- Таным
- 16 Қаңтар, 2025
Физиканы түсініп оқып жүрміз бе?

Оқушыларға жақсы білім мен тәрбие беру – мұғалімнің басты миссиясы. Біз дарынды оқушылар туралы жазған кезде оның артында қандай білікті маман тұр екен деп таңғаламыз. Сондай ұстаздың бірі – Мирлан Жусамбаев. Тараз қаласындағы физикаматематика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде физика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол мектепте сабақ беріп қана қоймай, оқушылар көп қолданатын Тикток платформасына түсінікті әрі қызықты видеолар түсіріп, физиканы түсіндіреді. Былтыр оны Тикток желісінің әкімшілігі білім бағыты бойынша «Орталық Азиядағы үздік креатив контент иесі» деп марапаттады. Физика, ұстаздық жолы, контенті туралы көбірек білу үшін Мирлан мырзаның өзімен әңгіме құрдық.
Кейіпкеріміз физикаға бала кезінен қызығады екен. Бәріміз кішкентай кезімізде «бұлттар қалай жылжиды?», «жаңбыр қалай жауады?» деп ойланатын едік қой. Мирлан мырзаны да физика бағытын таңдауға итермелеген осы табиғат заңдылықтары екен. Ал мұғалім болу арқылы физиканы одан әрі зерттеп, оқушыларға сапалы білім бергісі келеді.
«Физика тек формула емес, эксперименттер мен зертханалық жұмыстар арқылы түсіндірілуі керек ғылым», – дейді физик. Шыны керек, көп оқушы химия, физика сынды пәндерді ұнатпайды, түсінгісі келмейді. Себебі әу бастан қызығушылық болмады. Көбіміз үшін бұл сабақтар есеп шығарумен шектелді. Сондықтан болар ғылымға қызығатындар саны әлдеқайда аз. Бірақ Мирлан мырза сол олқылықтың орнын толтыру үшін еңбек етіп жүр. Жоғарыда айтқанымдай, физиканы Тиктокта түсіндіреді. Парақшасын қарап шығып едім, мектепте түсінбеген кей дүниені біліп алдым.
«Мұғалім ретінде оқушылардың назарын зерделейтін әдет бар. Аңғарғаным, бала басым уақытын смартфон қараумен өткізеді. Менің оқушыларым да Тиктокқа әуес, түрлі видео салып жатады. Оларға желіні қолданба деп айту орынсыз, ол – заман талабы. Сондықтан шәкірттерімді қызықтыру үшін және өзге оқушыларға да білгенімді үйрету мақсатында әлеуметтік желіні білім тарату құралы ретінде қарастыруды жөн көрдім. Сабақта өткізетін эксперименттерді ұялы телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктей бастадым. Бұл оқушыларға ғылымды түсінікті әрі көңілді түрде жеткізудің жолы болды. Нәтижесінде, көптеген оқушы физикаға қызығушылық танытып, сабаққа деген ынтасын арттырды».
Әшекейдің нағыз күміс екенін мұз арқылы анықтау, бойды қол арқылы өлшеу және тағы басқа қызықтарды мұғалім @physicsphenom парақшасына салады. Сендер де кіріп, қарап көрсеңдер болады. Арнайы біздің оқырмандар үшін физиканың 3 заңын оңай тілмен түсіндіріп беруін өтіндік.
1. Ньютонның бірінші заңы бойынша, егер денеге сырттан әсер ететін күш болмаса, онда ол тыныштықта болады немесе бірқалыпты және түзу сызықты қозғалыста болады. Мысалы, үстел үстінде тұрған допты алайық. Оны қолмен итермесе, доп бір орында тұрады. Бірақ оны итерсеңіз, ол қозғала бастайды. Бұл заң дененің қозғалысқа келуі немесе тыныштықта қалуы үшін күштің қажет екенін түсіндіреді.
2. Ньютонның үшінші заңы: әр әрекетке тең әрі қарама-қарсы бағытталған қарсы әрекет бар. Мысалы, шарды үрлегенде ауа сыртқа шығады, ал шар кері ұшады.
3. Энергияның сақталу заңы: энергия жоғалмайды, тек түрленеді. Мұны судың ағысынан электр қуатын өндіру арқылы көруге болады.
Физика пәні мұғалімі биыл «Орталық Азиядағы үздік креатив контент иесі» марапатын және «Қазақстан мұғалімі 2024» ұлттық сыйлығын жеңіп алған екен. Бұл туралы Мирлан мырза былай дейді: «Тикток 2024 жылды қорытындылап, осы жыл ішінде платформада өзін айқын көрсете білген және мазмұн жасаудағы бірегей көзқарасымен ерекше көзге түскен шығармашыл адамдардың есімін жариялады. Жеке тақырыптық санаттағы номинанттар мен жеңімпаздар тізіміне менің де кіргенімді хабарлады. Яғни білім саласындағы үздік бестіктің ішінде менің де парақшам бар екен. Тикток білім беру бағытындағы контентті белсенді дамытып жатыр. Арнайы мүмкіндік қарастырылып, желі алгоритміне сай жағдай жасаған. Мысалы, желі қолданушылары көбіне қысқа әрі түсінуге жеңіл контент іздейді. Соған орай авторлар күрделі тақырыпты барынша оңай, жылдам түсіндірудің жолын қарастырып келеді. Ал әлеуметтік желі қаралым санын ұлғайту үшін видеоны алдыңғы қатарға шығарады. Әр бағыттың топ 5 номинантын марапаттау рәсіміне шақырып, сол жерде жеңімпаздарды атады. Контентімді жаңашыл форматта дамытып, ғылымға қызығатындардың санын арттыруға өз үлесімді қоссам деп жоспарлап отырмын. Сондай-ақ ауылдық аймақтарға арналған білім беру жобаларын іске асыру ойымда бар. Білім беру әдістерімнің, оқушыларға ықпалымның және шығармашылық жобаларымның арқасында «Қазақстан мұғалімі 2024» ұлттық сыйлығы берілді. Жеңімпаз жаңашылдық, оқыту сапасы және қоғамға қызмет ету критерийлері бойынша таңдалыпты. Жалпы 2200-ден астам өтініш беріліп, соның ішінде үздік 10 мұғалім марапатталды», – дейді ол.
Ұстаздың оқушылары да қоғамға көмегі тиетін жобалар жасап жүр. Мысалы, 2020 жылы Абылай Сыдықов пен Анелия Әбдімәлік дәрігерлерге коронавирус инфекциясы бар науқастың жағдайын қашықтықтан бақылауға мүмкіндік беретін арнайы құрал ойлап тапқан. Мобильді қосымша смартфонға импульстік оксиметр арқылы ақпарат жібереді. Дәрігер науқас жағдайының динамикасын палатаға бармай-ақ бақылай алады. Ал 2019 жылы Бекнұр Қалмаханбет пен Дәурен Теңелбаев кореялықтардың жайылымда жүрген малдың орнын анықтау жобасын жетілдіруді қолға алған. Олар GPS Tracker-ді үздіксіз электр қуатымен қамтамасыздандыратын ұзындық генераторын жасап шығарды.
Байқағанымыздай мұндай жобаларды көбіне зияткерлік мектептің не БИЛ оқушылары жасап жатады. Осы тұста кейіпкерден НЗМ мен жәй мектептің айырмашылығын сұрадым.
«НЗМ-ның жүйесі жақсы жұмыс істейді. Әр мұғалім нақты не істеу керегін біледі. Мектеп әкімшілігінің қолдауын да айта кету керек. Бұл менің алғашқы мектебім және маған да басында әкімшілік пен әріптестерім өте көп көмектесті. Меніңше, айырмашылық осы жерде. Жас маманға мектеп тарапынан қолдау керек. Орта мектептерде осындай кемшілік бар. Сонымен қатар НЗМ мектептері бір ауысымды. Сабақтарда қолданатын құралжабдықтардың ескіргенін де айтқым келеді. Көп ауылда болдым. Ауылдық мектептерде бәрі жаңа екен. Бірақ неге сол құралдарды қолданбайтынын түсінбеймін. Құралдардың уақыты өтіп кетеді, қолдану керек. Бізге 3-4-курс студенттері практикаға келеді. Өкінішке қарай, құралжабдықпен қалай жұмыс істеу керегін білмейді. Мүмкін ЖОО-да дұрыс үйретпейтін шығар. Басты айырмашылық осы тұста деп ойлаймын».
Баланың бәрі бірдей, тек мектеп жүйесі мен сабақты түсіндіру әдістері әртүрлі дейді мұғалім. Ал оқушыларға теорияны оқумен қатар тәжірибе жасауға да кеңес береді. Қызықты эксперименттер мен шынайы өмірдегі құбылыстарды зерттеу арқылы физиканы түсіну жеңілдейді. Қызыққан сұраққа жауап іздеуге талпыну керегін де атап өтті.
Ділназ ШАЙМҰРАТОВА
«Ұлан» газеті, №2
14 қаңтар 2024 жыл

758 рет
көрсетілді0
пікір