- Біздің сұхбат
- 02 Желтоқсан, 2024
Жәмила Қадырханова, «Adiya» сән салонының директоры: Тілді заманға бейімдеу керек
Қазір ақпарат заманы. Сондықтан қазақ тілін заманға сай етіп бейімдеуіміз керек. Мысалы, жұмыс барысында шаш саласының термин сөздерін қолдансам, көбі түсінбейді. Жалпы, «сөздік қорымыз бай» деп мақтанамыз. Дегенмен жаңадан енген салада бір сөзбен жан-жақты, толыққанды мағынасын ашып беретін термин сөздер бізде жеткіліксіз. Сондықтан қазіргі цифрлық заманда жаңа терминдерді ұғымға сай етіп, қазақыландыруы қажет. Мәселен, жастардың арасында «у них свой вайб» деген сөз бар, бұл қазақша «олардың өз әлемі» дегенді білдіреді. Ал «атмосферно» деген сөзді қалай қазақыландырамыз? Осындай түйткілді мәселелер көп.
Қазақ тілге, мемлекеттік тілге құрмет пен талап жоғары жақтан басталуы керек. Өзбекстанда солай, тіл мәселесіне келгенде талапшыл әрі қатал. Бізге сол қаталдық жетпей тұр. Меніңше, қазақ тілінің абыройын арттыруда әлеуметтік желіні, Instagram, Tiktok-ты жиі пайдалануымыз керек. Оқырманы көп блогерлермен бірлесе отырып, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту, насихаттау бірінші кезектегі мәселе болуға тиіс. Олар блогын таза қазақ тілінде жүргізсе. Қазір ақпарат заманы болғандықтан, әр адам өзінің жұмыс істеп жүрген саласында тәжірибесі болса, сабақ бере бастайды. Қаншама аудитория жиналады, өкінішке қарай, ол сабақтың көпшілігі орыс тілінде өтеді. Оларға да қатаң талап қойылып, орындалуын қадағалау керек, мұның бәрін, бәлкім, заң жүзінде жүзеге асыру қажет шығар.
2589 рет
көрсетілді0
пікір