Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 29 Қараша, 2024

Ғалымның ғибратты жолы

Ғалым деген ұлағатты ұғым кандидат, доктор деген дәрежелермен ғана бағалауға бейім бүгінгі түсініктің тасасында тұншығып қалғалы қашан. Алайда хатталған құжаты болмаса да, абыройы академиктен, дәргейі доктордан кем емес ғалымдар да бар екені баршаға аян. Ғылыми орта олардың мықтылығын әлдеқашан мойындап, бағасын беріп қойған. Біздің кейіпкеріміз де дәл сондай, нағыз ғалым – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұлағатты ұстазы, белгілі әдебиетші Пазылбек Бисенбаев.

Ғалымның ғибратты жолын тұғырлы еткен темірқазығы – өсіп-өнген ортасы, қанат бітірген киелі шаңырағы. Қасиетті Қазалы топырағында дүниеге келген Пазылбек Қуанбайұлы көпбалалы отбасыда тәрбиеленіп, ата-анасының жан жылуына бөленді. Сонау Қорқыт заманынан келе жатқан жыраулар дәстүрінің дәні түскен топырақтың руханият мұхитынан мейірін қандырды. Тұрмағамбет, Қарасақал Ерімбет, Нұртуған шайырлардың шырын сөзінен нәр алды. Сыр сүлейлерінің ғақлиясын көңіліне тоқып, бауырларымен бірге биік мақсаттарға қол созды. Ғылым нұрының шуағы түскен шаңырағы – оның адами болмысының, дүниетанымының, ізденістерінің алғашқы баспалдағы болатын. 
Пазылбек Бисенбаевтың ғылым жолындағы бағытына бағдар болған – Қазақ ұлттық университеті. 1983 жылы филология факультетіне – көп талапкердің қолы жете бермейтін, көп адам тәуекел етпейтін араб бөліміне оқуға түсті, студент атанды. Ғасырдан-ғасыр­ға жеткен әдеби жәдігерлермен танысып, ой толқытқаны да осы кез. Арабша хатқа түскен ғажап туындыларды түпнұсқадан оқып, терең тамырына үңілді. Кеңес идеологиясының құрсауында тұсауланып, өз оқырманына жете алмай жатқан халық мұрасының көп екенін аңғарды. Аңғарып қана қойған жоқ, сол туындыларды іздеп тауып, зерттеуді, ел игілігіне айналдыруды армандады. 
Жігерлі жас З.Қабдолов, Т.Кәкішев, Р.Нұрғали, С.Ордалиев, М.Томанов, Б.Сағындықов, А.Қыраубаева, Ж.Дәдебаев сынды сөз өнерін зерделеген ғұламалардың дәрісін тыңдап, жан сарайын байытты. Көне дәуірлердің қатпарында қалған әдебиет жауһарларын ғылыми айналымға түсірудің өзектілігін сол сабақтарда-ақ ойына тоқыған. Ұлт тарихына байланысты туындыларды зерттеуді өмірлік мақсатына айналдырып, саналы ғұмырын арнауға осы кезде бекінген. 
Университетті бітіргеннен кейін Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында кіші ғылыми қызметкер болып еңбек жолын бастады. Бұл руханият сәулесі көмескіленіп, құрдымға кетіп жатқан өліара шақ еді. Білім мен ғылымның да бағы тайып, талай таланттың биік мақсаты материалдық құндылықты төрге оздырған қомағай қоғамға жұтылып жатты. Алайда күн көру қамы алға шыққан осы бір алмағайып уақытта Пазылбек мақсатынан айныған жоқ. Ғылым ордасына үлкен дайындықпен келген ол сөз өнерінің жауһарларын бар ықыласымен зерттеуге кірісті. С.Қирабаев, Ш.Елеу­кенов, Ә.Нарымбетов, С.Қасқабасов, Б.Әбілқасымов, Ш.Ыбыраев т.б. көрнекті ғалымдармен қанаттаса жүріп, ғылым мұхитының маржанын терді. Бұл жас ғалымның пайым-тұжырымдарын бекіткен, арналы зерттеу тақырыптарының алтын арқауына айналған жылдар еді.
