- Айна
- 29 Қараша, 2024
Қазақша сөйлеген «Моана 2»
Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен Disney студиясының «Моана 2» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесер көрсетілімі өтті, - деп хабарлайды kazgazeta.kz.
Көрсетілімге елімізге танымал тұлғалар, қоғам қайраткерлері, кәсіпкерлер мен депутаттар, дубляж актерлары мен блогерлер, БАҚ өкілдері қатысты.
Фильмдерді түрлі елдерге бейімдеп, дубляждау – Disney компаниясында бұрыннан қалыптасқан үрдіс. Disney жыл сайын әр фильмнің түрлі тілдердегі 40-ға жуық нұсқасын дайындайды. «Қазақ тілі» қоғамының ұйытқы болуымен биылдан бастап ірі халықаралық студиялар әлемдік премьераларын қазақ тілінде ұсына бастады. Осы бастама аясында Disney студиясы биыл «Ойжұмбақ 2», «Моана 2», «Муфаса. Арыстан патша» деп аталатын үш фильмін қазақ тіліне аударып, дубляж жұмыстарын қаржыландырды.Фильм кейіпкерлерін қазақ тілінде сөйлеткендер: қазақстандық әнші Назима, ол Моананың барлық әнін орындайды. Моана Құралай Өтепованың дауысымен сөйлейді. Актриса Айнұр Болат – Моана мен Мауиге қатер төндіретін Матангиді дыбыстады, ал Матангидің әндерін Гауһар Өмірзақова орындады. Қобыланды Болат алпамсадай жартылай құдай Мауиді дыбыстады. Бақытжан Әлпейіс – «күңкілдек бағбан» және Моананың тобының мүшесі Келені «сөйлетті». Қазақ тіліндегі дубляж режиссері – Шах-Мұрат Ордабаев. Музыкалық жетекші – Анель Сіргебаева.
Фильм режиссері – кіші Дэйв Деррик, музыка авторы – «Грэмми» сыйлығының жүлдегерлері Эбигейл Барлоу мен Эмили Беар, «Грэмми» номинанты Опетайя Фоая мен үш дүркін «Гремми» жүлдесінің иегері Марк Манчина.
«Қазақ тіліне аударылып жатқан фильмдерді кеңінен насихаттап, кинотеатрларға барып, қазақ дубляжын қолдауға шақырамыз. Әлемдік студиялардың қазақтілді ортаның қызығушылығын ескеріп, туындыларын өз есебінен аударып, ұсынуы – біз үшін өте жақсы жаңалық. Биылғы әлемдік премьералардың қазақ тіліндегі аудармасы бұрын соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге жетті. Қазақша кино қарауға ықыласты қауымның көбейгені анық байқалды. Алдағы уақытта танымал туындыларды қазақ тіліне аудару дәстүрі жалғаса береді. Бұл тіліміздің, әсіресе, балалар мен жастар үшін тартымдылығын арттыруға және кеңінен таратуға бағытталған тиімді тәсіл деп санаймын», – дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Бұған дейін Disney мен Pixar студиясы «Ойжұмбақ 2» фильмін қазақ тіліне аударып, кәсіби дубляж жасады. «Ойжұмбақ 2» фильмі алғашқы 4 күнде 40 000 000 теңгеден аса қаражат жинап, бұған дейін көрсетілген туындылар арасында рекорд орнатты. Қырғызстан, Армения, Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан елдері арасында Қазақстан жиналған сома бойынша бірінші орында тұрды.
298 рет
көрсетілді0
пікір