Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 23 Желтоқсан, 2024

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист: «МҰНАЙ САЛАСЫНА ҒАНА СЕНІП ОТЫРА АЛМАЙМЫЗ»

Осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 11 пайызы мұнай саласынан түседі делінетін. Экспорттың 57 пайызы мұнай өнімі болатын.  Қазір өзгеріс бар ма? Бұл сұрақты текке қойып отырған жоқпыз, мемлекет бюджетінің  40-50 пайызын осы сала толықтырып келеді.  

– Қазақстан  экономикасы әлі де мұнайға өте тәуелді. Мұнай мен газ саласы Қазақстан экономикасының негізгі құраушы бөлшегі. Біз тәуелсіздік алғалы ел экономикасына 360 миллиард доллар көлемінде инвестиция тартқанбыз, соның 90 пайызы осы салаларға жұмсалған. Әрине қай салаға ең көп қаржы құясыз, былай айтсақ қай бақшаны көп суарасыз, сол бақтан  көп өнім аласыз деген сөз ғой.  Қазақстан экономикасының бет-бейнесі осындай болып тұруының себебі, сол салаға тартылған қаражаттың да, инвестицияның көлемімен айшықталады. Сондықтан біз бүгін осындай экономиканы көріп отырмыз. Мұнай бағасы түсіп кетсе, экономика нашарлап кетеді, мұнай бағасы өссе – қалыпты өмір сүре бастаймыз. Сондықтан да мұнайдан да өзге саланы дамыту бүгінгі күннің негізгі талабы болып тұр. Оны соңғы жолдауында Президент те баса, қадап айтып жатыр. Экономиканы диверсификациялау, экономиканың өзге де секторларын дамытуға баса назар аудару мәселелері. Соның ішінде экономист ретінде,  мұнай-химия саласын дамытып, полиэтилен, полипропилен сияқты дүниелерді шығаруды айтар едім. Ең болмаса түпкі өнім болмаса да әлемдік брендтердің, әлемдік өнімдердің бір бөлшегін дайындауға күш салса деген ой. Сол кезде біз белгілі бір дәрежеде экспорттауға арналған  құны  жоғарғы өнімдерді шығара бастаймыз. 
Газ саласы туралы не айтар едіңіз?
Газ саласына қатысты, Қазақстан бұл салада да белгілі бір жетістіктерге жете бастады деп айтуға болады. Ресей санкцияларға байланысты қазір газды бұрып алуды доғарып отыр ғой. Сондықтан да Германия Қазақстаннан газды өте қымбат бағада сатып ала бастады. Бұл үрдістердің барлығы негізінен Қазақстан экономикасына оңтайлы. 
Дүниежүзілік экономикалық форум бәсекеге қабілетті елдер  рейтингін жасағанда Қазақстан 144 елдің ішінде 57-орында тұр еді. Демек мұнайсыз да күн көруге болады ғой, ауыл шаруашылығы, басқа қазба байлықтар ел экономикасын ұстап қала алады ғой?
Дүниежүзілік экономикалық  форум  мәліметтеріне қарай айтатын болсақ, еліміз қазір  57-орында. Бір кезде біз 50-орында болғанбыз, тіпті  42-орынға жайғасқан кезіміз де болды. Бірақ бұл жерде біздің макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсы болғанын астын сызып айта кеткенім жөн. Себебі, ол мұнай бағасының жоғары болуына байланысты болды. Сол себепті біз дамыған елу елдің қатарына өте алдық. Ал, мұнай бағасы күрт төмендеп жатса, ол біздің экономикалық