- Таным
- 13 Қараша, 2024
Қазақ баспасөзіндегі қолтаңба
Алғашқыда акционерлік қоғам болып құрылып, кейін жауапкершілігі шектеулі серіктестік атанған «Қазақ газеттерінің» қаз тұрып қалыптасуына, ұлт басылымдарының болашағына Жұмабек Кенжалин журналистік тәжірибесімен де, ұйымдастырушылық қабілетімен де зор үлес қосқанын алдымен айтуға тиіспіз. Тоқсаныншы жылдардың басында еліміз Тәуелсіздік алған кезде сөз бостандығы мен демократияға енді ғана қолы жеткен қазақ баспасөзінде де ұлы өзгерістер басталды. Жаңадан аймақтық, республикалық, салалық, саяси басылымдар шығып, бірден оқырманының ықыласына бөлене бастады. Өкінішке қарай, өтпелі кезеңнің қиындықтарына жаңа басылымдардың көбі төтеп бере алмады. Экономикалық дағдарыс баспасөз өрісін де тарылтып тастады, қаржы тапшылығы, қағаз, баспахана қызметінің қымбаттауы және басқа мәселелер қолбайлау болды. Тәжірибелі журналистердің біразы күнкөріс қамымен бала-шағасын асырау үшін басқа салаларға қызметке кеткені жағдайды одан сайын қиындата түскені аға ұрпақтың есінде. Тіпті елге кеңінен танымал республикалық газет-журналдардың таралымы күрт азайып, қаржысы жетпей, тағдыры қыл үстінде тұрды. Енді сол қазақ басылымдарының басын қосып, бір орталықтан басқарып, қаржыландырмаса, жағдайдың одан әрі қиындай түсетіні ақиқат болатын. Міне, сол себепті 1999 жылы Баспасөз министрлігі бастамасымен «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамы құрылды. Ал оған басшылық тізгінінің белгілі журналист, тәжірибелі де іскер Жұмабек Кенжалинге берілуі тегін емес еді. «Халық кеңесі», «Ақиқат» және «Қазақ әдебиеті» басылымдарының бас редакторы болған, білімді де білікті, ұйымдастырушылық тәжірибесі мол Жұмабек Омарұлының жоғарыда айтқан тығырықтан алып шығатынына билік басындағылар да, әріптестері де, оқырман қауым да бек сенген еді.
Осы орайда Жұмекеңнің айтқан мына бір әңгімесі есіме түседі. «Сонымен «Қазақ газеттері» акционерлік қоғамы құрылды, алғашқыда мекеменің орналасатын мекенжайы, қызмет көлігі, керек-жараққа жұмсай қоятын қаржысы болған жоқ. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінен бастап бірге жұмыс істеп келе жатқан жүргізушім Бақыт Әжіғалиевтің жекеменшік «Жигули» машинасымен ұйымдастыру ісіне кірісіп кеттім. Әр жерде орналасқан бірнеше басылымның басын қосып, басқару тізгінін қолға алуда көп қиындықпен бетпе-бет келдім. Атақты басылымдардың мүйізі қарағайдай басшылары қолдан билікті бергісі келмейді, оларға түсіндіру, ертеңгі болатын нәтижеге алдын ала көз жеткізу, кадр таңдау, бір сөзбен айтқанда, қазақ басылымдарының басын қосып, жұмысты бір арнаға салу оңайға соққан жоқ», – деп еске алған еді.
