Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 24 Қараша, 2024

Мемлекет басшысы «Еуразия» кинофестивалінің қатысушыларын құттықтады

Алматыда XVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Іс-шараға орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хатын жолдады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап kazgazeta.kz хабарлайды. 

Мемлекет басшысының құттықтауын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оқып берді.

«Бұл – төл мәдениетімізді күллі әлемге танытатын бірегей жоба. Биылғы байқау қазақ киносының корифейі Шәкен Аймановтың туғанына 110 жыл және «Қазақфильм» киностудиясының құрылғанына 90 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның символдық мәні зор. Кино өнері жұртшылықты жасампаздық пен жаңашылдыққа шақырады, жалпы адамзатқа ортақ құндылықтарды дәріптеп, ұлт сапасын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ түрлі халықтың мәдени байланысын нығайтады», – делінген құттықтау хатта.

Мемлекет басшысы елімізде ұлттық кинематографияны қолдауға баса мән беріліп отырғанын да атап өтті.

«Осы саланы дамыту үшін Қазақстанда ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Мамандарымыз мазмұнды әрі мағыналы картиналар түсіріп, аға буынның сара жолын лайықты жалғастырып келеді. Фильмдеріміз беделді байқауларда жүлде алып жүр. «Еуразия» халықаралық кинофестивалі шын жүйріктерді анықтап, ең үздік жобаларға жол ашады деп сенемін. Көрерменге ой салып, рухани азық болатын туындыларыңыз көп болсын!» – деді Президент.

Өз кезегінде Аида Балаева «Еуразия» кинофестивалінің Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияның мәдени брендіне айналған бірегей форум екенін атап өтіп, отандық кино саласын жүйелі түрде дамыту, заңнамалық базаны одан әрі жетілдіру бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты.

Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі 24-30 қараша аралығында өтеді. Фестивальге 15-тен астам ел қатысып жатыр.

Ауқымды шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы ұйымдастырған.

Айта кетейік, биыл конкурс бағдарламасында үш құрлықтан келген 12 фильм ұсынылады.

Конкурс Бангладеш пен Оңтүстік Кореядан бастап, Австрия мен Катарға дейінгі елдердің туындыларын қамтиды. Еуропа, Азия және Таяу Шығыстан келген шығармашылық топтар әмбебап тақырыптар мен жергілікті контекстті біріктіретін жұмыстарды ұсынбақ.

Фото: gov.kz

3025 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз