- Айна
- 01 Желтоқсан, 2024
«Атамұра» баспасы - заман талабына сай рухани корпорация
«Атамұра» – полиграфия, баспа ісі, кітап саудасы бойынша маманданған корпорация. Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялағаннан кейін араға небәрі бір жарым ай салып, 1992 жылы 4 ақпанда дүниеге келген. Негізін қалаған баспагер, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед.
Сыншы Ш.Елеукенов «Кітаптану негіздері» еңбегінде: «Тәуелсіз, жеке меншік «Атамұра» баспасы 1992 жылы наурыз айында құрылды. Республика баспа жүйесіндегі үлкен жаңалық-жеке меншік баспалардың құрылуы. Солардың ең мықтыларының бірі - «Атамұра» баспасы. Жеке меншік баспалардың ұзын саны екі жүзден асып жығылса да, олардан тұрақты жұмыс істеп өнім беріп жүргендері шамалы жиырма шақты баспа ғана», - деп жазды [1].
«Атамұра» негізінен тарихи энциклопедиялық басылымдар, түрлі анықтамалар, сөздіктер шығарды. Баспа қазақ және орыс тілдерінде жылына жалпы көлемі 1000 баспа табақ, таралымы 1,5 миллион дана кітап пен кітапшалар, 50 миллион данадан астам түрлі полиграфиялық өнімдер, бланк, плакаттар, этикеткалар тағы басқаларын шығарады. 1992-1995 жылдар аралығында, яғни үш жыл көлемінде 111 аталым кітап басып шығарды. Сонымен қатар, қазақ елінің ірі өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өлкесі - Ақмола облысына арналған «Ақмола» энциклопедиясы (1995), «Атырау», «Маңғыстау»және «Жезқазған» энциклопедиялары шықты.
1999 жылдан «Атамұра» баспасының президенті жоғары деңгейлі баспа-полиграфия, инженер-экономист саласының ардагері, «Баспа және полиграфия қайраткері» құрмет белгісінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Үміт Мұқанқызы Бейсембаева болды. Корпорацияның қазіргі президенті – философия ғылымдарының кандидаты, ғалым Рахымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед.
«Атамұра» корпорациясы – тәуелсіз елімізбен бірге өсіп, өркендеп келе жатқан, оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдар, ғылыми, әдеби-көркем, энциклопедиялық басылымдар шығаратын әмбебап баспа. Бүгінде баспадан шыққан басылымдардың қоғам үшін берері көп.
Баспаның тақырыптық жоспарына түрлі әдебиет, энциклопедия, анықтама, сөздік енгізілген. Мәселен, 1995 жылы баспа ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы қарсаңында Орта Азия тарихын айқындайтын, ақынның төл шығармалары, қара сөздері мен тарихи зерттеу мақалалары жинақталған «Абай» тұлғалық энциклопедиясын шығарды. Таралымы жүз мың дана, есептік баспа табақ арқылы шыққан энциклопедиялық басылымның Бас редакторы, жазушы, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Рымғали Нұрғалиұлы болды. «Кітапты әзірлеуге 200-ге тарта республикамыздың ғалымдары мен көрнекті абайтанушылар, шетелдік авторлар қатысты. Абай энциклопедиясының авторлары мен шығарушыларының бір тобына Зәни Ахметов, Рәбиға Сыздықова, Мұхтар Құл-Мұхаммедке 1996 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді»,- деп жазады [2].
«Атамұра» баспасының келесі бір бағыты – ғылыми әдебиеттер шығару. М.Мырзахметовтың «Қазақ қалай орыстандырылды» кітабы (1993), Б.Әбілқасымовтың «Телқоңыр» (1993), Т.Кәкішевтің «Кер заманның кереғар ойлары» (1995), академик Ғ.Есімовтың «Хакім Абай» кітабы жарық көрді. Соның ішінде баспа Ш.Уәлиханов атындағы Археология институтымен бірігіп, әзірлеген көне заманнан бүгінге дейін 5-томдық «Қазақстан тарихын» қазақ және орыс тілдерінде басып шығарды. Бұл баспаның басты ерекшелігі – тілдік мәдениет арқылы өз тарихымыздан хабардар болуға септігін тигізді.
Кезінде сыншы Төлеген Мәмесейіт: «Қазақстанның барлық облыс орталықтары мен ірі қалаларында ерекше жобадағы аталмыш 45 фирмалық кітап саудасы орталықтары табысты жұмыс істеп келеді. Бұл арнайы жабдықталған орталықтар республика тұрғындарының баспа, полиграфия өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандырумен айналысады. «Атамұра корпорациясы – бүгінде елге кеңінен танымал кәсіпорын, дүние жүзінің бірқатар баспаларымен іскерлік байланыстар орнатқан», - деп жазады [3].
1994 жылы баспадан Қ.Жарықбаев пен Ә.Табылдиевтің жоғары сынып оқушыларына арналған «Әдеп және жандану» атты оқулығы басылды. Еліміздің тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін жазылған ата тарихы жөніндегі тұңғыш оқулық пен оның Отан тарихын терең зерттеуге арналған хрестоматиялық нұсқасы «Атамұра» баспасынан қазақ және орыс тілдерінде көп таралыммен жарық көрді. ҚР ҰҒА-ның академигі, заң ғылымдарының докторы, профессор Ғ.Сапарғалиевтің дайындауымен қазақ және орыс тілдерінде шыққан оқулығының хрестоматиясы да екі тілде жарияланды.
Баспа 2003 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың ел алдында сөйлеген сөздері мен еңбектерін екі тілде де бес кітап етіп басып шығарды. Бүгінде бұл кітаптар әлем тілдеріне аударылып, дүние жүзінің көптеген елдерінде жарық көрді. 2005 жылы қазақ және орыс тілдерінде «Евразия жүрегінде», «XXI ғасыр: әлем саясаткерлері Н.Ә.Назарбаев туралы» басылымдар оқырман қолына тиді.
«Атамұра» кітапханасы» сериясымен 2002-2005 жылдары елімізге белгілі 70 ақын-жазушының туындылары басылып шықты. Бұл өлеңдер жинағының көшін ұлы бабамыз Абайдың «Қалың елім, қазағым» атты жинағы бастады. Сол туындылардың бірегейі, әйгілі жазушы Пауло Коэльоның «Заhир» романы да қазақ тілінде «Атамұра» баспасынан жарық көрді. Бұл романның басты ерекшелігі – Еуропа мен Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда өрбиді. Роман адамның өзіне және әлемге деген көзқарасын қайта қарауға бағытталған. Роман қарапайым адамның өмірі туралы ғана емес, символикалық деңгейде өмірдің мәнін беруге тырысады. «Атамұра» баспасы осындай әлемдік деңгейде өз романдарын жарыққа шығаруда.
Баспаның қоғам үшін орны бөлек. Сол кездің өзінде кітап шығарып, оны халыққа жеткізу оңай шаруа емес. Осы уақытқа дейін баспа, көптеген игі істерді жасап келеді.
Баспа тек қана мәдени-ғылыми әдебиет басылымдармен шектеліп қалмай, дәстүріміз бен өнерімізді дәріптейтін мақалалар жиі жариялайды. Мысалы, «Оқушылардың қабілетін арттыру жолдары», «Алаштың біртуар ғалымы – Халел Досмұхамедұлы», «Абайды дұрыс зерделейік» секілді маңызды дүниелер баспадан шығып отырады. Өзім оқыған Асылбек Әуесханұлының «Біз қазақ осындай елміз!» еңбегңнде қазақ тілінің даралығы, өмірлік өлшемдері, тілі мен діні туралы сөз қозғалады. Қазақ халқының мықтылығы, басқаларға тойтарыс бере отырып, жеңгендігі туралы жазылады. Баспадағы әрбір мақаланы алып қарайтын болсақ, көлемі ауқымды, айтар ойы бар мағынаны оқи аламыз.
«Атамұра» корпорациясының баспа саласындағы ең елеулі жұмыстарының бірі – жаңа буын оқулықтарын шығару. Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін мектептердің жаңа буын оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерін басып шығарумен айналысып келеді. «Атамұра» баспа-корпорациясынан шыққан бұл басылымдарды Қазақстанның түкпір-түкпірінен оқушылар білім алуда. Атап айтсақ, 1997-2004 жылы жалпы білім беретін мектептің 1-7 сыныптарына арналған 300-ден аса атаудан тұратын оқулық, 600-дей атаудан тұратын оқу-әдістемелік кешендерін жалпы саны 43,7 млн данамен басып шығарды. Баспа бүгінге дейін «Әліппе» мен «Букварьдың» 5-басылымын, 6-сыныпқа дейінгі басқа да оқулықтардың 2-басылымын, 8-9 сыныптарға арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін басып шығарып, еліміздің мектептеріне жеткізді. Бұл оқулықтардың басты ерекшелігі оның беріп жатқан сапасы мен білімінде. Жаңа оқулықтар шыққан сайын оқушылардың да ынтасы артары анық.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің «Атамұра» корпорациясымен тығыз байланысы, ынтымақтастық қарым-қатынасы орнағанын, корпорация басшылығымен бірнеше кездесу өткізгені тұрғысында Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай: «Атамұра» корпорациясының президенті Рахымғали Абрарұлы өзі бастап, бір топ қызметкерлерімен факультетімізге келіп, баспа жұмысы жайында жан-жақты мәлімет беріп, шеберлік дәріс өткізді. Факультет ұжымына Алаш арыстарынан бастап, қазақ классиктерінің шығармалары, қазіргі жазушылардың құнды еңбектері бар жүз кітапты сыйға тартты. Іскерлік байланыс ретінде корпорация тарапынан бізге қолдау беріп, студенттерімізге шәкіртақы төлеп жатыр. Бұл –біздің білім алушылар үшін үлкен мүмкіндік»,- деп атап өтті.
Қорыта келе, «Атамұра» корпорациясы Қазақстан үшін білімнің сапасын жақсартып, баспа ретінде әлемдік деңгейге дейін жетіп отыр. Баспаның болашағы жарқын болары анық, көп тілдік кітаптардың шығуы – үлкен жетістік. Егерде, корпорацияның кітаптарын жиі оқысақ, жастардың ой-өресі дамып, білімге ұмытылысы артары сөзсіз. «Атамұра» корпорациясы Қазақстан үшін білімнің сапасын жақсартып, баспа ретінде әлемдік деңгейге дейін жетіп жатыр. Баспаның болашағы жарқын болары анық, көп тілдік кітаптардың шығуының өзі үлкен жетістік.
Аида КАШКИНБАЙ,
ҚазҰУ-дың 1-курс студенті
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Елеукенов Ш. Кітаптану негіздері. Оқу құралы. -Алматы: Санат. -1997. 19б
2. Рымғали Нұрғалиұлы – «Абай» энциклопедиясы арқылы тұңғшы тұлғалық энциклопедияның негізін қалаушы /kaz.inform.kz сайты.https://kaz.inform.kz/news/rymgali-nurgaliuly-abay-enciklopediyasy-arkyly-tungysh-tulgalyk-enciklopediyanyn-negizin-kalaushy_a3712585/
30 қазан 2020.
3. Мәмесейіт Р. Баспа ісінің негіздері: Оқу құралы. -Алматы: Эпиграф. 2019. -36 б.
558 рет
көрсетілді0
пікір