Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 13 Желтоқсан, 2024

Жалғасқали Дүтмағамбетов, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты: Ақиқаттан ешкім аттап кете алмайды

Жалғасқали Мұсағалиұлы – «Жорық жырлары», «Тұлпар және оның тұяқтары», «Тағдырлар тоғысқанда», «1812 жыл. Соғыс және бейбітшілік», «Мәңгілік Махамбет» атты кітаптардың авторы. Біз бүгінгі әңгімемізде жазушының шығармашылық мұраты, дерекнама, қоғам өмірі, ұлт тарихына қатысты мәселелерді сөз еттік.
 

 – Жалғасқали Мұсағалиұлы, шығармашылықтың адамысыз. Бірақ баспасөзде көп көрінбейсіз. Өзіңізді жарнамалауға құлықты емес сияқтысыз. Мұның сыры неде?
 – Менің ұстанған қағидам, не істесең де, оны халықтың өзі білуі керек. Өзіңді жарнамалағаннан атақ-даңқың, кісілігің немесе даналығың артып кетпейді. Халықпен кездескенде пікірімізді айтып, елмен бірге жүрміз. Тіршілігіміз бар. Тоқсаныншы жылдардың басында еліміз тәуелсіздік алған тұста халыққа оңай болған жоқ. Әркім өзінше тіршілік етті. Біз де нарықтық тұрмыстық жағдайдан шығудың әрекетін жасап, атамыздың атымен «САЛДУ-нан» атты шағын кәсіп аштық. Қазір шығармашылықпен бірге, осы кәсіпті қатар алып жүрген жайым бар.
 – Биыл «Мәңгілік Махамбет» атты шығармаңыз үшін Халықаралық Алаш әдеби сыйлығын алдыңыз. Құтты болсын! Неге Махамбет?!.
 – Махамбет – ұлы тұлға. Қазақтың күрес­кер ақыны. Әжемнің аты – Алтын. Ол – Махамбеттің туған жиені, ал анам – жиеншары. Қазақ «жігіттің жақсысы – нағашыдан» деп бекер айтпаған. Бала тегіне тартып туады. Текті жердің қызынан ақылды, даналар дүниеге келеді. Әжем Махамбеттің өлеңдерін жатқа біледі және әр өлеңінің тарихын көзіне жас ала отырып естелік айтатын. «Несін сұрайсың, соңғы демі біткенше елі үшін күрескен адам ғой, қатын-баланың көзінше басы шабылып, сатқындықтың зардабынан құрбан болған азамат қой» дейтін. Бала кезімнен әжемнің әңгімелерін естіп өскен мені «неге Махамбет туралы жаныммен, жан-жүрегіммен жазбаймын» деген ойдың мазалағаны рас. Алаңдатқан осы ойлар қолыма қалам алғызды. Шынайы шығарма бір күнде дүниеге келмейді. Ол жылдар бойғы ішкі ойлардың толқынысынан келіп жарыққа шығады. Жалпы, Махамбет қазақпен бірге жасай беретін мәңгілік тақырып қой. 2003 жылы Махамбет Өтемісұлының 200 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Демек, қазақ ақынының әлемдік деңгейде аталып өтуінің өзі үлкен мәртебе. Ақын көп, бірақ бәрі Махамбет сияқты күрескер емес. Махамбеттің рухты поэзиясын өзге тілге ешкім аударып бере алмайды. Ол түпнұсқасымен құнды, мәнді. 
Махамбеттің ұранды жырлары ұлттың рухын көтереді. «Жақсы бол» деп тілек айт­қаннан патриоттығымыз өсіп кетпейді. Осы уақытқа дейін қазақ ашаршылық, қысым мен қудалаудың небір кезеңін бастан кешірді. Бірақ ұлт өлген жоқ. Қаншама уақыт өтсе де, тарих өшпейді, ал тарихты тұлғалар жасайды. Махамбет – өршіл ақын. Сондықтан менің санамда Махамбет бейнесі жаңғырып тұра береді. Ал «Мәңгілік Махамбет» атты кітабымда күрескер ақынның ел білмейтін өмірінің бір сәтін аяулы анам мен әкемнен естіген әңгімелерім бойынша оқырманға ұсындым. Кітапты оқу керек. 
Халыққа «сен тобырсың, пақырсың» десең, намысы келеді, еңсесі түседі. Ал қазақтың рухы қалай көтеріледі? Жақсы ән-күймен, рухты сөзбен, өз тарихын мадақтаумен көтеріледі. Ал кешеге дейін бізге тарихты айтпай, айтқызбай, жасырып келді.Сондықтан бүгінгі ұрпақ бәрін көріп, сезіп, ұғынып, оқып өсуге тиіс.
 – Лев Толстойдың атақты «Соғыс және бейбітшілік» атты шығармасы бар. Сіздің де кітабыңыз «1812 жыл. Соғыс және бейбітшілік» деп аталады. Кітабыңыздың аты оқырманды елең еткізгені рас. Байқауымызша, бұл шығармаңыз шынайы, тарихи зерттеулерге құрылған. Ерекшелігі де осы болар...
 –  Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік»  роман-эпопеясы 1805–1812 жылдардағы Напелеонға қарсы соғыс кезеңіндегі орыс қоғамының жайын баяндайды. Романның эпилогі 1820 жылға дейінгі оқиғаларды қамтиды. Лев Толстойдың романының көркемдік жағы басым. Ал менің «1812 жыл. Соғыс және бейбітшілік» кітабымда қазаққа қатысты тарихи тың деректер көп. Бұл – деректі көркем дүние. Наполеон соғысына қазақ жауынгерлері де қатысқан. Кітапта Парижге дейін Наполеон әскерін орыс әскерлерімен бірігіп қуған қазақ сарбаздарының батылдығы мен ерлігі, сонымен қатар майданға азық-түлік, киім, мал және қаржы жіберіп отырған тыл еңбеккерлерінің еңбегі әңгімеленеді. Менің ойымша, кітаптың тақырыбы шығарманы ашып тұруы қажет. Нені жазсаң да, алдымен оған негіз керек. 
Ал әкеміз атамыздан естіген әңгімесін бізге, балаларына, айтып отыратын. Атырау қаласының маңында Қайыршақты деген елді мекен болған. Аталарымыздың мыңжылдықтан бері келе жатқан жаз жайлауы Қайыршақты, қыс қыстауы Орынбор облысында екен. Орынбордың Тұзтөбе деген жері мен Қайыршақты екеуінің арасы 600 шақырым шамасында. Әртүрлі аласапыран, ауыртпашылығы көп жылдар болды, көшіп-қонып жүріп, ел отырықшылыққа ауыса бастаған кезде аталарымыз екіге бөлініп, бір қауым ел сол Орынборда және онымен шекаралас башқұрт жерінде қалып қойған. Сталин өлгеннен кейін 1954 жылдары Саламат Молдабеков деген ағамыз туған жері Атырау жұртына, Қазақстанға қайтадан көшіп келген. Сол кісінің қолында аталарынан қалған қолжазбасы бар екен. Би, болыстың қасында сол кезеңдерде болған оқиғаны қағазға түсіріп отыратын, қазіргі тілмен айтқанда, кеңсе хатшысы болған. Құрманқұл бабамыздың жанында Есенгелді деген писарь еріп жүрген. Қазақстанға көшіп келген соң бабамыз төте жазумен жазылған сол қойын дәптерді мұра етіп, бізге қалдырып кетті. Ал Құрманқұл бабамыздан қалған, Есенгелді писарь көшірген қағазда не бар? Онда 1812 жылғы француздардың орыс жеріне баса-көктеп кіргені, соғысқа қазақ жағынан көмек үшін кімдердің қатысқаны, кімдердің жараланғаны, соғыста қаза тапқаны, тіпті Париж жеріне дейін қай қазақ жауынгерінің барғанына дейін жазылған. Міне, осы жазбалар біздің зерттеуді одан әрі жалғастырып, тереңірек ізденуге себеп болды. 
Талаптанып жүрген жас жігіт бірде ғұлама Толстойдан былай деп сұрапты. 
 – «Менің кітап жазғым келеді, қайтсем екен?»
 – Егер жаза алмайтын болсаң, онда ешқашан жазба» деп жауап берген екен. Толстой мұны бекер айтып отырған жоқ. Кітап та адамның ішінен шығатын перзент сияқты. Бұл бір жылдық жұмыс емес. Кез келген шығарма ұзақ жылғы ізденіс пен зерттеудің нәтижесінен туады. Ол кітап бір том бола ма, жоқ, әлде, бес том бола ма – әңгіме онда емес. Мәселе – ата-бабамыздан қалған, әкеміз аманат етіп кеткен мұраға қиянат жасамау, оны жан-жақты жазып, келер ұрпаққа қалдыру. Ал Қазақстанның тәуелсіз ел атануы ізденетін адамға көп мүмкіндік берді. Архивтер ашылды. Азаматтар жан-жаққа барып, тың деректерді маған жіберіп отырды. Санкт-Петербург, Мәскеу, Алматы архивтерінен тың деректер таптық. Сөйтіп, кітап жарыққа шықты. 
 – Кітап бірнеше тілде жарық көргенін естідік? Себебі қандай?
 – Алғашында бір томмен тамамдаймыз деп ойлағанбыз. Жоқ, бәрі де сұранысқа байланысты екен. Жұрттың қызығушылығы артты. Алла қаласа, үшінші томды да жинақтап, жазып жатырмыз. Кітап төрт тілде, қазақ, орыс, ағылшын және француз тілінде жарық көрді. 
Бұл – қазақ әдебиеті үшін тың тақырып. Әр қазақ қуана қарсы алады және мұны шетелдің халқы да оқығаны дұрыс деп ойлаймын. Мысалы, Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп, шығармалары таныстырылды. Француз тілінде шыққан менің кітабымды да таныстыру үшін алып кетті. Болашақта тұсаукесері өткізіліп жатса, ғанибет емес пе? Жалпы, мейлі, шетелдің азаматы болсын, тарихтың ақиқатын білуге тиіс. Ал, расында, сол 1812 жылы болған француз-орыс соғысына қазақтар да қатысты. Демек, бұл тарих, мұны француздар да білуі керек. Кітап сол үшін француз тіліне аударылды. Шынайы дерек пен ақиқаттан ешкім аттап кете алмайды. Бұрынғы Қазақстан тарихы оқулығында бұл алғашында екі-үш сөйлеммен ғана берілді, кейін оны да алып тастады. Ал қазақтардың Наполеон соғысына қатысқаны шындық қой. Демек, ақиқатты тарихтан сызып тастауға болмайды. 
Наполеон соғысында Парижге дейін ат ойнатып, француз жеріне табан тіреген қазақтар болған. Бір атамыз француздың Мишель деген қызын елге алып келіп, үйленген. Бұл  –жазуға тұрарлық дерек әрі назар аударарлық оқиға. Сол Мишель атты әжемізден тараған ұрпақ әлі де бар. Олар кімдер, мұның бәрі де кітапта жазылған. Суреттері, тіпті құлпытасы да бар. Мұның бәрі – қияли, ойдан шығарылған әңгіме емес, шынайы дерек. Тіпті маршал Кутузовтың қолынан атақ, орден алған қазақтардың аты-жөні – бәрі кітапта құжат негізінде атап көрсетілген. Ерлік көрсеткен азаматтарға ұлтына, дініне қарамай, түгел марапат берілген. Алды әскери старшина, полковник шеніне дейін жеткен қазақтар бар. Ал архивті ешкім өшіре алмайды. Шындықты жасырсаң, қашан да жарып шығады, алтынды көміп қойсаң да, тат баспайды. Дерек, архив те сондай. Біз кітапты жазуда осыған көп мән бердік. 
Жалпы, Наполеон соғысына қатысқан 92 мың қазақтан Орынборда 31 полк құрылған. Орынбордың генерал-губернаторы, князь Григорий Балконский алғашында «қазақтар соғыса ала ма» деп күмәнмен қарайды. Сонда Яков Беляков (Жақып Бөлекұлы, қазақ) «аттың құлағында ойнаған, шауып келе жатып қиядағыны қағып түсіретін қазақты соғыс өнеріне үйретудің керегі жоқ» деп уәж айтады. Балконский жасақты аралап жүріп қазақтың ішімдік атаулыны ішпейтініне таңғалады, тәртіпті екеніне көз жеткізеді. «Үлкеннің сөзін кішісі мұқият тыңдап отыр» деп, ақсақалын сыйлап, сөз тыңдайтын ұлт екенін байқайды. Жауынгер ұлт екеніне көзі анық жетеді. Ал оларға «тамақты қалай жеткіземіз» деген сұрақ туғанда, Балконскийдің өзі оған да таңғалады. Қазақтың жейтіні – ет, малды өзімен бірге айдап жүретін болған. Қазақтың тамағы соғысқа арналған. Қандай тамақ дейсіз ғой? Жорыққа шыққанда олар шапанның ішкі бетіне бидай мен тарыны салып, сырмамен тігіп тастайтын болған. Өмірі бұзылмайтын, қарын аштырмайтын құрт, ірімшік пен сүрленген етті қазақ үнемі өзімен алып жүрген. Мұны жеген қазақ жауынгерінің жорықта қарны аша ма? Жоқ! Мұның барлығы да алдын ала есептеліп қойған. Демек, ата-бабаларымыз қашаннан соғысқа дайын жүретін жауынгер ұлт болған ғой. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Бұл кітапты оқыған адамның рухы көтеріледі. Ал еңсесі биік, рухы жоғары халықты ешкім жеңе алмайды. 
Наполеон соғысында қазақтар ерекше тап­қырлығымен, жаужүректігімен көзге түскен. Француздармен шайқаста қазақтар қамшыны пайдаланған. Сабы қысқа, қайыспен өрілген ұзын, ұшында қорғасыны бар қамшымен бес метр жерде қарсы шауып келе жатқан жауды ұрып құлатқан. Қазақтың күшпен сілтеген қамшысы француздың басындағы темір телпегін ойып түсіріп отырған. Бұл француздар үшін күтпеген қару болған. Қазақ жауынгерлері Наполеон армиясына түн ішінде тұтқиылдан шабуыл жасағанда жылқының тұяғына киіз байпақ кигізіп, аттың осқырынғанын да жауға естіртпеу үшін танауын жауып, байлап қойған. Жастайынан аттың құлағында ойнап өскен қазақ, сөйтіп, жаудан айласын асыр­ған. Ал «Неге Мәскеуді тастап қаштыңдар» деген сұраққа француздар кейін былай деп жауап берген көрінеді. «Орыстар бізге қарсы Шыңғыс ханның әскерін жердің астынан шығарып қоя берді. Олар үркуді, қорқуды, өлімді білмейді екен». Бұл – архивте бар нәрсе. Мұны француз маршалы Мюраттың әйелі де растап жазады. Міне, Наполеон соғысына қатысқан қазақ атты әскерінің рухы, ерлігі. Ал ерлік ешқашан ұмытылмайды, ұлттың елжандылығын оятады, рухын көтереді.
 – Бұл қазақ ұлты үшін тарихы зор дерек екенінде сөз жоқ. Кітап төрт тілге аударылған, ендігі мақсат қандай? 
 – Иә, төрт тілге аударылды. Қытайдан хабарласқан бір азаматымыз «өз қаржыма аудартайын, ұлтқа керек дүние екен» деп жатыр. Бұл кітап – қазақты әлемге танытатын еңбек. Ата-бабамыздың кім екенін бүкіл әлем білуі тиіс. Намысы бар қазақ бұл туындыны іздеп жүріп оқуы керек деп ойлаймын. 
 – Байқасақ, сізді көп жерде меценат деп жазады. Ең алдымен, кімге көмек көрсетесіз? 
 – «Мектепке жол» қайырымдылық акция­сының аясында жыл сайын 40–50 отбасыға киім-кешек, құрал-жабдығын алып, тұрақты көмек көрсетіп отырамын. Қарттар үйіне, балалар үйіне де қолдау жасаймыз. Жалпы, адам қанағат, мейіріммен өмір сүруі керек. Өткенде базардан өтіп бара жатсам, шешесі жанында, бір қыз сатушының алдында жылап тұр. Сөйтсем, өзінің ұнатқан киіміне ақшасы жетпеген, жұбатып, сатып алып бердім. Бұл кездейсоқ оқиға ғой. Десек те, ақша мәңгілік дүние болмас. Бірақ адамның ыстық ықыласы мен ризашылығы мен үшін үлкен қуаныш. 
 – Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан 
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

 

2089 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз