Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 26 Қараша, 2024

Ғарышқа энергия жеткізеді

Абай облысының жас өнертапқышы ғарыш кеңістігінде энергия тапшылығын шешуге бағытталған инновациялық құрылғы ойлап тапты. Бородулиха ауданы, Жезкент кентінің мектеп-лицейінің 9-сынып оқушысы Нұрәли Амангелдиевтің ғылыми жобасы ғарыштағы жерсеріктер мен станцияларды энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Лазерлік сәулелену арқылы энергия жеткізудің тиімді әдісін ұсынған Нұрәлидің құрылғысы қандай екен? Ғарышта энергия тапшылығы расымен бар ма? Бірге үңіліп көрелік.

Нұрәлидің өнертабысы екі негізгі модельден тұрады. Бірі – лазер сәулесін екінші кемеге бағыттайтын фокус, ал екіншісі – фоторезистор. Бұл энергия жарық шамдарын жағу немесе ұялы телефонды қуаттау сияқты қарапайым қажеттіліктерді қамтамасыз ете алады. Құрылғы 10 метрге дейінгі қашықтыққа энергия жеткізе алатын қабілетке ие. Оның тиімділігі жаңбыр, қар, тұман сияқты түрлі ауа райы жағдайында сынақтан өткен. Мұндай мүмкіндіктер оны ғарыш кеңістігінде қолдануға ыңғайлы.

Жас өнертапқыш құрылғыны жасауға екі жылдан астам уақыт жұмсаған. Оның айтуынша, жоба барысында қарапайым әрі қолжетімді материалдар пайдаланылған. Бұл құрылғының басты мақсаты – ғарыштағы энергия тапшылығын шешу. Ғарыштағы энергия тапшылығы қазіргі ғарыштық миссияларда жиі кездесетін мәселе. Көптеген жерсерік энергияның таусылуына байланысты істен шығады, ал бұл ғарыш бағдарламаларын үлкен шығынға әкеледі. Жерсеріктер мен ғарыш кемелері энергияның таусылуына байланысты жиі істен шығады. Кейінгі жылдары ғарыштық зерттеулер ғарыштағы энергия тапшылығын шешуге бағытталған жаңа тәсілдерді қарастырып жатыр. NASA ғарыштағы энергия көздері ретінде күн сәулесін пайдалану тәсілдерін жетілдіріп жүр. Мысалы, ғарыштық станцияларда қолдануға ыңғайлы әрі тиімді күн батареяларын жасау үшін жаңа материалдар, соның ішінде металл галогенді перовскиттер сияқты жұқа пленкалы фотоэлектрлік материалдар зерттеледі. Нұрәлидің өнертабысы бұл мәселені тиімді шешуге көмектеседі. Лазерлік сәулелену арқылы энергияны жеткізу мәселені шешудің тиімді әдісі болмақ.

Нұрәли жобасын 2019 жылы Мәскеу физика-техникалық институтының байқауында таныстырған. Онда ол жоғары бағаланды. Кейінірек құрылғыға қуаты жоғары лазер қосып, бағдарламалық кодын жетілдірді. Бұл жаңашылдық оның құрылғысын одан әрі тиімдірек етті. Қазіргі уақытта Нұрәли өнертабысын жоғары деңгейдегі додаларға, мәселен Байқоңырда өтетін халықаралық байқауға ұсынуға дайындап жатыр. Ол болашақта құрылғыны одан әрі жетілдірмекші. Мысалы, күн батареяларын қосу арқылы құрылғыны тек ғарышта ғана емес, жердегі тұрмыстық қажеттіліктер үшін де пайдалану мүмкіндігін зерттеп жатыр. Егер бұл жүзеге асырылса, құрылғы тек ғарышта ғана емес, жердегі энергетикалық мәселелерді де шешуге көмектеседі.

Кейіпкеріміз осыған дейін де түрлі жоба жасаған. Солардың бірі – жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға арналған «Сатылмайтын Алпамыс» компьютерлік ойыны. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі оқушылар мен студенттер арасында өткізген байқауда 200-ден астам үміткер өтінім берді. Солардың ішінде үздік шыққан жоба авторы Нұрәли жұмысы үшін бір миллион теңге ұтып алды.

Ойындағы бас кейіпкер – Алпамыс. Автордың айтуынша, жобаның атауы «Алты жасар Алпамыс мектепке барады» фильмінен туындаған. Оған Алпамыстың бойындағы шыншылдығы және әділеттігі ұнаған. Алпамыс ойын барысында шешім қабылдауы қажет түрлі жағдайларға тап болады. Жерді жалға алудан бастап мемлекеттік қызметтегі адамдардың жемқорлық әрекетіне дейінгі оқиғаларды қамтиды. Әзірге ойын тек компьютерге арналған болса, болашақта мобильді құрылғыларға, VR форматына бейімдеу және App Store мен Google Play-ге шығару жоспарланған.

Нұрәлидің инновациялық өнертабысы Қазақстанның ғылыми әлеуетін көрсетіп қана қоймай, жас таланттардың шығармашылық және инженерлік қабілетін ашуға мүмкіндік береді. Оның жұмысы жас ұрпаққа шабыт беріп, болашақ ғалымдардың пайда болуына жол ашуы мүмкін. Лазерлік технологиялар арқылы энергияны тиімді жеткізу әдісін ұсыну – тек қазақстандық ғылым үшін ғана емес, жалпы ғарыш саласы үшін де үлкен жетістік.

Олжас ПАВЛИК

«Ұлан» газеті, №48
26 қараша 2024 жыл

702 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз