Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 29 Қараша, 2024

Қазақстанның инклюзия мен спорт саласындағы жетістіктері

Қазақстанда сурдлимпиадалық спорт тәуелсіздік жылдарында қарқынды дамып, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың әлеуетін ашуға бағытталған маңызды салаға айналды. Мемлекет бұл бағытта үлкен қолдау көрсетіп, инклюзивті қоғам құруға ықпал етуде. Сурдоспорттың дамуы спортшылардың жетістіктері, мемлекеттік қолдау және қоғамның инклюзивтілікке ұмтылуымен тығыз байланысты. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап kazgazeta.kz хабарлайды. 

Тарихы

Сурдоспорт Қазақстанда 1992 жылы «Спорттық одақтың» құрылуымен бастау алды. Бұл ұйымның басты мақсаты – есту қабілеті зақымданған азаматтардың спорттық әлеуетін ашып, олардың құқықтарын қорғау болатын. Осы бастаманың арқасында елде сурдоспорттың іргетасы қаланып, алғашқы қадамдар жасалды.

1996 жылы Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты ойындарында отандық спортшылар алғаш рет өнер көрсетіп, 1 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстанның әлемдік аренаға жол ашқан алғашқы жеңісі еді.

1997 жылы тәуелсіз ел ретінде еліміздің ұлттық құрамасы Данияның Копенгаген қаласында өткен 18-ші Сурдлимпиада ойындарына қатысты. Сол жарыста жеңіл атлетика мен күрестен жеңіп алған алғашқы медальдарымыз сурдоспорттың жаңа дәуірін бастады.

2011 жылы Қазақстанда «Ұлттық сурдлимпиялық федерациия» құрылып, 2014 жылы «Дефлимпикс Қазақстан» қауымдастығы халықаралық деңгейде мойындалды.

2014 жылы елімізде есту қабілеті зақымдалған спортшылар арасында тұңғыш Спартакиада ойындары өтті. Спорттың 5 түрінен басталған бұл шара 2022 жылғы 3-ші Спартакиадада қатысушылар саны 1000 адамға дейін жетіп, жарыстар 11 спорт түрін қамтыды.

Қазақстандық сурдоспортшылардың ең ірі жетістігі – 2022 жылы Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өткен XXIV жазғы Сурдлимпиада ойындарында тіркелді. Бұл жарыста ұлттық құрама 4 алтын, 7 күміс және 18 қола медаль жеңіп, ел тарихындағы рекордтық нәтижеге қол жеткізді.

2024 жыл Қазақстан үшін ерекше маңызды оқиғалармен есте қалады. Елімізде алғаш рет сурдлимпиадалық спорт түрлерінен әлем чемпионаттары өтті: Астанада 10 мемлекеттін қатысуымен сурдо футзалдан, ал Түркістанда 21 мемлекеттен келген 200-ге жуық спортшының қатысуымен сурдо дзюдодан әлем біріншіліктері ұйымдастырылып, еліміздің спорттық деңгейін биікке көтерді.

Сурдоспорттың бүгінгі ахуалы

2023 жылғы деректерге сүйенсек, Қазақстанда мүгедектігі бар 700 000-наң астам адам өмір сүреді, олардың ішінде 56 822 адам спортпен шұғылданады. Есту қабілеті зақымдалған спортшылар саны 6 180 адамды құрайды.

Кәсіби деңгейде мыңға жуық спортшы сурдоспорттың 15 түрімен шұғылданады:

Армрестлинг

Таеквондо

Еркін күрес

Грек-рим күресі

Жеңіл атлетика

Футзал

Шаңғы жарысы

Жүзу

Үстел теннисі

Дзюдо

Шахмат

Дойбы

Кёрлинг

Футбол

Бадминтон

Бұл спорт түрлері бойынша елімізде жыл сайын чемпионаттар мен кубоктар өткізіледі. Осындай жарыстардың қорытындысында ең үздік спортшылар ұлттық құрама сапына еніп, Қазақстан намысын халықаралық деңгейде қорғайды. Қазіргі таңда ұлттық құрамаға 731 спортшы кіреді.

Жарыстар мен алдағы жоспарлар

Сурдоспортшылардың басты асқары – Сурдлимпиада ойындары. Қазақстан алғаш рет 1997 жылы бұл ауқымды жарысқа тәуелсіз мемлекет ретінде қатысып, бүгінгі күнге дейін 5 жазғы және 3 қысқы Сурдлимпиада ойындарында 8 алтын, 8 күміс және 26 қола медаль жеңіп алды.

Сонымен қатар, Қазақстан спортшылары Азия-Тынық мұхиты ойындарында да жоғары нәтижелерге жетуде. 1996 жылдан бері бұл жарыста ел құрамасы 27 медаль жеңіп алды: 2 алтын, 9 күміс және 16 қола медаль. Биылғы жылдың 1-8 желтоқсанында Малайзияның Куала-Лумпур қаласында өтетін 10-шы Азия-Тынық мұхиты ойындарында ұлттық құрама сапындағы 80 спортшы 8 спорт түрінен ел намысын қорғауға дайын. Бұл жарыстар 2025 жылы Токиода өтетін Сурдлимпиадаға дайындықтың маңызды кезеңі болмақ.

Сурдоспорттың Қазақстан үшін маңызы

Сурдоспорт – бұл тек медальдар мен жеңістер ғана емес, қоғамдағы теңдік пен инклюзияны іске асырудың нақты мысалы. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан реформалар ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету аясын кеңейтіп, олардың қоғамдағы орнын айқындайтын тиімді экожүйе қалыптастыруды көздейді.

Экожүйе тек физикалық қолдаумен шектелмейді, ол азаматтардың әлеуметтік бейімделуі мен өмір сапасын арттыруға бағытталған жан-жақты шараларды қамтиды. Осы салада Туризм және спорт министрлігі маңызды рөл атқарып, дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғалардың спорт арқылы өмірден өз орнын табуына және қоғамға толыққанды араласуына жағдай жасауда.

Осының арқасында Қазақстанның сурдоспортшылары халықаралық ареналарда ел намысын абыроймен қорғап, қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтыруда. Олардың табыстары – еңбек пен ерік-жігердің жарқын дәлелі, әрі жас ұрпаққа үлгі. Бұл жетістіктер еліміздегі спорттық мәдениетті нығайтып, жас буынның спортқа деген ынтасын арттырып келеді.

Биылғы Азия-Тынық мұхиты ойындары мен алдағы Сурдлимпиада Қазақстанның жаңа биіктерді бағындыруына жол ашпақ. Бұл жарыстар тек спорттық қана емес, елдің әлеуметтік саясатының нәтижесін көрсететін маңызды алаң.

Сурдоспортшыларымыздың жеңістері Қазақстанның инклюзия қағидаттарын іске асырудағы нақты қадамдарын айқындайды. Бұл жетістіктер еліміздің халықаралық беделін нығайтып, инклюзия мен теңдікті қолдайтын прогрессивті мемлекет ретінде танылуына ықпал етуде. Алдағы уақытта сурдоспорт еліміздегі барлық азаматтардың әлеуетін ашып, қоғамның барлық саласына оң әсерін тигізетініне сенім зор.

Фото: gov.kz

1369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз