Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 14 Қараша, 2024

Кітаптану ісінің білгірі

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, әл-Фараби кітапханасының Мәжіліс залында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, филология ғылымының докторы, профессор Шериаздан Елеукеновтің туғанына 95 жыл толуына орай «Ұлттық кітаптану мәселелері: тарихы және бүгінгі жағдайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Халықаралық конференция материалдары арнайы жинақ болып жарық көріп, іс-шара барысында көпшілікке таныстырылды. Ш.Елеукеновтің өмірі мен шығармашылығы және кітаптану ісінің мәселелері жан-жақты талданған жиынға Журналистика факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты Қанат Әуесбай модератор болды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Абай Қазмағамбетов кіріспе сөзінде Ш.Елеукеновтің қайраткерлік қырларына тоқталды: «Ш.Елеукенов Баспасөз министрі болған 15 жылдың ішінде Алматыда арнайы жобамен Кітап қалашығы: баспагерлер Мәдениет сарайы мен Баспагерлер үйі, кітап фабрикасы, республикалық кітап базасы, полиграфия училищесі мен тұрғын үйлер, жатақхана салынды. …Ұстаздық қызметіне, шәкірт тәрбиелеу ісіне айрықша назар аударған ғалым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факультетінен «Баспа және редакциялау» кафедрасын ашуға мұрындық болды.  Өзі де біраз жылдық тәжірибесін ортаға салып, осы мамандықта оқитын студенттерге «Кітаптану негіздері», «Қазақ кітабының тарихы» атты оқулықтар жазды», – деп атап өтті.

«Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып Ш.Елеукеновтің ұстаздық жолы мен ғылымдағы өнегесін негізгі баяндамасына арқау етті. Профессорлар Жанғара Дәдебаев, Намазәлі Омашұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Қоңыр Мұқатайқызы, Темірғали Көпбаев, Сағатбек Медеубекұлы кітаптану мәселелерімен қоса қайраткердің әдебиеттану, баспа ісі саласындағы еңбегін талдады. Ғалымдар Нұрдаулет Ақыш, Гүлжаһан Орда, Елена Дудинова Шерияздан Рүстемұлының қаламынан шыққан туындыларды баяндамаларына арқау етті. Ш.Елеукеновтің ұлы, физика-математика ғылымының докторы Дастан Елеукенов халықаралық конференцияны ұйымдастырған университет пен факультетке, баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының ұжымына алғыс айтып, әке аманаты мен ұстанымы қандай болғанын жеткізді.

Қырғызстанның Ж.Баласагын атындағы ҚҰУ-нің Журналистика және коммуникация институтының директоры, әлеуметтік ғылым кандидаты, доцент Ширин Костюк және Түркияның Сакария университетінің профессоры Мухаммед Билал Челик түркі еліне ортақ тұлға Ш.Елеукеновтың қайраткерлік қыры мен баспа ісіндегі еңбегіне тоқталды.

Жиынды қорытындылаған Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай: «Біз бүгін Шерияздан Рүстемұлының ұстаздық жолымен, ғылымдағы, әдебиеттанудағы, кітаптанудағы, көркем сөздері қырларымен таныстық. Елеукеновтану деген ғылымның жеке бір саласы қалыптасып келе жатыр деп есептеймін. Бұл әлі де толыға түсетін жеке бір сала болмақ», – деді.

Іс-шара аясында әл-Фараби кітапханасының фойесінде Ш.Елеукенов шығармашылығы мен өміріне арналған кітап көрмесі және фотокөрме ұйымдастырылды.

 

Қарагөз Серікқызы,

баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының оқытушысы

465 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз