Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Құмсағат
  • 02 Желтоқсан, 2024

Ақтауда жастар арасында бокстан ел чемпионаты өтеді

 

3-8 желтоқсан аралығында Ақтауда 2007-2008 жылы туған жастар арасында бокстан ел чемпионаты өтеді. Бұл туралы брифингте ҚР жастар құрамасының бас бапкері Мақсат Бақтыбазаров айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.

Спикердің айтуынша, чемпионат еліміздің 17 облысынан және 3 қаласынан 300-ге жуық спортшының басын қосып, 14 салмақ дәрежесі бойынша үздіктерді анықтайды. 

“Маңғыстау өңірі қазақ боксының негізін қалаған Шоқыр Бөлтекұлынан бастап, Олимпиада жүлдегерлері мен әлем чемпиондары тәрбиелеген спорттық дәстүрімен танымал. Бұл чемпионаттың маңыздылығы да жоғары, себебі жеңімпаздар 2025 жылғы Азия чемпионатына және жастар арасындағы Олимпиада ойындарына жолдама алу мүмкіндігіне ие болады. Жарыс барысында төрешілерге арналған арнайы семинар өткізіліп, әділ төрелік етуге 40-қа жуық төреші қатысады. Чемпионатты Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Рауан Игенев пен ұлттық құрама командасының мемлекеттік жаттықтырушысы Аслан Игеубаев ашып береді”,- деді Мақсат Бақтыбазаров.
Брифинг барысында Маңғыстау облысы бокс федерациясының команда басшысы Ердос Жаңабергенов жарыстың құрметті қонақтарын атап өтті. 

“Жарыстың құрметті қонақтары ретінде еліміздің даңқты спортшылары – Олимпиада чемпиондары Ермахан Ибраимов пен Серік Сәпиев, Олимпиаданың күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков, Әлем кубогінің жеңімпазы Аркадий Топаев, Әлем чемпиондары Біржан Жақыпов пен Қайрат Ералиев қатыспақ”,- деді Ердос Жаңабергенов.

Маңғыстау облыстық бокс бойынша олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің басшысы Әділбек Ниязымбетов көрермендерді чемпионатты тамашалауға шақырды. 

“Сіздерді бокстан өтетін ел чемпионатын тамашалауға шақырамын. Бұл тек спорттық дода ғана емес, еліміздің болашағын жасайтын жас таланттардың шыңдалу алаңы. Чемпионатта сіздер болашақ чемпиондардың алғашқы қадамдарын көру мүмкіндігіне ие боласыздар. Келіңіздер, болашақ чемпиондарымызға қолдау көрсетіп, спортқа деген қызығушылықты бірге арттырайық”,- деді Әділбек Ниязымбетов.
Уақыты: 3-8 желтоқсан 2024 жыл

Өтетін орны: Ақтау қаласы, 17 шағын аудан, Halyk Arena спорт кешені. 

Кіру тегін.

1490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз