- Құмсағат
- 18 Қараша, 2024
Үлкен спорттың «баспалдағы» бүтін бе?
Айзат Айдарқызы,
«Ana tili»
Үнзила Мыңбайдың «Чемпиондыққа жетелеген арман» кітабын оқып отырып, балалар спортының даму деңгейі туралы ойланасың. Өйткені әрбір атақты спортшының өткеніне үңілсек, спортзалға асығып бара жатқан баланы көруге болады. Мысалы Париж олимпиадасының чемпионы Елдос Сметовті бапкері қарым-қабілетіне қарап, тегін жаттықтырған екен. Фристайл шебері Жанбота Алдабергенованы үйірмеге әкесі жетелеп апарған. Сол сияқты, қазір балалар мен жасөспірімдер қандай спортпен шұғылданады? Үйірме таңдарда нені есте ұстаған жөн?
Сан мен сапа
Алғашқы сұрақтың жауабын іздеу үшін Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне сұрау салдық. Комитеттің мәліметінше, 2023 жылдың қорытындысы бойынша, еліміздегі 6–18 жас аралығындағы балалардың 27 пайызы спортпен жүйелі түрде айналысады. Яғни республикада аталған жас көрсеткіші бойынша 3 миллион 819 мың 362 бала бар десек, соның миллионнан астамы спортты жанына серік етіп жүр. Оқу-ағарту министрлігінің қосымша білім беру бағдарламасы бойынша жалпы білім беретін мектептерде 49 мыңнан астам спорт секциясы жұмыс істейді. Онда шамамен 1,3 млн бала тәрбиеленеді. Мектептен тыс ұйымдарда үш мыңнан астам секция барын ескерсек, 450-ден астам бала түрлі үйірмеге барады деген сөз. Жалпы, елімізде 780-нен астам балалар мен жасөспірімдер спорт клубы бар. Оған арнайы спорт мектептері мен дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат пен колледжді қосыңыз. Аталған спорт ошағының жалпы саны – 510. Спорттағы дарынды балаларға арналған 14 облыстық және 5 республикалық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектеп-интернаты мен колледжі тағы бар. Осындай мектеп-интернатына қабылдану үшін тынбай дайындалу керегін есте ұстаған жөн. Мамандардың айтуынша, мұндай мектеп-интернат пен колледжде бәсеке жоғары. Аталған мекемелерде қазір 6 мыңнан астам бала оқиды.
Бірнеше жылдан бері мемлекеттік спорттық тапсырыс іске қосылғанын білеміз. Биыл 4–17 жас аралығындағы 250 мыңнан астам бала 7 мың спорт секциясына қатысып жатыр. Комитеттің мәліметінше, 2025 жылға қарай тегін үйірме саны 10 мыңға жетеді.
«Жыл сайын спорт инфрақұрылымының әлеуеті артқан сайын барлық спорт түрі қарқынды дамып жатыр. Оның үстіне білікті мамандардың қатары толыққан сайын, өзара бәсеке қызады. Қазақстан бір климаттық белдеуде жатқан жоқ. Географиялық орналасуына байланысты климаты да әртүрлі. Сондықтан барлық өңірде бір спорт түрін тең дәрежеде дамыту мүмкіндігі жоқ. Оның үстіне аймақтағы спорт мамандарының білігіне сай спорт түрі де даму үдерісіне түседі. Дегенмен әр өңірде басыңқы, танымал спорт түрлері бар. Статистикаға қарап, мысал ретінде айтар болсақ, балалар мен жасөспірімдер арасында Астана қаласында мына спорт түрлері танымал: балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде бокс (644), велоспорт (444), жүзу (520), шайбалы хоккей (504) және футболмен (725) спортшы бала шынығады. Барлық өңірге ортақ, толықтай жалпы шынығатын бұқаралық спорт түрлері бар. Олар: бокс (39 456), футбол (39 532), еркін күрес (31 207), дзюдо (33 717), волейбол (31 178)», – дейді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі Мейрамғазы Көпбайұлы.
Ондай болмақ қайда деп, айтпа спорт сүйсеңіз
Мектеп жасындағы баланың уақытын тиімді пайдалануы тікелей ата-анаға байланысты. Әрине, шектен тыс қысым, еркінен тыс жетектеу кім-кімге болсын ұнамасы анық. Осы орайда балалар клиникалық психологі Айнұр Алдаштың айтуынша, баланы жүзу, құзға өрмелеу, командалық спорт түріне берген дұрыс. Маманның пікірінше, баланы ерте жастан бокс үйірмесіне апару қауіпті. Өйткені бала соққыны қабылдай алуы үшін мойны толық қатуы керек.
«Адамның миын қаңқа қорғап тұрады. Қаңқа үш қабаттан тұрады. Аталған үш қабат 11–12 жаста толық қатаяды. Егер баланы 3–5 жас аралығында бокске жетектеп апарсаңыз, миынан ауыр соққы алуы мүмкін. Егер ұл-қызыңыздың осы спорт түрімен айналысқанын қаласаңыз, жасы 11 не 12-ге толғанын күтіңіз. Ал кесарь тілігі арқылы туған балаларға, гипоксиямен туған, анасының ішін басып туғызған балаларды бокске мүлде беруге болмайды», – дейді нейропсихолог Айнұр Алдаш.
Спорт дәрігерлері де спорт түрін таңдар тұста баланың жасы, денсаулық жағдайы, темпераменті мен қызығушылығына назар аудару керегін айтады. Ұлттық олимпиада комитеті ұсынған дерек бойынша, спорт мектеп жасына дейінгі балаларға қоғаммен байланыс орнатуға, икемді болуға, жылдамдық қосуға үйретеді. Мәселен, мұндай жастағы балаға гимнастика, футбол, мәнерлеп сырғанау сынды спорт түрін таңдаған дұрыс. Ал 7–9 жасқа толған соң жылдамдыққа жұмыс істеп, жүктемесі көп спортпен шұғылдануға әбден болады. Атап айтқанда, ат спорты түрлері мен тау-шаңғы спорты осы жастағы балаға ұнауы мүмкін. Ал 11 жастан кейін жарақат алу қауіпі бар спорт түрлеріне қорықпай қатыстыра аласыз. Әдетте ата-ана бұл кезеңде баланы гандбол, альпинизм, ауыр атлетика сынды спорт түріне баулиды.
Иә, жоғарыда комитет өкілі елімізде бокс, футбол, еркін күрес, дзюдо мен волейбол спорты танымал екенін айтты. Осы орайда дзюдодан білікті бапкер Елдос Жұмақановты әңгімеге тарттық. Ұлттық құрамадағы Бақытжан Абдурахмановтың (73 кг) жеке бапкерінің айтуынша, балалар дзюдоға бес жастан бастап келеді. Бәрі баланың ынтасы мен еңбекқорлығына байланысты. Оған қоса дзюдошы мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін бапкерлердің жалақы мәселесіне назар аударуды ұсынды.
«Мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтін бапкердің жалақысы жеке орталықта еңбек ететін бапкерден әлдеқайда төмен. Көпшілік бізді әлемдік додада жүрген соң, көп ақша табады деп ойлайды. Мүлде олай емес. Шыны керек, үй көрмей, отбасыңа көңіл бөлмей жүргеніңе татымайды. Жүйкеге салмақ салатыны тағы бар. Балалар мен жасөспірімдерді жаттықтыратын бапкерлердің де жалақысы АЕК-пен бірге өсіп жатыр. Бірақ адам қызығарлықтай сома емесі тағы бар. Иә, дзюдоға келгісі келетін баланың саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Париж олимпиадасынан кейін тіпті көбейді. Бәрінің ынтасы жоғары, «чемпион болсам» дейтін ниеті басым», – дейді бапкер Елдос Жұмақанов.
