- Аймақ тынысы
- 29 Қараша, 2024
Ақтауда республикалық «Әбіш оқулары» байқауы өтіп жатыр
Ақтау қөаласындағы оқушылар сарайында республикалық «Әбіш оқулары» ғылыми-шығармашылық байқауы басталды, – деп хабарлайды kazgazeta.kz.
Шараны оқу-ағарту министрлігі «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы менен Маңғыстау облысы білім басқармасы бірігіп ұйымдастырып жатыр.
Байқаудың мақсаты – мектеп оқушылары арасында Әбіш шығармаларын насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын, сөз мәдениетін дамыту, дарынды балаларды анықтау, әдеби мұралардың жүйелі оқытылуын жолға қою.
– Әбіш аға алдағы жүз, мың жылдыққа дейін бойлап, жер көлемі бойынша тоғызыншы орын алатын жеріміздің қалай дамыту, сақтап қалу керегін, талдап, сипаттап жазған. Маңғыстаудың жер бетіндегі мұражай екенін де терең зерттеген. Жастарға айтарым, Әбекең туралы замандастары жазып жүрген еңбектерді көңіл бөліп оқысаңыздар, өздеріңізге керек дүниені табасыздар» – деді Ә. Кекілбаевтың немере інісі Әбдірашит Ниязов.
Байқауға Қазақстанның әр өңірінен келген 8-11 сыныпта оқитын 154 мектеп оқушысы төрт бағыт бойынша сынға түседі. Олар: Ә. Кекілбаев шығармаларын мәнерлеп оқу; зерделеу жоба байқауы; сахналық қойылым; сурет салу;
«Әбіш оқулары» байқауына бірінші рет келіп тұрмын. Мәнерлеп оқуға жақсылап дайындалып келдім. Әбіштің «Шеткері үй» повесінен үзінді, «Шабыт», «О, табиғат, өкпелімін» өлеңдерін оқимын. Ә. Кекілбаевтың он шақты шығармасын жатқа оқимын. Автор өзге жазушы, ақындарға қарағанда жазу стилі ерекше», – дейді Алматы қаласы №143 мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Жанна Тәшібай.
Байқаудың ашылу салтанатынан соң оқушылар мінген 8 автобус Әбіш туған Онды ауылын бетке алды. Жолда оларға өлке тарихы, географиясы туралы ақпарат берілді. Оқушылар Ондыда 1949-1954 жылдары Әбіш оқыған мектепке барып, оның шығармашылығынан қойылған спектакльді тамашалап, экскурсия жасады.
– Жас ұрпақ өткеннің хабарын білу үшін міндетті түрде, әуелі, ауыз әдебиетінен, кейін көркем әдебиеттен сусындауы керек. Ол – бүгінгі заманның, қоғамның ортақ мүддесі. Жалпы қазақ әдебиетіне, әлем әдебиетіне зор үлес қосқан біздің қадірлі қаламгеріміз, заңғар жазушымыз Кекілбайұлының шығармаларын оқу, тану, зерттеп түйсіну, одан өмірге керек сабақ алу – жас ұрпаққа парыз, – дейді дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Валентина Әбдіқалық.
Байқау қарашаның жиырма тоғызы күні аяқталып, концерт өтіп, қорытындысы шығады.
364 рет
көрсетілді0
пікір