- Таным
- 20 Қаңтар, 2025
Интернеттегі алаяқтар айласын қалай асырады?

Интернет пен цифрлық технологиялар – XXI ғасыр жетістігі. Алайда технология дамыған сайын оның зияны да байқала бастады. Интернеталаяқтық – осындай көлеңкелі құбылыстардың бірі. Бұл құбылыс жеке тұлғалардың мүліктік және ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіріп жатыр. Интернеталаяқтық – бөтеннің мүлкін немесе жеке деректерін жымқыру мақсатында ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын қылмыс. Бүгінде алаяқтар компьютерлер, смартфондар, планшеттер және әлеуметтік желілердің көмегімен өз құрбандарын алдап, түрлі тәсілдер арқылы мүліктерін тартып алып жатыр. Сөзімізге дәлел, ІІМ дерегіне сәйкес, 2024 жылы республика көлемінде 17 мыңнан астам интернеталаяқтық тіркеліп, азаматтар жалпы сомасы 28,7 миллиард теңге көлемінде шығынға батқан.
Мен алданбаймын десек те, алаяқтар неше түрлі әдісті пайдаланып жатыр. Кең таралған бірнеше әдіске тоқталдық. Фишиң. Алаяқтар танымал брендтер мен банктердің атынан электрондық хаттар жібереді. Байқауда жеңіске жеткеніңізді немесе компанияның жеке ақпаратты тексеруі қажет екені жазылған күдікті электронды хаттардың барлығы фишиңнің мысалы. Олар сол арқылы сіздің жеке деректеріңізді, құпия сөздер, банк немесе несие картасы шотының нөмірлерін алуға тырысады. Кей жағдайда сізге жіберілген хабарламада сілтеме болуы мүмкін. Сол сілтемені бассаңыз, компьютер немесе ұялы телефоныңыздағы құпия деректеріңізді іздейтін вирус еніп кетуі ғажап емес.
Вишиң (Voice Phishing). Әдетте алаяқтар қоңырау шалып, шоттағы күдікті операциялар туралы хабарлайды. Адамның бойын үрей билеп, уайымдай бастайды. «Банк қызметкерлерінің» немесе «ІІМ органдары қызметкерлерінің» атын жамылғандар клиентке қаражатты дереу «сақтандыру» шотына аударуды ұсынады. Олар ақшаны ұрлатып алмау үшін дербес деректерді тезірек жіберу қажет екеніне сендіреді. Есіңізде болсын, банк қызметкері ешқашан жеке деректерді нақтылау үшін қоңырау шалмайды. Банкте онсызда барлық клиенттің деректері бар.
Скиммиң – банкоматтар мен басқа да төлем терминалдарында картадағы ақпараттарды ұрлау. Алаяқтар картаны сканерлеу арқылы сіздің картаңыздың мәліметтерін алады және оны өз мақсаттарына пайдаланады.
Дипфейк технологиясы арқылы алаяқтар адамның дауысы мен бейнесін өзгертіп, жалған ақпарат таратуы мүмкін. Бұл өте қауіпті әдіс, өйткені оны қолдану арқылы банкке кіріп, несие алу сияқты заңсыз әрекеттер жасау мүмкіндігі артады.
ҚАЛАЙ ҚОРҒАНУҒА БОЛАДЫ?
Интернет-алаяқтықтан қорғану үшін әр адам ақпараттық қауіпсіздікке қатысты бірқатар қарапайым ережелерді сақтауы қажет:
Жеке деректеріңізді ешкімге бермеңіз. Кез келген жағдайда банк картасының деректерін, жеке куәліктің мәліметтерін, құпиясөздерді үшінші тұлғаға жібермеңіз. Алаяқтар сіздің жеке мәліметтеріңізді тек сізден алуы мүмкін.
Банк карталарының деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVCкодын ешкімге айтпаңыз. Сондай-ақ банктен келіп түсетін SMS кодты ешқашан бейтаныс адамға айтпаңыз.
Интернет-дүкендерде төлем жасау үшін жалақы картасын пайдаланбаңыз. Сатып алу мақсаты үшін екінші картаны, әдетте виртуалды карта ашқан жөн. Картаңызбен жасалатын барлық операция туралы SMS хабарламаны және интернеттөлемдерді растаудың көп сатылы жүйесін міндетті түрде орнатыңыз. Мысалы, бір реттік SMS-код, 3D-securities.
Егер Сіз Интернет-банкиң мобильді қосымшасын пайдалансаңыз, оған саусақ іздері бойынша қолжетімділікті орнатыңыз.
Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарды, банк карталарының көшірмелері мен фотосуреттерін ешкімге жібермеңіз.
Қоғамдық орындағы Wi-Fi желілерін пайдаланғанда, жеке деректеріңізді енгізуге немесе ақша аударуға қатысты әрекеттерден аулақ болыңыз. Бұл желілер әлсіз қорғалған. Сондықтан сіздің деректеріңіз оңай ұрлануы мүмкін.
