Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 29 Қараша, 2024

«Сараның айтары осы аттанарда...»

Ақын Сара поэзияда адамгершілік құндылықтарды насихаттап, әділетті қоғам құруға үндеді. Оның шығармаларындағы бейнелі сөздер мен көркемдік құралдар ақынның шеберлігін көрсетеді. 


Ақынның шығармаларында жиі кездесетін табиғат суреттері, махаббат сезімі және әлеуметтік мәселелер қазақ поэзиясына тән сипаттармен үндесіп жатады. Мысалы, оның «Тұзақ» өлеңінде әділетсіздік пен қиын тағдыры бейнеленеді. Бұл өлеңде Жайсаңбекке қарсы жасалған қиянат көріністері арқылы ақын халықтың басынан кешкен ауыр кезеңдерді сипаттайды. Өлең жолдары күрделі әлеуметтік мәселені ашып көрсетеді:
Сыбыр сөз, сыпсың ерін өсекқойлар,
Бірінен онды өрбітіп, тудырды ойлар.
Шаладан өрт тұтатса да өкінбейтін,
Қыдырымпаз күнде іздейтін қызық тойлар...
Сараның лирикалық өлеңдері де ерекше. Оның махаббат, табиғат, туған жер туралы жазған өлеңдері оқырманды терең сезімге бөлейді. Мысалы, «Жүрек» өлеңінде екі жастың арасындағы нәзік сезім мен әлеуметтік шектеулердің әсері бейнеленген. Ақын бұл шығармасында махаббаттың күрделі тұстарын, жастардың арманы мен қайғысын шынайы жеткізе білген.
Ақын Сараның шығармашылығында туған жерге деген махаббат та айрықша байқалады. Оның «Шымылдық» өлеңінде табиғаттың сұлулығы суреттеледі. Ақын туған өлкесінің табиғатын шынайы махаббатпен жырлай отырып, қоршаған ортаның әсемдігін көрсетеді. Бұл өлеңдер табиғатты аялау мен оған құрметпен қарау идеясын насихаттайды.
Жоңғардың жотасын тең екі жара,
Талқандай тау кеудесін аққан Қора.
Жарасып, жасыл жайлау ортасында,
Арқырайды асау тасқын, күшке тола. 
Сараның ақындық өнерінің ең жарқын шыңы – Біржан салмен өткізген айтысы. Бұл айтыс қазақ әдебиетінің классикалық үлгілерінің бірегейі ретінде бағаланады, өйткені ол – сөз өнерінің шыңына жеткен ерекше туынды. Біржан мен Сараның айтысы екі ұлы тұлғаның шеберлігі мен поэтикалық дарынын көрсететін айрықша диалог іспетті. Бұл айтыстың көркемдік құндылығы поэтикалық тілдің тереңдігі мен байлығында: қос ақынның сөзі табиғи, әсерлі әрі оқырманға ой салатын мағынамен толыққан. Олардың поэзия­сы бейнелі сөздерге бай, әрбір шумақ пен жол нақышына келтіріліп өрілген. Айтыстың ерекшелігі – онда қазақ қоғамының әлеуметтік мәселелері мен адамның өмірлік жағдайы шынайы суреттелген. Сараның сөз тапқырлығы оның айтыстағы басты қаруы болды. Ол өз ойын нақты, ұтқыр әрі өткір жеткізе біледі, қарсыласының әрбір сөзіне терең мағыналы әрі жүйелі жауап береді. Бұл айтыста тек әдеби шеберлік қана емес, сонымен қатар қоғамдағы әділетсіздікке деген қарсылық, әйелдердің жағда­йын жақсарту, теңдік мәселесі де сөз болады. Сара өзінің ақындық талантын тек көркемдік үшін емес, әлеуметтік өзгерістерге ықпал ету үшін де қолданды. Біржан салмен айтыс – Сараның даңқын бүкіл қазақ даласына таратқан шығармашылық шың. Бұл айтыс оның есімін тек ел ішінде ғана емес, одан тыс жерлерде де әйгілі етті. Қос ақынның арасындағы сөз жарысы қазақ халқының рухани мұрасын байытып, поэзияның халықты тәрбиелеудегі маңызын арттыра түсті. Осылайша, Сараның шығармашылық мұрасы қазақтың мәдени мұрасының жарқын үлгісіне айналды.
Ақын Сара Тастанбекқызының «Қош бол, елім!» өлеңі оның жүрегіндегі терең мұң мен туған жерге деген сағынышын жеткізеді. Бұл туындыда ақын өміріндегі қиындықтарды суреттеп, әділетсіздікке қарсы тұрудың ауырлығын көрсетеді. Ол халықтың қолдауына арқа сүйеп, өзінің бастан өткерген сынақтарын баяндайды. Әсіресе қарақұс тырнағынан босанып, өз басын әрең құтқарғанын айтқанда, оның қайсарлығы мен күрескерлігі айқын көрінеді. Ақын бұл өлеңінде өз өмірінің өткінші екенін сезініп, қайғылы да ащы естеліктерді шебер жеткізеді. Сара туған жерінің құндылығын ерекше бағалайды. Өлеңнің әрбір жолында оның халқына деген алғысы мен ризашылығы бар. Ол өз елін ақтық рет көріп, қоштасу сәтінде барлық қиындықтан өткенін түсінеді. Жүрекжарды жолдарымен ақын халқына ризашылығын білдіреді, халықтың қолдауына сүйеніп, өмірдің ауыр соққыларынан аман шыққанын баяндайды. Өлеңде өмірдің өткіншілігі мен әрбір адамның бұл дүниеде қонақ екені туралы ой да көрініс табады. Ақын өзін халықтың бір бөлігі ретінде қарастырып, оларға деген махаббатын ешқашан жоғалтпайтынын баса айтады.
Мені де баламыз деп еске ал, жұртым,
Сараның айтары осы аттанарда!..
Сара Тастанбекқызының өлеңдері мен айтыс­тары халықтың мұң-мұқтажын, әділетсіздікке қарсы күресін, туған жерге деген сүйіспеншілігін суреттейді. Сараның шығармалары әлі күнге өзектілігін жоғалтпай, ұлттық рух пен мәдениетті дәріптеудің үлгісі ретінде сақталып келеді.

Айдана ДОСЖАНОВА,
Ақын Сара мемориалды музейінің
 экскурсия жетекшісі

«Ана тілі» газеті

861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз