- Таным
- 04 Желтоқсан, 2024
Қаламды серік еткен
«Әке – асқар тау, ана – аққан бұлақ» дейді ғой. Біз жазушының отбасында он бала тәрбие көрдік. Әкеміз Зейнел-Ғаби Иманбаев біз ес білгелі көбіне жазу үстінде болатын. Анамыз Кәмеш бізді күтіп, баптап жағдайымызды жасайтын. Қолы босағанда кітап оқып, домбыра тартуға, еңбекке баулитын. Республикалық басылымдарда шыққан газет-журналдар үзбей келіп тұратын. Үйде кітап көп болатын. Үлкеніміз кішімізге ертегі оқып беретінбіз. Кейін батырлар жырын көп оқыдық. Кешкілік Қазақ радиосынан ертегілер тыңдайтынбыз. Әкеміз біздің бала кезден кім болатынымызды болжап қоятын, өте балажан жан еді.
Солтүстік Қазақстан облысы Шалақын ауданына қарасты отыз үйлі Ортақкөл ауылында тұрып, бірден жазушы болу әкем үшін қиынның қиыны еді. Әкем 1944–1954 жылдар аралығында суық тигеннен белінен баса алмай, көбіне жатып жазған. Оның бар арманы «қайтсем де жазушы болам» деген мақсат еді. Аудан дәрігеріне қаралғанда «сенің дертіңе дауа жоқ, өлесің» дегенде әкем «мен әлі жаспын, менің асқар таудай арманым бар. Жоқ, мен өлуге тиісті емеспін» деп, өмір үшін күрескен. «Ажалды жеңген адам алтын аяқтан су ішеді» демекші, әкем қайсарлықпен алға жылжып, ауыр дертті жеңіп, аяғынан тұрды, қатарға қосылды.
Ауырып жатқанда ауданнан қап-қап кітап алдырып, әдебиеттің қыр-сырын өз бетінше меңгерген еді. Онда да есік алдына шығып келуге жағдайы бар-тын. Белі тала берген соң көбіне жатса керек. Осы уақыт аралығында бір қалың кітап жазып, көңілінен шықпаған соң отқа жағып та жіберген кезі болған. Сонда анамның іші удай ашыған екен. Қаншама еңбекті жағып жібергені өкініш тудырыпты. Осы оншақты жылда анам тағдырдың тауқыметін бір өзі көтерген еді. Ата-анамның тұңғышы ұл болыпты, аз уақыт тұрып шетінеп кеткен екен. Содан кейін жеті қыздан соң екі ұл, бір қыз дүниеге келіпті. Колхоз жұмысы, бір жағынан, бала-шаға, мал-жан дегендей, осы бейнетті анам жеңе біліпті.
Жаздыгүні Жағыпар нағашым атты жегіп, арбаға құс төсекті, жастықты салып, көрпемен жауып, әкемді қалаға дәрігерге апаруға жолға шығыпты. Осы кезде Ілияс Омаров ағамыздың жіберген санавиациясы да нағашымның үйінің сыртына келіп қоныпты. Ұшқыш үйге келіп, әкемді сұраған екен. Апам ат-арбамен қалаға кеткенін айтыпты. Ол кезде асфальт жоқ, кедір-бұдыр жолмен келе жатып, әбден жол соқса керек. Күн батқан соң жолдағы Бексейіт ауылындағы ағайынның үйіне қонғанда, әкемнің беліне шыққан үлкен бітеу жарасы жарылып, көзі шайдай ашылады. Содан бастап қайта қатарға қосылып, еркін жүре бастайды.
Әкем өмір бойы төсекке таңылған жоқ. Отыз жасына дейін ауырса, қалған уақытта ел қатарлы малын өсіріп, шөбін шауып, отынын жарып, балығын аулап, аңға шығып, қыста қар күреп дегендей, ауыл тірлігін ұршықша үйірді. Алпыс үш жыл өмір сүрді, қағылез, жүгіріп жүретін адам еді.
Өзінің табиғи дарынының, көп ізденісінің арқасында алашқа мәшһүр болған жазушы мектеп қабырғасынан алған білімімен оқырманға он жеті кітап жазып қалдырды. Осы бір қажырлы жолда жас жазушыға қоғам қайраткері Ілияс Омаров, атақты жазушылар Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Асқар Лекеров, Сафуан Шаймерденов сынды жанашырлары қолтығынан демеп, жол көрсетіп, жылма-жыл кітабының шығуына атсалысқан, жәрдем еткен. Сондай-ақ «Ленин туы» редакциясы тырнақалды туындыларын жарыққа шығарып, қанаттандырып отырған.
Әкеме бірден-бір көмек берген сол кездегі мемлекет және қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың пейілі ерекше болды. Ілияс Омаров 1955–1959 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облыстық комитетінің секретары болып тұрған кезде «Ортақкөл деген ауылдан жас қаламгер шығыпты, денсаулығы жоқ деп еді, жағдайын біліп қайтайық» деп көмекшілерімен ауылға келеді. Ол кезде дара ағаш үйде тұратынбыз. Бір бөлмелі үйде бес-алты баласымен тұрып жатқан жас қаламгерді көріп, Ілекең «жазушының кабинеті, қонақ күтетін бөлмесі, ас үйі, дәлізі сияқты бірнеше бөлме үйі болуы керек» деп қадап айтыпты. Ол туралы әкемнің «Ілиястың бағы» деген естелігінде егжей-тегжей баяндалған.
Әкем Зейнел-Ғаби Иманбаевтың әңгімелері мектеп оқулықтарына енген. Жазушы көркем дүниелерімен жас ұрпақты жақсылыққа, еңбекке, шыншылдыққа тәрбиелеу мақсатында көп ізденген, өзінің жазуына ұқыпты, жауапкершілікпен қараған қаламгер. Оқырманның жас ерекшелігін ескеріп, соны зерттеп, сезініп, оқырманның өресін екшеп, сенімді түрде жаза білген жазушы «Бастама», «Сырымбет», «Арлан», «Дала көктемі», «Кішкене малшы», «Кең аймақ», «Жас шыбықтар», «Кіреуке мерген», «Жирен сақал», «Солмайтын гүл», «Нағажайлы түнде», «Айналайын, адамдар», «Қыран түлегі», «Дала әңгімелері», «Құстар қайтып оралғанда», «Ауыл түтіні», «Солмайтын гүл» /повестер жинағы/, «Қос қайың», «Қанатты өмір» атты әңгімелер мен повестер жинақтарының, яғни он жеті кітаптың авторы.
Әкем философиялық ой қозғауды Абайдан, ұлттық бояуды қосып, табиғи, әсерлі жазуды Бейімбет Майлиннен, қысқа жазуды Антон Чеховтен, өткір, қажырлы шығарма жазуды Николай Островскийден үйренген. Соларды ұстаз тұтқан. Ол Жүсіпбек Елебеков, Байғабыл Жылқыбаев, Мағауия Көшкімбаев, Рахия Қойшыбаева, Рәбиға Есімжанова, Жамал Омаровалардың орындаған әндерін сүйсіне тыңдаушы еді. Күйлерден шертпе күйлерді, әсіресе Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Әбікен Хасенов, Мағауия Хамзин сынды күйшілердің орындауындағы сыршыл күйлерді тыңдағанды ұнататын. Кейде ыңылдап, келтіріп жүретін. Өзі де домбыраға қосылып ән салатын. Өнерге деген шексіз махаббаты шығар, мені бесінші сыныптан Жүсекеңе шәкірт болады деп тәрбиеледі. Әкемнің арманы болған соң өнерге ыңғайлана бердім. Мен мектеп бітірген кезде облыстық, республикалық байқаулардан өтіп, республикалық эстрада-цирк студиясына, Қазақстанның халық әртісі Жүсіпбек Елебековтің сыныбына оқуға түстім, оқуды бітірген соң ҚазМУ-дің журналистика факультетінің деканы Темірбек Қожакеев «домбыраң артық болмайды, біздің оқуды да оқып ал» деп ақыл қосып, сол факультетті бітіріп алдым. Кейін «Мектеп» баспасында, Республикалық Ықылас атындағы музейді редакторлық қызмет атқарып, кітап шығару ісімен айналыстым. 1990 жылдың қаңтарынан Қазақ радиосының музыка редакциясында редактор, аға редактор, бас редактор, «Алтын қор» бөлімінде жетекші қызметтерін атқарып, 30 жылға жуық осы салада еңбек еттім.
Енді әкемнің туғанына 100 жыл толуына байланысты іс-шараларға көшсек. Мысалы, «Абай» телеарнасынан «Ұмытпаймыз», «Еларна» телеарнасынан «Тағдыр жолы» хабарлары, Шалқар радиосынан арнайы хабарлар, Қызылжардың облыстық телеарналарынан арнайы хабарлар, «Егемен Қазақстан» газетіне екі мақала, «Балдырған» журналына әңгімелері шықты. Сондай-ақ Facebook-тен «Жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев» деген топ ашып қойдым. Онда әкемнің арнайы телехабарлары, радиоәңгімелері бар.
Қызылжар қаласындағы музей, кітапханаларда, сондай-ақ аудандық музей, кітапханаларда еске алу жиындары болды. Әкемнің «Ортақкөл әңгімелері» жинағын Алматыдағы «Асыл кітап» баспасынан шығарып, Қызылжар қаласындағы Сәбит Мұқанов атындағы әмбебап кітапханасында тұсаукесер рәсімін жасадық. Шалақын аудандық Ардагерлер қоғамының төрағасы, белгілі журналист Тұрар Оразалин, жазушы Қойшыбай Шәниев, ардагер Ілияс Тоқымбетов, Шалақын аудандық музейдің директоры Маржан Таушарова, қор сақтаушысы Гүлім Нұрғалиева сынды аудан азаматтары арнайы келіп, жазушы туралы ойын айтты. Сондай-ақ белгілі журналистер Болат Қожахметов, Өмір Есқали, Сағындық Сәбитұлы, Қошан Қалиев, Погодин театрының директоры Спартак Рамазанов, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС-ның директоры Ербақыт Амантай, «Қазақстан-Петропавл» филиалының директоры Ерлан Тоқшылық қатысып, Қызылжар қалалық Ардагерлер қоғамының төрағасы Жангелді Тәжин, ақын Болат Сағындықов өз лебізін білдірді. Мәжілістің көркін кіргізген қызылжарлық әншілер Таңат Бейсенбаев, Амангелді Рамазанов, Біржан Есжандарға рақметтен басқа айтарым жоқ. Конференцияны жүргізген жас ақын Самрат Құскен білімділігімен көпшіліктің көңілінен шықты. Іс-шараны Сәбит Мұқанов атындағы әмбебап кітапхананың директоры Бибігүл Әбілмәжінова, кітапханашы Зәмзәгүл Рамазанова мінсіз атқарды.
Алтын ИМАНБАЕВА,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері,
Қазақ радиосының ардагері,
жазушының қызы
977 рет
көрсетілді0
пікір