Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 12 Қараша, 2024

«Қайран сөзім қор болды...»

Әлеуметтік желілерде «Атамұра» баспасынан жарық көрген 3-сынып оқушыларына арналған «Әдебиеттік оқу» құралындағы «Ғаламтор туралы» деген өлеңге қатысты қисық-қыңыр пікірлер тарақанша өріп жүр. Осыған орай мен де өз ойымды білдіргім келеді.


Қазақтың көрнекті ақындарының бірі Ертай Ашықбаевтың «Ғаламтор туралы» өлеңі жоғарыда аталған оқулықтың 68-бетінде, «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» атты тарауда берілген. Бұл тараудың мақсаты – оқушыларды ақ пен қараны, жақсы мен жаманды айыра білуді нақты мысалдар келтіре отырып, үйренуге баулиды. Сондықтан оқулық авторлары 66–67-беттерде белгілі балалар жазушысы Әдібай Табылдының «Аман мен телефон» әңгімесін берген. Ол әңгімеде жас жеткіншектердің телефонды орынсыз пайдаланатыны, соның әсерінен олардың сабақ үлгерімі күрт нашарлағаны айтылған. Оқушылар осы мәтінді оқығаннан кейін, өз ойларын білдіруі қажет. Егер автордың ой-пікіріне келіспесе, өз көзқарасын білдіруге де болады. Әңгіме соңында: «Мәтіннің соңғы азат жолын қайталап оқы, жазушымен келісесің бе? Түсіндір» (Мәтіннің соңғы азат жолы: «Ал Аман кейімейді. Өйткені онда әдеп пен намыс жоқ. Әдепсіз, намыссыз бала әке-шешесінің тілін алмай, оларды ренжітіп, өзіне бақытсыздық әкеледі» 67-бет) деп тапсырма берілген. Содан кейін ғана азат жолдағы намыссыз, әке-шешесінің тілін алмайтын баланың теріс іс-әрекеттерін әзіл-әжуа, келеке- мысқыл арқылы айтқан Ертай Ашықбаевтың өлеңі беріледі. Бұл – ұтымды әдіс-тәсіл. Баланың көз алдына жаманның не екенін тура елестетеді, кейбір оқушы тура өзін сипаттап отырғандай әсерде қалуы мүмкін. Кейбір ұстаздар солай деп жазып та жатыр: «Оқушы тыңдап немесе өзі оқып келе жатып-ақ күледі, өйткені бірден дұрыс емес нәрсе туралы оқып жатқанын түсінеді».
Негізі, сатирада «Пародия» деген жанр бар. Сол пародияның өзі «Әдеби пародия» және «Тұрмыстық пародия» деп екіге бөлінеді. Автордың «Ғаламтор туралы» өлеңі біз айтқан «Тұрмыстық пародияға» жатады. Ал тұрмыстық пародия қоғамдағы кемшіліктерді кері кеңес беру арқылы сынайды, түйрейді. Сөйтіп, содан нәтиже шығарып, қоғамды алға сүйрейді.
Осы тұрғыдан келгенде, оқулық авторлары мәтіндерді өте сауатты пайдаланып, оқушыларға дұрыс тапсырма беріп отыр. Сондықтан бұл жерде  байбалам салатындай олқылық көріп тұрған жоқпыз. Оның үстіне, оқулық авторлары 69-бетте  оқушыларды үш топқа бөліп, тапсырма береді де:  I топ «Ұялы телефонның зияны көп», II топ «Ұялы телефонның пайдасы зор» және III топ «Қорытынды пікір» айтуға шақырады. Міне, осылайша, оқушыларды шынайы пікір айтуға баулиды. Өлеңдегі баланың іс-әрекетіне баға бере отырып, 7-тапсырмада сұралып тұрғандай, өздері кеңес бере отырып, кейіпкерді зиянды әдеттерден арылтудың нақты қадамдары қарастырылады. Бұл, әрине, «телефонға телмірме» деп үлкендердің мың рет айтқанынан анағұрлым тиімді, әсерлі болар еді. Бала өзі жаманды түзетіп, жақсыны жоспарлайды. Сыни ойлау сабағы деген осы емес пе?!
Егер дәл осы өлеңді сатиралық бетке жарияласақ, оған «Тұрмыстық пародия» деп айдар тақса, жетіп жатыр. Көзі ашық, көкірегі ояу, талғамы зор оқырманның бәрі түсіне қояды.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, әлеуметтік желідегі орынсыз айтылған сын – сын емес, «тисе – терекке, тимесе – бұтаққаның» кері. Сондықтан «Диван даналардың» осындай түкке алғысыз жалаларынан сақ болғанымыз абзал.

Ермахан Шайхыұлы,
Қазақстан Жазушылар одағы 
Сатира кеңесінің төрағасы,
Қазақстанның еңбек 
сіңірген қайраткері

580 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз