Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 10 Желтоқсан, 2024

Қазақша салалық кітаптар керек

Жуырда Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы, кітапқа жаны құштар Ғазиза Құдайбергенқызының кітабы жарық көрді. «Кітапханашы күнделігі» деп аталатын кітап желісімен Астана қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен театры» сахналық қойылым жасады. Осы орайда Ғазиза апаймен аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.

– Бүлдіршіндер мен жас оқырмандарды газет-журналдарға, кітапқа қызықтыру үшін нені қолға алуымыз керек деп ойлайсыз?

– Баспасөзге жазылу мәдениеті қалыптасу керек. Ол – идеология. Балаларға арналған сауатты басылымдардан бастап оқып үйреткені жөн. Ол – алдымен ақпарат көзі, екінші – сауатты болуға ықпал етеді, үшінші – кітап оқуды қалыптастырады. Ал басылымдардың контенті тартымды болғаны жөн. Қызықты деректер, танымдық айдарлар көп болса деймін. Жарты жылдық болса да контенттердің (материалдардың) концепциясы түзілгені дұрыс. Оқырман неге қызығады? Соны білу үшін әлеуметтік сауалнама жүргізу керек. Оқырман сұранысын зерттеу жұмыстары керек. Дизайн жағынан да жаңашылдық қажет. Ғылыми тақырыптарды көбірек жариялау керек.

Стивен Хокинг «Формуласыз түсіндірсе, ғылым сондай бір шым-шытырық әлем емес» дейді. Әрбір ғылыми саладан шағын зерттеу ұсыну керек. Мысалы, балаларға арналған шетелдік бір журнал бар. Ойыншығымен бірге сатылады. Бағасы әжептәуір. Бірақ сол журналды қызым өскенше сатып алып отырдық. Құпиясы неде? Бірінші ұсынатын контентін реттеп, кейін насихатына жаңа технологияларды пайдаланған.

Басылымға жазылу, кітап сатып алу мәдениеті әр қазақ отбасында, мектепте қалыптасуы керек. Балаңыздың, оқушыңыздың сауатты, зерек болғанын қалайсыз ба? Оқытыңыз. Баланы оқулықпен ғана емес, балалар басылымдарымен достастырыңыз. Газетке жазылу керек десе үрке қарап, мәселені қиындатып жіберетін ұстаздар қауымы бар. Ол дұрыс емес. Біздің қазақ басылымдарының әрқайсынан оймақтай ой, ақпарат, бағыт-бағдар алуға болады.

– Сіздің байқауыңызша қазіргі оқырманға қандай тақырып тімді? 

– Әртүрлі. Бірақ көркем әдебиет, ауыз әдебиеті әлі де болса сұраныста. Жаңа заман баласының көзқарасы да, сұранысы да көбейді. Ғылымифантастикалық шығарма, комикс жанрының оқырманы көп. Мотивациялық кітаптар, психология, философияның оқырманы да аз емес. Бұл – кітап дүкендеріндегі сұраныс. Ал кітапханадағы сұраныс бөлектеу. Ғылыми, танымдық, қоғамдық-саяси, тарихи әдебиеттерді жиі сұрайды. Дизайн, ІТ, психология, логика, агро-ветеринар, медицина, мәдениеттану, әлеуметтану, жаратылыстану секілді қазақша салалық кітаптар аз.

– «Кітапханашы күнделігінің» шығуына не нәрсе арқау болды? 

– Оқырмандар. Олардың арасындағы әртүрлі оқиғалар. Кітап қып шығарудағы мақсатым – біздің мамандықтың беделін көтеру, кітапханашылыққа қызығушылықты арттыру. Бұл – тірі күнделік.

– Әлеуметтік желіден «Ұлан» газетін де жиі парақтап отырғаныңызды байқаймыз. Бұл газет оқырманға, сіп келе жатқан жас ұрпаққа қалай әсер етеді деп ойлайсыз? 

– Қажетті ақпараттар, мамандыққа бағыт-бағдар, сауаттылық пен қалыптасуға және арман-мақсатын жүйелеуге әсер етеді.

– Газет-журнал, кітап оқитын балалар мен оқымайтын балалардың айырмашылығы қандай деп ойлайсыз? 

– Білімнің қонуы да – қабілет. Кітап оқу да – қабілет. Кітап оқығанның барлығы адам, оқымағанның барлығы надан дей алмайсыз. Оқыған адам ең бірінші сауатты, мінезқұлқы ретті болады. Қоғамда өзін алып жүре алады. Қоғам әдебін біледі. Мықты маман болады. Оқып, алайда оқығаны сіңбеген адамдар да болады. Ол интеллект пен эмоцияның үйлесімсіздігі. Ол жеке тақырып.

– Ойлы сұқбатыңызға рақмет!

Жұлдыз ЕРБОЛ, 

9-сынып оқушысы

Астана қаласы

«Ұлан» газеті, №50
10 желтоқсан 2024 жыл

 

1202 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз