Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 03 Желтоқсан, 2024

Бұлбұл үнді Бибігүл

Алматыдағы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармония­сында Н.Тілендиев атындағы академия­лық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі Қазақстан және КСРО-ның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенованың құрметіне арналған концерт өтті.
 

Ғасырға жуық тарихы бар филармонияда еліміздің танымал тұлғалары өнер көрсетіп, қолтаңбасы мен ізін қалдырды. Халқының сүйіспеншілігіне бөленген бірегей өнер иесінің бірі – Бибігүл Төлегенова. Ол осы киелі шаңырақта 15 жыл қызмет етіп, қазақтың классикалық музыка өнерін әлемге танытты әрі филармонияның репертуарының баюы мен дамуына зор үлес қосты. Сондықтан концерт, негізінен, Бибігүл Ахметқызының репертуарындағы әндерге арналды. Онда 20-ға жуық шығарманы оркестрдің сүйемелдеуімен халықаралық конкурстардың лауреаттары Фархат Кубиев, Аяжан Қуанышалиева, Айдос Жабағин, Айгерім Шәріпбек, Жұлдыз Байжұма, Гүлзат Дәуірбаева, Аяжан Қуанышәлиева, Нұрғалым Аманбай сынды жезтаңдай өнер иелері Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан «Гәкку», халық әні «Гауһартас», Латиф Хамидидің  «Бұлбұлын», Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне, Александр Зацепиннің әніне жазылған «Мама» сияқты бірнеше әнін әуелете шырқады. Кештің шымылдығы «Отырар сазы» оркестрінің орындауында Нұрғиса Тілендиевтің  «Ата толғауы» күйімен ашылды. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері –Дінзухра Тілендиева. Одан бөлек кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, профессор Жалғасбек Бегендіков, халықаралық конкурстардың лауреаты Әбілқайырхан Бейсеков те оркестрге дирижерлік етті.


Концерттің басында сөз алған Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының директоры Ақан Әбдуалиев:
 – Қазақтың бұлбұлы 16 желтоқсанда 95 жасқа келеді. 95 жас – бір ғасырмен құрдас кезең. Филармония 1935 жылы ашылған. Бізге келесі жылы 90 жыл, ал Бибігүл апайға 95 жыл. Апамыз 15 жыл филармонияда еңбек етті. Өнер иесінің өзі де: «Бүкіл марапатымды, атақ-абыройымның барлығын осы филармонияда қызмет етіп жүрген кезімде алдым» деп айтып жүр. Сондықтан бұл кешті өткізу біз үшін де үлкен қуаныш. Барша қазақтың атынан сізге ұзақ ғұмыр мен денсаулық тілейміз. Аман-есен болыңыз. Қазақ елі қаншама тағдыр, қаншама тарихтан өтсе, соның бәрінің куәсі болдыңыз. Сіз барда біздің өткеніміз еш уақытта өшпейді деп ойлаймыз, – деп халық әртісіне сый-сияпатын табыстады. 
Кештің басты қонағы Бибігүл Төлегенова мінберде тұрып:
– Өте бақытты адаммын. Әрине, бұл жасқа жетудің өзі оңай емес. Талай қиындық болды, бірақ шүкір дейміз. 95 жасқа келсем де, қол қусырып отырмаймын. Жастарға білгенімді көрсетіп, айтып, үйретіп отырамын. Қазір ән айтуды қойдым. Ән айтуға тынысым да, дауысым да жетпейді. Үлкендерді осылай құрметтеген жастардың жолы ақ болсын, ұзақ болсын. Табысты, абыройлы болсын. Алла Тағала бізді көктегі, жердегі апаттан, қайғы-қасіреттен, тілден, көзден сақтасын, – деп көрерменге жүрекжарды тілегін айтты.  


Концертке шақырылған құрметті қонақтың бірі, бірнеше жыл Халық әртісімен көрші болған замандасы, Нұрғиса Тілендиевтің жары Дариға Тілендиева:  
– Бибігүлмен біраз уақыт көрші тұрдық. Бибігүлмен консерваторияны бітіріп, керемет әнші болып, қызметін атқарып жүргенде таныстым. Өте тату тұрдық. Үнемі шайға шақырады, анда-санда біздің үйге келеді. Ол кісі төртінші қабатта, біз үшінші қабаттамыз. Қазір біздің пәтерді музей етіп қойған. Өте керемет кезең еді. Бибігүлдің өнерін өте жоғары бағалаймын. Өйткені қазақтың бұлбұлы болу деген оңай емес. Нұрағаң қайтыс болған соң, екі жылдан кейін ән жазып кеттім. Бүгінгі кеште Мұқағали Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Бибігүлге» деген әнім орындалады. Ол әнді Бибігүл бүгін екінші рет естиді. Біріншісінде телефоннан бір қыздың гитарамен орындағанын тыңдаған. Ал оркестрдің сүйемелдеуімен айтылатын әнге бүгін өзі де куә болмақ. Әнді Фархат Кубиев орындайды, – деп бұлбұл әншіге тартуы барын айтты.
 «Отырар сазы» оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижері Дінзухра Тілендиева:
– Бүгінгі концертте 20 шығарма орындалады. Көп бөлігі – Бибігүл Төлегенованың репертуарындағы әндер. Ол шығармалардың көпшілігін әкем өзі оркестрге лайықтап кеткен. Композиторлардың жаңа әндері де кірістірілді. Бибігүл Ахметқызы әкемнің көптеген әнінің бірінші орындаушысы. Концерттің репертуарын да соған қарап ойластырдым. Оның ішінде өзіме ерекше ұнайтын «Жан жарым», «Жан сәулем», «Кел, еркем, Алатауыңа» әндері орындалмақ. Кешке өнер көрсететіндер қатарында Бибігүл Ахметқызының шәкірттері, ол кісінің байқауына қатысқан жүлдегерлер, опера-балет театрының беткеұстар әншілері бар. Ерекше талант иесінің шығармашылық жолы өте күрделі әрі бай. 
1995 жылы Опера және балет театрында өткен әкемнің 70 жылдығында Бибігүл апамның сахнада осы «Кел, еркем, Алатауыңа» әнімен тұрғаны әлі көз алдымда. Сол кезде 10 жаста едім. Кішкентай кезімде Бибігүл апамыздың үйіне жиі бардық, Малика деген немересімен ойнайтынмын. Малика екеуміз бір-біріміздің үйімізде ойнап, құрбы болдық. Екеуміз әрі-бері жүгіріп жүреміз. Бір күні байқамай үлкен базаға аяғымыз тиіп кетті де, сындырып алдық. Ол кісі өмірде өте қарапайым, даусы қандай сыңғырлаған болса, жүрегі де сондай өте нәзік адам, – деді.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Жалғасбек Бегіндіков:
– Қазақтың  әншісі 70–80 жыл бойы сахнада өнер көрсетті. Осы уақыт аралығында әлемнің түкпір-түкпірін аралап, халқының даңқын аспандатты. Ол кісінің репертуарында қазақ әндерінен бастап,  өзге ұлттардың әндері әдемі орындалды. Қазір кез келген әншілік салаға түсушілер қазақ ән өнерінің эталоны – Бибігүл апайымыздай болсақ деп армандайды. Болашақ әншілерімізге осы кісінің өнерін, табысын, ғұмырын берсін, – деп пікір білдірді.
Филармония залын лық толтырған халық бұлбұл әншіге арналған тамаша кешке зор қошеметін білдірді. Ал ұйымдастырушылар бұл мерейтойдың тек басы екенін, алда әлі кең көлемде атап өтілетінін жеткізді.

 
«Ана тілі» газеті

1021 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз