- Таным
- 17 Қаңтар, 2025
Үлкен үйдің келіні

«Шуақты күндердің» авторы
«Парасатты адам мақтағанға да,
даттағанға да бұзылмайды»
(Баукеңнің келініне айтқаны)
Оның маңдайына дүниедегі ең ауыр міндеттің бірі жазылыпты. Қазақтың бас батырының келіні болу... Жаһанға танымал жаужүректің жалғыз ұлының жары атану... Жалпақ жұртқа белгілі айбарлы адам түгілі, қатардағы қарапайым кісінің келіні болудың өзі оңай емес. Оның үстіне қазақтың дәстүрлі «келін» ұғымы уақыт безбеніне түскен сайын сан түрлі өзгеріске ұшырағаны, жиырмасыншы ғасырдың соңы мен жиырма бірінші ғасырдың басында бұл мәртебелі міндеттің салмағы арта түскені әмбеге аян. Әсіресе келіннің тыныштығы еліңнің тыныштығына барабар боп тұрған қазіргідей заманда ұлттық салт-сананы ұлықтаған ілгергі ұстанымдарды аңсайтының айдан анық. Осы күні баз біреулер әзілдеп айтатындай, «Енесі тепкен келіннің еті ауырмайды» деп, байырғы үрдістерді алға тартуға қанша жерден тырыссақ та, қазақ танымына мөрдей басылған классикалық үлгідегі келіннің ойлы образы көзден бұл-бұл ұшқаны қашан.
Ол Алаш жұртына мәшһүр үлкен үйдің босағасынан аттаған сәттен-ақ көптің құрметіне бөленетін қадірлі келін атанудың жеңіл емесін бірден ұқты. Үлкен үй емей не?! Жақсылар мен жайсаңдардың бас қосатын жері. Ұлтымыздың «мен» деген азаматтарының қолын кеудесіне қойып, именіп кіретін шаңырағы. Қас-қабағына бүкіл ел қарайтын бас батырдың қасиетті құтханасы. Айбары мен айбаты алты атанға жүк болатын сесті де сұсты, әр сөзінен кейде ой ұшқындап, кейде от ұшқындап тұратын қайсар да қаһарман қазақтың берекелі баспанасы. Ал, мықты екеніңізді білейік, осындай әлеуетті әулеттің отымен кіріп, күлімен шығып көріңізші. Соның бәрі ардақты апамыздың қолынан келді.
Сексенінші жылдардың басында Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» деген кітабы жарық көрді. Бұдан кейін де бірнеше рет басылып шықты. Менің қолымда 1987 жылы шыққан бір данасы бар. Алпыс мың данамен таралған. Қалған басылымдарының да таралымы мол. Бүгінгі өлшеммен зер салғанда фантастикалық тиражбен шыққан осы кітаптарды оқырман пышақ үстінен бөліп әкетті. Бүкіл кітапханаға жеткізілді. Бүкіл дүкенге түсті. Қазақ жұрты оны қолдан-қолға түсірмей, жаппай оқыды. Мұғалімнің сөмкесінде, дәрігердің қолтығында, механизатордың қонышында жүрді. Бухгалтердің үстелінде, балықшының қайығында, шопанның құжырасында, тракторшының қосында жатты. Жай жатпады, оқылып жатты. Солардың қолында тозды. Қайта-қайта қолға ұсталғаннан әбден ақжемделіп, мұқабасының түте-түтесі шыққан «Шуақты күндердің» талайын көрдік. Тіпті кезінде Зейнеп апамның бізге өзі қолтаңба жазып берген, кеңес дәуірінде жарық көрген көк кітаптың да мүжіліңкіреп қалғанына біраз болды. Яғни дүркін-дүркін қаралды деген сөз. Бұл жағынан оған көз ашқалы қалам ұстаған кәсіби жазушылардың түсіне де кіре бермейтін бас айналдырар бақ бұйырды деуге болар еді. Зейнеп апа соның бәрін көтерді.
