- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 29 Қараша, 2024
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәдениет және өнер саласындағы жетістіктері
Биыл Қазақстанның Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдениет пен өнер саласында айтарлықтай табысты еңбек етті. Бұл жыл ел үшін маңызды кезеңге айналып, қазақтың мәдени мұрасының байлығы мен алуан түрлілігін айқындайтын көптеген ірі іс-шаралармен есте қалды. Бұл туралы министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап kazgazeta.kz хабарлайды.
Ұйымдастырылған көрмелер, фестивальдер мен гастрольдер ел ішіндегі мәдени байланыстарды нығайтып қана қоймай, қазақ мәдениетін шетелде белсенді түрде насихаттауға ықпал етті. Министрлік 2024 жылғы жұмысын қорытындылады.
Қазақ мәдениеті шетелде: жетістіктер мен табыстар
Биыл қазақ өнері алғаш рет әлемге әйгілі өнер алаңдарында: Венеция биенналесі мен Гиме – Азия өнер музейінде ұсынылды. Бұл көрмелерді шамамен екі жүз мың адам тамашалады.Сонымен қатар, Қазақстанның баспа өнімдері алғаш рет әлемнің басты кітап көрмесі – Frankfurter Buchmesse-де көрсетілді. Бұл шараға әлемнің 153 елінен делегация қатысты.
Мәдениет бағыты бойынша білім алған 255 студент Қытай, Италия, Ұлыбритания, Австрия, АҚШ, Түркия, Чехия, Испания және басқа да елдерде өткен халықаралық байқауларда жеңімпаз атанды.
Бұдан бөлек, биыл Қазақстанның шығармашылық ұжымдары 14 елге гастрольдік сапармен барды. Оның ішінде Франция, Вьетнам, Түркия және АҚШ елдерінде сәтті өнер көрсетті. Бұл іс-шаралар халықаралық байланыстарды нығайтып, қазақ мәдениетін шетелде танытуға ықпал етті.
Тяньцзинь музейіндегі «Алтын адам және Ұлы дала» көрмесі де маңызды оқиғалардың бірі болды. Көрме ашылған сәттен бастап 400 мың адам тамашалады.
Мәдени дипломатияның маңызды бөлігі ретінде Тәжікстан мен Түрікменстанда Қазақстанның Мәдениет күндері де табысты өтті.Айта кететін жетістіктердің бірі – «Qazaq Culture» ақпараттық-ағартушылық платформасының іске қосылуы. Бұл платформа сегіз тілде, соның ішінде БҰҰ-ның алты ресми тілі, қазақ және түрік тілдерінде ақпарат таратады. Аталған бастама Қазақстанның бай мәдени мұрасын әлемге танытуға бағытталған.
2024 жылы қазақ қайраткерлерінің есімдері де ұлықталды. Құрманғазы, Абай сынды тұлғалардың ескерткіштері Түрікменстан, Тәжікстан және Татарстанда орнатылды. Бұл жетістіктер қазақ мәдениетінің халықаралық аренадағы беделін арттыру және оны әрі қарай дамыту бағытында министрліктің белсенді жұмыс атқарып жатқанын көрсетеді.
Елдің мәдени келбеті
2024 жылы Қазақстанда мәдени мұрасы мен байлығын көрсететін көптеген маңызды мәдени іс-шаралар өтті.
Айтулы оқиғалардың бірі – 17 мыңнан астам көрермен жинаған V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу және жабылу салтанаты. Ойындардың жабылу рәсімінде әйгілі қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің керемет концерті ұйымдастырылды.
Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» атты картинасының көрмесі өтті. Бұл көрмені 37,7 мыңнан астам көрермен тамашалады.
Қараша айының соңында ХVII Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтті. Фестиваль аясында халықаралық байқау және Орталық Азия мен түркі әлемі елдерінің фильмдері бойынша байқау ұйымдастырылды. Іс-шараға Әзербайжан, Қытай, Қырғызстан, Марокко, Ресей, Тәжікстан, Татарстан, Түркия, Өзбекстан, Филиппин және Франция сынды елдерден 50-ге жуық фильм ұсынылды, бұл кино өнерінің сан түрлі қырын айшықтай түсті.
Жыл бойы өткен көптеген концерттердің ішінен 30 қазанда Астанада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Марат Бисенғалиевтің қатысуымен өткен симфониялық концертті ерекше атап өтуге болады.
16 қазанда Мәскеудегі Мемлекеттік академиялық Үлкен театрда «Астана Опера» театрының гастрольдері өтті. Бұл іс-шара Қазақстанның мәдени дипломатиясын дамытуда маңызды қадамға айналды.
Сонымен қатар, Қазақстанның халық әртісі Майра Мұхамедқызы мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шөмібай Сариевтің шығармашылығына арналған концерттер өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Қазақстанның белгілі тұлғалары мен тарихи даталарына арналған мерейтойлық іс-шаралар
Биыл Қазақстанда елдің ұлы тұлғалары мен тарихи даталарына арналған ауқымды мерейтойлық іс-шаралар өтуде. Бұл іс-шаралар тек ұлы қайраткерлердің есімін ұлықтаумен шектелмей, сонымен қатар, елдің мәдени мұрасын дамытуға үлес қосуда.
Маңызды мерейтойлар: Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің 90 жылдығы, Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдығы, Бибігүл Төлегенованың 95 жылдығы, Сәкен Сейфуллиннің 130 жылдығы, Бейімбет Майлиннің 130 жылдығы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығы, Герольд Бельгердің 90 жылдығы, Әбіш Кекілбаевтың 85 жылдығы, Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығы.
Бұл іс-шаралар қазақ мәдениетінің маңызы мен оның халықаралық аренадағы рөлін ерекше көрсетеді. Мысалы, қараша айында Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің француз тіліне аударылған нұсқасының таныстырылымы өтті.
Аталған мерейтойлар қазақ халқының рухани мұрасын жаңа деңгейге көтеріп, оның әлемдік мәдениеттегі орнын айшықтай түсуде.Фото: gov.kz
457 рет
көрсетілді0
пікір