көрсеткіштерімізді нашарлатып, бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан шығып қалып жатқан жағдайымыз бар. Ал, бұл тәуелділік бүгінге дейін сақталып тұр. Өзге секторлар деп айтатындай ауылшаруашылығында  керемет көрсеткіш жоқ. Бір кездері ол сала негізі салалардың бірі болған. Тоқсаныншы жылдары Қазақстан жалпы ішкі өнімнің 33 пайызын агросектор құраған кездер болған, ал қазір 4-5 пайызын ғана алып отыр. Әрі кеткенде 7 пайызға жеткен жылдар бар. Бірақ, оның өзін сақтай алмай  тұрмыз. Сондықтан да ел экономикасының негізгі салаларының бірі әрі төл шаруашылығымыз деп айтамыз (ауылшаруашылығы: мал мен егін), бірақ өкінішке қарай бұл салалардан жақсы жетістікке жетіп жатырмыз деп айта алмаймыз. Кейде егін жақсы шығады. Бірақ, оны сақтау мен өткізуге келгенде шаруалар көп  қиналып жатады. Сондықтан да Қазақстан мұнайы ертең болмаса да бір күні бітетіні анық. Бірте-бірте бағасы түседі деп айтып жатыр. Егер ондай жағдай болса біз мұнай саласына сеніп қана отыра алмаймыз. Біз одан да өзге салаларды дамытуымыз керек. Экономист ретінде атап өтейін, ол: ауылшаруашылығы, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, азық-түлік өнімдерін шығару, Қазақстанды азық-түлігі бар ел ретінде танытып, өндірісімізді жолға қою. Одан бөлек логистика саласы да ел экономикасына өте үлкен пайда әкелейін деп тұр. Бірақ оны  тиімді пайдаланған жөн.  Ол үшін бізге дұрыс заң жобалары керек және де кеден саласында болатын  сыбайлас жемқорлық  фактілерін толық жою керек.   Сонда біз бұл саладан елге өте көп пайда келтіре аламыз. Өте қатты ақыл-ойдың күшін талап етпейтін «Жібек жолы» идеясының төңірегінде-ақ Қазақстан қыруар пайда таба алады. Сондай-ақ, бұл  қатарға  туризмді қосып жүрмін. Туризмнің Қазақстан экономикасына қосар үлесі жоғары, бірақ осы жобаны біз дұрыс ұйымдастыра алсақ болғаны. Одан кейін жасыл энергетика саласы бар. Жел, күн генераторларын орнату, олар арқылы энергия өндірісін қамтамасыз ету. Энергия болса Қазақстан экономикасында  жаңа өндіріс ошақтарының пайда болуына септігін тигізеді. Ірі өндірістерді жолға қоюға болады. Ол экономиканың өзгерісіне, дамуына өзінің септігін тигізетін болады. Тағы бір басты салалардың бірі – ІТ саласы деп айтамыз. Неге? Мысалы  біздің Кaspi.kz   компаниямыз бар. Көптеген сарапшылар мұндай компания бос жерде емес, бәсекелестігі жоғары ортада түзіледі деп отыр. Демек, kaspi.kz-те жұмыс жасаған мамандар әлі де осы елде жұмыс жасап жатыр және де әлі де бағаланып үлгермеген мұндай компаниялар бар деп топшылаймыз. Сондықтан  ІТ саласының да Қазақстан дамуы үшін қосар үлесі бар деп айтуға толық негіз бар. 
Ел экономикасын айтамыз, ал отбасы экономикасы туралы не айтар едіңіз? Бақуатты ел болудың сыры тек мемлекет байлығында емес, қарапайым тұрғындардың да қаржылық сауаттылығына байланысты емес пе?  
– Бұл сұрағыңыз өте орынды. Мемлекет ол жай өз алдына мемлекет болмайды. Мемлекетті құраушы –  адамдар. Мемлекетті құраушы ол – отбасы. Сондықтан отбасы мықты болса, Отан да мықты. «Отан отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Әрбір қазақтың отбасы бай болса, дені сау болса – еліміз мықты, іргесі берік болады. Сондықтан әр отбасындағы  қаржылық тұрақтылық, қаржы сауаттылығының дәрежесі, өздерінің қаржысын дұрыс басқара алуы арқылы жетістікке жету, қор жинап, дәулетті отбасының қатарына қосылуға ұмтылу,  жалпы ел болашағына тікелей әсер етеді деп айтар едім. Қазіргі уақытта керісінше халықтың табысы төмен, несиеге, қарызға батқан қоғам болып тұрмыз. Өкініштісі осы. Жыл өткен сайын тауар бағасы еселеп қымбаттап жатыр. Ал, халықтың айлығы тура сол көрсеткішпен өсіп жатқан жоқ. Қымбатшылық 20 пайыз болса, халық табысы әрі кеткенде 10 пайызға әрең өседі.  Сонда халықтың табысы кеулеп  бара  жатқан қымбатшылықтың артында қалып отыр. Ол 4-5 жылға созылған кезде халықтың төлем қабілетіне кері әсер етіп, кедей халықтың көбеюіне жол ашып отырған жағдай бар. Шындығында халықтың қаржы сауаттылығы өте маңызды. Мен экономист ретінде өз тарапымнан ұсыныс айтып жүрмін, халықтың қаржы сауатын арттыру бойынша мемлекеттік дәрежедегі ұлттық бағдарлама қабылдануы керек. Ондай бағдарлама Малайзияда болған. 
– Ол бағдарлама қалай жүзеге асуы керек? Малайзия сияқты елдердің дайын үлгісін алып, пайдалана салуға болмас? 
– Қазіргі таңда қаржы сауаттылығына байланысты бағдарлама ұлттық банктің қарамағында бар, жасалынған. Негізгі жауапкершілік ұлттық банктен бөлініп шыққан қаржыны қадағалау агенттігінің мойнында. Арнайы портал бар fingramota.kz сайты. «Орталықтанған түрде  арнайы ақпарат тарқатамыз» деп айтады. Бірақ оған қатысты сын көп. Менің ойымша fingramota емес, қазақша «Қаржылық сауаттылық» деген портал болуы керек қой. Мысалы, өңірдегі, ауылдағы халық қазақ тілінде ақпарат алғысы келеді. Егер гуглға ақпарат терсе «қаржылық сауаттылық» деп тереді ғой,  fingramota.kz деп теріп отырмайды. Ең бірінші  сын атауына  қатысты айтылады. Екінші кезекте оның ішіндегі қазақтілді ақпараттардың сапасы нашар. Кейінгі жылдарда жақсарып келеді, оны мойындау керек. Алдағы уақытта да ондағы контент және сапасымен жұмыс жасай түсу керек деп есептеймін. Себебі, қазіргі уақытта әлеуметтік желіде өте көп блогер бар, халықты алдайтын әртүрлі азаматтар бар, алаяқтар бар, мысалы «1 миллион берсеңіз, екі айдан соң 2 миллион аласыз, бұл қор нарығы сияқты жұмыс жасайды. Акция, облигация сатып алғандай боласыз» дегендей, әртүрлі ақпараттарды беріп отырады. Криптовалюта, Bitcoin дейді. Бірақ оның тасасында да алаяқтық, қаржы пирамидалары бар. Сондықтан сондай дүниеге халық алданбай сенімді болуы үшін ресми түрде мемлекет тарапынан қаржы сауаттылығына басымдық  берілуі керек деп есептеймін.

Сонда азаматтар сенімді болады, қай жерден ақпаратты алу керек, қор биржасына қалай шығуға болады,  қалай акция, облигацияны алуға болады? Қалай жеке шот ашуға болады?

– деген сияқты толық ақпараттар бір жерден орталықтандырылған түрде беріліп отыруы керек. Сондай-ақ, сол жердегі коммуникацияға жауапты азаматтар да белсендірек болса деген ой айтқым келеді. Себебі, мемлекеттік органдардың коммуникациясы өте төмен. Халыққа ақпаратты қарапайым тілде, түсінікті жеткізіп беру жағы ақсап тұрады. Сондықтан осы жағынан да өте көп жұмыстар жүргізу керек деп есептеймін. Одан бөлек көп жерде ұсыныс ретінде айтып жүрмін, қаржы сауаттылығы жөнінде мектеп бағдарламасына арнайы пән ретінде енгізу қажет. Негізінде Гарвард униерситетінің ғалымдары  «балаларға 7 жастан бастап қаржы сауаттылығы туралы білім беруге болады» деп дәлелдеген.  Мен 7 жастан бастап әліппемен қатар берілсін деп айтудан аулақпын, бірақ 9 жастағы балаларға, мысалы 3-4 сынып оқитын балаларға «Қаржылық әліппе» деген пәнді оқытуға болады. 6-7 сыныптарға «Экономикаға кіріспе» деген пән дұрыс, 9-10 сыныптарға «Кәсіпкерлік негіздері» деген пән жүрсе, онда біз жүйелі түрде өзіміздің ұрпағымызды қаржылық сауатты азамат етіп  шығарамыз. Және пән енгізе салу бір бөлек, сабақ беретін мұғалімдер мәселесі бір басқа. 
Бұл – өте маңызды мәселе. Баламен тілдесе алатын мамандар керек. Қазіргі уақытта біз «Сана» бизнес академиясы мектептерімен жұмыс жасап жатырмыз. Соның ішінде «QAZBILIM»  лицейлеріне 9-10 сыныптарға арнап, «Қаржы сауаттылығы» пәнін жасап шықтық, өзіміз сабақ береміз. Оған дейін «Экономикаға кіріспе» деген пән көп мектептерде жүрген, бірақ арнайы маман емес, кітапханашы апай, география пәнінің мұғалімі дегендей әртүрлі адам  сабақ бере берген. Сағаты жетпегендерге соны қосымша сабақ ретінде берген. Ұлттың экономикалық сауаттылығы бұлай үстірт қарайтын нәрсе емес қой.  Сондықтан да менің ойымша арнайы мамандандырылған,  сол саланың бүге-шігесіне дейін білетін, баламен коммуникациясы жақсы ұстаздар оқытуы керек. Сол кезде ғана біз белгілі бір дәрежеде  жастарымыздың қаржылық  сауаттылығын ашып, қызықты әрі пайдалы қылып дұрыс білім беру жүйесін қалыптастыра аламыз. Сол бағыттағы жұмыстар жасалса тамаша болады. Сосын қазақ тіліндегі контентті күшейту үшін кітап жазу барысындамыз, келер жылдың басында сол кітапты аяқтаймыз деп үміттенеміз. Сондай арнайы оқу құралдары жазылуы керек деп есептеймін. 
Кредит алып той жасау халықты тоздырады дегенмен келісесіз бе? 
– Келісем. Қазіргі уақытта ол трендке айналып кетті. Той жасаудан жарыс болып жатқан жағдайы бар. Негізі пандемия келгенде той қысқарып, азаматтар енді тойламайтын болды деп ойлап едік. Қателесіппіз. Әлі де болса азаматтар дүрілдетіп жатыр. Одан кейін біздің қазіргі тойлардың  түр-сипаты да қатты өзгерген. Бұрындағы салт-дәстүріміз, беташар, құдалардың төс қағыстыруы болсын, қазақи тәрбиелік мәні бар, рухани тұрғыдағы салттарымыз қазір жоғалып барады деп айтуға да болады. Арзан күлкімен,  тәрбиелік мәні жоқ ойындармен, тамадалардың түкке тұрмайтын сөздері көбейіп кетті, мұның барлығы қоғамды тоздырып жатыр деп ойлаймын. Түннің бір уағына дейін болады, ішімдік ішіледі, төбелес болады. Былайша айтқанда тойдың сыйқы кетті. Қанша қаржы шашылады. Сол қаржыны жастарға берсе  үй алуына алғашқы жарна болар еді. Сосын халықтың саны да тым көп, 400-500 адам. Аста-төк ысырапшылдық. Бұл мүлдем дұрыс емес. 60-70 адам ең жақын, ет жақынын адамдарды жинаса, ары кетсе 100 адамға дастарқан жайса болды емес пе?! Тек жақындарыңыз ғана шын жүректен тілек айтады. «Қырықтың бірі қызыр» дегеніңіз сонда үйлеседі, мереке жүйелі болады. Және де тойдың түннің бір уағына дейін жалғасуы дұрыс емес, «Түннің кесірі бар» деген сөз бар қазақта. Сондықтан тойды күндізгі уақытқа көшірейік немесе таңғы уақытта өткізейік. Сосын тойға 4-5 сағат жұмсау да дұрыс емес, ары кетсе 2 сағатта аяқтау керек. Себебі уақыт өте қымбат. Уақыттың бағасын білмейміз.  Қазір біз әр сағатты, минутты ұлт ретінде дамуға, сапамызға  жұмсағанымыз абзал. Ұлт  ұрпағы сауатты, дені сау болуы керек. Экономикада еңбек өнімділігі деген термин бар. Дені сау ұрпақтың еңбекке қабілеті де жақсы болады. Сонда біздің экономикамыз тез өседі. Былай айтқанда дені сау ұлттан дені сау экономика пайда болады. Түптеп келгенде сол арқылы  Қазақстанның  дамыған елдермен терезе теңестіруіне қадам жасаймыз.  
Осыдан біздегі банк жүйесінің жұмысы жайлы сұрақ шығады, бұл да мемлекет арқа сүйейтін сектор еді, тек оларды несиені көп  үстемемен бергеннен басқа шаруасы аз деп сынап жатады? 
– Қазіргі кезде банктердің қате жері – өте жоғары пайыздары. Қазіргі уақытта тұтынушы несие, тіпті бизнеске беріліп жатқан несие үш есе көп. Бизнеске берілетін несие 10 триллион теңгедей болып тұрса, тұтынушылық несие 20 триллионнан асады. 30 триллион несиенің 3/2 бөлігі тұтынушылық несие болып тұр. Банктер де үйреніп алды, бизнесті қаржыландырғаннан гөрі, халықты әртүрлі бөліп төлеумен, немесе әртүрлі жеңілдіктермен несиелендіру тиімдірек. Табысы төмен  азаматтар амалсыз қарыз алады. Әртүрлі онлайн несиелер, онлайн заемдар сияқты жүйемен қызмет ететін  микронесиелер халықты қарыздың шырмауына батырып жатқан жағдайы бар. Бұны жою керек. Несие пайыздарын төмендету керек. Одан банктер кедей болып қалмайды. Шындығын айтқан кезде заң бойынша банктер жылына 56 пайызға дейін несие бере алады. Ол деген халықты қанау былай айтқанда. Сондықтан да ол пайыздың өзін жоқ дегенде 30 пайызға төмендету керек. Ең жоғарғы пайыз елімізде осы шамадан аспау керек. Қазір 50 пайыздан беріледі. Ол қоғамға жасалып жатқан қиянат. Менің ойымша банктердің жұмысын реттеуге қатысты нақты шаралар жүргізілу керек. Үкіметтің индустрияландыру бағдарламасына тікелей байланысты. Өнеркәсіпте өндірісті дамыту дұрыс жолға қойылатын болса онда теңгеміз де қатты құнсызданбайды. Инфляция қатты болмайды. Азаматтардың алып жүрген табысы күнделікті өміріне жете бастайды. Осы мәселе бүгінгі күні күн тәртібінде тұруы керек.   
Үркер журналы оқырманына тілегіңіз?
– Үркер журналына алғысымды айтқым келеді. Осындай сұқбат алып, қаржы төңірегінде, экономикаға қатысты  сауал қойып жатқандарыңызға рақмет. Меніңше қоғамға осындай ақпаратты жиірек насихаттауымыз керек. Барынша тарқату керек. Осыған үлес қосып жатқандарыңызға алғысымды жеткізем. Үркер ұжымына шығармашылық табыс тілеймін. Дәл сол шоқ жұлдыз сияқты жұлдыздарыңыз әрқашан биік болсын, жарық болсын. Аман болыңыздар.

Әңгімеңізге рақмет


 Әңгімелескен

Гүлжан Қызайбаева

"Үркер" журналы

2443 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз