- Таным
- 20 Қаңтар, 2025
Журналистердің бас бағбаны

Қай салада да өндірімді еңбек ететін және оның еңбегінің жемісін бір өзі емес, жүрген ортасы да бірге көретін іскер адамдар болады. Мен білетін іскер адамдардың маңдайалдысы – филология ғылымының докторы, профессор, ұстаздардың ұстазы, журналистердің бас бағбаны Намазәлі Омашев. Он бір жыл кафедра меңгерушісі, жеті жыл декан, жеті жыл проректор, он бір жыл «Журналистика зерттеу институтының» директоры болған кезде атқарған игі істері Қазақстандағы «журналистика» мамандығының керегесінің кеңеюіне, журналистика ғылымының дамуына ықпал етті десек, артық айтпаған болар едік.
Дәлелдеп айтсақ, 1995–2021 жылдары ҚазҰУ-дің журналистика факультетінің деканы болған тұста «10.01.10 – журналистика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңестің ашылуына көп еңбек сіңірді. Сол диссертациялық кеңестен қорғаған 50 шақты ғалым бүгінде еліміздің әр өңіріндегі журналистика кафедраларында еңбек етіп, қазақ журналистика ғылымына үлес қосып келеді. Екіншіден,
Н.Омашұлы декан болған тұста ҚазҰУ-де «Халықаралық журналистика», «Баспа ісі», «Қоғаммен байланыс» мамандықтары ашылып, журналистиканың заманауи бағыттарына айрықша көңіл бөлінді. Үшіншіден, халықаралық байланыс жақсарып, бұрын-соңды болмаған жолға түсті. Журналистика факультетінің оқытушы-профессорлары тұңғыш рет шетелге барып, нақтырақ айтсақ, АҚШ-тың Оклахома мемлекеттік университетіне ғылыми тәжірибеден өтуге мүмкіншілік алды. Олардың бірнеше профессоры ҚазҰУ-ге келіп, дәріс оқыды. Төртіншіден, халықаралық жобаларға қатысып қаржы тауып, факультеттен заманауи телерадиостудия, фотостудия, компьютерлік класс ашты. Енді ғана Тәуелсіздігімізді алып, экономикамыз құлдырап, бір қойымыз бес сабынға бағаланып жатқан қиын кезеңде мұндай қадамдарға батыл адам ғана, іскер адам ғана бара алатын... Бесіншіден, Н.Омашұлы ашқан телерадиостудияда дайындалған «Сана» радиохабарлары, «Сана» телехабарлары студенттердің нағыз шыңдалу мектебіне айналды. Алтыншыдан, «ҚазМУ Хабаршысы» журналының журналистика сериясын үзбей шығару жолға қойылды. Жетіншіден, ескірген білім беру бағдарламалары түбегейлі жаңартылып, заманауи журналист мамандарын даярлаудың жаңа тұжырымдамасы жасалды. Сегізіншіден, тәжірибелі журналистер мен беделді ғалымдар дәріс оқуға шақырылып, оқытушылар қатары білікті мамандармен толықтырылды. Тоғызыншыдан, оқытушы-профессорларға тегін ағылшын курстары ұйымдастырылды. Оныншыдан, ұйғыр, түрік бөлімдері ашылды. Осының бәрін ҚазҰУ-дің журналистика факультетіне алты жыл декан болғанда жүзеге асырды. Алты жылда алты күнде қарап отырмағанын көзіміз көрді. Намазәлі Омашұлының іскерлігіне бір мен емес, бүкіл әріптесі сүйсінді, құрметтеді, риза болысты. Н.Омашұлының арқасында журналистика факультетінің абыройы асқақтады.
ҚазҰУ-дің журналистика факультеті көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан республикаларының журналистика факультетіндегі әріптестері үшін жол көрсетер ақылшысы болды. Орталық Азия және Қазақстандағы журналистика проблемаларын зерттейтін орталық ашылды. Намазәлі Омашұлы еңбегінің жемісін тек өзі ғана емес, журналистика факультетінің ұжымы, студенттері көрді.
Өз ісін дөңгелеткен деканның еңбекқорлығына, іскерлігіне тәнті болған университет басшылығы оны «Тіл және тәрбие ісі жөніндегі» проректорлыққа тағайындады. Проректор болған жеті жылдағы жетістігі өте көп, ең бастысы, студент-жастарды тәрбиелеуге ұсынған жаңа концепциясы ел есінде қалды.
Білікті менеджер, шебер ұйымдастырушы Намазәлі Омашұлының тағы бір қыры – зерттеушілігі. Қаншама қым-қуыт шаруаның ішінде жүрсе де, ғылымға деген ықыласына селкеу түсірген жоқ. Баз біреулер сияқты «үстінен қалқымай», объектіге алған әрбір тақырыбын індете зерттеуді, қопара зерттеуді әдетке айналдырды. Індете зерттеуінің нәтижесінде қазақ радиосы тарихын он жылға ілгерілетті. Алдыңғы зерттеушілердің «Қазақ радиосы хабар таратуын 1931 жылы бастаған» деген пікірін жоққа шығарып, мұрағат деректері негізінде Қазақстанда 1921 жылдан радиохабар таратыла бастағанын дәлелдеп берді. Н.Омашұлының «Қазақ радио журналистикасы: тарихы, тәжірибесі, теориясы» атты монографиясы – еліміздің радиожурналистика саласын зерттеуге арналған тұңғыш ғылыми еңбек.
Намазәлі Омашұлының тиянақтылығы, індете зерттеу әдеті Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры болған тұста керемет нәтижелерге қол жеткізуіне жол ашты. 2009–2020 жылдар аралығында Журналистика мәселелерін зерттеу институтында орындалған жеті ғылыми жобаның төртеуі журналистика тарихын зерттеуге бағытталды. Намазәлі Омашұлы бастаған ғылыми топ дайындаған «Алаш көсемсөзі» (10 томдық), «Жиырмасыншы жылдар журналистикасы» (2 томдық), «Жүз жылдық жылнама: 1919–2019» (5 томдық), «Қазақ эмиграциялық журналистикасы» атты еңбектердің қазақ журналистикасы тарихының ақтаңдақ беттерін қалпына келтіруде маңызы зор. Әсіресе «Алаш көсемсөзі» көптомдығы журналистика тарихын зерттеушілер үшін таптырмас құралға айналды.
Өйткені XX ғасырдың басында шыққан «Сана», «Таң», «Жас Түркістан», «Абай» журналдары және «Сарыарқа» газетінің 1917–1918 жылдардағы сандарымен қалың оқырман «Алаш көсемсөзі» арқылы танысты. Екі рет әліпби ауысып, өз мұрасын өзі оқи алмайтын күйге түскен қазақ үшін, бұл басылымдардың кирилл қарпінде жарық көруі үлкен олжа болды. Бұл басылымдар күлдібадамды басатын газет-журналдар қатарынан емес, қазақ елінің тарихы жазылған, өмірден өшкен талантты ұлдарының өлмес мұралары жарық көрген, автономия болу жолындағы ұлы күресі бейнеленген басылымдар. «Сана», «Таң», «Жас Түркістан», «Абай», «Сарыарқа» жарияланымдарын өз көзімен оқыған, ой елегінен өткізген ұрпақ жасанды тарих жазушылардың жетегіне ермейді, өз пікірі, өз көзқарасы бар тұлға болып қалыптасатынына кәміл сенімдімін.
«Қазақ» газетінен бастау алған, «Сарыарқада» шарықтау шегіне жеткен ұлы мұрат жолындағы күрес шетелде жарық көрген «Жас Түркістанда» жалғасын тапты. «Алаш көсемсөзі» еңбегін жұрттың қуана қолға алуының басты себебі – осы!
Ал «Сана», «Шолпан», «Таң» журналдары кеңес үкіметі орнағаннан кейін жарық көргенімен, Алаш рухынан ажырамаған басылым ретінде тарихта қалды. Тіпті елең-алаңда жарық көрген «Абай» журналы әдебиет, ғылым, шаруашылық, Абай мұрасы, әйел теңдігі тақырыптарын негізгі нысанға алғанымен, «Алаш» тақырыбынан айналып өте алмады. Хас дарын Жүсіпбек Аймауытов редакторлық етіп, ұлы Мұхтар Әуезов жол көрсеткен басылымның «Алашты» дәріптемеуі мүмкін емес еді. «Абай» журналының 3-санынан бастап Алашорда үкіметінің іс-әрекеті үзбей жарияланып тұрды.
«Алаш» партиясының құрылуы, Алаш жолындағы бас қосулар, Алаш әскерін жасақтау, Алаш жолындағы тұңғыш құрбандар, Алаш автономиясының құрылуы – «Алаш көсемсөзіне» негіз болған, «Сарыарқа», «Абай» басылымдарында толық көрініс тапты. Намазәлі Омашұлы дайындаған «Алаш көсемсөзі» жинағының құндылығы да осы!
«Алаш көсемсөзі» журналистика факультетінде оқытылатын «Қазақ журналистикасы тарихы», «Журналистика негіздері», «Шығармашылық шеберлік» пәндерін оқытуда дайын хрестоматия, журналистика тарихын зерттеушілерге дайын дәйектеме.
Айлап, жылдап, тапжылмай архивте отырып, көз майын тауысып, араб қарпінен кирилл қарпіне ауыстырып, оны жинақтап, он томдық кітап етіп шығару, біле білгенге оңай дүние емес. Табандының табандысының, еңбекқордың еңбекқорының ғана қолынан келетін шаруа. Басқа еңбегін айтпағанда, «Алаш көсемсөзі» үшін Намазәлі Омашұлының алдында журналистика тарихын зерттеушілер қарыздармыз деп есептеймін.
Кеңестік идеологияны ту еткенімен, «Еңбекшіл қазақ» газеті беттеріндегі жергіліктендіру саясаты, әдеби сын төңірегіндегі тартыстар зерттеушісін күтіп тұр. Ал бұған дәйекті, деректі Намазәлі Омашұлы редакциясын басқарған «Жиырмасыншы жылдар журналистикасы» еңбегінен табамыз. Ең қызығарлығы, Н.Омашұлының ғылыми жобаларда ұлт болашағына қажетті тақырыпты таңдай білуі, соның негізінде ел сүйсінерлік еңбек дайындауы – көпшілігімізге үлгі боларлық іс.
Намазәлі Омашұлының тағы бір қыры – журналистік қабілеті. Еңбек жолын Қазақ радиосында журналистік қызметтен бастаған ол кейіннен оқытушылыққа түбегейлі бет бұрса да, осы уақытқа дейін қолынан қаламы түспеген журналист. Журналистиканың өзекті проблемалары туралы баспасөз беттерінде ой қозғап, талқыға салып отырады. «Журналистикасы жалтақ ел тоқырайды», «Проблема түйінін БАҚ таратады», «Қоғам қандай болса, журналистика да сондай» т.б. проблемалық мақалаларының көтерген жүгі қомақты, айтары салмақты.
Н.Омашұлының қаламынан туған жолсапар очерктерінің танымдық мәні зор, тағылымы мол. «Америка сапарынан» жазбаларында тамсану, таңданудан гөрі, саралау, салыстыру арқылы қандастарына ой тастау басым. Америкалықтардың жұмысты ұйымдастыру шеберліктерін, жұмыс істеуге құлықтылығын, яғни жауапкершілігін, демала білу дәстүрлерін, журналистерінің батылдығын, телебағдарламалар жүргізудегі ілкімділігін үлгі ете жазады. Ал біздегі кейбір адамдардың жұмысқа ынтасыздығын, бөлмелерді аралап әңгіме айтып, бос жүріспен уақытын өткізетінін тілге тиек ете отырып, масылдықтан арылуға шақырады. «Жұмыс істеп жүрген болып көрінбейді. Біздегідей басшының күш-қайраты жұмысты ұйымдастыруға, қол астындағыларды қадағалауға кетпейді», – дейді Н.Омашұлы. Көреген, аңғарымпаз журналист америкалықтардың артықшылықтарын дөп басып көрсетеді. Ащы да болса шыңдық. Талап ете бастасаң, айлықтың аздығын бетіңе басатын, ілініп-салынып жүретіндер әлі де жетерлік... Ал салпылдап, кіріп-шығып жүру, бір өзіне емес, бүкіл ұжымды кері тартатынын түсінетін уақыт болды-ау...
Н.Омашұлының ескермеуге болмайтын тағы бір қыры – ұстаздығы. Жарты ғасырға жуық ұстаздық қызметінде бірнеше мыңдаған шәкірттің томағасын сыпырып, қанат қақтырды. Намазәлі Омашұлы алдындағы студенттерді қуырып, бүріп ұстайтын немесе ауа жайылып, қырық жылғы өлеңін оқып, «қуып» отыратын оқытушылардың қатарынан емес. Алғырларды аңдай білетін, таланттыларды таңдай алатын, асауларды ауыздықтай білетін ұстаз.
Ұстазымыз біздің курсқа «Буржуазиялық журналистика теориясы мен тәжірибесіне сын» деген пәнді (шамамен 1984 жыл) кеңестік саясат тұрғысынан жүргізгенімен, ебін тауып, сары жағал басылымдар королі – Шпрингердің тақырып табу ерекшелігін, Гюнтер Вальрафтың журналистік зерттеу жүргізу әдіс-тәсілдерін емірене айтып өтетін. Пәннің мақсаты басқа болғанымен, шетел журналистикасының тозығынан гөрі, озығы көп екенін жас жүрегіміз сезе қалатын. Ұстаздың жүрегінен шыққан сөз шәкіртінің жүрегіне жетсе, ұстаздың мақсатының орындалғаны.
Намазәлі Омашұлы ұстаздық жолда мақсаты орындалған, журналистика ғылымында өзіндік мектебін қалыптастырған – ұлағатты ұстаз! Н.Омашұлының мектебінен түлеп ұшқан ғалымдардың алды академик, соңы доцент.
Айгүл РАМАЗАН,
филология ғылымының
докторы

735 рет
көрсетілді0
пікір