Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 13 Қараша, 2024

Алаяқ болып тумайды, алаяқ болып өседі

Басқаларға қарағанда кейбір ерекшеліктері бар адамдар алаяқтыққа бейім бе? Психология зерттеушілері мен алаяқтыққа қарсы тәжірибелі мамандар бұл шынында да солай екеніне келіседі. 2020 жылы АҚШ-тың Индиана штатындағы Purdue университетінің зерттеушісі кибералаяқтық мотивациясын зерттеуінде нарциссизм деңгейі жоғары адамдарда «онлайн алаяқтық жасау мүмкіндігі жоғары» екенін көрсеткен.

Алаяқтыққа бейім болу саналы жаста басталмайтынын психолог мамандар да айтып жүр. Қылмыстық тұрғыдан қарағанда, алаяқтардың интеллект деңгейі жоғары, олар бір нәрседен тез жалығады, креатив іздейді, өз саласында көшбасшы болғанды құп көреді. Қазақстан халқы бүгінде алаяқтардан зардап шегіп отыр. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің мәліметінше, 2018 жылы интернет алаяқтық бойынша 500-ден астам құқық бұзушылық фактісі тіркелсе, 2023 жылы 21,8 мың құқық бұзушылық тіркеліп, халық 4,1 млрд теңгеден айырылған. Биыл қаңтар мен шілде аралығында интернет алаяқтардан 7,1 млрд теңге залал келген. Оның 6,8 млрд теңгесі – жеке тұлғаларға, 304,1 млн теңгесі заңды тұлғаларға тиесілі. Ал өндірілген залал сомасы – небәрі 11%.

Мамандардың айтуынша, алаяқ пен құрбанды байланыстыратын нәрсе – пайда табу. Мысалы, «мынандай ақша берсеңіздер, үй алуға көмектесеміз» дейтін алаяқ та, осындай заманда арзан пәтер алып қалуды көздейтін құрбанның да көксегені – аяқ астынан олжалы болу. Бірақ бұл «алаяққа алданған адамға да сол керек» деген сөз емес. Тағы бір мысал. Жақында бір жас қыз жылап отырып, жағдайын айтты. Қасында екі жыл бірге тұрған құрбысы «анам ауырып жатыр, еміне ақша керек» деп көндіріп, 1,5 млн теңге несие алдырып, басында екі айын ғана төлеген соң, «анда кеттім, мұнда кеттім» деп жоқ болған, алдырған несиесінің ақшасын бермеген. Алдап кеткен құрбысын сотқа беріп, ештеңе өндіре алмапты. Сонда құрбысының әкесінің айтқаны: «Ештеңе істей алмайсың, өйткені ол мені де сөйтіп алдап кеткен». Осылайша, көшеде де, үйінде де, интернетте де қаптап жүрген алаяқтардан тек сақтана білу керек. Алаяқтық жүре келе пайда болады. Ал сол жолға апаратын нәрсе – отбасындағы тәрбие. Алаяқ адам өзін тануға тырыспайды, қоршаған ортаның моральдық нормаларына бағынбайды. Ал олардың құрбаны кімдер? Бұл сұраққа жауап көп. Кез келген психолог қандай психотиптегі адамдар алаяқтықтың құрбаны болып кететінін айтып бере алады. Ал қандай адам алаяққа айналып кетуі мүмкін?

Көп өтірік естіп, алданған бала...

