- Таным
- 28 Қараша, 2024
Орны бөлек он зертхана
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де Farabi Hub – инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығы ашылды. Бұл орталықтың ауданы 5 мың шаршы метр. Хаб креативті индустрия, жасанды интеллект сынды стартап жобаларды жүзеге асырады. Мұнда ZTE, BASF, Binlin технологиялық корпорациясы және басқа шетелдік компаниялардың орталықтары, университет базасындағы ғылыми-зерттеу институттары орналасқан.
Хабта дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы, Ми институты, «Робототехника және мехатроника RoboMech» ғылыми-білім беру орталығы, Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты, Сот сараптамалары орталығы, Ашық үлгідегі ұлттық нанотехнологиялық зертханасы мен Орталық Азиядағы тұрақты даму орталығы бар.
Химия және химиялық технология факультетінде орналасқан «Farabi Chem Science» кластерінің жұмысымен химия және химиялық технология факультетінің деканы Алина Галеева таныстырды. 9 ғылыми зертхана экология, химия, медицина, мұнай-химия және энергияны көп қажет ететін материалтану сияқты негізгі салалардағы жаңа технологиялар мен шешімдерді зерттеуге және әзірлеуге бағытталған. Бұл бағыттар – қоршаған ортаға әсерді жеңілдетуге және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға ұмтылатын ел үшін өзекті мәселе.
«Пандемия кезінде Алматы қаласының тұрғындары қаладағы ауаның әдеттегіден таза екенін байқады. Көпшілігі мұны көлік қозғалысының азаюымен байланыстырды. Алайда бұл пікірдің рас-өтірігін анықтау үшін ғалымдар арнайы зерттеу жүргізуді қолға алды. Зерттеу жүргізу үшін рұқсат алған ғалымдар бір ай бойы ауаның ластану деңгейін, оның негізгі көздерін және түрлі фактордың әсерін талдады. Зерттеу нәтижесінде ауаның ластануының негізгі себебі автокөліктерден гөрі, жылу электр орталықтары (ЖЭО) екені анықталды», – дейді ол.
«Немістер шығарған синтетикалық каучук пен еліміздегі орталықтардан өндірілген өнімді салыстырып қарасақ, бірдей базада жасалғанына қарамастан, біздің синтетикалық каучуктің сапасы жоғары екені белгілі болды», – дей келе, зертханадағы атқарылып жатқан өнімді жұмыстарымен таныстырды.
Алина Галеева магистранттар мен докторанттардың еңбегінің нәтижесін көрсетті. Олардың ішінде өсімдіктердің өсуін реттегіштер, ауырсынуды басатын және бактерияға қарсы препараттар бар.
Айта кетейік, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл толуына орай «Тұрақты даму және табиғатты ұтымды пайдалану» ғылыми орталығы ашылған. Жаңа ғылыми орталық құрамына Тұрақты даму мақсаттарын іске асыратын 10 инновациялық зертхана кіреді.
Жоба Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Жасыл даму контексінде Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-экономикалық жүйелерін тұрақты дамыту: кешенді талдау, тұжырымдама, болжамдық бағалау және сценарийлер» нысаналы қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады.
Ғылыми орталық климат және модельдеу, цифрлық картография мен қолданбалы геодезия, GlobalSky (атмосфералық зерттеулердің инновациялық зертханасы), тұрақты туризм, су ресурстарының сапасын талдау бағытында жұмыс істейді. Бұған қоса ландшафтылардың деградациясын геоақпараттық талдау, геодемографиялық және әлеуметтік-экономикалық зерттеулер, экологиялық қауіпсіздік, топырақ экологиясы, қоршаған ортаны бақылау шараларын іске асырады.
Орталықтың негізгі мақсаты – қоршаған ортаның жаһандық өзгеруі жағдайында табиғат пен қоғамның өзара іс-қимыл заңдылықтарын анықтау, Қазақстан өңірлерін тұрақты дамыту мақсатында табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану бойынша технологияларды әзірлеу және енгізу.
Негізгі зерттеулердің ішінде геожүйелердің, топырақтың, рельефтің және ландшафтылардың табиғи және антропогендік динамикасы, табиғатты қорғаудың ғылыми негіздерін әзірлеу, тұрақты дамудың аймақтық ерекшеліктері, геоақпараттық технологиялар мен картаға түсіру сияқты бағыттар бар.
