- Таным
- 25 Қараша, 2024
Ақынның мұраты - қоғамды ізгілікке шақыру
Ел тәуелсіздігін алар жылы ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстік. Курстағы елуден аса студент танысып-білісіп араласып жатырмыз. Тұрағымыз – «КазГУ-градтағы» журналистердің әйгілі бесінші жатақханасы. Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданынан келген Бекжан Әшірбаев сөзге сараң, біртоға көрінді. Көбіне өзімен-өзі, саяқ жүреді. Кейін білдік, өлең жазады екен. Өз әлемі өзінде. Ешкім кедергі келтірмесін дегендей, ортамен қоян-қолтық араласа қоймады.
Бекжан оқуға зерек болды. Көбіне поэзиялық кітаптар оқып жүреді. Бөлмелесі Сәндібек Жұбаниязовпен ым-жымы бір. Өлең өлкесінде өмір сүреді екеуі. Тақырып – поэзия. Талқылайды, күзейді, түзейді. Болды-ау дегенде дауыстап оқып жатады. Кейде келіп жазған өлеңдерін ұсынады. Бірде:
Көршінің қызы керемет еді,
Әкесі де оның жақсы адам.
Біздің ауылдан неге кетеді,
Ауа райы ма жақпаған? – деген өлең жолдарын оқып берді. Пікірімізді сұрады. Мен: «Мұндай да өлең бола ма? Бұл жердегі махаббатқа қыздың әкесінің не қатысы бар? Ертең біреулер сынап жүрмей ме? Ұят болмай ма?» – дедім салған жерден. Мұнымды «Бекжан қалай қабылдайды, шамырқанып қалмай ма» деген ой келмеді. Басқа курстастар да осы орайлас пікір айтып жатты. Бірақ менікі сол жерде маңдайдан ұрғандай ашық сын еді. Бірақ Бекжан өзінікінің дұрыс екенін айтып, салғыласпады. Салқынқандылықпен қабылдады. Біраз отырды да, кетіп қалды.
Көп ұзамай тағы келіп, «осы өлеңге ән шығардым, тыңдап көріңдер» деп, әлгі өлеңді әнге қосып ыңылдап айтып берді. Бекжанның сазгерлігі барын сонда білдік. Бәрібір мен өз ойымда қалдым. Ішімнен: «Мына өлеңің біртүрлі ғой десем. Оған дес бермей, ән шығарып, айтып тұрғаны қызық болды ау!» – деп қоямын. Бекжан өмірде қайдам, өнерде өзінің бірбеткейлігін алғаш бізге осылай көрсетті.
«Көршінің қызы» әні отырыстарда, студенттік ортада және жатақханаларда жиі айтылып, танымалдығы арта бастады. Әнші Тоқтар Серіковтің орындауында ән үлкен сахналарға жолдама алып, тез таралып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Енді той-жиын, концерттер «Көршінің қызынсыз» өтпейтін болды. Сөйтіп, көршінің қызы шын мәнінде керемет болды. Ойпырмай, бұлай да болады екен ғой деймін іштей ұялып. «Көршінің қызы» атты шағын өлеңнің әнге өріліп, осыншалықты танымал болады дегенге өз басым күдіктендім. Бірақ Бекжан имандай сенген екен. Сенімі алдамады. Алғаш Бекжан Әшірбаев есімді ақын, композиторды өнер әлеміне әйгіледі. Осылайша халқымыздың қазақы хит әндерінің тарихына еніп, қоржынына қосылды.
Енді «Көршінің қызы» әні неге тез танымал болып кетті дегенге келейік. Біріншіден, мұнда мәтін тез жатталатын қарапайымдығымен көпшіліктің көңілінен шықты. Екіншіден, көршісімен ақыретке дейін тату тұратын қазаққа «көрші» ұғымы қастерлі, қасиетті саналатындықтан, ән тақырыбы өте таныс әрі ыстық еді. Ал ол «Көршінің қызы» деген махаббат лирикасына ұласуы тіпті әнге деген құштарлықты одан сайын оята түсті. Үшіншіден, әннің қазақы эстрадалық әуені мәтінге құйып қойғандай үйлесім тауып, «жұп-жұмыр, тегіс келсін айналасы» деп Абай атамыз айтқандай, төрт аяғын тең басқан сәтті туынды тыңдарманының жүрегіне жол тапты.
«Көршінің қызы» әні осылай таралып кетті. Бұл ән ақын, композитор Бекжан Әшірбаевтың шығармашылығының бойтұмарына айналып, үлкен өнер өлкесіне жолдама берді. Бекең сосын кең тыныспен кірісті. Таланты сан қырынан ашыла бастады. Айтыскер ақын, жазба ақын, композитор, ғалым-ұстаз hәм журналист ретіндегі қолтаңбасымен көріне бастады. Енді Бекеңнің әр қырына бірқыдыру шолу жасап көрелік.
Ақын Бекжан Әшірбаев поэзияда өзінше өрнек салып келеді. Басқаларға ұқсамайды. Қоғамдағы құбылыстарды оқырманына салмақты ой, сарабдал суретімен жеткізеді. Ақындардың өзіне еріксіз езу тартқызып, «бұлай да жазуға болады екен ғой» дегізеді. Тұңғыш поэзиялық жинағы «Қоңыр әуеннен» биыл «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Айбергенов атындағы сағыныш» кітабының арасында өсу бар, даму бар. Ең бастысы, ізденіс бар. Поэзиясының негізгі тақырыбы – ел мұраты, ұлттың мұңы десек қателеспейміз. Әділетсіздікке төзбейтін ақынның әлеуметтік желіде ащы өлеңге өрілген ойларын да оқып тұрамыз. Ақындық қана емес, азаматтық ұстанымына адал ақынның халық мүддесі таразыға түскен тұста бұғып қалмайтынын да білеміз. Бұл ақын Бекжан Әшірбаевтың қаламына адалдығын аңғартса керек. Бекеңнің жырларында тосын теңеулер, күрделі ұйқастар, сосын, ел байқамаған суреттеулер жиі ұшырасады. Бұл айтыстағы тапқырлықтың жазба әдебиеттегі түрленуі әрі ақынның тумысындағы байқампаздық деп білеміз.
Айтыскер ақын Бекжан Әшірбаев бұл өнерге өз жаңалығын ала келді. Ақын ағамыз Жүрсін Ерманның «Бекжанның дүйсенбіде айтқанын сәрсенбі күні түсінеміз» дегені дәл баға. Бекең айтыскер ақын ретінде сахнада көп жүрмеуінің өзіндік сыры бар. Оның айтыскерлік айтқыштығын көрермен ғана емес, әділ қазылардың өзі сол сәтте жете түсіне қоймады-ау деймін. Соны тіркес, кесек ойлар ағынын сәтінде қабылдай алмады. Алайда жеңіл әзіл, арзан әжуамен қауымды өзіне қаратып, ұпай жинаудан Бекең бойын аулақ ұстады. Айтыстан машина мінейін деп жанықпады. «Үнемі бас жүлде алу мен оны алмаудың сезімі бірдей» дейтіні содан болса керек. Дегенмен Бекжан Әшірбаевтың есімін қазаққа танытқан айтыс өнері екені анық. Біздіңше, Бекеңнің танымы мен айтыс табиғаты үйлеспеді. Айтыс шоуға, Бекең ойға бейім болды.
Композитор Бекжан Әшірбаев «Көршінің қызымен» ән әлеміне дүркірей келіп, өнімді еңбек етті. Атынан ат үркетін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Бекеңнің әнін орындауға құштар болды. Жақсы ән іздегендер өнердегі жаңа есімнің тың туындыларын репертуарларына алуға құмартты. Дегенмен табиғатында сырбаз Бекең әнге қатаң талап пен жоғары талғам тұрғысынан қарады. Нәтижесінде орындаушысын да тапқан, тыңдарманын да тәнті еткен әндер дүниеге келіп жатты. Жұбаныш Жексенұлы «Көктөбеге шақыру», Саят Медеуов «Мұңайма, қалқам», Жанболат пен Жазира дуэті «Сен жүрген көшелер шамсыз да жарық», Досымжан Таңатаров «Ал қызыл гүлім», Ақылбек Жеменей «Нәзігім», Асхат Тарғын «Бөле алмаймыз ғой бақты үшке», Роза Әлқожа «Мақтааралым – мақпал әнім», Сырым Исабаев «Сырдария ағысы» секілді авторлық әндерін орындайды. Бұдан да басқа туындылары белгілі әншілер репертуарынан орын алған. Иә, Бекжанның әндерінің сөздері де өзге әндерден бөлектеу болып тұрады. Дегенмен айтысындағы қабылдай алмаған ән сөздерінің иіріміне тыңдарман бойлай алды. Естір құлақ пен әнді орындайтын жүрек үйлесім тапқаны деп білдік. Бекеңнің бірнеше дүркін жеке шығармашылық концертін беріп, оны көрермені ыстық ықыласпен қабылдауы соның анық айғағы болса керек.
Журналист Бекжан Әшірбаев өзінің төл мамандығы бойынша баспасөз саласында да өнімді еңбек етіп келеді. Газет шығару ісінде ысылды, кәнігі кәсіби маманы болды. Бірқатар басылымға басшылық жасады. «Қазақ университеті» газетінде бас редактор, «Азамат kz» газетінде бас редактордың орынбасары, «Ел мен жер» газетінде бас редактор, «Жас қазақ үні» газетінде бас редактордың орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары және «Заң газетінің» бас редакторы қызметтерін атқарды.
Ғалым, ұстаз Бекжан Әшірбаев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген 1996 жылдан бері аталған оқу орнында аға оқытушы қызметін атқарып келеді. Бекеңнің тәрбиесін алған талай шәкірттері бүгінде еліміздің түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеп жүр. Ал Бекеңнің ғалымдық қырына келсек, қызмет бабымен жүріп, жасы егде тартса да журналистика факультетінің доктарантурасына оқуға түсіп, тамамдап шықты. Қазір «Қазақстандағы сөз бостандығының құқықтық негіздері мен әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбында докторлығын әні-міне қорғағалы жатыр. Елімізде бұрын-соңғы бұл қорғалмаған тың тақырыппен айналысып жүрген ғалымның ісіне сәттілік тілейміз.
Концерт ұйымдастырушы – продюсер деген және бір қыры бар Бекжан Әшірбаев әріптесі Төлжанбек Жақсыбаев екеуі – «Жеті нота» атты жобаның авторы. Алматыдағы Республика сарайында бірнеше рет концерт өткізді. Мақсат – ақын-композитор-орындаушы үштігін тең насихаттау. Көбіне әннің орындаушысы ғана дәріптеліп, марапатталып жатады. Тасада ақын мен композитор қалып кетеді. Осы олқылықтың орнын толтырудағы қадам да сәтті болғанын айтуымыз керек. Бұл – Бекеңнің жетінші қыры.
«Айбергенов атындағы сағынышы» бар ақын Бекжан Әшірбаевтың биыл шығармашылық есеп беру жылы. Өнерге әркімнің ақ бар таласы демекші, бір белеске көтерілген ақын ретінде қазіргі шығармашылығында жаңалықтары да жетерлік. Шығармашылық кеш, түрлі шаралар өтіп жатыр. Биыл бір сұқбатымызда «Қазір, өзіңіз айтқандай, ақпараттық сарындағы жырлар қаптап кетті. Бұл талғамның әлсіреуінен бе, әлде жарияланудың мүмкіндігі шектеусіз болғанынан ба? Осы ақынның өмірдегі миссиясы не?» деген сауал қойдық. Бекең баппен, салмақты үнмен: «Ақынның мұраты – қоғамды ізгілікке шақыру», – деді.
Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН
«Ана тілі» газеті
654 рет
көрсетілді0
пікір