- Айна
- 01 Желтоқсан, 2024
Жасандылықты жаны сүймеген суретші
Биыл қазақ бейнелеу өнеріндегі кесек тұлға, суретші Әбілхан Қастеевтің 120 жылдық мерейтойы аталып өтуде. Әбілхан Қастеев (1904-1973) қазақтың тұңғыш кәсіпқой суретшісі. 1904 жылы Талдықорған облысы (қазіргі Жетісу облысы) Жаркент ауданының Шежін ауылында дүниеге келген. ҚКСР-інің халық суретшісі Ә.Қастеевтің мирас қылып қалдырған мол мұрасы, Қазақстанның көптеген музейлерінде сақтаулы. Әбілханға қамқор болған, талантын дер кезінде танып бағалаған Николай Гаврилович Хлудов. Ол өнерге құштар, қазақ халқына зор қызмет еткен суретші.
Қазір қазақстандық суретшілер қазақтың ұлттық киімінің негізгі қалпын бұзбай, оны сол қалпында халыққа жеткізуге тырысады. Мұндайда алдымен этнографиялық көркем сурет сияқты құбылысты атап өткен жөн. Ол шын мәнінде, халықтық киімдер көрінісін, жоғары дәлдікпен бекітудің бір түрі. Мұнда суреттерімен танымал Әбілхан Қастеевтің шығармаларын бөліп көрсетуге болады. Суретші Айша Ғалымбаеваның «Қазақ халық костюмі» альбомын атаймыз, оның ішінде әр түрлі облыстардағы ұлттық киімдердің 60 жан-жақты және дәл суреттері бар.
Ә.Қастеев бізге ескі өмірдің елесінен шежіре сыйлаған суреткер, ол өз халқының өткен қасіретімен, өзгерген өмірімен біте қайнап өсті. Алғаш Ә.Қастеевке бейнелеу өнері студиясында сабақ берген ұстазы Н. Хлудовтың «Бұл өнерді қайдан, кімнен үйрендің?» деген сауалына, Әбілхан:
«Таудың бұлағынан,
Қойдың құлағынан
Апамның киізінен,
Ешкінің мүйізінен», – деуі суретшінің шынайылығы болатын.
Суретші Әбілхан Қастеев шығармаларында қазақ халқының шынайы тарихы кескінделген.
Әрбір туындыда оқиға, қазақ халқының болмысы мен қазақ мәдениетінің бірегей көрінісі, ұлттық киімі шынайы суреттеледі. Әсіресе халық тарихында қалған батыр тұлғаларымен байланыстырылады. Сондықтан, мақаланың деректік негізі Ә.Қастеевтің қазақтардың ХХ ғасырдың қазақ тарихы, мәдениеті үшін маңызы зор, шығармалары мен сонымен қатар Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық музей-қорығының жәдігерлері – негізге алынды. Жоғарыда айтылғандай ашық дереккөздегі Ә.Қастеевтің шығармаларына (негізінен музей экспонаттарына) және біздің өлкеміздің XIX-XХ ғасырлардағы тарихына қатысты фотосуреттерге, жазбаша куәліктерге сілтеме жасай отырып, кейбір киім үлгілеріне қысқаша тоқталуды мақсат тұттым.
Ескі фотосуреттер музейлер үшін негізгі ақпарат көзіне айналды, өйткені олар қазақ халқының өткен өмірі, салты туралы мүмкіндігінше көп сыр шертеді. Қазақ халқының киімдері және оны тігуге пайдаланған маталар мемлекетіміздің музейделерінде сақталған. Ондағы киімдердің сызбалары мен суреттерінен де оның қандай матадан тігілгенін аңғаруға болады. Мен осы мақалада ХХ ғасырдағы Шығыс Қазақстан аймағы қазақтарының арасында көп қолданылған, ұлттық киім эстетикасының негізгі элементі болған Орта Азиядан әкелінген жібек матаның қолданылуын көрсеткім келеді. Ұлттық салт-дәстүрді, қазақ халқының өмір тіршілігін өте жақсы білген Әбілхан Қастеев – жасандылықты жаны сүймеген, көргенін дәл қалпында бейнелеген қылқалам шебері.Әбілхан Қастеевтің өмірі мен шығармашылығының елеулі кезеңдерінің бірі колхоздандыру кезеңіндегі қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігін, халық тұрмысына енген жаңалықтарды қаз-қалпында әрі әсерлі етіп көрсеткен. Суретшінің туындыларында қазақ халқының жылдың барлық мезгіліне арналған ерлер мен әйелдер костюмдерінің, күнделікті және салтанатты киімдердің, ұлттық киімдердің бейнесі дәл аңғарылады. Сондықтан Ә.