Психолог Камилия Мергенбаеваның айтуынша, адам өмірге алаяқ болып келмейді. Өмірге келген баланың бойында эгоизм болуы мүмкін, ал алаяқтық уақыт өте келе пайда болады. «Бала әке-шешесі арқылы қоғамды таниды, айналасына қалай қарау керек екенін отбасындағы адамдарға қарап үйренеді. Сондықтан ата-аналар баласын кішкентай кезінде көп өтірік айтып, алдаса, «бала не біледі дейсің?» деген оймен, баланың бойындағы сезімдерін, ойын, сұраныстарын құнсыздандыратын болса, «мені жақсы көретін адамдар маған осылай қарым-қатынас жасап жатса, яғни бұл қалыпты жағдай» деген ой түпсанасында қалыптасады. Өскен кезде ата-анасынан алған тәжірибені қолданатын болады. Басқаларды алдап арбау, пайдалану қалыпты деп ойлайды. Ал оларға ең жақсы көмектесетін қасиеті – жоғары интеллекті, жақсы дамыған түйсігі болады. Біреумен сөйлескен кезде көзқарас, дауысы арқылы адамның іші-бауырына кіріп, естігісі келіп тұрған сөздерді айтады. Ал алаяқтардың құрбандары өздеріне сенімсіз, жауапкершілікті алғысы келмейтін, басқалардың көзқарасына тәуелді болады. Осы қасиеттерді алаяқтар жақсы қолданады. Адам қатты күйзеліске түскенде миындағы шындықты сараптап тұратын бөлігінің жұмысы төмендейді. Бұл да – алаяқтар үшін таптырмас мүмкіндік. Өзіне қатты сенетін адамдар да алаяқтың құрбаны болып жатады. Алаяқтарда эмпатиялық сезім болмайды. Олар біреуді алдаған кезде ішіндегі адреналин көтеріліп, жаны рақаттанады. Және де адамдардан өш алу деген ұғымға да келтіруге болады. Ата-анасына алданған сезімді басқалардан өш алу арқылы қайтарып отырады» дейді маман.

Қоғамдағы кез келген адам неге алаяқ болып кетпейді? Оның шындап келгендегі себебі – жазадан қорқу болса керек. Егер өтірігі әшкере болмайтынына, оның зардабы өзіне тимейтініне көзі жетсе, міндетті түрде күмәнді істерге барады. Бұл логикаға сай келгенімен, өмірде басқаша болуы да мүмкін. Мысалы, біреудің үстелінің үстінде тұрған 2000 теңгені алмауы мүмкін, алайда жұмысында бір қорабы 2000 теңге тұратын ақ қағазды еш ойланбастан алып кетеді. Ақшаны алу – ұрлық, ал қағазды алу... «Ол жай ғана көп қағаздың бірі ғой» деп ойлайды. Алаяқтыққа бір табан жақын жүру адамның табиғатында бар. Бірақ адамды отбасынан алған тәрбие, ішкі ар-ұжданы ұстап тұрады. Кейбір Батыс елдерінде жұмысқа маман алар кезде эссе жаздырып, тест тапсыртып, әңгімелесуден өткізеді. Адамның қандай психологиялық типке жататынына, жалпы психологиялық сипатына үңіліп, болашақта ол ұрлық қарлық жасауға бейім емес пе деген оймен арнайы тексеріп алады.

Робин Гуд синдромы

Психолог ғалымдар алаяқтардың психологиялық ерекшеліктерін барынша зерттеген. Оларға ашкөздік, жеңіл өмір сүруге құмарту, материалдық игіліктерге ұмтылу, түрлі жағдайларға тез бейімделу қабілеті, суыққандылық, өзін-өзі ұстай алу, есептілік, басқа адамның психологиясын түсіну, жанашыр болу, актерлік қабілет, байқағыштық, мінез құлық еркіндігі, шімірікпей алдау, екіжүзділік, менмендік, дөрекілік, т.б қасиеттер жатады екен. Алаяқтардың бұл ерекшеліктерінен басқа физиологиялық ерекшеліктері д е бар көрінеді. Олар материалдық пайдаға ие болып қана қоймай, біреуді алдаған кезде сезінетін рақат сезімнің де құрбаны болып кете алады. Соны қайта-қайта сезіну үшін түрлі тәсілдерді қолданады. Ең қиыны, олар өз-өзін ақтаудың шебері. Өкінбейді, сондықтан жасаған қылмысы үшін өзін іштей жауапкершіліктен босатады. Осының бәріне мінез-құлқы емес, сыртқы жағдайлар кінәлі екенін дәлелдеуге тырысады. «Бәрі де осылай істейді» деп ақталып, «жазалауға лайықсызбын, әділетсіздік» деп көрсетеді. Бұл ауыр қылмыс жасағандарға да тән мінез-құлық екен.