Мәселен, ландшафтылар деградациясын геоақпараттық талдау зертханасының жетекшісі, доцент, география ғылымының кандидаты Айгүл Әбдіғаппарқызы: «Зертхана ландшафтылардағы деградациялану процестеріне геоақпараттық талдау жүргізеді. Қазіргі кездегі негізгі мақсатымыз – Қазақстан Республикасында болып жатқан шөлге айналу, ландшафтылардағы деградациялану процестерін бағалау, модельдеу және келешекте шөлге айналу процесінің қандай деңгейде болатынын анықтау мақсатында болжам жасау. Қазақстанның оңтүстік аймағы бойынша шөлге айналу үрдісін зерттеп жатырмыз. Бұл тұста әртүрлі қолданбалы картаны әзірлеп отырмыз. Сонымен қатар осы аймақта болып жатқан шөлге айналу үрдісін бағаладық, моделін жасадық. Геоақпараттық талдау арқылы технологиялармен жерді қашықтан зондтау әдістерін пайдалану негізінде жасаймыз. Осындай жұмыстарды жүргізу арқылы жергілікті әкімшіліктерге, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағындағы Жер ресурсын басқару комитетіне және Азаматтық үкімет мемлекеттік корпорация құрамындағы жер мәселесімен айналысатын департаменттерге арнайы ұсыныстарды көрсетеміз. Жүргізілген зерттеулер нәтижесінде ғылыми негізделген ұсыныстар мен талаптарды әзірлейміз. Осы талаптар арқылы ауылшаруашылық субъектілер – фермер және шаруа қожалықтары келешекте жер ресурсын ұтымды пайдалануды болжай алады. Республиканың ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту үшін жер ресурстары мен агроландшафтыларды ұтымды пайдаланудың жолын табуымыз керек. Біз осы бағытта жұмыс істейміз. Бүгінде Мойынқұм құмды массиві, Орталық Қазақстандағы жайылым жерлерді картографиялық модельдеу бойынша және Батыс Қазақстан аймағындағы қуаңшылықты зерттеп жатырмыз. Канада, Германия, Филиппин, Орта Азия мемлекеттерінде осы бағыттағы ғылыми-зерттеумен айналысып жүрген жетекші ғалымдармен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз», – дейді ғалым.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ботаника және экология кафедрасының доценті, топырақ экологиясы зертханасының жетекшісі, биология ғылымының кандидаты Батыргелді Ерденұлынан зертхананың алға қойған мақсат-міндеттері туралы сұрадық: «Негізгі мақсат – топырақтың экологиялық жағдайын зерттеу. Біріншіден, топырақтың құрамындағы Менделеев кестесінде белгіленген барлық ауыр металды арнайы заманға сай жабдықталған технология арқылы анықтаймыз. 8 лампаға арналған барабан құрылғымыз бар. Бірақ біз лампаны ауыстырып отырып, басқа элементтерді анықтай береміз. Тау-кен өнеркәсібінің дамуына байланысты қоршаған ортаға түрлі залал келіп жатқаны белгілі. Батыс Қазақстан облысы мұнаймен ластану бойынша жоғары деңгейде. Бұрын ауаның 175 мың гектары ластанды десек, бұл көрсеткіш едәуір артқан. Химиялық элементтер мен қалдықтардың зардабын сол елді мекеннің тұрғындары көріп жатыр», – дейді ол зертхананың ашылғанын жақсы жаңалыққа балап.
Цифрлық картография және қолданбалы геодезия зертханасының жетекшісі, картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі, доцент Айжан Асылбекқызы: «Статистикалық мәліметтерге жүгінетін болсақ, еліміздің барлық аймағында ғимараттардың құрылыс жұмысы мен жолдарды салу жұмыстары 12,6 пайызға өскен. Сол себепті геодезиялық жұмыстар жоғары сұранысқа ие десек болады. Зертхана геодезиялық құрылғылармен жабдықталған. Далалық зерттеудегі барлық жұмысты арнайы ГАЖ бағдарламаларымен, арнайы сандық мәліметтерді құрастыру арқылы жүзеге асырамыз, тұтынушыға карталарды ұсынамыз», – дейді ол.
Экологиялық қауіпсіздік зертханасының жетекшісі, география, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының профессоры, география ғылымының докторы Мәуілкен Ақышқызы ашылған зертхананың мақсаты ғылыми қолданбалы аспектілерді, экологиялық қауіпсіздікті басқаруды дамытуда жатқанын айтады: «Кешенді зерттеу негізінде Батыс Қазақстан өңірінің тұрақты даму контексіндегі экологиялық жай-күйін бағдарлау. Бірақ біздің зертхана мақсаттарының бірі – экологиялық қауіпсіздікті басқару тұжырымдамасын жасау. Ол екі блоктан тұрады: ақпараттық білім блогы және әрекет негіздері блогы. Анықталған сын-қатерлер мен қауіптер әдетте жаһандық, аймақтық және жергілікті ретінде жүйеленеді. Бірақ жаһандық қауіптердің ішінен Батыс Қазақстан өңірінде климаттың өзгеруінен, оның табиғи жағдайға, осы өңірдің турнирлік шаруашылық жағдайларына әсерін қарастырамыз. Бұдан әрі өңірлік аспектіде Жайық өзенінің экологиялық жай-күйін қарастырамыз. Жайық өзені бүгінде өте ластанған, сарқылып барады. Өйткені оның ағысы бойынша Ресейде көптеген зауыт пен фабрика орналасқан. Біз компоненттік бағалауды береміз, бұл табиғи ортаның, атмосфераның, гидросфераның және литосфераның компоненттерін білдіреді. Біз төрт облысты интегралды түрде зерттейміз: Ақтөбе, Атырау, БҚО және Маңғыстау».
Климат және модельдеу лабораториясының жетекшісі, климатолог, география ғылымының докторы Александр Владимировичтен зертхана ашылғанға дейінгі атқарылған жобалар туралы білдік: «Бұл саланы зертхана құрылғанға дейін 20 жылдан астам уақыт бойы қазбалап келеміз. Зертханада мониторингіні талдаймыз және оның бөліктеріне байланысты мәселенің өте кең спектрін шешуді қарастырамыз. Әрине, климат пен бейімделу мәселелері ұшан-теңіз. Біз Солтүстік Қазақстан және Оралға байланысты жобаларды сәтті жүзеге асырдық. Климаттың өзен ағысына қалай әсер ететінін қарастырдық. Біздің мақсатымыз – климаттың қалай өзгеретінін бақылау, жыл мезгілдерінің ерекшелігін, болашақта не күтіп тұрғанын және метеорологиялық параметрлердің өзгеріс циклін қарау, талдау. Адамзат қоршаған ортаның жағдайына қарай бейімделеді», – дейді ол.
Су ресурстарының сапалық құрамы динамикасын модельдеу зертханасының жетекшісі, география ғылымының докторы, метеорология және гидрология кафедрасының профессоры Виталий Григорьевич:
«Атмосфера тақырыбы ауқымды. Ауаның сапасына назар аудару жұмыстарымен айналысамыз. Бұл – ұзақ уақыт бойы көлеңкеде қалып қойған ғылым саласы. Біз судың ластануы, тағам сапасының деңгейі сынды тақырыпты көп талқылаймыз. Ал атмосфераға, ауа сапасына аз көңіл бөлдік. Күн сайын адамның өкпесі арқылы 15 келіге дейін ауа өтеді. Денсаулықты сақтау үшін ауа сапасы өте жоғары болуы керек. Тиісінше, осы негізде қазір Батыс Қазақстанның атмосфералық ауасының сапасын басқару жүйесін құру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Сонымен қатар зерттеу жүргізу үшін қашықтан зондтау деректерін де қолданамыз. Батыс аймақтан ластаушы заттардың таралуын бағалау бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Ұжымның құрамында Хельсинки университетінің ғалымдары бар», – деп мәлімдеді.
ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі аясында жаңадан үш жаңа оқу корпусы мен үш жатақхананың құрылысы басталды.
Жаңа оқу корпустарында аудиториялар мен дәріс залдары, кітапхана және ғылыми зертханалар, конференц-зал, демалыс және пікірталас орындары қарастырылған. Ал тоғыз қабатты жатақхананың әрқайсысы 677 орынға – барлығы 2 031 орынға арналған. №9 Студенттер үйіне кіріп, саясаттану факультеті студенттерінің өзінен жөндеу жұмыстарынан кейінгі әсерін және бөлмелерінің қолайлы-қолайсыз тұсын сұрадық. Жөндеу жұмыстарынан өткен жатақхана студенттердің көңілінен шыққанын байқадық.
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ,
«Ana tili»
795 рет
көрсетілді0
пікір