- Шартарап
- 16 Қараша, 2024
Қазақстанда суды пайдалану тиімділігін арттыру технологиясына инвестиция тарту перспективалары талқыланды
Қазақстан Республикасының Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаев Қытайдың Солтүстік-Батыс өңірінің суды игеру саласының көшбасшы компаниясы «Shaanxi Water Development Group Co. LTD» (Компания) Директорлар кеңесінің төрағасы Инь Вэйминьмен кездесті.
Компания су ресурстарын пайдалану бағытында гидротехникалық нысандарды салу, елді-мекендерді ауыз сумен қамтуды жобалау, арнайы құрылғылар салу мен кәріздерін қайта жаңалау, су тазалау технологиясын жетілдіру және қосалқы өнімдерін жасап шығарумен айналысады. Аталған компанияның жүйесіне 19 арнайы мамандандырылған кәсіпорын кіреді. 2024 жылғы көрсеткіші бойынша, таза активтері 150 млрд юань (шамамен 21 млрд АҚШ доллары) құрады. Қазіргі таңда компания мамандары 15 мемлекетте ірі жобаларды сәтті іске асыруда. Әр түрлі күрделі жобаларды шешу жолдарын ұсыну мен инвестициялық құрылтайшы болу мүмкіндіктері жайында кеңінен таныстырылды.
Кездесу барысында қытайлық мамандар Орта Азия мемлекеттеріне су ресурстарын пайдалануда заманауи технологияларды қолдану қажеттілігіне назар аударды. Көктемгі су апатын алдын алу, қар мен жаңбыр суын жинақтап, тиімді пайдалану технологиясын қазақстандық тараппен бөлісуге ынта білдірді. Қазақстанның су істеріне жауапты мемлекеттік мекемелерімен ирригациялық жүйелердің отандық картасын құрып, су ресурстарын тиімді пайдалану әдісімен бөлісуге дайындықтарын білдірді.
Компания өзі іске асырған ластанған суды табиғатқа тазартып қайтару, қайта өңдеу, тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мен су сапасының жоғары деңгейде адам өміріне залалсыз болуын қадағалау процестерімен тереңінен таныстырды. Сонымен қатар, ауыз судың қолжетімділігін арттыру бойынша қолданымдағы жаңа технологиялық әдістердің Қазақстан өңірлерінде пайдалану жобасын ұсынуға дайындығын жеткізді.
ҚР өңірлерінен, Су ресурстары және ирригация мен Ауыл шаруашылығы министрліктерінен нақты сұраныс болған жағдайда компания мамандары ауыл шаруашылықта, елді-мекендерде, өндірісте суды үнемдеу технологияларымен және суды қайтара пайдалану үшін қажетті инфрақұрылымды жасақтаудың нақты ғылыми және практикалық шешімдерін ұсына алатындығын мәлімдеп, қажетті серіктестік жұмыс жасауға мүдделігін танытты.
Аталған сұрақтар шеңберінде Бас консулдық пен «Shaanxi Water Development Group Co. LTD» тиісті зерттеу әрекеттерін ұйымдастыру және жобалық жұмыстарын әзірлеу мақсатында арнайы маманданған қызметкерлерінің Қазақстан өңірлерінің сұранысына сәйкес сапарларын ұйымдастыру мүмкіндігі талқыланды. Тараптар осы бағытта өзара тығыз жұмыс атқаруға ынталы екенін білдірді.
2287 рет
көрсетілді0
пікір