Пазылбек Қуанбайұлы қазақ әдебие­ті мен фольклорының түрлі жанрын жан-жақты зерттеп, оны жоғары оқу орындарында оқыту мәселелерін тұжырымдады. Әдебиетші қауым ғана емес, қалың жұрт асыға күткен «Қазақ халық әдебиеті» сериясымен шыққан көптомдықтарды дайындауға атсалыс­ты. Редакциясын академик З.Ахметов басқарған бұл еңбектер халқымыздың асыл қазынасын ғылыми айналымға түсірді. Көптомдықтың әр кітабында Пазылбектің де талай ұйқысыз түндері, тынымсыз ізденістерінің ізі бар. «Қамбар батыр», «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Ер Тарғын» т.б. жырлардың текстологиясын, нұсқаларын зерделеп, ғылыми түсініктемелерін жазды. Қолжазба қорында жатқан құнды мұралардың көпшілікке жетуіне де көп еңбек сіңірді.
Пазылбек Бисенбаевтың іргелі зерттеулерінің үлкен бір саласы Ресей империясының ХІХ ғасырда қазақ даласына жасаған басқыншылығын суреттеген тарихи жырларға арналды. Ғалымның «Тарихи жырлар», «XIX ғасырдағы тарихи жырлар», «Кенесары–Наурызбай туралы тарихи-фольклорлық үлгілер» атты монографиялары мен хрестоматияларында, оқу-әдістемелік құралдарында ұлтымыздың қилы тағдыры, ел азаттығы үшін күрескен батырлар туралы жырлардың көркемдік-идеялық ерекшеліктері жан-жақты талданады. Зерттеуші назарынан шығарма авторының батыр образын суреттеудегі шеберлігімен қатар, жырда өрбіген оқиғалардың тарихи деректермен сәйкестігі де тыс қалмайды. Кенесары Қасымұлы, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, Бекет батыр туралы тарихи жырлардың жариялану, зерттелуіне көңіл бөліп, текстологиялық мәселелеріне тоқталған. Автор кеңестік цензураның сүзгісінен өткен жырларды әр жылдары баспа бетінде жарық көрген жинақтармен, ғалымдардың еңбегіндегі үзінділермен салыстыра қарастырып, тұғыр болатын тұжырым жасайды. Мәтіннен түсіп қалған, қате басылған жыр жолдарына қатысты ой қазығын түпнұсқа қолжазбалармен бекітеді. Терең біліммен бірге тиянақтылықты, ерекше төзімді қажет ететін осы бір мехнаты көп істе ғалымның ұлттық құндылықтарды ұрпақ мұратына жаратсам деген жанкештілігі де айқын аңғарылады. 
Зерделі зерттеуші тарихи жырларды жеткізуші ақын-жырауларға да ерекше көңіл бөлген. Халық жадында сақталған шығармаларды кейінгі ұрпаққа аманаттаған айтушылар зерттеу нысанына көп түсе қоймайтынын кезінде көрнекті ғалым Ә.Қоңыратбаев: «Азияда бүкіл түрік-моңғол тайпалары сияқты ерте замандардан бастап қазақ даласының да эпостық жырлардың сарқылмайтын дариясы болғаны жер жүзіне мәлім… Сол байлығымызды меңгерген айтушылар өнері бізде тіпті аз зерттелген», – деп атап өткен болатын. Жырлардың авторлары, оны жеткізушілер туралы деректер Алтайдан Атырауға де­йін­гі аралықта қалыптасқан дәстүрлі орындаушылық мектептерді, олардың саз-мақамдарын да салыстыра қарауды қажет ететін зерттеу арналарына бағдар болатыны анық. 
Бұл тұжырымды ғалымның «Нысанбай жырау» атты ұжымдық моно­гра­фия­да жазған тарауларынан да аңғарамыз. Бүгінге дейін «Кенесары–Наурызбай» атты әйгілі жырдың авторы Нысанбай жөнінде жеткен деректер толық жүйеленбегені ащы да болса ақиқат. Бұған қазақтың хандары мен билерін, ақындары мен батырларын ұлт жадынан өшіруді мақсат еткен Кеңес билігінің мүдделі болғаны да рас. Сондықтан сөз зергері туралы тың мәліметтер архивтердің түкпірінен төрге оза алмай, кейінгі әдебиет тарихын зерттеу­шілердің еңбектерінде сирек айтылғанын да мойындауымыз керек. Кезінде академик-жазушы М.Әуезов: «Бұл жырдың айтушысы – қайғылы оқиғаның қызығы мен қайғысының қалың ортасында болған, қан майданның ішінен шыққан жортуылшы ақын, қалың қолдың жыршысы... Кенесары–Наурыз­бай жорығы туралы кейінгі талай ақын өлең шығарса да, дәл Нысанбай жеткен өріске жеткен емес», – деп бағалаған атақты жырау мұрасын қазақ халқының жыр қазынасына қосу қашанда өзекті. Бұл туралы П.Бисенбаев жоғарыдағы монографияда: «Орыс тіліне сонау ХІХ ғасырда аударылған Нысанбай жыры белгілі орыс ғалымдарының да назарына іліккен. Алайда осындай ғажап дүниенің жиналу, жариялану, зерттелу тарихы әлі күнге сөз болмай келеді. Тіпті Нысанбай жыраудың шыққан тегі, туған топырағы туралы да жаңылыс пікірлер кездесіп қалады», – деп па­йымдайды. Сондай-ақ ол А.Алекторов, Ә.Диваев, Х.Досмұхамедов, Е.Бекмаханов, Ә.Қоңыратбаев, М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов т.б. ғалымдардың Нысанбай Жаманқұлұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты әр жылдары жазылған пікір-тұжырымдарын саралап, зерттеле қоймаған тұстарына қатысты толымды пікір айтады. 
Ғалым зерттеулерінің бір саласы – көне эпостар. Ол әдебиет тарихын зерттеушілердің еңбектерінде арагідік айтылса да, жүйелене қоймаған тың тақырыпты тарқатты. Көне эпостардың сюжет желісіндегі ерекшеліктерін, образдар жүйесін, текстологиясын зерттеп, мәтіндерін жинақтады. Осы бағыттағы ізденістерінің нәтижесі «Қазақтың көне эпосы» (фольклортанушы-ғалым, ф.ғ.д. З.Сейітжановпен бірге) деген атпен кітап болып басылып шықты. Ғалым бұрын жеке жинақ болып басылмаған «Құламерген – Жоямерген», «Дотан батыр», «Мұңлық – Зарлық», «Құбығұл» жырлары туралы ғылыми түсініктемелер жазып, бұл жәдігерлердің ұлттық кодымызды жаңғыртудағы маңызына тоқталады. Сонымен қатар қысқа үзінділері ғана сақталған «Төлеген батыр», «Аққоян мерген», «Ақ Көбек», «Хан мерген», «Қара мерген» секілді жырларға да тоқталып, тың пікірлер айтады.
Пазылбек Бисенбаев зерттеулеріндегі арналы тақырып – шығыстық қисса-дастандар. Нәзира дәстүрімен жазылып, қазақ даласына кең тараған туындылар ұлт әдебиетінің терең тамырынан сыр шертеді. «Мың бір түн», «Тотынама» секілді шығыстық жауһарлардан, Құран оқиғаларынан бастау алатын оқиғалар желісіне қазақ шайырлары жаңа бір тыныс әкелді. Тәуелсіздіктен кейін А.Қыраубаева, Б.Әзібаева т.б. көрнекті ғалымдардың еңбектерінде зерттеу нысанына іліккен қисса-дастандардың идеясы мен көркемдік ерекшеліктеріне, сюжеті мен мотивтеріне терең талдаулар жасалды. Дегенмен бұл салада әлі де болса арнайы қарастыруды қажет ететін тұстар аз емес. Соның бірі – қисса-дастандардың нұсқалары. П.Бисенбаев осы мәселеге байланысты: «Қисса-дастандардың жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып, мән-маңызын тексермей, құнды мәтіндерге текстологиялық салыстырулар жүргізбей, әдебиет тарихының басты кезеңдеріне барлау жасау мүмкін емес», – деп кесімді пікір айтады. Жоғарыдағы мәселелерді шешу жолында жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Шығыстық қисса-дастандар: нұсқалары мен типологиясы», «Жүсіп туралы қисса-дастандар» атты оқу құралдарын жазды. Ғалымның бұл еңбектерінде «Әли» дастанындағы әке мен бала тұлғасы, «Көрұғлы», Бахрам туралы дастандар, Ескендір образы жан-жақты талданады. Бұл оқу құралының тағы бір құндылығы – болашақ жас ғалымдарға қисса-дастандарды зерттеудің әдіснамасын жүйелі жеткізуінде.
Пазылбек Қуанбайұлы ширек ғасыр­дан аса өзі түлеп ұшқан әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетінде жемісті еңбек етіп келеді. Шәкірттерінің жүрегіне парасат биігіндегі тұлға ретінде жазылған П.Бисенбаев көп жылдар бойы «Фольклор», «Тарихи жырлар», «Шығыстық қисса-дастандар», «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» пәндерінен дәріс оқиды. Ұстаздың әр сабағы ғылымға талпынған жас талапкерлердің таным көкжиегін кеңейтіп, халық мұрасына деген қызығушылығын оятады.
Әсіресе ұстаз-ғалымның «Жазушының шығармашылық лабораториясы», «Қазақ драматургиясы» атты арнаулы пәндері студенттердің қабілетін шыңдайтын шығармашылық шеберханасына айналған. Әр туындының жазылу тарихына үңіліп, қаламгерлермен сұқбат жүргізген шәкірттері мазмұнды сценарий жазуға да дағдыланып қалды. Шәкірттері түсірген шағын бейнебаян­дар мен драмалық қойылымдар да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Әдебиет пен өнерді тоғыстыратын осы жұмыстарда Пазылбек ағамыздың «Қазақфильм» киностудиясында аудармашы әрі редактор болып қызмет еткен тәжірибесі де көп көмегін тигізді. 
Пазылбек Бисенбаев университеттегі Абай институтының қалыптасуына да зор үлес қосты. Ұлағатты ұстазы, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаевтың жетекшілігімен институтта жүзеге асқан игілікті бастамаларға ұйытқы болды. Соның нақты бір мысалы – «Абайтанудың» 50 томдығы. Институт қызметкерлері ұлтымыздың ойтұмарына айналған хакім Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты жарық көрген іргелі зерттеулерді жүйелеп, әдебиеттану ғылымының алтын қорына қосты. Санаулы ғана штаты бар шағын ұжымның атқарған ауқымды жобаларының игілікті түрде жүзеге асуына Пазылбек Қуанбайұлының да қосқан үлесі зор. «Абай институтының хабаршысы» журналының ғылыми редакторы, «Abai inst.kz» сайтының бас редакторы қызметтерін қатар атқарды. Ғалымның осы қажырлы еңбегі жоғары бағаланып, «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ге сіңірген ерен еңбегі үшін» күміс медалімен, университет ректорының Құрмет грамотасымен марапатталды. 
Белгілі ғалым, шәкірт жүрегіне жол тапқан ұлағатты ұстаз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы Пазылбек Қуанбайұлы Бисенбаев бүгінде алпысыншы белесіне көтеріліп отыр. Ғалымның зерттеулерін өзі бағдар беріп, ғылым жолына бағыттаған шәкірттері де жалғастырып жатыр. 
Ұстаз-ғалым туралы жоғарыдағы сөзімізді ресми түрде саптадық. Өзіміз Пазаға деп құрметтейтін, болмысы бөлек ардақты азаматтың перзенттері де әке жолын жалғастырып, ғылыми жетістіктердің алғашқы белесін бағындырып отыр. Студенттік шақта табысып, отау көтеріп, бір салада еңбек етіп келе жатқан Ләйла жеңгемізбен бірге қол ұстасып, бүгінде бақытты ата-әже атанып отырған Пазағаңның ұлт әдебие­тінің тарихын зерделеудегі ғибратты жолы, азаматтық ұстанымы бізге де үлгі дер едік. 

Самал Дәрібайұлы, 
әл-Фараби атындағы 
Қазақ ұлттық университеті 
филология факультетінің доценті,
филология ғылымының 
кандидаты                                    

«Ана тілі» газеті

1064 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз