- Біздің сұхбат
- 26 Қараша, 2024
Зоолог, орнитолог болам десең...
Балалар, жануарларды жақсы көресіңдер ме? Ал олардың ерекше суреттерін ше? Енді олардың түр-сипаты мен ерекшелігін танытатын жоғары сапалы портреттік фотосын тамашалауға мүмкіндік туды. Жақында Алматыда «Қазақстанның тұмса табиғаты» деп аталатын сайт пен фотокөрменің таныстырылымы өтті. Сайт ғылымға деген қызығушылықты арттырып, Қазақстанның биоалуандығын сақтаудың маңызына жұртшылық назарын аударуды мақсат еткен.
Жобаны EcoForming экология және білім беру қоры «Шеврон» компаниясының демеушілігімен, сондай-ақ Қазақстанның Зоология институты және National Geographic Qazaqstan журналының қолдауымен жүзеге асырды. Авторлардың айтуынша, жаңа сайт еліміздің жан-жануарлар дүниесін жақынырақ таныстыруға, аңдар мен құстардың бірегей фотоларын көруге мүмкіндік береді. Бұл фотогалерея жобаны дамыту барысында жаңа фотосуреттермен толыға бермек.
– Әуелден мақсатымыз балалар мен жасөспірімдерді, жас ғалымдарды Қазақстанның тұмса табиғатына, байтақ еліміздің фаунасына қызықтыру болған. Уеб-сайтта энциклопедиялық ақпарат болып қана қоймай, жануарлардың портреттік фотосы болса деп шештік. Портреттік фото деген не? Мысалы, біз фотостудияға барған кезде ақ, қара фондарда суретке түсеміз. Оның ерекшелігі – бірнеше ракурста түскендігінде. Біз де жануарларды осылай түсірдік. Бұл сайттың ерекшелігі десем болады. Мұндай фотолар оны тірідей көрмеген адамға өте қызық. Өйткені портреттік фотода сіз жақындатып, жануарды тұтас әрі мұқият көріп шығасыз. Бұл ересектермен қатар балаларға да қызық. Жануарлардың суреті деп қана қоймай, портреттік фотолары деп акцент беріп жатқанымыз сондықтан, – деді жобадағы команда өкілі Қанат Абашов.
Сайт таныстырылымы аясында «Қазақстанның тұмса табиғаты» деп аталатын фотокөрме ашылып, онда жобаның дерекқорына енгізілген жан-жануарлардың бірегей фотосуреттері жұртшылық назарына ұсынылды. Жобаға атсалысқан кәсіпқой фотографтармен тілдесуге мүмкіндік туды.
– Жануарларды фотоға түсіру оңай емес. Оларға адамдарға айтқандай бері қара, былай тұр деп айта алмайсың. Бұл үлкен шыдамдылық пен шеберлікті қажет етеді. Жабайы жануарларды түсірген кезде сәтті кадрларымыз да болып тұрады. Солардың бірін айта кетейін. Жоба барысында бірінші Балқаш көлінің бойына бардық. Сонда машинамыздың қасына түлкі келді. Оны тез арада түсіріп алғанымыз бар. Ол да бізді түсінгендей «түсіріп болдыңдар ма?» дегендей соңына дейін шыдады. Фотокөрмені дайындауға бір жыл уақыт кетті. Менің қасымда екі фотограф болды. Осы уақыт аралығында Қорғалжын, Іле-Балқаш ұлттық қорықтарындағы, «Алтын-Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі, Алматы және Қарағанды қалаларының хайуанаттар бағындағы жануарларды түсірдік, – деді National Geographic Qazaqstan журналы редакциясының шеффотографы Ерболат Шадрахов.
Келешекте зоолог, орнитолог болам деген жас буынға бұл үлкен бастама. Әрі пайдалы платформа. Қазір еліміздің аң-құсы жиналған тек бір ғана ресурс бар. Ол – «Қызыл кітап». Бірақ ондағы суреттер қолдан салынған әрі тым ескі. Суретін салу мен суретке түсіргеннің айырмашылығы тым бөлек. Салғанда жануардың бүкіл болмысы, палитрасы берілмейді. Сол себепті National Geographic Qazaqstan журналының зерттеуге қызығатындар үшін көрнекті әрі бағалы дерекқор қызметін ұсынуда маңызы зор болып отыр.
Олжас ПАВЛИК
Фото авторлары: Ерболат Шадрахов, Дмитрий Ругис, Владислав Якушкин
«Ұлан» газеті, №48
26 қараша 2024 жыл
2405 рет
көрсетілді0
пікір