифференциатор иттердің көмегімен жүзеге асады. Иттер қылмыс орнынан табылған иістерді анықтап, күдіктінің иісіне сәйкес келетіндігін тексереді.
Зерттеу процесі оқиға орнынан иіс үлгілерін алу және күдіктінің иіс үлгісін дайындауды қамтиды. Алынған үлгілер арнайы контейнерлерге салынып, дифференциатор иттер оларды иіскеп, сәйкестік тапқан жағдайда белгі береді. Бұл процесс дәлдікті арттыру үшін бірнеше рет қайталанады. Сарапшылар зерттеудің барысын бақылап, нәтижелерді құжат түрінде қорытындылайды, бұл оларды қылмыстық процесте дәлел ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.
Фото: Polisia.kz
274 рет
көрсетілді0
пікір