Қастеевтің жұмысын бүгінде халық костюмін зерттеу үшін көрнекі құрал ретінде пайдалануға болады. «Киіз үйдің ішкі көрінісі» (1929ж) деп аталатын акварель картинасында қарапайым тұрғын үйдің интерьерінің фрагменті қарапайым заттар жиынтығымен бейнеленген. Барлық заттар біркелкілігімен ерекше. Бұл суретте әйел адамдар бейнесі қол кәсібімен айналысқан қозғалыс үстінде. Мұнда үй шаруасымен айналысқан күнделікті киімдегі екі әйел адам бейнеленген. Кимешек киген үй иелері үстерінде қарапайым киім ақ түсті көйлек пен қара-сиякөк қысқа камзол, аяқтарында мәсі. Бұл көріністе шымылдық құрылған төсек үстінде ұршықпен жіп иірген әйел, сондай-ақ төр жағында алдыңғы планда жеңі жоғары қайырылған іс тігіп отырған әйелдер бейнесі. Оң жақ босағада мәсінің сыртынан киюге арналған, былғарыдан тігілген қонышсыз аяқ киімдер көрсетіліген. Бір сәт назар аударсақ Ә.Қастеев бұл тақырыпқа қайта оралып, «Киіз үйде» (1935ж) атты суретті кенепке майлы бояумен салады. Екінші туындысына төсекте ұршықпен жіп иірген жас әйел жанында отырған қыз баланың бейнесін енгізеді, үстіне қос етек бүрмелі көйлекпен көк түсті жарасымды камзол киген. Киіз үй ортасында қазан ошақ тұрғанын және жүн түтіп отырған ұзын жең көйлектегі әйелді көре аламыз! Осы орайда, этнографиялық музей-қорықтың – экспозиция залдарында егде жастағы әйелдер киімінің топтамасы көрермен назарына ұсынылған. Олар кимешек шылауыш бас киім, бөртпе шәлі, бешпет, плюш камзол, атлас, торғын, шағи, адрас сияқты жібек көйлектер және былғары аяқ киімдер т.б.
Музей-қорықтағы құнды жәдігерлердің бірі – өлшеміне сай тігіліп жас шамасына қарай безендірілген дәстүрлі кимешек шылауыштар сақталуда. Шығыс Қазақстандағы кимешектер құйрық бөлігі қысқалау, алдыңғы жағы жоғарғы бұрыштары қиғаш келген төртбұрыш оның екі жағына шаршыға (квадрат) жақын түрдегі жақтаулар бекітіліп тігілген. Ақ матадан тігілген кеуде, иық, жонды жабатындай жасалған, ХХ ғасырдағы әйелдер бас киімі. Белден төмен түскен ұзын ұшы үшкір немесе дөңгеленіп келген. Кимешектің иекті айнала жүргізілген маңдайшасы көркемделген. Ойықтың екі жағы, иек тұсына түсті жіппен көмкерілген, іс машинсымен тігістер сырылған ол егде әйелдерге тән бас киім. Жас келіншектердің ерекше әшекейленген кимешектің иек тұсы, жақ самайлығы айнала өсімдік тектес ою-өрнектер металл жіппен кестеленген. Шығыс Қазақстандағы әйелдер өздеріне ғана тән бас киім ерекшеліктері де анық байқалатындай, әсіресе, кимешек-шылауыш пішінділігімен және шағын жаулықпен ерекшеленеді. Кимешек орта жүзге тән «найман» ерекшеліктері бар. Әсіресе үстіне тікбұрыш пішінді, оқалы жақтарды жапсырып безендірілген. Матамен астарланған сары-сұр түсті металл зер жіптен тоқылған өсімдік тектес ою-өрнекті оқаларды кеңінен пайдаланған. Кимешектер Шығыс Қазақстан облысының Күршім, Қатонқарағай, Марқакөл ауыл-аймақ тұрғындарына тиесілі болды.
Ұлттық киім түрлерін қазақтар орта Азия мен Қытайдан әкелінетін мақта-мата, жібек, өздері дайындаған жүн, киіз, тері өнімдерінен дайындаған.
Музейде ерекше орын алатын бұл үй-жайлы болып, егде тарта бастаған еркектің және өңірдің дәстүрлі толықтай топтамасы егде жастағы әйелдер киім-кешегі көрермен назарына ұсынылған. ХХ ғасырдың екінші жартысына жататын тік кең етекті әйел көйлектер топтамасы өзіндігімен, қымбат бағалы матаның қасиеттерімен ерекшеленді. Бұл егде әйелдерге тән қазақи белдемше көйлектері. Негізінде бұл көйлектің жағасы тік шығарылып ол артынан түймеленеді, етегі тізенің астынан төмен түскен, ұзын жеңді немесе жең аузы манжеті бар болып келген, кеудеге «өңір жиек» әшекейленіп тігілген. Сонымен қатар бала емізетін аналарға арналған көйлек бар. Арнайы нәрестені емізу үшін киіміне тән кеуде жағы тік кесінді ойық үлгісі де болып келген.
