- Біздің сұхбат
- 29 Желтоқсан, 2024
Бауыржан Ысқақ, экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер: «Қаржының құлына айналып бара жатқан халықпыз»

– Бауыржан мырза, бүгінгі халықтың ақша ұстағанына көңіліңіз тола ма?
– Дәл қазіргі уақытта қазақтың ақша ұстағанына көңілі толмайтындардың қатарындамын. Неге? Өйткені соңғы уақыттардағы ұлттық экономикалық министрліктің статистикалық бюроның мәліметтері себеп деп айтуға болады. Жалпы, біздегі еңбекке жарамды 9 200 000 адам болатын болса, соның 80 пайызының, яғни 7 500 000 халықтың екінші деңгейлі банктердің алдындағы несиесі бар. Және сол 80 пайыздың жартысынан көбі дәл қазіргі уақытта банктердің алдындағы берешегін өтеуді кешіктіріп, тоқсан күннен асырып алған, яғни бөлшектеп төлеуге мәжбүр. Міне осының барлығы жалпы халқымыздың ақшаны дұрыс ұстай алмағандығының белгісі деп айтуға болады. Жалпы, қаржылық сауаттылық дегенде қаржы азаматтарға экономикалық еркіндік әкелуі керек болса, біз керісінше – қаржының құлына айналып бара жатқандаймыз. Банктің алдында берешегіміз бар, басқа да қарыздарымыз бар деген сияқты. Ең өкініштісі қанша қарызға батсақ та әлі күнге ойланбаймыз, ысырапшылдықтың шеңберінен шыға алмай келеміз.
– Экономика үнемді жақсы көреді, ал қазақ шашыла той жасап жүр. Жаңағы сіз айтқан несиенің біразын тойға бола алғаны құпия емес. Ол кредиттің пайызы сұмдық. Жалпы әлеммен салыстырғанда біздің екінші деңгейлі банктердің үстемесі көп пе, аз ба?
– Тойдың дәрежесін қарайтын болсақ, яғни қаражаты болмай тұрса да ойланбастан, қаржылық мүмкіндіктерін, төлем қабілетін есептеместен, банкке барып, несиеге алып, той жасау – аса ойлы қадам емес. Айналдырған 4-5 сағатта өте шығатын той-томалаққа алданып, одан кейін кем дегенде 5 жыл бойы банктің алдында ай сайын үстемесі жоғары пайызбен несие төлейтіндігін білсе де соған мән бермей, мағына бермей тәуекел ететіні осыны анық байқатады. Өзгеден қаламын ба? – деп өлермендікке барудың ақыры – азап. Оның үстіне дәл қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктердің үстемесі өте жоғары деп айтуға болады. Оған бірінші себеп, пайыздық ставка. Ұлттық банктің бекіткені 14,75 болса, екінші деңгейлі банктердің халыққа беретін пайызы 22-23-тен басталады. Ал онлайн несие беретін жерлерде 56 пайызға дейін жетіп қалатын жағдайы бар. Осының барлығы қазіргі уақытта халыққа берілетін несиенің өте тиімсіз екендігін көрсетіп отыр, оған қарап жатқан халық жоқ, ала береді. Банктер осы ойсыздықты жақсы пайдаланып отыр.
– Біздің елде айламен тонау жүріп жатқан секілді, бір қымбат зат шықса жабыла кетеміз. Мысалы iPhonе-ның жаңа нұсқасы шықса қарызданып жүріп аламыз. Осы дұрыс па? Отбасы жағдайы мәз емес, ал қолда 600 мыңдық Айфон! Жылтырқұмар болып кеткен жоқпыз ба?
– Дұрыс айтасыз. Біздің эмоцияға, қызығушылыққа көңіл бөліп, қолдағыны есептеместен тәуекел ететініміздің өзі қаржылық сауаттылығымыздың өте төмен екенін білдіреді. Мысалы, сіз айтқан iPhone немесе басқа бір телефонның жаңа нұсқасы шығып, маркетингтік әдіспен жылт ете қалса жапа-тармағай ұмтылып, қарызданып-қауғаланып, мансапқұмарлықпен ғана алып жатамыз. Оның қарызын өтеу қиын екендігін екінші орынға ысырып қоямыз. Кейін ғана сезініп, қиналып жүргендер қаншама. Айфонды алған соң кәдеге жаратса, оның барлық опцияларын пайдаланып, жұмыс істесе, пайда тапса түсінуге болады. Бізде көбі тек мақтан үшін алатын сияқты. Бұның барлығы отбасының бюджетіне тікелей әсер етеді. Осыдан барып халықтың қаржылық мәдениеті туралы, оны қалай жетілдіреміз деген үлкен сұрақ туады. Әр отағасы, әр отанасы отбасы экономикасын құру туралы ақпараттарды көбірек оқуы керек.
– «Отбасы экономикасы» деп айтып қалдыңыз. Оны қалай құрған жөн?
– Әуелі отбасының иесі ата-анасы мықты болуы керек. Балаларды кішкентайынан соған тәрбиелеу маңызды. Оны өзінің іс-әрекетімен көрсете білген жөн. Отбасы бюджеті қалай қалыптасатыны, қандай кіріс-шығыс көздері бар екендігін және шығыстың мөлшері кірістің 50 пайызынан асып кетпеуін өздері есептеп, ұрпағына үйретуі керек. Егер асып кеткен жағдайда кейбір шығыстарды азайтуға болатынын, коммуналдық шығындарды азайтуға болатындығын, светті, суды өшіріп жүру керектігін, мысалы отбасылық интернет қосып, сол арқылы телефон тарифінен үнемдеуге болады деген сияқты көптеген әдістермен де отбасы экономикасын қалыптастыруға болады. Бір үйде 5 телефон болса оның тарифіне 20-30 мың теңге кетеді. Отбасы интернеті арқылы осы шығынды үш есе азайтуға болады. Осы бастан «Өзіңе жұмса» деген қағиданы, яғни тапқан табысымыздың кем дегенде 10 пайызын сақтай білу қабілетін қалыптастыру керек. Қалған әдістерден, мысалы «Алты құмыра» деген әдемі тәсіл бар. «Көрпеге қарай көсіліп» үйренген жөн. Барлық шығындардың үлесі сенің отбасыңа кіретін табыстың 50 пайыздық мөлшеріндей ғана болуы керек. Оның ішінде сіздің қарызыңыз бар, коммуналдық шығын бар, тамақ бар, киім бар, осылардың барлығы сіздің тапқан табысыңыздың 50 пайызынан аспауы керек. Қалған 50 пайызды 5 құмыраға бөлу керек. Болашағыңа, дамуыңа, демалуыңа деген сияқты осындай әдістер арқылы қолданатын болса, онда ақшаны да үнемдей бастайсыз. Ал біз тапқан табысымыздың басты бөлігін есепсіз, жоспарсыз алған несиеге, эмоциялық сатып алуларға жұмсаймыз.
– Адам өзін керек емес шығыннан қалай шектегені дұрыс?
– Біз «қажет» пен «қалаудың» ара-жігін ажырата білуіміз керек. Аса қажет дүниені алсаң бір қыспақтан құтылуың мүмкін. Ал көңілің қалағанды ала берсең қалтаң тесіледі. Осылардың барлығын білгенде ғана біз қарыздың қыспағынан құтылуға мүмкіндік аламыз. Сол үшін де әр қазақ қаржыны тиімді ұстауды ең бірінші кезекте өзінен бастауы керек. Мына әлемдік тәжірибеде дамыған мемлекеттер тапқан табысының 50 пайызы шығынынан асып кетсе, яғни 200 000 теңге тауып, барлық шығындары 100 000-нан асып кетсе, ол азаматтарды кедейлердің қатарына қосу бар. Сол арқылы мемлекеттің әлеуметтік жағдайын анықтайды. Ал біздегі көрсеткішті қарайтын болсақ, халықтың 70-80 пайызының тапқан табысы 80-90 пайызына дейін күнделікті шығындарынан асып кетіп жатады. «Айлығым шайлығыма жетпейді» деген содан көп айтылады. Ақшамыздың төлем қабілетінің төмендігі, жалпы экономиканың салдары орасан екені анық. Алайда отбасында ақша тиімді басқармаудың, жоспарламаудың кесірі де аз емес.
– Қалаудан бөлек көп адам ішер астан қысылып та несиеге тамақ ішіп отырады емес пе?
– Қымбатшылық тұрғысынан алатын болсақ, ол әрине үлкен сұрақ, мемлекет тарапынан жағдай жасалынуы керек. Халықтың инфляцияға кетіп, құнсызданып бара жатқан ақшасы үнемдеу үшін арзан, халыққа қолжетімді тауарлармен қамтамасыз етуді жеделдетуі керек. Мемлекеттік тұрғыдағы дәреже бір бөлек әңгіме. Алдымен біз қаржыны басқарудың жолдарын өзімізден бастауымыз керек.
– Бөлек болғанда... Отбасылық экономиканы оңдап, жоқшылық қыспағынан құтылуға бола ма? Әлде міндетті түрде Ұлттық экономика оңалған соң ғана отбасы оңала ма?
– Ең бірінші кезекте біз өзіміздің жағдайымызға қарауымыз керек. Экономикасы әлсіз мемлекеттерде де азаматтардың қарызға батпай өмір сүріп жатқандығын көруге болады. Сондықтан азаматтардың несиенің қыспағына кіріп кетуіне мемлекеттің айтарлықтай кінәсі жоқ. Әркім таңдауды өзі жасайды. Тегін келгендей көрінген дүниенің батпан салмағы барын ұмытпауымыз керек. Қалтамызға қарап көсіліп, ысырапшылдықтан аулақ болуымыз қажет деген пікірдемін.
– Халыққа қаржыны қалай ұста деп кеңес берер едіңіз?
– Жалпы үш қағида ұсынар едім. Бірінші: біз өзіміздің қажеттілігіміз бен қалауымыздың ара-жігін ажыратып алуымыз керек. «Қажеттілік» – дегеніміз – ол біз міндетті түрде төлейтін шығындарымыз. Коммуналдық шығындар, азық-түлік, несие, т.б. тұрақты шығындар. Біз сол тұрақты шығындардың ішіне қалауымызды да қосып жібереміз де қаржының тиімсіз басқаруына жол беріп аламыз. «Қалау» дегеніміз қаражатың жетпей тұрса да айфонды несиеге алу. Қаражатың жетпей тұрса да шашылып той жасау, қаражатың қалыпты болмай тұрса да қарызға шетелге бару деген сияқты, яғни біздің қалауымыз. Қалау мен қажеттіліктің ара-жігін ажырата білген кезде ғана, қаржылық тұрақтылық пайда болады.
Екіншіден, міндетті түрде қаржыны басқарудың тетіктерін білу. Ол үшін біздің шығындарымыз кірістерден 50 пайыздан асып кетпеу керек. Осыны қадағаласақ жақсы болар еді. Біз бір, екі, үш ай бойы өзімізге эксперимент жасап көруге болады. Кірістер мен шығындарды салыстырған кезде межеден асып кетсе, біз кейбір шығындарды азайтуымыз керек. Мысалы шығындардың өзінің статьялары болады. Барлығын қағазға тізіп қараған кезде керек емес шығындарды бірден байқаймыз. Сөйтіп 50 пайыздық межеге жеткізуге күш салуымыз керек.
Үшіншіден, міндетті түрде қосымша қор құруға талпыну керек. Ол түксіз қалған сәтте 3-5 айдың шамасына жететіндей болуы керек. Мәселен, бір адамға бір айға қажеттісі
250 000 теңге болса, оның үш айлық, яғни 750 000 теңгелік қоры болуы керек. Осы шамаға жетуге талпынсақ! Және де қосымша кәсіп көздерін іздеу маңызды. Пассивті кіріс деп айтамыз, мысалы телефонды несиеге алсаңыз, елу мыңдап теңге берешек төлететін сол телефонмен кем дегенде айына 100-150 000 теңге табыс табудың амалын қарастырыңыз. Көлігіңіз болатын болса, үйде қаңтарылып тұрмауы керек, жалға бер, басқа пайда табудың жолын ізде. Аз ғана жетістікке жету үшін адамға көп іздену керек. Талпынған сайын дамисың, сонда масылдықтан арылған іскер қазақ көбейеді. Демек, экономикалық тәуелді отбасы азаяды. Сонда ғана мына өмірдің салмағы жеңілдей түспек...
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұқбаттасқан Гүлжан ҚызайбаЙ

2626 рет
көрсетілді0
пікір