Мұның өзіндік себептері де жоқ емес еді. Біріншіден, кітап кейіпкерінің атақ-даңқының өзі-ақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі қалың оқырманның ықыласын оятуға жеткілікті-тін. Бауыржан Момышұлы туралы дүниелерді де, қаһарман-қаламгердің өз туындыларын да халық тағатсыздана күтетін. Александр Бектің «Арпалысына» да, Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңызына» да, Баукеңнің «Ұшқан ұясына» да жұрт жаппай бас қойған-ды. Екіншіден, «Шуақты күндерде» кейіптелген отбасыдағы Баукеңнің күнделікті болмысы, әулеттің үлкені ретіндегі азаматтық тұлғасы қызығушылық туғызғаны сөзсіз. Баласымен біраз уақыт бірге тұрған Бауыржан Момышұлының үй ішіндегі тыныс-тіршілігі жалпақ әлемге кеңінен таныстырылды. Ата мен келін, әке мен ұл, ата мен немере арасындағы қазақы қарым-қатынастың көңілге жақын көріністері боямасыз баяндалды. Халық өз батырын бұл жолы басқа қырынан көрді. Үшіншіден, кітап авторының жатық тілі, өзгеше стилі оқырманды бірден баурап алды. Бұрын-соңды жұртшылыққа белгісіздеу боп келген деректер мен мәліметтер кім-кімге де тартымды екені анық еді. Төртіншіден, бұл естелік-эсседе әйгілі шаңырақтың шуақты аурасы, тәрбиелік тұғыры, тәлімдік тұрпаты – бәрі-бәрі нақты көрініс тапты. Ең бастысы, ел ұғымындағы мінез-құлқымен аты шыққан батыр Баукеңнің мейірбандығы мен кеңпейілдігі жан-жақты сипатталды.
Шындығында да, «Шуақты күндер» десе, шуақты күндер болды да шықты. Бұл кітап болмаса, Бауыржан Момышұлының үй ішіндегі бедерлі бейнесі туралы түсінік-таным оқырманға жете қоймайтын еді. «Шуақты күндер» қалың елге сонысымен де қымбат. Автор қаһарман қазақтың ішкі әлеміне үңілді, жан дүниесін танытты, қастерлі қасиеттерін дәріптеді. Сол арқылы Бауыржан Момышұлының ешкімге жүрегі жібімейтін аса қатал адам екені жөніндегі байырғы мифтің быт-шытын шығарды.
Бұрын да күнделік жазатын. Ойға оралған түйін-тұжырымдарын дәптеріне түртіп қоятын. Кейде мұндай жазбалары үзіліп қалатыны да рас-ты. Осы шаңырақтың келіні атанған соң сол дағдысына қайта көшті. Әдепкі жылдарда Баукең басқа үйде тұрды. Жиі жүздесудің сәті түсе қоймады. Кейін бәрі бір шаңырақтың астына топтасты. Ол енді тек атасының күтімімен ғана айналысты. Сол бір күндерде «Қазақтың біртуар марқасқа батыр ұлының қолына су құйып, шайын қайнатып жүргенім – Алланың маған тартқан ерекше бір сыйы! Атаны бір көруді армандайтын адам қаншама! Ал мен ертелі-кеш қасында жүрмін. Қашанғы жүрерімді кім біліпті? Қайшылықтардан жаратылған, қалыпқа сыймайтын күрделі адамның ертең қалай өзгерерін өзге түгілі өзі де білмейтін.... Сондықтан ата «қолда тұрғанда» әрбір сөзіне дейін, қимыл-қозғалысына дейін қағазға түсіре берейін», – деп ағынан жарылып, ой толғапты Зейнеп апамыз.
Міне, «Шуақты күндерді» шынымен де шуақты қылған нәрсе автордың тірнектеп жиған, бірін де қалдырмай дәптерге түсірген деректері мен детальдары екенін ұққан боларсыз. Батыр Бауыржан зерделі Зейнептің үнемі көз алдында жүрді. Оның таңертеңнен кешке дейінгі әрбір әрекеті қағазға қатталды, жадында жатталды, санасында сақталды.
Атасының Александр Бекті алқымға алғанындай, аса қатаң талап қойылмаса да, ол тек шындықты ғана жазды, бұрмалау, боямалау дегенді білген жоқ. Сондықтан баяндағанының бәрі табиғи боп шықты. Ол еш нәрсені де назардан тыс қалдырмады. Бұл тұрғыдан ұлылардың жүрген жолына, басқан ізіне дейін қамтып қалуға тырысатын өркениет өнегесін ұстанды. Сондықтан Бауыржан Момышұлы туралы диптихтың алғашқы кітабы «Шуақты күндер» белгілі батырдың белгісіз қырлары хақындағы шынайы шежіре ретінде көркемсөз бен көсемсөздің еншісіне айналды.
Шуақты шығарма авторының еңбегі сонысымен де бағалы!
Салт-сананың сыбағасы
«Өзгені «беске» білуге тырысқанша,
өзіңді «үштікке» білуге күш салсаң,
олжалы болғаның»
(Баукеңнің келініне айтқаны)
Шығармашылық ортаны жатсынбай, еркін енген «Шуақты күндер» кейін «Бабалар аманатына» жалғасты. Бұл кітаптың да өзіндік ерекшелігі бар. Бұрынғы жинаққа түрлі себеппен енбей қалған әсерлі эпизодтар өз орнымен көрініс тапты. Оның үстіне екі кітап аралығында автордың қаламгерлік қабілеті де, өмірлік тәжірибесі де толыға түсті. Көргені мен түйгенінің арқасында жас кезіндегі ой-тұжырымдарына енді басқаша парық-пайыммен зер салатын болды. Сондықтан «Бабалар аманатының» тағылымдық тұғырнамасы да өзгеше өрілгені анық.
Қашаннан ұлттық этнографиялық үрдістерге жетік автор бұл жинақтармен де шектелген жоқ. Сөз өнеріне де, жазу өнеріне де дендеп еніп, әрі қарай өрлей берді. Бұдан кейін «Күретамыр», «Теңбіл тіршілік», «Әзіліңді сағындық», «Жетілік ұғым» деген кітаптары оқырманға жол тартты. Осы елеулі еңбектерінің бәріне ортақ идея – жақсылықты жариялау, даналықты дәріптеу, құндылықты қастерлеу.
Былай қарасаң, кейбір детальдарды өзінің жазбаларында жол-жөнекей қолдана салған секілді көрінеді. Бірақ астары мен қатпарына жіті үңілсең, тегіннен-тегін пайдаланбағанына көз жеткізесің. Сол арқылы ұтымды ұсыныс білдіреді, оралымды ой айтады, тиянақты түйін түйеді. Мысал керек пе? Бірде Баукең Зейнеп апамызға: «Балам, мен темекіні көп түтіндетіп жібердім, желорай жасағын», – депті. Сөйтсе, бұл үлкен де, кіші де қиналып жатпастан тіліне тиек ететін «свкозняктың» баламасы екен. Бұдан былай сол «желорай» деген сөз апайдың лексиконына енген көрінеді. Ал енді мұны «жаппай қолдана қойыңдар» деп, өз пікірін жұртқа таңбаса да, осыны көрген соң ептеп ойлана бастайсың. Шынында да, «желдету» сөзіне қосарлы балама ретінде «желорайды» да неге байқап көрмеске?! Қанша дегенмен, Бауыржан Момышұлының аузынан шыққан сирек атаудың бірі ғой!
Зейнеп Ахметованың адамдық айнасы, кісілік келбеті жөніндегі байлам-байыптамаларды басқа жазушылардың шығармаларынан да ұшырастырып қаламыз. Әйгілі «Ақиқат пен аңыздың» авторы, көрнекті қаламгеріміз Әзілхан Нұршайықов жетпіс жыл бойы үзбей күнделік жазғаны (тіпті соғыс кезінде де!) баршаға белгілі. Сол күнделіктерінің біразы әр жылдарда басылып шықты. Ол соның ішінен 1982 жылғы жазбаларын оқырманға жеке-дара кітап етіп ұсынды. Бұл – Бауыржан Момышұлы өмірден өткен жыл. Әзағаң осы мезгілдің әр кезеңін, әсіресе Баукең дүние салған күндердегі әрбір сәтті қалт жібермей, ой-тұжырымдарын ақ қағазға өрнектеп тұрып түсірген. Аталған естелікте мынадай жолдар бар: «Театрға кіру тоқтатылды. Марқұммен туыстары қоштасты. Жылау-сықтау. Суретке түсіру... Табыт бірінші этажға түсе бергенде Баукеңнің келіні Зейнеп: «Атам-ау, атам!» деп есіктен шыққанша сабырлы жоқтау айтты. Осы үн жұрттың өне бойын шымырлатып, өзгеше әсер етті».