Зерттеушілердің пайымынша, өзін-өзі ақтау мотиві «Робин Гуд синдромы» деп аталатын психологиялық қасиеттермен үйлеседі. Бұл – қылмыскер жәбірленушіні кінәлап, өз әрекетін әділ жаза немесе жазаның түрі ретінде көрсетіп, жәбірленуші зұлымға, ал қылмыскерді «асыл кек алушыға» айналдыру. Ал кейбір алаяқтарды алаяқ деуге аузың бармайды. Себебі, олар адамдардың санасындағы мықты, табысты, еркін бизнесменнің образына еніп, түрлі манипуляциялық тәсілдер жасайды. Өйткені халықтың санасында «бизнесмен осындай болу керек» деген стереотип қалыптасып қалған. Алаяқтардың тағы бір ерекшелігі – қылмыстық әрекетті өздігінен тоқтата алмау, біреуді алдап-арбаған кездегі эмоцияға тәуелді болуы. Бір рет қылмыс жасап, жазасыз қалғаннан кейін, ол сол жолдан таймайды. Заманауи алаяқтардың ерекшеліктері де сол, психологиялық тәсілдерді, нейропсихологияны жақсы меңгеруінде.

Қазір алаяқтардың дәуірі «гүлдеп» тұр. Оған күн санап дамып жатқан технологиялық жетістіктер де жол беріп жатыр. Интернет алаяқтардан сақтанудың жолдары: бейтаныс нөмірден телефон соғып, «мынандай жағдай болып қалды, дереу ақша керек» дегеннің ешбіріне сенбеу; әлдебіреулерден келген сілтемелерді ашып, кірмеу; «сіз сыйлық ұтып алдыңыз» деп келетін хаттарды ашпау және ешқандай кодты ешкімге айтпау. Ал көшеде кездесетін алаяқтардың көбіне «сіздің карточкаңызға ақша аударсам, маған банкоматтан шешіп бересіз бе?» деген өтінішін елемеу, ең дұрысы, бейтаныс адаммен үш секундтан артық сөйлеспеу керек. Алаяқтарға алданған адамдардың хикаясы қай қайсымызға да сабақ.

Ажар (есімі өзгертілді):

– Түркияда жұмыс істеп жүргенде көп қазақстандықпен араластым. Демалысқа, үйге Қазақстанға келгенде Түркияда қалған құрбым хабарласып: «Банк карточкаңның нөмірін берші, саған ақша аудара тұрайын. Менің карточкам лимиттен асып кетіпті. Осы аударған ақшаны қайтадан өзімізге салып жіберсең», – деп өтініш айтты. Түркияда жүргенде үй табуға көмектесіп, біраз қасымда жүрген құрбыма мен де көмектесейін деп шештім. Аударған миллионнан астам теңгені өзіне қайтадан салып жібердім. Ойымда ештеңе жоқ, Түркияға қайтадан жұмысыма кеттім. Бір күні Шымкенттің құқық қорғау органынан мамандар хабарласып, шақыртқан кезде аса мән бермедім. Сосын менің, құрбымның және бір еркектің суретімізбен шығарып, интернетте іздеу жарияланған кезде телефоным жарылып кете жаздады. Отбасым, туған-туыс, достарым, бәрі хабарласып, «не болды?» деген сұрақтың астына алды. Өзім де түсінбей қалдым. Сөйтсе, былай болған екен: менің банк карточкамды сұрап алған құрбыма жездесі хабарласып, «өзіңнің, құрбыларыңның карточка нөмірін алып берсең, ақша аударамын, сосын сол ақшаны өзіме қайтара салып жібер. «Рақметімді» айтамын» деген екен. Құрбым сол сөзге сеніп, басқа да қыздардың карточка нөмірін сұрап алыпты. Осылайша бәрімізге ақша жіберген. Ал ол ақшаны алаяқтық жолмен тапқаны бізге беймәлім еді. Ал алаяқтың схемасы былай болған: сайттарда сатуда тұрған көліктердің суретін көшіріп алып, одан әлдеқайда арзан бағаға сатылымға қояды. Алушылар бағасына қызығып, алдын ала аз бөлігін біздің карточкаларға аударған. Кейін көлік те, ақша да жоқ болған кезде алушылар полицияға арыз түсірген. Ақшаны менің карточкама жібергені, оның иесі мен екенімді табу қиынға түспеген, әрине. Бұл мәселені шешпек болып, Шымкентке келгенімде әуежайда бірден полиция ұстап алып, уақытша ұстау изоляторына қамады. Әкем келіп, кепілге үйін қойып, ешқайда кетпеу туралы қолхатқа қол қойдырып, мені шығарып алды. Содан, міне, бір жылдан бері Шымкентте тұрып жатырмын. Басқа да күдіктілерді ұстады, алданған адамдармен бетпе-бет кездестірді, әлі де сот болып жатыр. Менің карточкама ақша аударған адамдардың ақшасын қайтардым, кейбірі кешірім берді. Мен бұл жағдайды өмірдің сабағы деп қабылдадым. Әркімге сене бермей, санаммен ойланғанда бұл жағдайға ұрынбас едім. Ең өкініштісі, осындай схема ойлап тауып, адамдардың обалына қалып жатқандар «тамырын тереңге» жайып үлгерді. Соларды ұстап, тиісті жазасын бермейінше, біз секілді қарапайым халық зардап шеге бермек...