Осы орайда жеке орталықта бапкер болып жұмыс істейтін маман іздедік. Сөйтіп, UEFA-ның «С» категориясы бар бапкер, Jeyran клубының жаттықтырушысы Мадияр Бақытбекті кездестірдік. Қазір тренер 2014 жылы дүниеге келген балаларды баулып жүр. Оның айтуынша, баланы футболға 3–4 жас аралығында әкелген дұрыс. Әрине, бірден футбол ойнап кетпесі белгілі. Осы жас аралығында командаға бой үйретіп, топтық тапсырма орындауға бейімделеді. Команда рухын сезініп, икемді бола түседі. 5–7 жастан бастап, көсіле доп тебуді, техниканы меңгереді. Бапкердің айтуынша, талабы мен таланты бар балалар ерте жастан-ақ көзге түседі. Мадияр Бақытбектен жеке орталықтағы бапкердің жалақысы туралы сұрағанымызда, құпия ұстайтынын алға тартты.
Астана қаласы бойынша көркем гимнастика спортымен айналысатындардың қарасы көп. Шамамен, бес мыңға жуық бала осы спортқа ден қойған. Бұл статистикада мемлекеттік және коммерциялық мекемеде жаттығатындар бірдей қамтылған. Комитеттің дерегі бойынша, өткен жылы балалар-жасөспірімдер спорт мектептерінде 242 спортшы көркем гимнастика санаты бойынша тіркелген. Әрине, мұндай мектептің талабы да жоғары. Білікті бапкер Меруерт Балғынбаеваның айтуынша, мамандандырылған мектепке қабылдану үшін бірінші баланың дене бітіміне қарайды. Аяғы ұзын болса, бұлшық еті мен иілгіштігі бір-бірін толықтырып тұрғанына мән береді. Бұл мектепке өтпей жатса, жеке мектепке баруға болады. Топқа жаңадан келген бала аптасына үш рет, бір жарым сағаттан жаттығады. Қатысқанына екі жыл болған шәкірттер аптасына үш реттен екі жарым сағатын көркем гимнастикаға арнайды. Осылайша, жаттығу сағаты өседі. Мысалы 10–12 жастағы қыздар аптасына бес-алты рет келіп, үш-төрт сағат талмай жаттығу жасайды. Темірдей тәртіпке үйренген қыздарға кейін басқа спорт түріне ауысу да жеңіл болады.
Расымен, Астана қаласында көркем гимнастикаға баулитын жеке мектеп көп. Кейбірі қыздарды үш жастан бастап қабылдайды. Ата-аналардың айтуынша, көркем гимнастика қымбат спорт түріне жатады. Арнайы киім мен құралдарды сатып алу қалтаға салмақ түсіреді.
«Иә, көркем гимнастика – қымбат спорт түрінің бірі. Бірақ қазір спорт құралдары мен киімдерін тиімді бағада таба аласыз. Мысалы «Изумруд» көркем гимнастика мектебінде спорт құралдарын жалға алуға болады. Сондай-ақ нарық талабына сай, кейбір фирма орта сегментте сапалы құралдар шығара бастады. Мысалы, Indigo, Verba бренді Chacott, Sasaki, Pastorelli брендінен кем түспейді. Сондықтан көркем гимнастикамен айналысу үшін аса көп қаражат кетпейді», – дейді «Изумруд» көркем гимнастика мектебінің тренері Айдана Маратқызы.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы тағы бір қымбат спорт түрі – үлкен теннис. Жақсы бапкер табу, корт жалдау қалтаға салмақ түсіреді. Қазақстан теннис жарысы көп өтетін елдерден қашықта орналасқан. Сондықтан балаларға Аустралия, АҚШ, Франция секілді елдерге барып, турнирге қатысу мұң. Әйтпесе, бапкерлердің айтуынша, республикамызда талантты бала жетерлік. Жаттықтырушы Марат Шәріпов сұқбатының бірінде теннисшілердің 95 пайызында шетелге барып ойнауға мүмкіндік жоқ екенін айтқан. Әрі теннисте табысқа жету үшін әлемдегі үздік 200 спортшының қатарына кіру шарт. Оған қоса елордада тенниспен айналысу үшін ауа райы қолайсыз. Үнемі жаттығу залында жүрген соң, топырақтағы ойынға төселу қиын.
Иә, мамандар баланы тенниске 5–6 жасынан беру керегін айтады. Елімізде Baby tennis бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама арқылы баланың икемін байқап, қарым-қабілетін анықтауға болады. Алдымен екі-үш жыл бой үйреткен бала 7 жастан бастап алғашқы кездесуін өткізе бастайды. Жалпы, теннис орталықтарының қабылдау шарты бойынша, баланы жүгіртеді, ракеткамен допты ұру деңгейі мен қимыл-қозғалысын қаперге алады.
Теннис федерациясының мәліметі бойынша, кейінгі жылдары теннис корттарының саны өсіп, бұл спорт түріне қызығатындардың саны артқан. Оған Уимблдонда топ жарған Елена Рыбакинаның да әсері бар. 17 өңірде 344 теннис алаңы салынған. Жыл сайын осы спорт түрінен 150-ден астам турнир өтеді. Айта кетерлігі, 10 жасқа дейінгі балалар арасында бес мыңнан астам жас спортшы бар. «Қолжетімді спорт» бағдарламасы аясында балалар теннисті тегін үйрене алады.
Мамандар баланы ерте жастан спортқа, ережеге үйрету болашағына пайдалы екенін айтады. Астана қаласындағы Көркем гимнастика федерациясының президенті Сайранбек Ербатырұлының пікірінше, спорт гимнастикасымен айналысқан бала басқа спорт түріне тез бейімделеді. Ал атақты шорт-трекші Абзал Әжіғалиевтің айтуынша, ата-ана өз амбициясына жеңілмей, баласын қалаған спорт түріне жетектеп апарғаны дұрыс. Бала өзі сүйген іспен айналысқанда ғана нәтиже шығарады. Мысалы, коньки тебе алсаң, шорт-трекпен қатар, хоккей, мәнерлеп сырғанаудың бірін таңдауға болады.
Алаң төңірегіндегі ауан
Расымен, балалар арасында танымал спорт түрлерінің рейтингісіне қарасақ, тізім басында қысқы спорт түрлері жоқ. Тиісінше, бұған инфрақұрылым мен жарнаманың азы себеп. Ата-аналар да баласын жекпе-жек спорт түрлеріне апаруды жөн көреді. Спорт сарапшысы Ардақ Тоғым солтүстік өңірде қысқы спорт түріне жақсы жағдай жасалғанын алға тартты. Оның айтуынша, басқа өңірдегі ата-ана ізденіп, балаларына мұз айдынын көрсетуі керек. Әрине, алдымен ақылы үйірмеге жаздырып, артынша икемі келсе, тегін үйірмеге апарғаны абзал. Сарапшы еліміздің әр ауданынан бір-бір мұз айдынын салып, инфрақұрылымды дамытуға болатынын айтты.
«Балалар мен жасөспірімдер арасында қарқынды дамып жатқан спорт түрі – футбол. Инфрақұрылымды дамыту жағы да – өзекті мәселе. Биыл Футбол федерациясы қаржысына түрлі өңір мен ауданнан алаң салуды, қайта жөндеуді қолға алды. Арқалық, Жезқазған және басқа моноқалалардың да қатарға кіргені қуантады. Осы орайда жергілікті әкімдік пен спорт басқармасы да іске кірісіп, спортты дамытуды қолдауы керек. Жеке кәсіпкерлер де осыған ден қойса, жемісін жейді. Бұл балалар мен жасөспірімдерге де тиімді. Тағы бір мәселе, климатқа сай көбірек жабық алаң салсақ. Модульді алаңдардың да көбейгені керек. Бұрынғымен салыстырғанда, қазір жағдай едәуір жақсы. 90-жылдардағы спорт кешендерін талқандап біттік. Кей ауылда арнайы кешен де жоқ. Ауыл-аймақтағы спорт инфрақұрылымы мәселесін кешенді шешу керек. Сол аймақтан шыққан кәсіпкерлерді тартуды да қарастырған жөн. Жыл сайын түрлі бағдарлама бойынша мемлекет жергілікті бюджетке қаражат бөледі. Соны тиімді пайдаланып, спорттың дамуына салса дейсің. Ал бапкер жалақасына келсек, мемлекеттік мекемеде бапкер категориясына байланысты жалақы алады. Ұлттық дәреже, бірінші дәрежелі, халықаралық дәрежесіне қарай бапкерге айлық тағайындайды. Еңбек өтілі де есепке алынады. Меніңше, мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндер 250–300 мың теңге көлемінде жалақы алады», – дейді спорт сарапшысы Ардақ Тоғым.
Балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мәселесі жақында мәжілісте көтеріліп, артынша Премьер-министр орынбасары Қанат Бозымбаев жауап берген-ді. Оның айтуынша, «Жол картасына» сәйкес, 2028 жылға дейін ауылдарда 100 жылдам салынатын спорт ғимаратының құрылысы жоспарланған. Биыл 25 нысанның құрылысы жүріп жатыр. Ауылды елді мекендерде 2028 жылға дейін 271 нысан салу және жөндеу жоспарда бар. Соның ішінде, жаңа құрылыс – 213, жөнделетіні – 58. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында биыл 74 нысанның құрылысы жүріп жатқаны тағы бар.
Инфрақұрылым мәселесі бойынша, Алматы мен Астана қаласында көркем гимнастика талабына сай ғимарат табу мұң болғаны есімізде. Ата-аналар Қазақстан спортшылар одағына шағымданып, петицияға қол қойған еді. Оған спортшы қыздың көзін жарақаттап алғаны себеп болды. Ол биіктігі 2,8–3 метр болатын ғимаратта жаттығып, қолындағы спорт құралы ұшып кетіп, соның кесірінен көзін зақымдап алған. Ал, мамандардың айтуынша, көркем гимнастика талабы бойынша зал биіктігі 18 метрден кем болмауы керек. Республика көлемінде мұндай зал Шымкентте ғана бар.
Қош, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту жайына келгенде инфрақұрылым маңызды рөл ойнайтынын жаздық. Тіпті кей аймақта тұрғын үй алаңқайындағы ойын алаңының да жағдайы мүшкіл. Ауылдағыдай асыр сала алмайтын бала үшін ауқымды мәселе екені айтпаса да белгілі. «Балалар жылы» аясында алаңқайларды жаңалаймыз дейтін ұран да сиырқұймышақтанып кеткені рас. Ал ауыл баласы жасыл алаңда доп теуіп, спорт кешенінде тәлім алғысы келеді-ақ. Теледидардан мұзайдында шайбаны әрі-бері соққан хоккейшіге, шақырымды оңай еңсеріп келе жатқан шорт-трекші мен мың бұрала билеген гимнасқа тамсанары анық. Биыл Париж олимпиадасынан кейін Нариман Құрбанов сияқты тұтқалы аттың құлағында ойнағысы келеді, білем. Бәлкім, ішінде екі мәрте олимп шыңын бағындырған Арманд Дюплантис сияқты сырықшы жатқан болар. Ал ауылды былай қойғанда, қаладағы бала жеңіл атлетикамен қалауынша айналыса ала ма?! 2021 жылдан бастап спорт секцияларын ашуға бюджеттен 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді. Жауапты министрлік 2023 жылы ArtSport бағдарламасына 86,7 млрд теңге бөлінгенін мәлімдеген-ді. Жыл сайын түрлі деңгейде бюджеттен қаржы бөлініп жатқаны тағы бар. Дегенмен мұнда күріштің арқасында күрмек су ішіп жатыр ма, әлде жағдай қалыпқа түсе ме – мұның жауабын әріректе білеміз.
1273 рет
көрсетілді0
пікір