Естен кетпес сол күндер туралы Зейнеп апамыздың өзі де қалам тербеді. «Осылай да осылай, атам қайтқанда аңырап жоқтап едім», – деп қаралай күпінген жоқ. Керісінше, ұлы тұлға өмірден өткен кездегі ауыр ахуалды өзгенің көзімен, сырт елдің сөзімен аңғартты. Батырын шексіз қадірлеген қалың қазақтың көзқарасы тұрғысынан ой толғады. Сондай-ақ өзінің асыл жары, тектінің тұяғы, алтынның сынығы Бақытжан Момышұлының қайғылы көңіл күйін де дәлме-дәл бедерледі. Ендеше, біз қаламгердің жазбасындағы «1982 жылы маусым айының 10-ы, бейсенбі күні ата өмірден озды. Кең дүниеге сыймай кеткен әкесінің төңкерілген қазандай бір төмпешік болғаны Бәкеңе оңай тиген жоқ. Қасыңда жүргенде жақыныңның қадірі байқалмай, сағыныш салмағы сезілмейді, көзден кеткен соң сол салмақ ауырлайды» деген жолдарды осы тұрғыдан түйсінгеніміз абзал.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында Баукеңнің Кеңсайдағы бейітінің басын біреулердің ойрандап кеткені туралы жайсыз хабар бүкіл қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл оқиға батыр әулетіне де, жалпы жұртшылыққа да ауыр тиді. Қаһарман қазақтың еңселі ескерткішін бүлдіргендер ақыры таптырмай, басталған шаруа соңына жетпей, құрдымға кеткенде, Зейнеп апамыз: «Заң орнындағылар болса, сол тексергеннен ұзақ тексеріп, «мынау кінәлі» деп бір хулиганды көрсете алмай, шерменде болды. Ақыр аяғы ол іс жабылып тынды. Ақын Мұрат Мөңкеұлы айтқандай, «әттең, бір қапы дүние-ай!..» – деп жазды. Сөйтіп, батыр атасының бейітіне кесел келтіргендер туралы өз ойын Қырымның қырық батырын жырлаған Мұраттың өзекті өртеген өкінішімен дәйектейді. Ұлылар ұлағатының үндестігі мен үйлесімін дөп басады. Бұл тақырыпты біршама зерттеген біз мұны жақсы түсінеміз.
Зейнеп апамыздың қазақтың бас ұстау дәстүрі туралы пайымдамасы да өте тәлімді. Ол «Әкесі тірі кісі бас ұстамайды» деген қағиданы жан-жақты талдайды. Бұл тұста да өз әулетінің мысалын алға тартады. Бақытжан Момышұлы қайтыс болғанда жақын-жуықтары Зейнеп апамызды балаларымен бірге көңіл шайға шақырыпты. Енді өзінен-өзі үйдің үлкені болып қалған Ержанға ешкім бас ұсына қоймайды. Апамыз мұны ептеп көңіліне алады. Сәл кейінірек бұларға белгілі өнер тарланы Мақпал Жүнісова қонақасы береді. Одан арғы әңгімені Зейнеп апа: «Дардай мосқал ер-азаматтар білмеген дәстүрді үнемі сахнада жүретін әнші біледі деп иегім қышыған жоқ. Алайда сол Мақпал: «Бақытжан аға осы үйге келгенде бас ұстаушы еді. Енді бас – сенің сыбағаң, айналайын!» деп баламның алдына қойды», – деп жалғайды.
Тәрбиесі тегінен тамыр тартатын еді. Атамқұл нағашысы мен Ақжібек апасының үлгісін ұстанды. Дегдар дәрігер, берекелі бағбан боп танылған әкесі Әскербек пен аяулы анасы Мәлике бойына дарытқан қасиетті құндылықтардан ауытқымады. Қазіргі жастар Зейнеп апаға жоралғы жасатуды ырым көреді. Талай перзенттің тұсауын кесті. Соның ішінде сыршыл сазгер Қалдыбек Құрманәлінің қызы Мақпал мен әуезді әнші Сәкен Майғазиевтің қызы Райана да бар.
Ат тергеу жағынан талайды жолда қалдырады. «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында, маңыраманы ұлыма жеп жатыр» деген сынды астарлы атаулардың жеті атасын қолданады апамыз. Танымал тұлғаның есімін иеленген баланың аты Майкл боп өзгеріп, Майклдан маймылға айналып кетпей тұрғанда бастапқы ныспысына қайта көшкен перзент туралы хикаясы да елді елең еткізеді.
Оның жазбаларында жалпақ жұрт тағылым аларлық мәнді мәліметтер жеткілікті. Бір қарағанда, мұндай деректер мәтіннің арасында елеусіздеу ғана тұрған секілді көрінеді. Бірақ жіті үңіле түссең, жалпы оны да біліп жүргенің артық болмайтынын аңғарасың. Мысалы, Дулат, Шымыр, Бекболат, Шілменбет, Құли, Амалдық, Алдаберген, Баубек, Үсен, Әжі, Бақтияр, Әділ, Имаш, Момыш, Бауыржан, Бақытжан, Ержан, одан Нұрсұлтан мен Мадияр болып жалғасатын батыр әулетінің шежіресін кім елеусіз қалдырмақ?! Сонымен қатар қай жануардың қалай дыбыстайтыны, қай малды қалай шақыру қажет екені, аң-құстардың төлі қалай аталатыны, тыйым сөздердің қайдан шыққаны кімге қызық болмасын?!
Осының бәрін Зейнеп апаның қоржынынан табасың. Бұл, әрине, ғылыми зерттеу емес. Мұндағы тұжырымдар ғылыми өлшемнің аясына сыймайды. Сондай-ақ кәсіби қаламгерлік машықтың жемісі деуге де келе қоймас. Ол о баста қаламгер атануды емес, шуақты шаңырақтың шежіресін жазуды мақсат тұтты.
Асылы, өмір өнегесі, ғұмыр ғибраты, таным тағылымы, тәлім тәжірибесі десек, дұрысырақ болар...
Таңдайдың терең тәлімі
«Жақсы мен жаманның,
шындық пен өтіріктің ара жігі
ажырамай қоймайды»
(Баукеңнің келініне айтқаны)
Зейнеп апамыздың «Күретамыр» деген кітабында жазғанындай, сәби кезінде аяғынан бұрын тілі шығыпты. Титімдей кезінен айналасындағы құбылыстардың бәрін таң көріп, үнемі ата-анасына сұрақты жаудырады да жүреді. Кәдімгі Абайдың қарасөзіндегі мінез-құлқы екі түрлі жас баланың сипатталғаны секілді, жанның құмарына бейімдігін бірден байқатады. Бірақ бет алды сөйлемейді. Біліп сөйлейді. Білгісі кеп сөйлейді. Сөйлеген сайын ой-өрісі кеңейіп, танымы арта түседі. Үйге қонақ келгенде сөзшеңдігі тіпті үдеп кетеді. Соның бәрі сүйегіне сөз сіңген қарымды қаламгер боп қалыптасатынына көрініп тұрса керек.
Осы қызына дейін жеті ұл көрген анасы Мәлике бұған аяғы ауыр шағында кәдімгі қара қойдың таңдайына жерік болыпты. Көршілер қонаққа шақырғанда сойылған семіз саулықтың таңдайына зайыбының аңсары ауғанын аңғарған Әскербек қатар жүрген жолдастарымен ақылдасады. Сөйтіп, бәрі бір мезгілде бір-бір қой сойып, он шақты таңдайды Мәликеге тарту етеді. Жерік астың адамның жаратылысы мен мінез-құлқына әсері болады деп автордың өзі тұжырымдағандай, осыдан соң халық даналығының құдіретіне шек келтіре аласың ба?!
Жалпы, бала біткен кіндік шешесіне тартады деседі. Сол үрдісті ұстанған Зейнеп Әскербекқызы тұңғыш немересі өмірге келерден бұрын кіндік шеше мәселесін өзі қолға алады. Соған орай перзентханаға арнайы барып, келінді босандыру жайын сөйлесіп отырғанда сол емдеу орнының меңгерушісі Ұлтай Дауылбекқызына ықыласы ауады. Сөйтіп, 1998 жылғы 22 желтоқсанда Анар келін төртінші Момышұлын өмірге әкеледі. Кейін осы Ұлтай екінші немереге де кіндік шеше болыпты. Оның өзі де бұл әулетке әбден бауыр басып, етене араласып кетеді.
Зейнеп апамыздың бір шаңырақта тұратын келінімен қарым-қатынасы да үлгі аларлықтай. Тұрақты қалам тербеп, үнемі дәріптеп жүрген ұлттық құндылықтар мәселесін өз өмірімен ұдайы сабақтастырып келеді. «Өз басым екі немерем туғанда да қырық күн қалжасын үзбей баптап күттім... Сол қырық күн Анар екеумізді тым жақындастырып, аналар ретінде бір-бірімізді кедергісіз түсінетін, ынтымақты берік одақ болдық. Мұның өзі бері келе сыйластық қана емес, бүкпесіз сырластыққа айналып, «мен», «сен» демей, «біз» дейтін дәрежеге көтерілдік», – деп, шуақты шаңырағындағы жарасымды жылылықтың жай-жапсарын баян етеді.
Ол осы кітабындағы «Көгентүп» деген шағын әңгіме арқылы жұртқа беймәлімдеу тағы бір деректі алға тартады. Жаңа туған бала алғаш ағайын-туғандарының үйіне қонаққа барғанда берілетін кәдесыйды осылай атайтын көрінеді. Білген үстіне біле түскің келіп, тақырыпты одан әрі індетесің. Тіпті оның анықтамасын іздеп те әуре болмайсың. Бәрі осында тұр. Зейнеп апамызша шегеліп тұрып айтсақ, «Көгентүп дегеніміз – балаға берілетін қозы-лақ, бота, бұзау немесе құлын. Бүгінгілер біле бермейді, «көген» қозыларды байлайтын ұшы түймеленіп түйілген қысқа жіптер. Оларды жуан арқанға тағып, қозыларды көгендеген. Бұрын қой сауылатын замандарда кез келген ауылда керіле құрылған көген болған. Сонымен, көгентүп – баланың көгенінің түбі болсын, малының басы болсын деген ниетпен берілетін төл». Осыдан соң ұлттық болмысымызды бейнелейтін көгентүп деген сүйкімді сөз санаңа сіңіп, миыңа мөрлене қалады.
Ол аз десеңіз, Зейнеп апамыз көгентүп ұғымын өмірі жадыңнан жойылмайтындай етіп, мәнді мысалмен дәйектейді. Осы ғасырдың бастапқы жылдарында Бақытжан аға Баукеңнің Мәскеуде тұратын қызы Еленаны елге алып келіпті. Сол сапарда ол мәртебелі мейманға батырдың атамекенін армансыз аралатады. Нағашы жұрттағы Қалдыгүл апамыз Еленаны бауырына қысып тұрып: «Айналайын, арнайы келіп сәлем бергенің үшін жүрегімді табаныңның астына төсейін», – дейді. Бұл сөзді Бақытжан аға әдемілеп тұрып аударып, Еленаны ерекше толқытып жібереді. Сондай-ақ Қалдыгүл апамыз «Бала кезіңде алмаған көгентүптің жоралғысы болсын» деп, Еленаның қолына қымбат жүзік салып, иығына оқалы шапан жабады. Осы тұста Зейнеп апа үнемі өзін қалжыңмен қажап, әзілмен әлдилеп жүретін Бақытжан ағамызды жақсылап бір «сүйкеп» өтеді: «Қызық болғанда, қырықтан аса қазақ жазушысының шығармасын аударған шебер тәржімашы Бәкең көгентүпті аудара алмай, көзі бақырайды. Түсіндіре алмасын білген соң «Қазақта алғаш келген адамды құр шығармайды» деп қана Еленаның санасы жететін сөзбен айтты».
Зейнеп апамыз бұл жерде де көргенділік танытып отыр. Ол көгентүп ұғымын пайдаланып, батырдың Мәскеуді мекендейтін қызы, белгілі баспагер, Марина Цветаеваның шығармашылығын зерттеуші ғалым, текстолог және мұрағатшы, филология ғылымдарының кандидаты Елена Бауыржанқызы Коркина туралы там-тұмдап мәлімет береді. Ормандай орыстың ішіндегі біреуге белгілі, біреуге беймәлім, аты бөлек, заты ерек қазақ қызының тағдырынан тамыр тартып көруге жетелейді. «Батырдың әр ұрпағы – бір тұлға» деген тұжырым тұрғысынан келсек, Зейнеп апамыз өте дұрыс қадам жасағаны анық. Онысын сары майдан қыл тартқандай етіп, көгентүптің көк сандығына салып, қалай әдемі ұсынған десеңізші...
Апайдың жеріне жеткізе талдап-таразылаған тағы бір тақырыбы – мүшел мәселесі. Айналамыздағылар арасынан мүшелге шыққандарды көріп жүрміз. Солардың көбі осындай белестен өткен тұста тамыр-таныстары мен жақын-жуықтарына киімдерінің біразын үйлестіру қажеттігінен хабардар. Яғни дәстүрдің байыбына барып тұр. Бірақ алдымен мүшелден шыққанды сылтауратып, керексіз боп қалған киімдерінен тезірек құтылуды ойлайды. Көнерген күрте мен тарылған тон, жуылған жейде мен қысқарған қамзол мүшел жоралғысының өтеуіне жарап жатыр. «Жоқ, бұлай болмайды, – дейді Зейнеп апай, – қажетсіз киімді емес, қимас киімді беру керек». Осыған орай тағы да тамаша мысал келтіреді. 1996 жылы Алматы консерваториясының концерт залында Сыр елінің саңлағы Әлмырза Ноғайбаев шығармашылық кеш өткізіпті. Кеш үстінде әнші бүгін өзінің туған күні екенін, қырық тоғызға шыққанын, төрт мүшелді толтырғанын айта келіп, «Менің киімдерімнің ішіндегі өзім үшін ең қымбаты, бағалысы батыр Баукеңнің шаңырағынан киген зерлі шапаным еді. Қадірлеп, қастерлеп үлкен сахналардан өнер көрсеткенде, Наурыз мерекесінде ғана киюші едім. Осы күнге аман-сау жетіп, бала-шағам өсіп, алдарыңызда ән шырқап тұрғаныма Аллаға шүкіршілік етемін. Осындай атаулы күнде мен де бабалар дәстүрін орындайын», – деп, залда отырған бір сыйлас ағасының иығына жабады. Сөйтіп, ән әлемінің Әлмырзасы осылайша тектілік танытады.
Зейнеп апамыздың қаламынан туған әсерлі әңгіменің бәрі – ана сүтімен, әке қанымен дарыған қарым-қабілетінің арқасында өзгеше өрбіп, қағазға түскен ғибратты ғақлияттар. Таңдайдан тамған таным мен тағылым әлі де талай буынды баурай бермек.
Ат тергеудің астары
«Құрмет тұту мен құлдық ұрудың
ара жігін ажыратуды үйрен»
(Баукеңнің келініне айтқаны)
Жалпы, о бастан біздің бұл киелі шаңыраққа бөтендігіміз жоқ-ты. Дүние есігін ашқан кезімізде әке-шешеміз алты Алашқа белгілі Баукеңнің атын қойыпты. Оқуға түспей тұрып, «Ақиқат пен аңызды», Алматыға табан іліктірген соң «Шуақты күндерді» алдымен санаға сіңіргендердің сойынан сияқтымыз. Университеттің бірінші курсында жүргенімізде кураторымыз Мамытбек Қалдыбаевтың арқасында төрт студент (Светқали Нұржан, Бауыржан Үсенов, Нүсіпбай Әбдірахым және мен) Бауыржан Момышұлына сәлем бере барып, бірер сағат әңгімелесіп қайтқанымыз және бар. Бұл жүздесу туралы ілгеріде жарияланған «Бірінші Бауыржан» деген эссемізде жан-жақты баяндалды.
Тегінде, осы әулеттегілердің ішінен Баукеңнің шөберелері Нұрсұлтан мен Мадиярдан басқасының бәрімен жүздесіп, тіпті тілдесіп көрген екенбіз. «Жас алашта» қызмет істеп жүргенімізде Бақытжан ағамен де, Зейнеп апаймен де жұмыс бабымен ара-тұра сөйлесіп тұрдық. Бір жолыққанымызда үлкен ұлымыздың есімін Бақытжан деп қойғанымызды айттық. Өздері қолтаңба жазып берген кітаптары үйіміздің төрінде тұр. Батыр Баукеңнің немересі Ержан Момышұлымен жастар басылымында қатар қызмет атқардық. Тұлпардың тұяғымен біраз уақыт таныс-біліс болдық. Ерекең бір кезде әжесі еңбек еткен берекелі ұжымда жанын аямай тер төкті. Екі тілде еркін көсілетін оның мойнына артылатын шаруа жеткілікті еді. Шуақты шаңырақта өскен Ержанның өте тәрбиелі екенін бірден байқадық. Ешкімнің бетіне жел боп тимейді. Сыпайы сөйлейді. Сәлемінен жаңылмайды. Үлкеннің алдынан кесе өтпейді. Бірақ тайраңдағысы келгендерді төбесіне шығармайды, ұрмай-соқпай-ақ, жанарымен жасқап, тілімен тұсаулап тастайды. Қарапайымдық қағидасын берік ұстанады. Хан мен қарашаны бірдей көреді. Мәдениетті, мәрт һәм мінезді. Бауыржан көкеміздің өзі оны бекерден-бекер «Момышұлы третий» деп атаған ғой дейсіз бе? Оның да тәрбиесінің діңгегі мықты болуына Зейнеп апамыздың ықпал еткені анық.
Біздің кейіпкеріміз адам атын ардақтау мәселесіне баса мән береді. Әсіресе ұлт тұлғаларының есімін иеленген жас буынға құрметпен қарайды. Зейнеп апай қазақтың салт-дәстүрлері туралы мақалаларында бұл тақырыпқа кеңінен тоқталады. Сондай-ақ әр тұжырымды өмірден алынған мысалдармен дәйектейді. Бірде ол «Абай! Ау, Абай! Әй, қаңғыбас Абай! Ой, жүгірмек Абай! Үйге кір деймін!» – деп немересін іргелес балконнан айғайлап шақырған бір қартаң әйелді атасы қалай тәртіпке шақырғаны туралы жазды.
«Ата таяғын сілтей ширақ басып барып, Ақыш әжемен сәлемдесті де, ана апаға төніп келіп:
– Абай деген баланың әжесі сенсің бе? – деп зілдене зірк етті. Әйел адамға сен деп сөйлемейтін әдеті бұл жолы жайына қалды.
– И-и-иә? – деп тұтығып зорға жауап қатты әлгі апа.
– Не немереңнің атын өзгерт, не былапыт тіліңді тый! Өйтпейді екенсің, атып тастаймын! – деп салалы қолының сұқ саусағын тура көзіне безеді де, кілт бұрылып, «Жүр!» – деп маған бұйырды.
Кетіп бара жатып Ақыш әженің жүзінен ризашылықты байқадым, ана әйелдің көгерген жүзін көрдім. Сол күннен кейін бақырауық апаның дымы өшті, пышақ кескендей тыйылды».
Зейнеп апамыз бұл жазбасында тек ұлы Абай ғана емес, қазақтың игі жақсыларының атын алған бүгінгі ұрпақтың есіміне бейжай қарамау керегін алға тартып отыр. Перзентіңе әйгілі адамның атын қойдың ба, оның өзін де, есімін де қадірлей біл. Болмашы нәрсеге бола, жерден алып, жерге салып, тілдеуден аулақ бол. Рух пен аруаққа ауыздан шыққан сөздің қамшысы тиеді. Міне, осыны тұспалдайды ол. Әрине, соның ішінде халқымыздың қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлы есіміне де абай болу қажеттігін астарлап аңғартады.
Осы мақаланы жазу барысында Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Тұрлыбаевқа хабарласып, еліміздегі Бауыржан есімі туралы жаңарған мәліметтерді сұратқанбыз. Сонымен, осы кезге дейін қазақ жұртында Бауыржан (олардың арасында Бауржан, Бауырджан, Баурджан деп жазылғандары да кездеседі) деген есім 65 946 адамға қойылған. Қазір соның 60 640-ы арамызда аман-есен жүр, ал Баукең аттас 5 306 адам дүниеден озған.
Бауыржан Момышұлынан кейін бұл есім алғаш рет 1933 жылы қойылыпты. Яғни батыр Баукеңнен кейін ресми тіркелген аттасы – сол жылы Оңтүстік Қазақстан (ол кезде Оңтүстік Қазақ облысы делінген) облысында туған Бауыржан Әбдірахманов. Ең көп қойылған кезеңі – 1986 жыл (2 139 адам).
Сондай-ақ осы тектес фамилияны иеленіп жүрген адамдардың саны – 19 031, оның ішінде Бауыржанов – 842, Бауыржан – 13 901, Бауржан – 4 288. Ал құжатында Бауыржанұлы, Бауыржанович, Бауыржанқызы, Бауыржановна боп жазылған азаматтардың саны – 84 030. Оның 83 075-і ортамызда жүр, 955 азамат өмірден озған.
Бауыржан есімін иеленген 22 ұлттың 206 өкілі бар (өзбек, қарақалпақ, орыс, татар, ұйғыр, қырғыз, неміс, тәжік, әзербайжан, балқар, марий, кәріс, украин, қалмақ, лезгин, молдаван, түрік, түрікмен, башқұрт, дүнген, қарашай, тәжік). Аталған есімді өзбектер (42), татарлар (34) және орыстар (31) көбірек қойған. Сонымен бірге Бауыржанов, Бауыржан және Бауржан деген фамилияны алған 151 өзге ұлт өкілі тіркелген. Аты бар, әкесінің аты бар, фамилиясы бар, көзі тірісі бар, өмірден озғаны бар, бәрін қоса алғанда, осы кезге дейін еліміздегі 169 007 адамның құжатына Бауыржан деп жазылған.
Мұның бәрін не үшін тізіп отырмыз? Ат тергеудің асқан шебері Зейнеп Ахметова тек кітаптарында амалсыздан жазғаны болмаса, бұл есімді ешқашан дауыстап айтқан емес. Сол мыңдаған Бауыржанның бірі ғана боп саналатын біздің атымызды да әлі күнге дейін атап көрмепті. Кітабына қолтаңба берсе де, «Мен атын атай алмайтын аяулы балама! Таңдарың арайлы, күндерің шуақты, жүзің жарқын, маңдайың ашық болсын деп ақ ниетпен тілеймін!» – деп жазады.
Үлкен үйдің келіні – Зейнеп апамыз баһадүр Баукеңнің атын атамаған қалпы сексенге толды! Сергек сексеніңіз құтты болсын!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ
"Ana tili" газеті

1064 рет
көрсетілді0
пікір