Бексұлтан: 

– Аулада қарап отырып алаяққа алдандым. Аулаға шығып, телефонмен сөйлесіп жүргенмін. Көз алдымда бір бойжеткен телефонына бір қарап, көшеге бір қарап, алаңдап тұрғанын көрсем де, мән бермей телефонмен сөйлесе бердім. Бір кезде маған жақындап келді де, «маған 2000 теңге аудара аласыз ба, мен сізге қолма-қол берейін» деді. Мен дәл қазір ақша жоқ екенін айтып едім, «20-квартирада тұратын көршіңізбін ғой, бәлкім үйде біреуге айтарсыз, курьерге төлеуім керек болып тұр» деп қиылды. Сол кезде балам да үйден шыға қалды. «Балам, мына тәтеңді мамаңа апаршы, ақшасы болса аударып берсін, мына тәте қолма-қол береді» дедім. Балам бетіме бір қарады да, екеуі үйге кіріп кетті. Сәлден соң үйге кіріп, «көрші 2000 теңге аударды ма?» деп сұрадым. «2000 емес, 4000 теңге алды, бірақ қазір әкеліп берем деді де, жоқ болды» дейді. «Қалай жоқ болды? Неге бірден ақшасын алмайсың?» деп сұрай жөнелдім. «Қайдан білейін, сен жіберген соң, танысың шығар деп отырмын. Әкеліп берер... Нөмірін алып алдым» деді. Сонымен, түннің жарымы болды, ешкім ақша әкеліп берген жоқ. Әйелім уотсабына қашан келетінін сұрап жазып еді, «тағы 1700 теңге аудара тұрасыз ба, ақшаны банкоматқа салуға бара жатырмын» деп, бір уыс ақшаның суретін жіберіпті. Әрине, оған бұл жолы ақша аударған жоқпыз. 20-пәтерге барсам, ондай адам тұрмайтын болып шықты, қысқасы. Ойланып отырсам, менің телефонмен сөйлесіп, ойым, фокусым басқа жақта тұрғанын, қарбаласта сыни ойлай алмайтынымды ол жақсы білген. Алаяқтар мықты психолог болады деген рас болып шықты. «Сұрап көрсем» қайтеді деп бір рет қадам жасай салғанына келісе кеткеніме, былай ша айтқанда алаяқтың оң жамбасына келе қалғаныма іштей налыдым. Үлкен басыммен алданып, тіпті балама қосып жіберіп, үйге кіргізгеніме қатты намыстандым. «Қайта аз ақшамен құтылдық» деп өзімізді жұбаттық. Енді бәрі есте болады. Содан бері алаяқтардың типтері мен алаяққа қандай адамдар алданатыны туралы мақалаларды жиі оқитын болдым.

Бұл мысалдар ойдан шығарылған жоқ. Нақты адамдардың басынан өткен шын оқиғалар. Бұндай оқиғаларды тізіп жазсақ, бет жетпейді. Табан астында пайда болып, өміріңіздің шырқын бұзып кете салатын алаяқтардан сақ болғайсыз!

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №10
Қазан, 2024

774 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз