Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 27 Қараша, 2024

Тіл үйренудің түрлі әдісі бар

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақтың тілі – қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де тілінде. В.Радлов айтқандай, қазақ тілі – ең таза әрі бай тілдің бірі. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасыдан басталады. Отбасыда ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады», – деген еді. Осы орайда Жетісу облысының Тіл саясатына назар аударып, облыс­тық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мамандарымен тілдескен едік. Бұл өңірдегі мемлекеттік тілді оқыту сая­сатын да сұрап-білдік.

Жеңіс Хамитұлы, Жетісу облысының «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы:

 

Он екі мыңға жуық адам Тіл оқыту орталығынан білім алды

 

– Жетісу өңіріндегі Тіл сарайы – Республикадағы жалғыз Тіл сарайы. Бізге қарасты 8 аудандық, 1 қалалық, өзімізді қосқанда 10 орталық боламыз. Бір қалалық филиал дегеніміз — Текелі қаласында орналасқан филиал. Барлық аудандардағы филиалдарымыз облыс әкімдігінің қолдауымен ашылған. Біз қаржыландырамыз, осы жерден тапсырма беріледі. Әрқайсысында меңгеруші, мемлекеттік тіл және ағылшын тілі оқытушылары жұмыс істеп жатыр. Барлығына облыс әкімдігінен қолдау бар, материалдық, техникалық базасымен қамтылған. Орналасқан жерлері көрнекті, мәдениет үйлерінде жайғасқан. Сарқан ауданында баспа газетінің жанынан арнайы кабинет берілді. Облыс бойынша барлық бөлімде 45 қыз­меткер штаттық режімде еңбек етіп жатыр. Оның ішінде басшымыз да, есепшіміз де, ұстаздарымыз да, жүргізушіміз де бар. Биылғы жылы алдағы желтоқсан айында 4 634 тыңдаушымен аяқтағалы отырмыз. Аяқтаушыларымыздың 3 822-сі мемлекеттік тілде, 812-сі ағылшын тілінде жалпы саны 288 топ тамамдайды. Оның ішінде 1 206 – мемлекеттік қызметкер,  
2  475-і – бюджеттік сала мамандары, 
953-і – ерікті түрде үйренуші тұлғалар. Ұлттық құрамы: 2 972-сі – қазақ, 1 662-сі – этнос өкілдері (35%). Ал былтыр «Тіл» оқу-әдістемелік орталығын 3 800 тыңдаушы аяқтады. 
Мемлекеттік тілді оқыту курсына қабылданған тыңдаушылар саны – 2 990, топ саны – 184, оның ішінде 822 – мемлекеттік, 1 550 – бюджеттік сала қызметкерлері, 618 – жеке тұлға. Ұлттық құрамы: 1 928-і – қазақ, 1062-сі – этнос өкілдері (36%). Біз мұнда ешкімді мәжбүрлеп әкеліп оқытпаймыз, барлығы өз еркімен, сұранысымен келеді. Әлеуметтік желілерге, телевизия мен газеттерге, блогерлерге хабарландыру береміз. Содан естіп, жан-жақтан өздері жиналады. Ішкі істер саласындағы әртүрлі қызметкерлер, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері, органдар, банк қызметкерлері, Азаматтарға арналған үкімет, Қазпошта сияқты әртүрлі мекемелерден келіп оқып жатқан тыңдау­шыларымыз бар. Биыл әр деңгей бойынша 1 062 этнос өкілі бізден мемлекеттік тілді оқып шығады. Мысалы, украин ұлтының өкілі Надежда А1 деңгейін желтоқсан айында бітіреді, емтиханын тапсырып, қолына сертификатын алады. Өзіңізге айтып бергеніндей, әрі қарай қалған деңгейлерді жалғас­тырмақшы. А2 деңгейіне содан соң В1, В2 деңгейіне көшеді.  Біз өз тарапымыздан әр деңгей сайын емтихан алып, қолдарына сертификатын табыстаймыз. Үйренушілерге курстарымыз теп-тегін, су тегін деп айтайыншы. Бұл – мемлекеттің қолдауы. Бізге жалақымызды төлеп, осындай тамаша ғимарат салып беріп отыр. Облыс әкімдігінен қолдау жақсы, оны жасырмаймыз. Сондықтан тегін оқытамыз. Қазақта «Жоқтың түбі жоғалар, бардың түбі оңалар» деген мақал бар ғой. «Шүкір» дейміз, «жоқ» деп айтпаймыз. «Шүкір етсеңдер, арттырамын» деген Алланың сөзі бар, оны білесіздер. Бұл Тіл орталығының негізі 2005 жылы өңір Алматы облысы болып тұрған кезде қаланған. Одан кейін 2022 жылы Жетісу облысы болып құрылғанда орталығымыз қайта жасақталды, яғни Жетісу облысының тарихында 2022 жылдан бері жұмыс істеп келеміз.  Содан бері 12 мыңға жуық адам бізден сабақ өтті. Біздің негізгі функционалды жұмысымыз алдымызға келген адамды үйретіп шығару. Ұстаздарымыз келушілеріміздің деңгейін анықтайды. Одан соң деңгей-деңгей бойынша бөлеміз. Мәселеге келер болсақ, мысалы, қазір докторантураға түсу үшін, ішкі істер саласына жұмысқа тұру үшін Qaztest тапсырады. Qaztest – Ұлттық тестілеу орталығының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі. Біз оны тапсыруға сұраныс жібереміз, Астанадан арнайы мамандары келіп, осы жерде немесе аудандарда өткізеді. Докторантураға, Астанадағы М.Нәрікбаев атындағы Казақ гуманитарлық заң университетіне, «Самұрық-Қазына» АҚ-ға, «Қазақстан Темір жолы» ҰҚ» АҚ-ға жұмысқа тұру үшін Qaztest тапсыру міндеттеліп жатыр екен. Тіл жанашыры ретінде мемлекеттік қызметке, мемлекеттік органдарға жұмысқа кірушілерге, одан қалды, тек докторанттарға емес, магистранттарға, филология факультетіне оқуға түсушілердің барлығына осы Qaztest-ті міндеттесе дейміз. Олай болады деген де сыбыс бар, енді тезірек қолданысқа енсе екен дейміз. Сол кезде адамдар мемлекеттік тіл бәрібір алдынан айналып шығатын болғандықтан, бірден қазақша үйренуге бейімделеді, өсіп келе жатқан баласын да соған үйретеді. Өйткені оқуға түссе де, жұмысқа тұрса да, Qaztest тапсыратынын біледі.  Шетелге оқуға түсу үшін бәленбай мың ақша төлеп тұрып, ағылшын тілінен IELTS  тапсырады ғой. Сол сияқты Қазақстандағы кез келген оқу орнына түсуге, жұмысқа қабылдануға тест тапсыруды міндеттесе деген арманымызды алға тартамыз. Бір жағынан мәртебесі де өсер еді. Сөйтіп, мемлекеттік тілді мектепте үйренеді, мектепте үйренбесе, бізге келіп, бізден үйренеді. 

Меруерт Жеңісқызы, оқытушы:

 

Орталығымыздан тілді жетік меңгеріп шыққандар өте көп

 

– Мен көбіне бастапқы А1, А2 деңгейінде оқуға келетін этнос өкілдерімен жұмыс істеймін. Өзге де ұстаздар В1, В2 деңгейлеріне сабақ береді, солай өзара келісеміз. Оқыту методикам туралы айтар болсам, тыңдаушылармен әсіресе сөздікпен көп жұмыс істейміз. Қазір «Сөздік-словарь» айдарын әлеуметтік желіде тұрақты жүргізіп отырмыз. Онда әр тыңдаушыдан сабақ біткен сайын «сіз бүгінгі сабақтан қандай сөз үйрендіңіз» деп сұраймыз, олар жауап береді. Мәселен, түс сөзінің екі түрлі мағына беретінін, бірі қызыл, жасыл секілді түстер ұғымын білдірсе, екіншісі ұйықтағанда көретін түсті білдіреді. Қазақ тілі өте бай тіл болғандықтан, осылайша, бір сөз бірнеше мағына беруі мүмкін екенін айтып, мәнін толық ашамыз. Бізде әр тақырыпқа екі сабақ арналады. Үшінші сабақта осы екі сабақта өткен жаңа сөздерден бақылау аламын. Алдарына таза парақ беріп, қазақша сөздер айтамын, олар орысша баламасын жазады немесе орысшасын айтамын, олар қазақшасын жазады. Егер білмеген сөздері болса, келесі сабақта жаттап келеді. Келесі сабағында сөздік диктантты толықтырамыз. Тіл үйренген кезде өзге этнос өкілдеріне басында біздің төл әріптерімізді айту қиындық тудырады. Мысалы, «-ң, -ғ, -қ» әріптерін қалай айтамыз, қалай ажыратамыз?» деп сұрайды. Оны арнайы методикамен жақсылап түсіндіреміз. Ал жазу сауаттылығы барысында алғашқы жазылған диктант пен соңғы алтыншы айда жазылған диктантты салыстырғанда екеуінің арасында жер мен көктей айырмашылық байқалады. Бұл, әрине, қуанарлық жайт. Соңғы диктантта олар төл дыбыстарымызды ажырата алатын деңгейге жетеді. В1, В2 деңгейіне жеткен тыңдаушыларым бар. Кешке жұмыстан шаршап шықса да, 18:30 бен 19:30 аралығына қойылған сабаққа қалмай келеді. Қызығушылық деңгейі соншалықты жоғары деп айта аламын. Биыл төртінші жыл мемлекеттік тілден сабақ беріп жатырмын. Осы уақыт аралығында тілді сәтті үйреніп шыққандар қатары аз емес. Соның бірі Александр есімді тыңдаушымыз. Ұлты – орыс. Ұлттық қауіпсіздік саласының қызметкері. Басында мұны айтпады. Кейін білгеніміздей, ол кісінің жұмысы көбінесе қазақтармен екен. А1 деңгейінде тіл білмей қабылданды. Орта есеппен екі жыл менің тобымда оқыды. Нәтижесінде қазақ тілін үйреніп шықты. Сөйлескенде, өз ойын еркін жеткізе алады. Қазір арасында орталығымызға хабарласып тұрады. Ол «Мен сауда орындарына барып, сауда жасағанда еркін сөйлесіп, сауда жасаймын» деп алғысын айтады. Тағы бір тыңдаушымды айта кетейін, есімі Ангелина. Ол да бастапқы А1 деңгейінің үйренушісі болып келді. Кейін тілді меңгере келе, облыстық өзге этнос өкілдері арасында өтетін  «Үздік тыңдаушы» атты байқау­ға қатысып, «Бас жүлдені» жеңіп алды.  

Надежда Гребенец, тіл үйренуші:
 

Қазақша үйрену қиын емес

 

– Мен қазақ тілін тамыз айы­нан бастап осы Тіл сарайындағы облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының мамандарынан үйреніп жүрмін. Мемлекеттік тілді білу деңгейім алғашқы сатыда болғандықтан, бастапқы А1 деңгейінде оқуды таңдадым. Сабақ аптасына екі рет дүйсенбі және сәрсенбі күндері бір сағаттан болады. Мұғаліміміз Меруерт Жеңісқызының тіл үйретудегі біліктілігі жоғары, сабақты өте қызықты өткізеді. Жиі диктант жазамыз, үнемі қазақша сөйлесу дағдымызды жетілдіріп отырамыз, жаттап жүрген сөздік қорымызбен әртүрлі жаттығулар орындаймыз. Бұрын мектеп пен университетте де үйреніп бастаған едім, бірақ ол кезде нақты мақсат болған жоқ. Қазіргі уақытта нақты мақсат мемлекеттік тілді жұмыс үшін және айналадағы адамдармен еркін қарым-қатынас құру үшін үйренудемін. Отбасымда әкем мен анам аздап қазақша сөйлейді. Қазір біздің оқу тобымызда 14 тыңдаушы бар. Өзім төрт деңгейді де оқып, тілді еркін меңгеріп шыққым келеді. Сол мақсатта қосымша тілі жеңілдеу қазақша кітаптар оқып, ән тыңдаймын, мысалы, кеше тобы­мыз­бен киноға бардық. Өзге де этнос өкілдеріне айтарым, қазақ тілін үйрену оңай. Тек шын ниетпен бастап, үзбей жалғастыру керек. 

Маржан Талғатқызы, оқытушы: 

 

Екі жылда үш жүзге жуық адамға тіл үйреттім

 

– Осы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында сабақ беріп жүргеніме екі жыл болды. Осыған дейін әр жарты жылдық сайын 70–80 адам бітірді деп есептесек, бір мұғалімнен, яғни менен 300-ге жуық адам тіл үйренді. Мұндағы өзге де ұстаздары­мыз­дан сабақ алушылар өте көп. Қазірдің өзінде үйренуші алты топқа сабақ беремін. Әрбіріне 13–14 адамнан қабылдаймыз. Тіл үйрету методикамызға келсек, барынша сөйлесу, диалогтің көп болуына көңіл бөлеміз. Жалпы, төрт түрлі А1, А2, В1, В2 деңгейлерінде оқытамыз. Тапсырмаларды да соған сай дайындауға тырысамыз. Әр тақырыпты үнемі қызықты етуге, тыңдаушыларды (орталықта тіл үйренушілерді ресми осылай атайды) баурап алуға тырысамыз. Қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыру үшін сабақтарды әртүрлі көңіл көтеретін тапсырмалардан бастаймыз. Жалықтырып алмау үшін әр 15–20 минутын ғана грамматикаға арнаймыз. Қалған уақытымызды сол грамматика мен айтылымды байланыстыра отырып, сөйлесуге арналған тапсырмаларға бағыттаймыз. Бір деңгейді оқып, меңгеріп шығуға алты ай уақыт кетеді. А1, А2, В1 деңгейлері алты ай болса, В2 деңгейін үйрену үш айды қамтиды. Сонымен қатар мемлекеттік тілде іс жүргізуді үйрететін курс және 1,5 айлық «Қазақша сөйлейік» атты сөйлесу клубы бар. Бұл клуб, негізінен, қазақ тілін жақсырақ меңгерген этнос өкілдерінің практикалық тұрғыда өзіндік сөйлесу дағдысын дамытуға  арналады. Клубқа 832 тыңдаушы жазылды. Онда бір-бірімен сөйлестіріп, топтық, жұптық тапсырмалар орындатып, жетік меңгертуге бағыттаймыз. Өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді үйренуге қызығушылығы өте жоғары деп айта аламын. Мұнда алғаш жұмысқа тұрғанда «топта орын саны қаншалықты толады екен» деген, ұстаз ретінде, қобалжу болған. Жұмыс бастала келе, күмәнім бірден сейілді. Себебі үйренуші топ бірден жиналып, сабағымыз кешігусіз уақытында басталып, толық құраммен уақытында аяқталады. Менде қазір В1 деңгейіне жеткен тыңдаушыларым бар, келесі жылы олар В2 деңгейін оқымақшы. Диктантты жақсы жазады, оқу барысында өзіміздің 9 төл дыбысымыз -ғ, -қ деген сияқ­ты әріптерге жеке-жеке тоқталуға тырысамыз. Үйренушілеріміз сөз жаттап, сабақ үстінде ғана емес, үйде де қосымша айналысатын болса, жақсы деңгейге тез жете алады. Әр сабақта тақырып­қа сай 15–20 сөзден жаттауға беріп отырамыз. Өзге тілдердегідей бізде де сөз жаттау маңызды. Үйренушінің сөздік қоры мол әрі сөйлесім әрекеттері дұрыс болса, грамматика қиындық тудырады деп ойламаймын.

 

 «Біз мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыс­тарды үздіксіз жалғастыра береміз» деген Мемлекет басшысының сөзін ескерсек, елдегі кез келген белді, маңызды саланың барлық қызметкеріне қазақ тілін білу жүктелетін күннің ауылы алыс емес секілді. Тіл – атадан қалған қасиет, қазақ даласының киесі. Ал әр тасына тарих тұнған Жетісу жері – қазақ даласының алтын діңгегі. Ондағы тіл саясатының бүгінгі жайы осындай. Мұндағы атқарылып жатқан істерді бүкіл Қазақстанға үлгі боларлық десек, артық айтқандық емес. Әрбір тіл өз жерінде сұлтан болуы керек. Оны сұлтан ететін біз. Ана тілімізді жерге таптап, құлдың тілінде сөйлеймін десең де, жоғары көтермелеп патшаның тілінде сөйлеймін десең де өз еркің. Дегенмен ұлан-ғайыр жердің сұлтан тілінің, патша халқы болғанға не жетсін! Кешегі күрескер бабаларымыз тек жер үшін ғана емес, оның ұлттық коды – қазақ тілі үшін де қан төкті. Ендеше, аманатымызды берік сақтайық.

Әзірлеген
Элеонора Әзіржан 

"Ана тілі" газеті

818 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз