- Шартарап
- 27 Қараша, 2024
Хорватия өңірлерінде Қазақстанның жаңа құрметті консулдықтары ашылды
Қазақстанның Хорватиядағы екі жаңа құрметті консулдығы ашылды: Опатия қаласында (консулдық округі Приморье-Горан және Истрия облыстарын қамтиды) және Сплит қаласында (Сплит-Далматия облысы). Салтанатты ашылу рәсімдеріне Қазақстанның Хорватиядағы Елшісі Ақылбек Камалдинов, Қазақстанның құрметті консулдары Зоран Маржич пен Круно Перонья, жергілікті билік өкілдері, сондай-ақ Хорватияның үш ірі өңірінің іскерлік топтары мен қоғам өкілдері қатысты, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.
Өз сөзінде А. Камалдинов Қазақстанда жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар аясында құрметті консулдықтардың ашылуы қазақ-хорват ынтымақтастығын одан әрі дамытуға және тереңдетуге жаңа серпін беретініне тоқталды. Құрметті консулдықтардың негізгі қызмет бағыттары – қазақстандық азаматтарға қолдау көрсету және екі ел арасындағы сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту болмақ.
Опатиядағы Құрметті консул Зоран Маржич – «Tramontana Volosko» компаниялар тобының басшысы, табысты және тәжірибелі кәсіпкер. Салтанатты рәсімде ол Құрметті консулдық қазақстандық азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінің Истрия және Приморье-Горан облыстарымен экономика, мәдениет және туризм салаларындағы өзара тиімді қарым-қатынасын кеңейтудің бастамасы болатынына сенім білдірді.
Сплит қаласындағы Құрметті консулдықтың ашылуы барысында А. Камалдинов: «Сплит – тек қарқынды дамып келе жатқан туристік орталық қана емес, сонымен қатар сауда-экономикалық, инвестициялық, ғылыми және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту үшін перспективалы өңір», – деп мәлімдеді. Жаңа Құрметті консулдықтың басшысы К. Пероньяға құрметті консул міндеттерін толыққанды орындауға мүмкіндік беретін экзекватура құжатын табыстай отырып, қазақ дипломаты екі ел арасындағы достық және ынтымақтастық байланыстарды нығайту және дамыту жолында еңбек ететініне сенім білдірді.
Опатия, Риека және Сплит қалаларының мэрлері қазақ тарапына алғыс білдіріп, ҚР құрметті консулдықтарының қызметіне толық қолдау көрсететінін жеткізді.
Сонымен қатар іс-шаралар аясында Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуеті туралы мультимедиялық презентация ұйымдастырылды.
Приморье-Горан облысында Қазақстанмен тығыз жұмыс істейтін «JGL d.d.» сияқты ірі фармацевтикалық компаниялар орналасқан. Сонымен қатар мұнда жылына 2 млн тоннадан астам қазақстандық мұнай келіп түсетін Омиджал мұнай терминалы бар. Сплит – Хорватияның екінші ірі қаласы, елдің туристік орталығы, мұнда сонымен бірге IT индустриясы және кеме жасау саласы қарқынды дамуда.
2338 рет
көрсетілді0
пікір