Қашықтан басқару бағдарламаларын пайдаланбаңыз. Алаяқтар қашықтан басқару бағдарламаларын пайдалану арқылы сіздің құрылғыңызға қол жеткізеді. Сондықтан Team Viewer, AnyDesk сияқты бағдарламаларды ешқашан белгісіз адамға орнатпаңыз.
Әлеуметтік желілерде өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді жариялаудан сақ болыңыз. Әсіресе, телефон нөміріңізді немесе мекенжайыңызды көпшілікке көрсетіп, жазып қою қауіпті.
Компьютер мен жеке ақпаратты қорғау үшін брандмауэр мен вирусқа қарсы бағдарламалық құралды орнатыңыз және оларды үнемі жаңартып отырыңыз. Компьютеріңіздегі ақпараттық жүйені және бағдарламалық құралды жиі жаңалаңыз.
АТЫҢЫЗҒА НЕСИЕ
РӘСІМДЕЛСЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Қазір алаяқтар ЖСН-ді білсе болғаны атыңыздан несие рәсімдеуі мүмкін. Мұндай жағдай аз емес. Мысалы, сізге белгілі бір микроқаржы ұйымынан немесе банктерден коллекторлар жиі хабарласуы мүмкін. Егер атымнан қарыз алынған екен деген күмән болса, уайымдап жүре бермей, тексеріп анық-қанығына көз жеткізіңіз. Ол үшін атыңызға қандай несиелік ұйымда несие алынғанын білгеннен кейін, осы ұйымға барлық ақпаратты егжей-тегжейлі көрсете отырып, өтініш жазу керек. Ішкі қызметтік тергеу жүргізуді талап етіңіз. Сіздің өтінішіңіз тіркелуі керек, өтінішті қабылдаған күні бар тіркеу нөмірі сізде қалатын өтініштің көшірмелеріне де жазылуы керек. Несиелік ұйым сізге шарттың, оған қосымшалардың және жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін, сондай-ақ ақша аударылған шоттың деректерін ұсынуға тиіс. Сізге несие берген және келісімшарт жасаған қызметкердің мәліметтерін нақтылау қажет. Кредиттік ұйым құжаттарды ұсынудан бас тартқан жағдайда, сіз ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ұйымның үстінен шағым түсіре аласыз. Егер несие беру ұйымы сіздің атыңыздан ақшаны алаяқтар алғаны туралы дәлел таппаса, мәмілені жарамсыз деп тану үшін тұрғылықты жері бойынша сотқа талап қою керек. Сот сіздің пайдаңызға шешім шығарған жағдайда, несиелік ұйым сізден қарызды төлеуді талап етуді тоқтатып, қарызды есептен шығарады. Сосын кредиттік бюроға сіздің кредиттік тарихыңыздан басқа біреудің қарызы бойынша ақпаратты алып тастау туралы хат жолдайды.
Егер несие реттелмейтін ұйымда, яғни микроқаржы ұйымда рәсімделсе, полицияға және сотқа жүгіну қажет. Егер бұл онлайн несие болса, онда полиция IP мекенжай арқылы несие алған адамды анықтай алады. Мұны білгеніңіз маңызды! Қазір әрбір қазақстандық несие алуға шектеу қоя алады. Ол үшін «Стоп-кредит» қызметін қосып қою керек. 2024 жылдың 30 желтоқсанына дейін бұл қызметті 920 мыңнан астам азамат пайдаланған.
Қызметті компьютер арқылы пайдалану үшін egov.kz сайтына кіріп, жеке кабинетке өтіңіз. «Қызметтер» бөлімінде «Банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдап, онлайн тапсырыс беріңіз. Барлық міндетті өрісті толтырып, электрондық сандық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы өтінімге қол қоясыз. Жеке кабинетте «қызметтерді алу тарихы» бөлімінде сұрау нәтижесі шығады.
Мобильді қосымша арқылы қызметті пайдалану үшін eGov мобильді қосымшасындағы «Қызметтер» бөлімінде «Салықтар мен қаржы» бөлімін таңдау қажет. Сосын «Банктік қарыздар мен микрокредиттерді алудан ерікті түрде бас тарт» бөлімін таңдаңыз. Қажетті деректерді толтырып, сұрауға электронды түрде қол қойыңыз. Осыдан кейін сіздің несие тарихыңызда қарыз алу құқығынан бас тартқаныңыз туралы белгі пайда болады.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ақпаратына сүйенсек, кредиттік ұйымдар кредиттік бюролардан ақпарат сұратқанда, бұл шектеу көрініп, қарыз беру туралы шешім қабылданбайды. Егер сіздің келісіміңізсіз қарыз рәсімделсе, жеке шектеуге қарамастан, қарыз автоматты түрде жойылады.
Жазира БЕКБОЛАТ
Суреттер ашық дереккөзден алынды
«Ұлан» газеті, №3
21 қаңтар 2024 жыл

748 рет
көрсетілді0
пікір