Ескілік және құнды киім музей коллекциясына жататын дәстүрлі әйел киім үлгісі жібек көйлегі «адрас» табиғи матадан пішіп тігілген. Бұл керемет мата әдемі және жылтыр жарқырап, түрлі-түсті ою-өрнектермен сәнді көрініс береді. Өйткені өзбек жібегінде кемпірқосаққа тән түстер мен тұмардың қасиеттері бар деп саналады. Ұлттық өзбек маталарының ең жақсы үлгілері «Икат» деген ең көне тоқыма өнерінің түрімен орындаған ХХІ ғасырдағы маталар осы уақытта музей қорында сақталуда.
1970-80-ші жылдары Шығыс өңірі Ұлан, Күршім, Самар, Көкпекті, Тарбағатай сияқты тағы басқа аудандарға барған экспедициялар мен жеке адамдардан сатып алу, сыйға тарту жолымен киім-кешек түрлері музей қорын толықтырды.
Шығыс Қазақстанда шолақ жең белі қынамалы камзолдар кең таралды. Барлық жастағы әйелдер көйлек сыртынан қысқа жеңді камзол, бешпент киді.
Суретші Ә.Қастеев әртүрлі бас киімдерде көптеген портреттер салған, бірақ оның әпкесінің портреті әсіресе әдемі, үкі қауырсындарымен безендірілген бас киім.
Музей коллекциясында кыздардың қызыл түсті барқыт камзолдары мен қос етек көйлегі, үкілі тақия мен кәмшат бөрік бас киімдері жасына, әлеуметтік ерекшеліктеріне байланысты ерекшеленген. Зертігістен басқа да әртүрлі моншақтармен, күміс теңгелер, маржан тастармен әшекейленіп безендірілген.
Ә. Қастеев шығармашылығындағы Ұлы Абай тұлғасы аса күрделі тақырыптардың бірі деп білеміз. Ә. Қастеевтің (1968 ж.) «Жас Абай» туындысы суретшінің ең сәтті портреттерінің бірі. Суреттерінде Абайдың киіз үйдің ішінде отырған, жазу және оқу сәті бейнеленеді. Жұмсақ рең бейнеге сезім қозғаларлық нәзіктік берген, ақ жейде киген басында тақия, дөңгелек төбелі етегі аласа болып келген ердің жеңіл жазғы бас киімі. Суретте қазақ үйінің ішкі жиһазы мен жасауларын соншалық сүйіспеншілікпен салып көрсеткен.
Ә.Қастеев Абай еліне жол жүріп, суретшінің ұлы ақын шығармаларынан мол рухани нәр алғанын туындыларынан анық байқауға болады. Абай Құнанбаевтың «Қансонарда бүркітші шығады аңға» атты өлеңінің желісіне ұқсас (1935ж) жазылған «Бүркіт ұстаған аңшы» туындысын айтуға болады.
Музей көрермен назарына қарапайым қарттардың, әсіресе аңшылықпен айналысқандар ши барқыт бешпет, ішік тондар, тері шалбар, саптама етік сияқты т.б. ерлер киімі ұсынылған. Олар: еркектің қысқы сырт киім топтамасы елтірі тон қой терілерінен тігіліп сырты матамен тысталатын, түлкі ішік тон жағалы болып келген, шибарқыт бешпеті, түлкі тымақ, саптама етік ішіндегі байпағымен. Сырты барқыт плюш матамен тысталған, төбесі 6 сай (қиық) етіп пішіп сырмалаған найман тымақ. Найман тымақтың арғын тымақтан айырмашылығы құлағы мен артқы етегі кішірек, төбесі шошақ, жығыты мен шалғайы ұзынырақ келеді. Тымақ астынын тақия киген. Белгілі саяхатшы Г.Н.Потаниннің, В.В.Радловтың, атақты Ш.Ш.Уәлихановтың бірқатар мақалаларындағы Тарбағатайдағы қазақ рулары, олардың мал шаруашылығы, қолөнері, аңшылығы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі турасындағы мәліметтері өте құнды. Қазақтың халық костюмі композициясы жағынан қарапайым, атпен жүруге ыңғайлы. Өйткені бұрынғы кезде атсыз өмір сүру мүмкін емес болған, денесі суықтан, ыстықтан аптап желдерден қорғауға бейімделген болып келеді. Былғарының өңделуіне, тігісіне, құрылымына, түрлі әшекейлерді пайдалануына қарай көркемдік ерекшелігімен айрықшаланады.
Тарбағатайдың теріскей бетін мекендейтін бұл өңірде орта жүз рулары, негізінен найман тайпасы қоныстанған. Бұл өңірдің көптеген аудандарында киімнің түпкілікті өзгеріп кеткеніне қарамастан, дәстүрлі қазақ ұлттық киімінің көптеген элементтері әлі де сақталған.
Өткен ғасырлардағы қазақтардың тұрмысы мен мәдениетін зерттеген этнографтардың архивтік суреттерінен дәстүрлі киім киген дәулетті қазақ отбасын, үйлену тойына арналған және ерлер мен әйелдердің қымбат бағалы киімі көрші орналасқан Өзбек, Түркімен, Қытай, Иран халықтарының жергілікті өндірісте шығарылған маталарынан жасалғанын байқаймыз.
1879 жылы түсірген И.С. Поляковтың Семей жерінің әл-ауқатты отбасының дәстүрлі қысқы киім түрі киген бейнелері көрсетіліген. Киімде ұлттық эстетикалық талғам мен табиғи ортаға бейімделу ерекшеліктері, адамдардың жас және жергілікті, рулық ерекшеліктері көрінеді. Ол көбіне бас киім мен шапаннан байқалады, сырмалаған 6 сай найман тымақ, 4 сай жатаған тобықты тымағы деп ажыратылады. Мұнда ішік шапан және түлкі тымақ сыртын берік және жақсы, қымбат маталармен тысталған. Сондай-ақ, бозбалалар жүн тартқан шапан, киiмдердiң ең жақсы көрнектiсiн киген. Қазақ қызының киім үлгісі қыздың мәртебесі мен дәрежесіне байланысты әсем қанық бояулы, түрлі-түсті жібек, жылтырауық маталардан тігілген, басында үкі тағылған кәмшат бөрік. Суретте Шығыс Қазақстандағы әйелдер өздеріне ғана тән баскиім ерекшеліктері де анық байқалатындай, әсіресе, кимешек-шылауыш пішінділігімен және шағын жаулықпен ерекшеленеді.
Дәстүрлі ою-өрнектің мотивтерін киім тігуде қолдануды ең алғашқы рет 1970-1980 жылдары ҚазССР модельдер үйі ұсынып қолданды.
Ерте заманнан күні бүгінге дейін, өзінің қадір-қасиетін жоймай, әрі әсем әрі ыңғайлылығымен пайдаланудан қалмай келе жатқан қазақтың ұлттық киімдері әлі де аз емес. Қазірғі кезде жергілікті кәсіпорындар әртүрлі ұлттық нақышта киім жасап шығарады.
Осы мақаланы жазарда өз ойымды нықтау үшін ақын ойшыл Абай өлеңдері маған ұлттық киімдерінің сыр мен сымбаты жайындағы танымы іспеттес болды.
Қазақы ортада киім-кешекке қатысты пайда болып әлі күнге дейін сақталған: «асыл шапанды асылмен астарла», «алтын шекпен ерге жарасар», «бөрік – адамға көрік» деген нақыл сөздер көшпелі ортаның киімінің эстетикалық талғамға сәйкестілігіне мән бергенінің айғағы.
Қорыта келе, Ә.Қастеев туған жері мен өскен елін, халқының бірегей және ұмытылып кеткен дәстүрлерін шежіре ретінде халқымыздың ұлттық киімдерінің түрлерін көркемдеп жеткізген суретші. Ғылыми-танымдық жағынан да, мәдени-тарихи тұрғыдан да тағылымы таусылмайтын осындай құндылықтары еліміздің ең ірі музейлерінде, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық этнография музей-қорығында сақталған.
Адамның киіміне қарап әлеуметтік деңгейін, жас ерекшелігін байқауға болады. Аталған өңірде дәстүрлі киімдерді тігуде үй жануарларынан алынған тері мен жүн өнімдері қолданылды. Сонымен қатар, фабрикалы маталардан да дәстүрлі пішімді сақтай отырып тігілген. Және де өңірдегі қазақтар қазіргі таңдағы европалық үлгідегі күнделікті және мерекелік кимдеріне дәстүрлі элементтерді үйлестіріп киюге тырысады.
Гүлнар БЕКБЕРДИНОВА,
Шығыс Қазақстан облыстық
сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық
музей-қорықтың қазак этнографиясы
ғылыми- зерттеу бөлімінің
ғылыми қызметкері
432 рет
көрсетілді0
пікір