Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 14 Қараша, 2024

Гүлмира ҚАНАЙ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры: Қыз оқыса - халық оқиды

Биыл Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің құрылғанына 80 жыл. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты болып 1944 жылғы 15 тамызда ашылған оқу ордасындағы алғашқы сабақ сол жылдың қараша айында басталған екен.  Институттың ашылуына Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ілияс Омаров, Нұртас Оңдасынов сияқты қазақтың арда ұлдары, өнер-білім саласындағы қайраткерлері жанашыр болып, қолдау білдірген. Алғашқы оқу жылында инс­титуттың физика-математика факультетіне 24, тіл және әдебиет факультетіне 23 (қосымша резервке 10 қыз), тарих факультетіне 28 (қосымша резервке 10 қыз) – барлығы 75 студент, ал дайындық бөліміне 25 қыз қабылданған. Алғашқы басшысы – қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш ректор, тарих ғылымының кандидаты, доцент Тұрсын Мырзабекова. Сексен жылдық жол – білімі терең, дәстүрі бекем даңғыл іспетті. Оқу ордасы бүгін қандай жаңашыл бағытты ұстанады, дәстүр жалғастығын қалай сақтайды, білім мен ғылым атты қос саланы тең игеру үшін не істеп отыр деген сауалдармен ректор, PhD, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Гүлмира Қанайқызымен сұқбаттасқан едік...
 

– Гүлмира Әмірханқызы, өзіңіз бас­қаратын оқу ордасында студент-жастардың ғылыми әлеуетін арттыру және білім көкжиегін кеңейту мақсатында қандай жаңа жобаларды қолға алдыңыз?
– Университетке басшылыққа келген жанға әртүрлі үміт артылады, өзіміз де «басшылықта жүріп мынадай іс тындырамыз, жағдайды былай өзгертеміз» деп  құлшынып келдік. Көп жоспар ұйымның жағдайына қарай өзгеріп отыратынын да ұмытпау керек. 
Осында басшылыққа келгенде оқу ордасының бағытына, ғылыми әлеуетіне, білім беру дәстүріне сараптама жасадым. Әдетте оқу орындары Т1, Р1, яғни зерттеу немесе білім беру университеті болып қалыптасады. Бізде ғана емес, дүние­жүзіндегі университеттерге тән жағдай – осы. Сексен жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – педагогикалық, әдістемелік бағыты мығым оқу орны. Мұнда әдістеменің жан-жақтылығына көзім жетті. Тағы бір жайт, ғылым дегенде көбінесе нақты ғылымдарды назарға аламыз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Е.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ секілді ғылыми әлеуеті зор, осы бағытта қызмет етіп келе жатқан университеттер көз алдымызға елестейді. Дегенмен сыныптардағы іс-әрекетті зерттеу бағыты бойынша ғылыми-әлеуетті дамыту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарып жатқан педагогикалық оқу орындары да бар екенін ұмытпағанымыз абзал. Мәселен, біздің университетте соңғы бірер жылда толық бағытты академиялық бағдарламаларға еркіндік берілді. Соның нәтижесінде дипломдық жұмысты сабақты зерттеу жобасына айналдырдық. Бұл – халықаралық тенден­ция­ның бір бағыты, Lesson Study деп аталады. Студенттеріміздің сабағын, тәжірибесін зерттей алу әлеуеті мықты болуы керек. Сондықтан мұндай ғылыми жобаны төртінші курстарға дипломдық жұмыс ретінде енгіздік. GPА-і, яғни үлгерімі жоғары студенттер өндірістік практика аясында мектепке барып, сыныптардағы жағдаяттарды зерттейді. Басты назарда – оқушы, оқушының үлгерімі, психологиялық-­эмоциялық жағдайы. Осыны зерделеу арқылы бітіруші-студенттер белгілі бір әдістеме ойлап тауып, оны енгізіп, бағалау­дан өткізіп, толыққанды әлеуметтік-эмперикалық зерттеу жасап шығады. 4-курс соңында әдістемесін мектеп басшылары, мұғалімдер, практиктер алдында қорғайды. Ашықтық тәжірибесі өте жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Көптеген студентіміз зерттеуін қорғап біткен соң мектеп басшылары жұмысқа шақырады. Бұл педагогикалық тәжірибені зерттеу мектебін, эмперикалық әлеуметтік зерттеулердің ғылыми мектебін қалыптас­тырудың белгісі деп есептеймін. 
Нақты ғылымдарға келсек, көп профильді университет туралы айттық. Бізде де осы бағытта жақсы бастамаларымыз бар. Педагогикалық бағыттардан бөлек, физика, химия, биология бағыттары бойынша  да зертханаларда жұмыс істейтін мамандар дайындап жатырмыз. Сондықтан ғылыми институттармен келісімшарт жасасқанбыз. Қыздарымыз сол жақта дуалды білім беру аясында практикадан өтіп, зертханаларда жұмыс істеп жүр. Профессорларымыз ҒЗИ ғалымдарымен біріге отырып, минис­трліктің ғылыми-зерттеу жобаларына құжат тапсырады. Қазір ғылым саласындағы жобаларымыздың жалпы қаржылық айналымы 1,5 млрд теңгенің үстінде. Осы орайда Ғылым және жоғары білім минис­трлігіне алғыс айтқымыз келеді. Ғылыми әлеуетті арттыруға қатысты ауқымды жоба ұсынып отыр. Профессорларымыздың да түрлі жобаға, грантқа тапсыруға мүмкіндігі ұлғайды. Бірақ министрліктің жобаларын алмай қалған профессорларымызға университеттің ішкі қаржы есебінен зерттеуін жалғастыруға мүмкіндік береміз. Өткен жылдың өзінде бізге 30 млн үстінде қаражат бөлінсе, биыл сол сома ішкі ғылыми жобаларға қатысты да ұлғайды. Оның ішінде профессорлардың ғана емес, стартап жобалар, студенттеріміздің де жобалары қарастырылған. 
– Мемлекет пен қоғам дамуына еңбек сіңіретін, жаңа заман көшіне лайық жас педагогтер мен ғалымдар легін дайындау­дың сіздің университетке тән «құпиясы» қандай? 
– 80 жыл бойы, негізінен, ауыл қыздарын оқытып, ауыл мектептеріне маман да­йындап отырған мекемеміз. Орталық Азиядағы қыздар универсиеттері жабылып қалғанда біздің шаңырақ шайқалған жоқ. Бұл – мемлекеттің қыздарға деген ерекше қамқорлығы. 
Жалпы, ұстаз боламын, саналы, моральдық құндылығы жоғары маман боламын деген жастарға білім беруде, ең алдымен, студенттердің ішкі уәжімен жұмыс істеу маңызды. Екіншіден, оларды тұлға ретінде қалыптастырту қажет. Үшіншіден, студенттердің кәсібіне деген махаббатын ояту керек. Негізгі құпиямыз – кәсіпке деген махаббатты оята отырып, тәжірибеге негізделген білім беру. Біздің маман – болашақ ұстаз, тәрбиеші. Демек, оның балаға деген махаббатын ояту үшін мектептерге, балабақшаларға барып, балалармен тікелей қарым-қатынас орнатқаны маңызды. «Мұғалім болуға дайынмын ба?» деген сұраққа өзі жауап табуы керек. Барлық студент бізге ұстаз, тәрбиеші боламын деген асқақ арман, зор амбициямен келеді. Кейін ол сенімі өзгере бастайды. Білім беру мекемесіне кіріп, жұмыс істегенде ғана мүмкіндіктерін әділ бағалай алады. Білім берудегі құпиямыздың келесісі – студенттерге эмоциялық қолдау көрсетеміз. Университет тарапынан да, студент өндірістік тәжірибеден өтуге барған мектеп тарапынан да менторлық көмек беріледі. Жас маманмен жұмысты қалай жолға қоямыз, қосымша қолдау береміз деген мәселені шешу үшін осындай жұмыстар атқарып жүрміз. 
Халықаралық серіктестеріміз де көп. Ұлыбританиядағы Сассекс университетімен (University of Sussex) серіктестік меморандумға қол қойғанбыз. Профессорлық-оқытушылық құрам менторлық оқыту әдісі бойынша жазғы мектептерге барып, курстардан, тағылымдамадан өтіп жатыр. Бұл да келешек маман, ұстаз дайындауда септігін тигізеді деген ойдамыз.  
– Қазір Қыздар университетінде қанша маман-ұстаз бар? Олардың жасы, білімі, білігі, тәжірибесі туралы не айтасыз? Ұстаздардың әлеуметтік жағдайы да назарда болар?
– Профессорлық-оқытушылық құрамымыз 800-ден аса маманға толықты. Соңғы үш жыл ішінде университетімізге түскен студент саны күрт өсті. Бұл, біріншіден, демографиялық жағдайдың жақсаруынан шығар, екіншіден, университет қызметінің үздік екенінің бір көрсеткіші. Биыл біз тарихи рекорд жасадық. Университетімізге 5 000 студент оқуға түсті. Оның 4 500-і мемлекеттік грантты иеленді. Бір ғана профильді педагогикалық университет бола тұра мемлекеттік грант иеленген студент саны бойынша биыл біз бірінші орынға шықтық. Мұны өте жақсы көрсеткіш деп есептейміз. Үш жыл бұрын алты мыңнан аса студент оқыса, қазіргі студент саны 12 099-ға жетті. Студент саны өскен соң сапа да артатыны түсінікті жағдай. Студенттеріміздің 3 мыңға жуығы алтын белгі, қызыл аттестат иегерлері. Он мыңға жуық студент мемлекеттік грант негізінде білім алып жүр. Шалғайдан келген қыздарымыз кәсіби біліктілігін арттырып, мұғалім болып ауылына аттанады. Ол жақта да жағдайы жақсы. Мұғалім мәртебесі артқан сайын жастар арасында ұстаз атансам деген арман қанатына мінетіндер көбейгені қуантады. 
Студенттер көбейіп, олардың саны да, сапасы да артқан соң, профессорлық-оқытушылық құрамға да талап жоғарылап келеді. Ұстаздарымыздың қаржылық-әлеу­меттік жағдайына көңіл бөлу де маңызды. Индексация, инфляцияны ескере отырып, соңғы үш жылда жалақының өсіп отыруын ұдайы назарымызда ұстап келеміз. Үш жыл бұрын профессорларымыздың орташа айлығы 200 мың теңгенің үстінде еді, қазір 500 мың теңгеден жоғары айлық алады. Бірақ ол орташа есеп. Арасында ғылыми жобалары бар профессорларымыз, түрлі ішкі жобаларға қатысып жүрген профессорларымыз одан да көп айлық алады. Оның жай-жапсарын түсіндіріп өтейін. Қазір профессор-зерттеуші, зерттеуші және оқытушы деген категориялар қос­тық. Профессор-зерттеушінің сағатының 75%-ын сатып аламыз. Яғни ғылыммен айналысуға мүмкіндік береміз, сатып алған сағатының ақысын үстеме ақы қылып төлейміз. Зерттеушінің 50% сағатын сатып аламыз. Аудиторлық сағатын азайтып, ғылыммен айналысуына жағдай жасаймыз. Ондай профессорларымыз 800 000 –  1 млн теңге аралығында айлық алады. Биыл инновациялық оқу бағдарламасын жасайтын профессорлардың жаңа категориясын енгізіп жатырмыз. Оларға да арнайы үстеме ақы беріледі. 
Профессорлық-оқытушылық құрамның орташа жасы – 40–45 аралығы. Зейнет жасындағы профессорларымыз да бар. Олардың ғылыми әлеуеті, тәжірибесі бізге пайдалы. Сондықтан ондай тұлғалармен жұмысты жалғастыра береміз. Мәселен: күні кеше ғана, Республика күні қарсаңында Президент «Құрмет» орденімен марапаттаған Валентина Ивановна Жұмағұлова, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Қорлан Шериязданова.  Мұндай мамандарымыз да бар екенін айтуымыз керек. Олардың университетке, қоғамға, елге берері көп. 
– Биыл студенттер саны көбейіп келді дейсіз. Жатақхана мәселесі қандай? Шәкіртақы ше?
– Жатақхана мәселесі Алматы қаласындағы барлық ЖОО үшін өзекті ғой. Мемлекет басшысы жатақхана мәселесін алдағы жылдары толығымен шешуді тапсырғанын да білеміз. Иә, биыл біздің университет үшін күтпеген жағдай туды. 5 000 студент қабылдадық, оларды жатақханаға орналастыру керек. Универсиеттің 7 жатақханасы бар. Онымен үш мыңнан аса студентті қамтамасыз етіп келгенбіз. Биыл жағдай күрт өзгерді. Бірінші курстың бәрін жатақханамен қамтамасыз етуге барлық ЖОО міндеттелген. Сондықтан қазір бірнеше жатақхананы жалға алып отырмыз. Қаланың ішінен жалға алуға тырыстық. Жатақханаларға университет тарапынан дотация жасап отырмыз. Бұл бірінші курс студенттеріне жасалған жағдай екенін қайталап айтқым келеді. 
