- Таным
- 17 Қаңтар, 2025
Жазушы жанарындағы кейіпкер

Кейде жазушының түсініксіз әлеміне бойлағымыз кеп, астан-кестен, ала шапқын күй кешеміз. Көкейімізде осынау оқиға желісі, сюжет, мотив, фантастика, кейіпкерлер қайдан тууда? Әлде жазушының құлағына әлдебір күштер сыбырлай ма деген сауалдар сайрап тұрады. Әйтпесе оқиғаны шиеленіспен өрбіту, оны оқырманға қызықты ету үшін асқан тапқырлықпен лирикалық шегініс жасау, символдық астар беріп, кульминациясында эстетикалық ләззат сыйлау жай адамның ойына келе қоймасы анық. Бірақ жазушыны сәттер, эмоция ғана емес, бейсана мен кейіпкерлер басқарады деген тұжырым жасасақ, сенер ме едіңіз?!
Иә, автор кейіпкерді емес, кейіпкер авторды құйындай үйіріп ала кетеді. Дұрысы, сиқырлы әлемге саяхат жасағандай арбайды. Ең қызығы, дәл осындай шығармалар адамның бұрқ-сарқ қайнаған ессіз күйін ашып, боз тұманға сіңіп бара жатқан сүйретілген тәніне қан жүгіртіп, жан бітіреді. Біз әдетте қаламгердің жазушылық қуатын анықтау үшін кейіпкердің болмыс-бітіміне, жан дүниесіне үңілеміз. Мысалы, Никола Буало-Депреоның «Поэтикалық өнер» атты еңбегінде қаламгердің жаны кіршіксіз таза, пәк болуы керегі айтылады, яғни сонда ғана осал кейіпкерлер дүниеге келмейді. Бірақ жаны мөлдір жазушыдан зұлым, қатыгез, адамзатқа аяусыздық танытатын кейіпкерлер қалай туады деген ойға қаласың.
Мәселен, Толстойдың «Анна Каренинасын» алайық. Толстойдың өзі шығарманың басында Аннаны қоғамға инабатты, дворян, есті, білімді, отбасында жайлы әйел ретінде көрсете бастайды. Толстойдың көкейінде: «Анна орыс әйелдер галереясының ішіндегі үлгі аларлығы болса екен» деген ниет жатқанын аңғарғандай боламыз. Оны Анна деген «рақым», «мейірім» деген мағынаны білдіретін символикалық атауынан-ақ байқар едік. Бірақ кейіпкер Анна Каренина авторға бағынбады. Оның бойындағы құрсаған қызу құштарлық сергелдең күйге түсіріп, бүкіл әлем жерінетін «басқа» әйелге айналдырды да жіберді. Бәлкім, кей оқырманды Каренина тамсандыратын да шығар. Қалай десек те, Таласбек Әсемқұловша айтсақ, «қанша оқырман бар, әркімнің сонша Аннасы бар».
Дәл осыған байланысты тағы бір мысал, ағылшын жазушысы Артур Конан Дойл «ата жауына» айналған кейіпкерінен өлердей қорқып, біраз жылдар бойы «азап шеккен». 1891 жылы «Холмстың соңғы ісі» деп аталатын Шерлок Холмс туралы атақты детектив жанрындағы шығарма дүниеге келеді. Айтуынша, жазушы Шерлоктен әбден мезі болып, ұзақ жылдар бойы «құтыла алмаған». Ол әуелі Шерлок туралы үшінші хикаяда бас кейіпкерді өлтірмекке ниеттенгенде жазушының анасы «Қалай дәтің барады?!» деп «аман алып» қалған көрінеді. Ал содан бастап автор мен кейіпкер арасында қып-қызыл майдан жүреді. Жазушы кейіпкерді өлтірмекке бірнеше мәрте оқталып, қара терге түседі. Ал кейіпкер жанын аман сақтауға барын салады. Себебі оқырмандар да Шерлоктің өлгенін қаламаған еді. Жазушының кейіпкермен «жасырын» соғысы авторды әуреге салады. Ақыры «Холмстың соңғы ісі» деп аталатын циклде жазушы кейіпкерді қарсыласымен бірге сарқырамадан секіртіп жіберіп, бұрын-соңды бастан кешпеген тыныштықты сезгенін айтады. Мұндай түйінді күтпеген оқырман наразы болып, қайғыға түседі. Сонда автор: «Егер мен Шерлокті өлтірмегенде, ол менің түбіме жетер еді. Бірақ бұл кісі өлтіру емес, өзін-өзі қорғау деп айтар едім», – деп жауап берген екен.
Жазушының кейіпкермен байланысы шым-шытырық әлемге бастаған жол іспеттес. Себебі кейбір қаламгерлер үшін кейіпкер – автордың жалдап алған әртісі болса, кейде көлеңкелі тұсы ма деген ойға келесің. Ал енді бірде автордың өзге тұрмақ, өзіне де беймәлім егізі болуы мүмкін. Өйткені автор осынау қоғамға өзін адекватты жандардың біріндей көрсетіп, ал кейіпкерге ішінде жатқан жасырын мінез-құлық пен психологиялық проблемаларының бәрін үйіп-төгіп береді.
Сондықтан кейіпкерді тану үшін алдымен авторды толық тануымыз керек. Себебі автордың туып-өскен жері, ұлттық-мәдени коды, санадағы әлем моделі, психологиялық мәселелері, нейро-эстетикалық қабылдауы, сенсорлық жүйесі, биографиясы, сол шақтағы эмоциялық компоненттері кейіпкер проекциясын шығарады.
Осы орайда Англияның Дарем университетінің ғалымдары «The Guardian» газетінің тілшілерімен бірге жазушы мен кейіпкер арасындағы байланысты зерттемек болып, бірнеше мәрте тәжірибе де жүргізген екен. Нәтижесінде 181 кәсіби жазушының 63 пайызы шығармадағы кейіпкерлердің дауысын еститінін айтса, 15 пайызы кейіпкерлермен осы әлемде тұрғандай сөйлескенін жеткізген. Демек, шығармадағы кейіпкер өмір сүретін әлемді – паралелльді әлем, ондағы кейіпкерді автордың көлеңкелі тұсы деген тұжырым жасасақ, артық айтқанымыз болмас, сірә?!
Бірақ тек қаламгердің ғана кейіпкермен байланысы ерек деуге келмейтін сыңайлы. Себебі театрда, кинода өз кейіпкерін сомдайтын актерлер де сондай ала шапқын күйге түседі. Тілдесу былай тұрсын, жан дүниесіне еніп, кейіпкер болып ғұмыр кешеді. Тіпті біраз уақыт рөлінен шыға алмай, бір тәннің ішіндегі бірнеше жанның майданын бастан кешуі ықтимал. Мәселен, Шекспирдің «Ромео мен Джулеттасын» жастайынан сомдап жүрген отандық актер бірнеше жыл бұрын қайтыс болды. Ол бұл спектакльді еті мен сүйегінен өткізіп ойнағаны соншалық – рөлге кіргенде залдағы көрермен тапжылмай отырып көретін. Білуімізше, бұл спектакльді актер 500-ден көп қайталап ойнаған. Соңында талантты әртіс Ромео секілді өзіне қол салып қайтыс болды. Бұл жерден де кейіпкер мен актер арасындағы бейсаналық тұрғыда нәзік байланыстың болғанын сезетін сыңайлымыз.
Ал енді автор мен кейіпкер байланысын анықтау үшін қазақ жазушыларының ішінен Қанат Тілеуханның «Шатырдағы әйел» әңгімесін талдап көрелік. Оқып отырып, әр кейіпкерді өмірде көріп-білгендей түсінесің. Біреуі – көршің, біреуі – алыс туысың сияқты, енді біреуінен тіпті жақын адамыңның мінезі мен мұндалайды. Бірақ жақыным осындай еді деуге қимайсың. Әйелдердің үш ұрпақтан келе жатқан бақытсыздығына куә боласың. Психологиялық тартыстан жүйкеңнің дал-дұлы шығады. Жаныңның жапырақтарын баз біреулер жұлып кеткендей әсерде қаласың. «Біттім-ау, болды» деген кезде бір жарық сәуле жарқ ете қалып, баяулап барып сөнеді.
«Шатырдағы әйел» деген атауына қарап, автор әйел затын осылайша биікке шығарғысы келген шығар деген ой түйесің… Бір кезде көз алдыңа француз жазушысы Мопассанның «Шкаф» атты шығармасы мөлдіреп келе қалады. Бұл шығармада әйел өмірдегі орнын «махаббат сататын базардан» тауып, туған баласын шкафта тығып ұстады емес пе? Осылайша, жеңіл жүрісті әйел бар ар-ұятын, намысын, ең алғашқы күнәсын, пәктігін «шкафта» сақтады. Бәлкім, сол секілді автор да «Шатырдағы әйелдің» мұң-қайғысын, бала кезінен тартқан азабын, құқайын, күн өткен сайын тереңдеп бара жатқан жалғыздығын осы шатырға жасырған сыңайлы. Бірақ әйел қанша жасырғанымен, қатыгез қоғам «Шатырда не бар екен?» деп үңілгісі де келмейді. Тіпті адам санатынан баяғыда-ақ шығарып тастағандай. Ал автордың кейіпкермен байланысы қандай? Жазушы бас кейіпкерді, оның жалғызілікті қызын, тіпті кесірлеу әжені де бұрыннан танитындай әсер қалдырды. Жазушы олардың жан жарақатына туғанындай қынжылады. Бұл өмірде кей адам өз ойын, өз мәселесін өзгеге таңып, өзі секілді «жарымжан» еткісі келеді. Ар жағында «мен секілді ойлап, менің қараңғылығымды бөліссе екен» деген қалау жатады.
Сондықтан автор бірнеше ұрпаққа жалғасып келе жатқан «жарымжан сана» тізбегін үзу керегіне үндейтіндей.
Ал Сәкен Сыбанбайдың «Ғаламтордағы махаббаты» Шахановтың «Компьютер басты жарты адамдарын» еске түсіретіндей. Әңгімедегі бас кейіпкер де жаны жараланған ананың махаббатсыз дүниеге келген ұлы. Бәлкім, сондықтан әйел бала тағдырына селқос қарады. Бәлкім, сондықтан ол өзінің жан күйзелісін толассыз жұмысқа көміп тастап жүр. Бәлкім, баласы өкінішке толы өткенін еске түсіретін шығар. Әйтеуір, тағы бір басына бақ қонбаған бақытсыз әйелдің сипаты – осы. Ал Санат ше? Санасы, жүрегі, тіпті жаны ғаламтормен уланған бозбала. Ғаламтордағы лақап аты – «Байкер». Ол оның «өмірде мотоциклді мінсіз тізгіндесем ғой» деген арманынан туған атауы секілді. Ал танысуға шыққан қыздың лақап аты – «Принцесса». Ол да көп сұлудың ішіндегі дарасы болуды аңсағандай. Бәлкім, ол үйінің ханшайымы емес, күңі шығар. Кім біледі?! Әйтеуір, екі бақытсыз да тілдесе алмады. Ал қоғамда «Байкерлер» мен «Принцессалар» толып жүр. Олардың жанын, сұрланған санасын қалай емдейміз? Шамадан тыс физикалық жұмысқа салып, қаумалаған көп адамның ішіне кіргізіп жіберу керек шығар. Жан дүниесіне жақын бір салаға бағыттаған жөн бе екен?! Әлде махаббатын табуға жәрдемдессек пе?
Енді Жүсіпбек Қорғасбектің «Жынды қайыңына» талдау жасап көрелік. «Ақ қайыңмен сырласу», «жалғыз қайың», «ырғалған қайың», «күзгі қайың» деген мотивтер қазақ шығармаларында жиі кездеседі. Ал «Жынды қайың» біз үшін жаңалық.
Шығарманы оқу барысында оқиғалар арасында байланыс жоқтай сезіледі. «Құздың шетінде, желдің өтінде бір қайың өсіпті. Соны ел «Жынды қайың» деп атап кетіпті. Шығыста, Жармадан түсіп, Қапанбұлақ деген жерге барғанда ертеректе көріп едім. Адам сенбейді, бірақ қайың тұрған жерге сондай ат қойыпты. Әйтпесе қызық қуып жазғам жоқ. Ол бір жел тынбай соғатын жер екен. Бұл жерге жалғыз түп қайыңның қалай өскені таңдандырады. Сондай жерде тұрып жатқан адамдар да ойландырады. Тағдыр ғой, атау да, оқиға да өмірде болған. Мен де бұл тағдырды айналып өте алмадым», – дейді автор.
Қыздың «мен бұл ауылда тұрғым келмейді» деген жанайқайы жазушының жеке басының «көп ішінде жалғызбын, ерекпін» деген ойын ашатындай. Кейде біз адамдарды қоғамнан бөлектеу сипатта болған соң қабылдай алмай жатамыз. Бәрі инкубатордан шыққандай бірдей болса екен дейміз. Шығармада да ерек ойлайтын қайыңдай жаны таза, мөлдірліктің символы болған Ақеркені қоғамның кері итеруі, тіпті «жынды» деп баға беруі айқын байқалады. Шығармада жазушы нәзік, зорланған, айналасынан қолдау таппаған қыз баласын басты кейіпкер етеді. Зорлық көріп, ішіне түйнек түскен бас кейіпкердің көзіне бәрі қызыл болып көрінуі, үйіне бар адамның жиналып, қызға үшкіріп кетуі, содан соң жайма-шуақ қымыз ішіп отыруы қоғамның зорлықшы Шынжырханның сойылын соққанын дәлелдейтіндей. Қыздың ішіндегі түйнек – оның бар мұңы мен зары, қиындығы. Әдетте жан-жағы ағаштармен қоршалмаған жалғыз қайыңға жел де өтеді, дауыл да соғады. Шынжырхан да Ақеркеге үйіріліп соққан бір құйын болды. Мұндай жалғыз қайыңның тікесінен тік тұрып, тіршілік етуі сирек кездесетін жағдай. Жалғыз болған соң адамдар да бөлшектеп, бұтап тастауға дайын тұрады. Әдетте тау-тасы, жап-жасыл желегі, қайыңы жоқ ауылда өскен адамдардың жан дүниесінен асылдың шығуы екіталай. Жазушы Дидахмет Әшімхан айтқандай, адамның туып-өскен жері көркем болса, өзі де көркем. Адамның өскен жері тау ма, төбешік пе, жасыл желек пе, жоқ, әлде құм құрсауында қалған ауыл ма?! Бәрі-бәрі адамның сана-сезіміне әсер етеді. Осылайша, жазушы кейіпкер арқылы қоғамға жан дүниесіндегі уайым-мұңына айналған «жалғыздардың» бағасына жетіңдер деген жанайқайын жеткізетіндей. Ал Ақерке – автордың көлеңкелі тұсы екені анық. Бірақ қалай?! Оны жазушының өзінен сұрау керек.
Ақгүл Айдарбекқызы,
«Ana tili»

817 рет
көрсетілді0
пікір