Осындай тұйықтан шығуға білімі мен іскерлігін айтпағанның өзінде, оның табиғат берген сабырлы мінезі, парасаттылығы мен ішкі мәдениеті көп көмектесті. Сенім ақталды, «Қазақ газеттері» серіктестігін араға аз жыл үзілістен кейін ұзақ жыл басқарды, қазақ баспасөзінің бір бөлігінің қиын кезеңнен аман-есен шығуына, басылымдардың беделінің де, таралымының да сақталып қалуына, кейін жекешелендіру құрығына түсіп тұрған жерінен «Қазақ газеттерін» құтқарып қалуға Жұмабек Омарұлының еңбегі ерекше десек, ешкім таласа алмас деп ойлаймын. Әлгінде айтқанымыздай, тоқсаныншы жылдардың ішіндегі өтпелі кезең ауыртпалығына орай біраз журналист газет-журналдардан басқа салаларға жұмысқа ауысуға мәжбүр болған кезде өз мамандығына адалдық танытып, қандай қиындық болса да, журналистік кәсіптен табан аудармай, қуатты қаламгерлік те, атпал азаматтық та танытқан журналистердің алдыңғы сапындағы сардарлардың бірі болған Жұмабек Кенжалин есімі қазақ баспасөз тарихында лайықты орын алатыны сөзсіз.
...1979 жылы ҚазМУ-дің үшінші курсында Қостанай облысына ауыл шаруашылығы жұмысына бардық. Сол жерде студенттердің негізгі бөлігі егін жинауға аттанды да, жиырма шақты жігіттен студенттік құрылыс отряды құрылды. Журфакта бізден бір курс жоғары оқитын лениндік стипендиат, Алматы қалалық Кеңесінің депутаты Жұмабек Кенжалин командиріміз болып тағайындалды. Бұрын Жұмекеңді факультетте қоғамдық жұмысқа белсене араласатын, білімді де білікті студент ретінде білсек, енді жақын араласқан сайын өзін қарапайым ұстайтын, адал да іскер жігіт екеніне көз жеткіздік.
Екеуміз де оқуға түскенше екі жыл жұмыс істеп, екі жыл әскерде қызмет еткенбіз, ҚазМУ-дің дайындық курсында оқыған екенбіз. Өмірбаянымыздағы осындай ұқсастықтан ба, өмірдің ащы-тұщысын көріп барып оқуға түскендіктен бе, әлде көпбалалы отбасыда өскенімізден бе – бір-бірімізбен әңгімеміз бірден жарасып жүре берді. Әрине, ол кезде арада жылдар өткесін бір ұжымда үзеңгілес жұмыс істейтінімізді білген жоқпыз. Тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Жоғарғы Кеңестің басылымы болған «Халық кеңесі» газетінде, кейін «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызметтес болдық.
Жұмабек Омарұлы Кенжалин 2009 жылы ақпан айында «Ақиқат» журналының басшылығынан кезінде өзі құрған «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне бас директор болып қайта тағайындалды. Серіктестік құрамында «Ақиқат», «Ана тілі», «Мысль», «Экономика», «Үркер», «Ұйғур авази» басылымдары болды. Мен сол жылы алғашқыда «Ақиқат» журналының, одан кейін «Ана тілі» газетінің бас редакторы болдым. Жұмабек Омарұлымен ұзақ жылдар бойы бірге жұмыс істеген кезде оның журналист мамандығына адалдығына, қалам қарымы мен қайраткерлігіне, азаматтығына әріптесі ретінде талай мәрте куә болдым.
Бірде Жұмекең екеуміз «Ана тілі» газетінің кезекті нөмірі жөнінде ақылдасып отырғанбыз. «ҚАЗақпарат» баспа корпорациясының басшысы, белгілі қаламгер Қонысбек Ботбаев келе қалды. «Қазақ газеттері» ЖШС бас директорының қабылдау бөлмесінде біреуді күттіріп қойдыратын әдеті жоқ Жұмекең әріптесімізді құшақ жая қарсы алды да:
– Қонеке, төрлетіңіз, Сәкең екеуміз нөмірге қатысты мына бір мәселені қазір аяқтап тастаймыз, – деді. Кейін Қонысбек маған: «Жұмекең екеуіңіз мәселені керемет үйлесіммен келісіп, ақылдасып шешетіндеріңізге таңғалдым», – деді. Бұл өзіміздің күнделікті жұмыста үйреншікті дағды болғандықтан, оған мән бермейді екенбіз, шынында да бас директорымыз қай уақытта болсын, бас редактордың пікірін білмей тұрып шешім қабылдамайтын еді. Газетті бүге-шігесіне дейін білетін ол ойымыз бір жерден шықса, алақанын бір-біріне соғып, жарқылдап күліп, «мен де соны ойлап отыр едім» дейтін. Әрине, кейде жұмыс бабында талқыланатын мәселеге орай келісе алмай қалатын жай да болады, бірақ бір-бірімізге түсіністікпен қарайтынбыз. Сәлден кейін ортақ мәмілеге келіп, «татуласқанда» реніш деуге болмайтын, өкпе деуге қимайтын ондай сәттер келісті әңгімемізге ұласады. Қазақ университетінің журфагінде өзімнен бір курс жоғары оқыған, бір жас үлкендігі бар Жұмекең бәрімізге, үлкенге де, кішіге де сіз деп сөйлейтін. Ешкімнің көңілін қалдырғанын көрген емеспін. Біреуді сыртынан жамандау тәрізді жат қылықтан да ада болатын. Алдына келген адамның сөзін бөлмей, ақырына дейін тыңдап, қандай қиын сәттер болса да сабырлы қалпынан айнымайтын мінезіне де талайлар куә екені рас. «Бес күндік тірлікте адамдар бір-бірінің қадіріне жетіп, сыйласып жүргенге, жақсылық жасағанға не жетсін» деген ұстанымы болатын.
Жұмекең аға толқын әріптестерін, өзінің ұстаздарын аса қадірлейтін. Сарбас Ақтаев, Әбдеш Қалмырзаев, Адам Мекебаев, Бегділда Алдамжаров, Юлдаш Азаматов, Қуанбек Боқаев тәрізді атақты қаламгерлер зейнеткерлікке шыққаннан кейін де оларды қамқорлап, редакцияларда жұмыс істеуіне мүмкіндік жасады. Серіктестікте өтетін іс-шараларға шақыруды да ұмытқан емес. «Егемен Қазақстанда» бірге жұмыс істеген Уақап Қыдырханов, Мамадияр Жақыпов пен Бекболат Әдетовке деген ілтипаты да ерекше еді. «Осы ағалардан журналистиканың қыр-сырын үйрендік қой» деп есте қалған сәттерді әңгімелеп беретін. Университетте лениндік стипендиат, қалалық Кеңестің депутаты болып, үздік дипломмен «Егемен Қазақстан» (бұрынғы «Социалистік Қазақстан») газетінде журналистік еңбек жолын бастап, қалам қарымын танытты. «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы да болды.
Жоғарғы Кеңестің тоқсаныншы жылдардың бас кезінде шыққан «Халық кеңесі» газетінде Жұмекеңнің редакторлық қабілеті, ұйымдастырушылық пен іскерлік қырлары жарқырай көрінді. Осы аталған басылымның алғашқы редакторы Сарбас Ақтаев ағамыз кейін «Ақиқат» журналына басшылыққа ауысқанда «Халық кеңесінің» тізгінін өзінің бірінші орынбасары, газеттің қаз басып, қалыптасуына зор үлес қосқан Жұмабек Кенжалинге тапсыруы ұстаз бен шәкірттің сабақтастығының айқын куәсі еді. Сол кезде алты жыл бойы Жұмекеңмен қызметтес болғандықтан, оның осы басылымға сіңірген еңбегі, ашқан айдарлары, көтерген мәселелері, газетті безендірудегі қолтаңбасы көңілімде сайрап жатыр. Оның аталған басылымда ашқан айдарлары мен тақырыптық бағаналарын қазір біраз басылым әлі күнге қолданып жүр.
Қазақстанда тоқсаныншы жылдардың бас кезінде қазақ басылымдарының ішінде тұңғыш рет компьютерді газет шығару ісінде қолдануды қолға алған да Жұмабек Кенжалин екенін еске сала кеткен жөн. Оның басшылығымен төрт бояумен түрлі түсті болып жарық көрген алғашқы қазақ газеті де «Халық кеңесі» екенін бүгін де біреу білсе, біреу білмейді. Ол 1994 жылы «Халық кеңесі» газетінің редакциясына Жоғарғы Кеңес арқылы бірнеше компьютер алдырды. «Сексенінші жылдардың бас кезінде «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы Сапар Байжанов ағамыз шетелге барып келген соң бізге онда компьютер деген ғажап техника бар екенін, газет шығару ісінде материалды теру, беттеу, жөнелту, суреттерді өңдеу және басқа операцияларды автоматты түрде жүзеге асыратынын жыр ғып айтқан болатын. Мақаланы машинкаға басып, газетті қорғасын жолдармен шығаратын бізге бұл ертегідей көрінген. Міне, сол армандаған техникаға біздің де қолымыз жетті» деп балаша қуанғанын қалай ұмытарсың.
Елімізде ақпараттық менеджмент теориясы мен тәжірибесінің негізін қалаған Жұмабек Омарұлымен ұзақ жыл бірге қызметтес бола жүріп оның бұл саладағы тәжірибені ғылымға, ғылымды тәжірибеге ұштастырған сәттеріне куә болдым десем, артық айтқаным емес. Ол өзінің кәсіби мамандығын жан-жақты игеріп ғана қоймай, қазақ баспасөзін, ақпараттық әлемін жаңа медиа нарық заманында қалай ілгері дамытуға болады деген мәселеге ерекше мән берді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ газет басшылығында болған кезінде әлемдік БАҚ саласындағы жетістіктерді елімізге әкелуге құлшына кірісті. Сол тоқсаныншы жылдардың бас кезінде редактор ретінде ұйымдастырушылық қабілетін жан-жақты көрсете білген «Халық кеңесі» газетінде қазақ басылымдарының ішінде тұңғыш рет компьютерді қолданысқа енгізді. Машинкаға үйреніп қалған біздер, журналистер, мұндай жаңалыққа алғашқыда тосырқай қарадық. Редакциямызға Жоғарғы Кеңес арқылы бірнеше компьютер алдырды, құрылтайшымыздың мамандарын шақыртып бәрімізге жаңа техника тілін үйреткізді. Ал 1997 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне бас редактор болып барған бойда Жұмабек Кенжалин компьютер орталығын құрып, оған білікті маман Мүсілім Тәттібаевты жетекші еткенін де көргенбіз. Бұл айтып отырғанымыз оның редактор ретінде газет шығару ісін сапалы әрі жеделдетуде, БАҚ-тағы бәсекелестік қабілеттілікті арттыруда, жаңа технологияны қолданудағы батыл қадамдары еді.
Отандық БАҚ саласына компьютердің келуі, интернет жүйесін, электронды поштаны қолдану газет-журналдарды сапалы әрі жедел шығаруға, көркем безендіруге де, мазмұнын жақсартуда, оқырманмен байланысты жолға қоюда, авторларды көптеп тартуға кеңінен жол ашты. Бұл Жұмабек Кенжалин алты басылымның басын қосқан «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарған жылдары айқын көрініс тапты. Осы шығармашылық ұжым құрамындағы «Ана тілі» газетінің бас редакторы болған кезімде БАҚ менеджментіндегі мүмкіндіктердің зор екеніне талай мәрте көз жеткіздім.
БАҚ менеджменті мен маркетингісі әсіресе баспасөзге жазылу науқаны институты мен бөлшек сауда жүйесін жүйелі жүргізу үшін маңызды. Өйткені оның басылымдарды қаржыландыруда, таралымын көбейтуде алар орны бөлек болғандықтан, «Қазақ газеттері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен оған қарасты «Ана тілі», «Ақиқат», «Мысль», «Экономика», «Ұйғыр авази», «Үркер» басылымдары оны басты назарда ұстады. Серіктестікте менеджерлер мен маркетинг бөлімі болды. Бірақ қаржылық жағы және кадрмен қамтамасыз етуде қиындықтар кездесті. Айта кететін бір жайт, егер әр редакцияда осындай бөлімдер мобильді топпен толыққанды жұмыс істейтін болса, кез келген сәтте аймақтарға іссапарға шығатындай арнайы менеджерлермен қамтамасыз етілсе, сөзсіз, пайдасын тигізеді. «Қазақ газеттері», оның ішінде «Ана тілі» газетінің тәжірибесіне тоқтала кетсем, баспасөзге жазылу науқаны кезінде басшылықтан бастап редакцияның әр қызметкері менеджерлік қызметпен айналысуына тура келді. Ұжым мүшелеріне облыс, аудан бөлініп беріліп, жергілікті жерлермен күнделікті байланыс жасау, басылымдарды насихаттауда, таралымды көбейтуге көмектесті. Серіктестік ұжымының аймақтық, жергілікті әкімдіктермен, оның басқармалармен, әр саладағы компаниялармен ресми, дипломатиялық, адами тұрғыдан байланыс орнату тәсілдері басылымдарды насихаттауда, таралымын арттыруда, бөлшек сауданы дамытуға жол ашатынына талай мәрте көз жеткіздік. БАҚ менеджменті мен маркетингісіне жергілікті әкімдердің, компания басшыларының ішінде бірден қолдау көрсететін, ұлтжанды азаматтар аз емес, бірақ бәрі бірдей оң қабақ таныта қоймайтыны тағы белгілі. «Бұл біздің шаруамыз емес, өздеріңіз неге елді араламайсыздар» дейтіндерді де кездестірдік. Мұндайда әр газет-журналдарда санаулы шығармашылық қызметкерлер болатынын, шектеулі қаржы қолбайлау екенін айтып түсіндіру де қиын. Аймақтарда меншікті тілші ұстауға тағы да қаржы тапшылығы мүмкіндік бермеді. Дегенмен Жұмабек Омарұлы өзінің дәлелді уәждерімен, дипломатиялық, жеке тұлғалық қасиетімен әлгіндей кеудемсоқ әкімқараның не байлықтан басы айналған компания басшысының, бизнесменнің пікірін өзгертіп жібере алатын. Баспасөзге жазылу газет-журналдың жеке шаруасы емес, бұл мемлекеттік маңызы бар мәселе екенін, ортақ мәселеге оқырманның да мүдделі болуын алға тартатын. Сондықтан әр басылым менеджмент пен маркетинг бөліміне кадр таңдауда оның бұл салаға бейімділік, іскерлік, шешендік қасиеттеріне мән беруге тиіс екенін бас директор өз тәжірибесі арқылы көрсете білді.
Жұмекеңмен қызметтес, үзеңгілес болған әріптестері жақсы біледі, оның бойында асыл қасиеттер көп болатын. Ол талай жыл басшы болғанда қарауындағы қызметкерлерді алалап көрген емес. «Қазақ газеттері» серіктестігінде сексенге жуық адам қызмет етсе, соның әрқайсысының хал-жағдайын біліп, қуанышына ортақтасып, басына түскен қайғысын бөлісуге әзір тұратынына талай куә болдық. Баспанадан қиындық көрген қызметкерлерге үй салуға әкімдіктен жер алып беруге күш салды, қиналған жандарға моральдық та, материалдық та көмек беруге жәрдемдесетін. Серіктестіктегі алты басылымның бас редакторларынан бастап корректорына дейін еңбегіне қарай марапатқа ұсынуды басты назарда ұстайтын. Басшы ретінде талапшылдығымен қатар, алды кең, мейірімді, кешірімді болуы ұжымда беделін арттыра түсті. Істің көзін білетін, жұмыстың қыр-сырына жетік басшы әркез ұжыммен бірге екенін Жұмекең іспен талай дәлелдеді. Бір сөзбен айтқанда, өзгені сыйлайтын, өзін де сыйлата білетін. Сөз орайында айта кетейін, 2014 жылы Жұмабек Омарұлының «Қалам қанаты» атты эсселер, ой-толғамдар, байыптамалары топтастырылған кітабы жарық көрді, сонда маған жазған қолтаңбасында: «Қадірлі Сәке! Қазақ баспасөзінде жұп жазбай келе жатқанымызға ширек ғасырға жуықтады. Осы жылдар ішінде шын мәнінде мұраттас, ниеттес болдыңыз. Ризамын! 20.10.2014 ж.» деп қол қойған екен.
Туған жері Торғай өңірінің тағдырына Жұмабек Омарұлы ерекше алаңдаушылық білдіретін, кезінде аталған облыс тараған кезде шалғайдағы өңірдің ендігі жағдайы қалай болады деп мұңайған сәттерін де көргенбіз. Ауылдағы Ғалияш қарындасының үйіне барып, сосын ағайын-туманың басын қосып, ата-анасының рухына бағыштап ас беріп, Құран оқытып қайтқан әр сапарынан оралған соң Торғай туралы әңгіме бастар еді. Өзінің туып-өскен Қайыңды ауылы жөнінде айта келіп, ондағы шешімін күтер мәселелердің жанына бататынын да жасырмайтын. Жұмекең қайтыс боларынан бір апта бұрын «Ана тілі» газетінде «Қолыңды бер, Қайыңды!» деген мақаласы жарияланды. Ол кезекті нөмір шығару кезінде әңгіме арасында «Туған ауылым Қайыңды. Алдағы сенбіде, 22 шілде күні 60 жылдығын тойлайды, жерлестер, туған жерімізге қолұшын берейік, қаржылай, моральдық көмек жасайық деп жазған мақала ғой. Жыл сайын демеуші тауып немесе өз қаржыма ауылдағы алпыс үйге «Ана тілі» газетін жаздыртамын. Биыл да осылай жаздырдым, ауылыма қолдан келген көмегімді де жасадым» деді. Сәрсенбі күні кешке кезекті газет нөмірін қарап, баспаханаға жөнелткесін Жұмекең екеуміз бөлмесінде біраз әңгімелесіп отырдық, «Таңертеңгі рейспен Астанаға барамын, түске дейін министрліктегі шаруаларымды бітіріп, түс қайта Арқалыққа жүремін» деді. Ертеңіне бейсенбі күні түсқайта Жұмекеңе телефон шалып, газеттің ойдағыдай уақытында шыққанын айтып, енді Арқалыққа жүресіз ғой» деп едім, «мен аздап ауырып қалып Астанаға бара алмай қалдым, билетімді басқа күнге ауыстырамын» деді. Ал дүйсенбі күні таңғы сағат жетіде суық хабар жетті...
Жетпісінші жылдардың аяқ шенінде, студент кезімізде журналист әрі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Мен журналиспін» атты кітабы жарық көрді. Әзағаның сол кітабын оқығанда журналист күрделі де жауапты мамандық екенін түсіну қиын емес. Нағыз журналист болу әркімнің қолынан келе бермейді, бұл қыр-сыры да, қиындығы мен қызығы да көп мамандық екеніне кейін талай көз жеткіздік қой. Журналистік жолын ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түскен күнінен бастап есептейтін болсақ, 41 жыл бойы қолынан қаламы түспеген, қайраткерлігімен де, ғалымдығымен де, азаматтығымен де отандық журналистикаға өшпестей қолтаңбасын қалдырған Жұмабек Омарұлы Кенжалин нағыз журналист еді! Қарымды қаламгердің шығармашылығы туралы әлі талай диплом да жазылар, ғылыми диссертация да қорғалар деп ойлаймын. Өзінің оқыған журналистика факультетінде жыл сайын «Кенжалин оқулары» іс-шарасының өткізілуі де белгілі ғалым, жазушы-публициске деген құрмет деп білеміз. Ең бастысы, ол бұрыннан қалыптасқан қазақ журналистикасының дәстүрі мен ұрпақ сабақтастығын сақтап қалып, кейінгі толқынға жеткізген, елімізде ақпараттық менеджмент теориясы мен тәжірибесінің негізін қалаған аға толқын қаламгерлердің бірі әрі бірегейі екенін ұмытпауымыз керек.
(РЕДАКЦИЯДАН: Бұл мақала автордың көзі тірісінде редакцияға жолданғанын ескерте кетеміз).
Самат ИБРАИМ,
жазушы-публицист
686 рет
көрсетілді0
пікір