Шәкіртақы жөнінде айтсақ, Қазақстандағы универсиеттер арасында біз ғана қыздарға үш мезгіл тамақ беретін мекемеміз. Мемлекеттің талабы бойынша 2021 жылдан бері студенттерге тамақ берілмейді. Есесіне, тамақ ақысы карталарына түседі. Жыл сайын ол қаражат өсіп отырады. Елімізде педагогикалық бағытта оқитын студенттердің шәкіртақысы шамамен 76 мың теңге, оған тамақ ақысын (80 мың теңге) қосқанда қазір ҚызПУ студенттері шамамен 156 мың теңгедей шәкіртақы алады.  
– Биыл қыздар университетінің құрыл­ғанына 80 жыл. Сексен жылдық дәстүр, ұстаздарды тәрбиелеудің даң­ғайыр жолы бүгінгінің көзқарасы­мен қара­ғанда қандай екен? Байырғы және қазіргі жалғастық, сабақтастық пен қазіргі жаңашылдық туралы айтып берсеңіз. 
– Дәстүрі, тарихы терең оқу ордасының біріміз. Сексен жылдық ерекше мерейтойды атап өту өте маңызды. Себебі бұл – бір ғана университеттің емес, мемлекетіміздің 80 жыл бойы қазақ қыздарының біліміне салған инвестиция­сының, қамқорлығының мерейтойы. Университетіміз елге қызмет еткен тұлғаларды тәрбиелеп өсірді. Ардақты ұстаз Орынша Қарабалина,  профессор Ағайша Исағұлова, кеше ғана туған күнін атап өткен ұстазымыз Сақыпжамал Ұзақбаева, университетімізбен құрдас көрнекті ақын Ақұштап Бақтыгереева, мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы, қоғам қайраткері, тіл жанашыры Асылы Осман. Мақұм ректорларымыз, қазақ қыздарының арасында педагогика бағыты бойынша докторлық дәрежесін Мәскеуде қорғаған алғашқы қазақ қызы Күләш Қантайқызы, академик Шәмшә Көпбайқызы... Баршаға әйгілі «Айгүл» ансамблі... Айта берсек, біздің танымал, даңқты түлектеріміз жетерлік. Демек, бұл мерей­той – осындай даңқты қыздарымыздың, апаларымыздың да мерейлі мерекесі.
Ал жаңашылдық пен дәстүр сабақтас­тығын қамтамасыз ету – барлығымыздың борышымыз. Университетке кірген кезден бастап тарихымыз қабырғаларда жазылған. Дәлізде танымал қызметкерлеріміздің суреттері ілулі тұр. Түлектеріміздің суретін де дәлізге ілдік. Атақты тұлғалардың атында дәріс залдарымыз бар. Студенттер білсін, көрсін дейміз. Бір ғимаратымыз бізде 16 жыл ректор болған Күләш Қантайқызының атында. Ол да дәстүр мен жаңашылдықтың сабақтастығы. 
Қазір ЖИ дамып келеді, технология­лық өзгерістер жылдам жүріп жатқанын да естен шығарған емеспіз. Ол жағынан мемлекет те қамқорлық көрсетіп отыр. Инфрақұрылымды, зертханаларымызды толыққанды жаңартуға үкімет тарапынан университетке 5,9 млрд теңге бөлінді. Даму жобамыздың аясында 47 жаңа зертхана жасалып жатыр. Соның ішінде ЖИ, цифрлық даму бағыты бойыша жаңа зертханалар ашылмақшы. Студенттерімізді жаңашылдыққа жетелеп, бірнеше тілді жетік меңгеріп, алдыңғы қатарлы зертханаларда зерттеулер жасауына жағдай жасасақ, екінші жағынан, кешегімізді ұмытпас үшін университет ішінде тарихи-танымдық дәстүрді де ұмыт қалдырған емеспіз.  
– Қазір дүниежүзінде жыл сайын жаңа мамандық ашылады. Қыздар университеті жаңа заман талаптарына сай жаңа мамандықтар игерту ісін қолға алды ма?
– Ол жағынан Ғылым және жоғары білім министрлігі  қолдап отырғанын айта кетуіміз керек. Әрине, өзіміз де жыл сайын бағдарламамызды жақсартып, жаңартамыз. Дүниежүзілік банк пен Ғылым және жоғары білім министрлігі аясында ауқымды жоба іске асырылып жатыр. 2–3 жылдың ішінде 30 жаңа педагогикалық бағдарлама еліміздің барлық педагогикалық университеттерінде енгізілді. Ауқымды жоба аясында университетімізге 4 заманауи зертхана берілді. Оның ішінде инклюзия, химия, биология, физика бағыттары бойынша зертханалар ашылды. Инклюзия кабинеті арнайы жабдықталды. Профессорларымыз білігін арттырып, 30 жаңа бағдарлама аясында биыл 12 апробациядан өтіп, осы бағдарлама бойынша студенттер қабылдады. Әрине, ЖИ, көшбасшылық, білім беру саласындағы зерттеулер бағыты бойынша да бағдарламамыз бар. Заман жылдам өзгеріп келеді. Қазір бір ғана пәнді білетін мұғалім емес, жан-жақты дамыған, тәжірибесіне өзі рефлекция жасап, пәнін дамытатын маман даярлау өте маңызды. Ол өз пәнін игеріп, әрдайым дамытып отыруынан бөлек, көшбасшылық танытып, бастама көтеріп, өзін ғана емес, мектебін де дамыта алғаны жөн. Иә, мемлекет ұсынып отырған жаңа бағдарламаларды біздің университет қана жасап отырған жоқ. Бұл – әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттермен бірлесе атқарылатын жұмыс. Мемлекеттік жоба қоғамға пайдасын жақын арада көрсетеді деп ойлаймыз.  
– Шетелдік Жоғарғы оқу орындарымен тәжірибелік-ғылыми байланыс орнату ісі туралы да білгіміз келеді.    
– Университетіміз 62-ден аса университетпен халықаралық дәрежеде қарым-қатынас орнатқан. 400-ден аса ұйымдармен меморандумға қол қойғанбыз. Оның ішінде серіктес-мектептер, ҒЗИ-лар, халықаралық зерттеу орындары бар, серіктестердің көпшілігі Түркияда. Екінші орында Польша. Латвия, АҚШ, Қытай университтерімен де серіктестік байланыс бар. 80 жылдық мерейтойымызға Гонконгтегі Білім беру университетінің президенті келе жатыр. Педагогикалық бағытта маман дайындайтын алдыңғы қатарлы оқу ордасымен қазіргі мұғалімдердің кәсіби білімін арттыруды жоспарлап, арнайы келісімшарт аясында курстар ұсынбақпыз. Сассекс университетінде «Болашақ» бағдарламасы аясындағы білім алып жүрген мамандарымыз да бар. Олар кәсіби білігін арттырып, Жазғы мектепте тәжірибеден өтіп жүр. Жақын арада Жоғары білім беру мектебін ұйымдастырсақ деген жоспарымыз бар. 
АҚШ-тағы Оқу бағдарламаларын жасау бағыты бойынша үздік оқу орындарының бірі Мичиган университетімен серіктестік орнатып жатырмыз. Жоғарғы білімі бар маманға қысқартылған тоғыз айлық мұғалімдік курсты оқытып, магис­тратураның алдындағы бағдарламаны игертпекпіз. 
– «Оқитын ұлт» деп жүрміз ғой. Осы орайда студенттердің газет-журнал, кітап оқуына қатысты да жағдай жасалған-жасалмағанын білгіміз келеді. «Ана тілі» газетін де студенттеріңіз жиі оқитын болар? 
– Әрине, университетіміз баспа үйлерімен, басылымдармен қарым-қатынас орнатқан. Газет-журнал тігінділері кітапханаларымызда сақтаулы тұр. Студенттер өздігінен де газет-журнал, кітап оқиды деп үміттенемін. Профессорларымыз Силлабусындағы әдебиеттер тізіміне педагогикалық тәжірибені шыңдайтын материалдары бар  басылымдарды да қосса, студенттердің бұл басылымдарға сұранысы тіпті артуы мүмкін. Университет кітапханасы жеке ғимаратта. Қазір өзінің бұрынғы әдемі келбетін қайта жасаттық. Миллионнан аса кітап қоры бар. Цифрлық жазылымдарымыз да жеткілікті. Әлемнің баспа үйлеріндегі қажетті ғылыми мақалаларды да біздің кітапханадан жүктеп алып, оқуға мүмкіндік жасап қойдық. Келешек ұстаздың кітап, газет-журнал оқуы өте маңызды. Мұндай маңызды істі назардан тыс қалдырған емеспіз.
80 жылдық аясында университетімізге жаңа оқу ғимараты берілді. Құны 8 мил­лиардты қамтыған ғимарат қаланың дәл ортасында. «Қайсар» бизнес-орталығында. Ғимаратымыздың ұлғаюына байланысты оқыту залдарын да ұлғайтуымыз керек. Осы орайда «Мазмұндама» баспа үйімен біріге отырып, ҚызПУ кауоркиң орталығын жасап жатырмыз. Онда баспа үйінің кітаптары қойылады. Қыздар кітап оқып, белгілі қаламгерлермен, шығармашылық адамдарымен, менторлармен, ұстаздармен кездесулер өткізбекпіз. «Білімді ұлт», «оқитын ұл» деп жүрміз ғой. Ендеше, сол білімді ұлтты білімді маманы көп ел қалыптастырады. Қыз оқыса – халық та оқитынын ұмытпа­йық. Студенттерге білім беруде, ғылым игертуде осы жайтты естен шығарған емеспіз.
– Біздің қоғамда әсіресе қыз баланың оқуына, тәрбиесіне, жұмысына дейін төрелік айтып, кей жағдайда оны шеттеткісі келетін де пиғыл байқалып қалады. Қыздардың сауатты болуына, білім алуына көп еңбек сіңіріп отырсыздар ғой. Қыз­дардың қоғамға емін-еркін, терезесі тең араласуы, кірігуі туралы қосымша дәріс, сабақтар өте ме? Қыздардың әлеуметтенуіне қатысты қандай да бір жобалар бар ма?
– Өте орынды сұрақ. Не себеп екенін білмеймін, қазіргі қоғамда қыздарға қатысты шектеулер ұлғайып келе жатқан сияқты. Бұл жақсы үрдіс емес. Университетіміздің сексен жылдық тарихына үңілсек, біздің университет қыздардың білім алуына, еркін болуына көп еңбек сіңірген. Асхана ғимаратын жөндеу барысында Молдахмет Кенбаев пен Николай Цивчинскийдің мозайкалары табылып, демеушілердің көмегімен қалыпқа келтірдік. Демеушілер «Жастар» деген мозайканы қасбетімізге қойып берді. Онда білім алып жүрген қыз­дардың бейнесі таңбаланған. Мозайкаларда тауға шыққан, жүзіп жүрген, шаңғы теуіп жүрген қыздар бейнеленген. Яғни қазақ қызы еркін, қоғамдағы позициясы анық, белсенді тұлға ретінде қарастырылып кескінделген. Жалпы, қандай да бір шектеулер әйелдің қоғамдағы еркіндігіне қауіп төндіреді деп есептеймін. Қоғамды дамытатын – еркіндік. Ендеше, қыздардың да еркін, білімді, сауатты болғаны өте маңызды. 
Университетімізде қыздардың әлеу­меттенуіне арналған жиырмаға жуық клуб бар. Барлығын студенттердің өздері құрып, жүргізеді. Қазір қоғамдық белсенділігі үшін әлеуметтік GPА қарастырылған. Студент академиялық жетістігімен қоса, қоғамдық белсенділігі үшін де бағаланады. Қыздарға арнап әйел көшбасшылығы және кәсіпкерлігі деген орталық ашқанбыз. Орталыққа мотивациялық дәрістер оқитын мамандарды көптеп тартамыз. Менталды даму орталығына диетолог, психолог, менторлар жиі келеді. Себебі қыздарға қазір менталдық қолдау мәселесі аса маңызды. Студенттеріміз еркін, табанды, білімге құмар. Мұндай жастармен болашағымыз да жарқын екеніне сенемін. 
– Әңгімеңізге көп рақмет! 

Әңгімелескен 
Қарагөз Сімәділ

"Ана тілі" газеті

3237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз